©Pixabay.com

1 қазаннан бастап Тайваньға баратындар үшін электронды анкета енгізіледі

2025 жылдың 1 қазанынан бастап Тайваньға келетін шетелдіктер шекарада қағаз түріндегі карточка толтырмайды. Оның орнына Taiwan Arrival Card (TWAC) деп аталатын электронды анкета қолданысқа енгізіледі, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.

Ұлттық иммиграция агенттігінің (NIA) мәлімдеуінше, жаңа ереже саяхатшылар үшін бақылау рәсімін жеделдету үшін енгізілуде.

Анкетаны алдын ала онлайн толтыру қажет. Онысыз паспорттық бақылаудан өту мүмкін болмайды, – деп атап өтті ведомство.

Қалай толтыруға болады?

TWAC формасы тегін әрі ресми сайтта қолжетімді: twac.immigration.gov.tw. Оны сапарға үш күн қалғанда толтыруға болады. Жібергеннен кейін электронды поштаға растау келеді, бірақ оны шекарада көрсету талап етілмейді - офицер тек паспортты сканерлейді, ал деректер автоматты түрде жүйеге түседі.

Қызмет қытай және ағылшын тілдерінде жұмыс істейді, сонымен қатар жеті тілде (жапон, корей, тай және т.б.) қосымша нұсқаулықтар бар. Уақыт үнемдеу үшін паспорт бетін суретке жүктеу мүмкіндігі қарастырылған - жүйе деректерді өзі енгізеді. Отбасылар мен топтарға арналған ұжымдық өтінім бар: бір адам бірден 16 саяхатшыға анкета толтыра алады.

Кімдерге толтыру міндетті?

TWAC анкетасын мына санаттағы адамдар толтыруы тиіс:

  • виза немесе визасыз режим арқылы кіретін шетелдіктер;
  • Гонконг пен Макао тұрғындары (көп мәртелік рұқсаты барлар);
  • Қытай Халық Республикасының азаматтары (көп мәртелік туристік құжаты барлар);
  • Тайваньда тіркеуі мен резиденттік картасы жоқтар.

Анкетаның QR-кодтары әуежайлар мен теңіз порттарында орналастырылады. Форма сапар алдында немесе келген соң толтырылуы мүмкін, алайда NIA өкілдері уақыт үнемдеу және кідірістерден сақтану үшін оны алдын ала толтыруға кеңес береді.