Қазан айының алғашқы күнінен бастап елде бірнеше жаңа талап күшіне енеді: тұрғындар мүлік салығын уақытылы төлеуі тиіс, электр энергиясының бағасы өзгереді, ал қоғамдық орындардағы интернетке қосылу үшін SMS немесе ЭЦҚ арқылы авторизация қажет болады, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.
Кімдер мүлік салығынан босатылады?
Қазақстанда 1 қазанға дейін жеке тұлғалардың мүлік салығын төлеу мерзімі аяқталады. Бұл салық «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы айқындаған мүліктің құны және меншік иесі болып тіркелген нақты уақыт мерзіміне қарай есептеледі. Егер азаматтар төлемді уақытында жасамаса, 2 қазаннан бастап олар қарыздар тізіміне енгізіледі. Қарыз сомасы бір айлық есептік көрсеткіштен (АЕК) асқан жағдайда, хабарлама табысталған күннен бастап 30 жұмыс күні өткен соң мәжбүрлеп өндіру туралы қаулы шығарылады. Ол бес жұмыс күні ішінде жеке сот орындаушыларына беріледі. Мұндай жағдайда банктік шоттар бұғатталуы, сондай-ақ шетелге шығуға шектеу қойылуы мүмкін.
Мүлік салығын бірнеше бірнеше әдіспен төлеуге болады:
- e-Salyq Azamat мобильді қосымшасы;
- екінші деңгейлі банктердің мобильді қосымшалары;
- «Электрондық үкімет» порталы eGov.kz;
- банкоматтар мен төлем терминалдары.
Қазақстанда кейбір азаматтар мүлік және жер салығынан толық босатылады. Олар:
- Кеңес Одағының Батырлары;
- Социалистік Еңбек Ерлері;
- мемлекеттік атақтар мен жоғары дәрежелі марапат иегерлері;
- Ұлы Отан соғысының ардагерлері.
Сонымен қатар, жетім балалар, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар және «Батыр ана» атағына ие көпбалалы аналар бұл төлемдерден босатылады.
Кімдерге әлеуметтік төлемдер беріледі?
Қазақстанда қазан айында бірқатар әлеуметтік төлемдер қарастырылған. 1 қазан — Қарттар күніне орай еліміздің бірнеше өңірінде жыл сайын біржолғы әлеуметтік көмек беріледі. Бұрын бұл көмек көлемі 2-ден 10 АЕК-ке дейін (6 900–34 500 теңге) жеткен. Оны Астана қаласында, Қарағанды, Маңғыстау, Түркістан облыстарында, сондай-ақ Жетісу және Ұлытау өңірлерінде зейнеткерлер алып келген.
Әдетте мұндай төлемдерді басқа негіздер бойынша көмек алмаған қарт азаматтар иеленді. Атап айтқанда:
- шетелдегі әскери қимылдарға қатысқандар және оларға теңестірілген тұлғалар;
- мүмкіндігі шектеулі азаматтар;
- көпбалалы аналар және басқа санаттағы адамдар.
2025 жылы Қарттар күніне орай төмендегі топтарға төлем жасалады:
- зейнет жасына жеткен және ең төменгі зейнетақы алатындар – 2 АЕК (7 864 теңге);
- 80 жастан асқан зейнеткерлер, ең төменгі зейнетақы алатындар – 3 АЕК (11 796 теңге).
Республика күніне орай төлемдер
Сонымен қатар, 25 қазанда аталып өтетін Республика күніне байланысты да әлеуметтік қолдау шаралары қарастырылған. Egov.kz порталындағы ресми ақпаратқа сәйкес, төмендегі азаматтарға біржолғы төлем беріледі:
- 18 жасқа дейінгі мүмкіндігі шектеулі балалар – 5 АЕК (19 660 теңге);
- I және II топтағы мүгедектігі бар азаматтар – 5 АЕК (19 660 теңге);
- зейнет жасындағы I және II топтағы мүгедектігі бар тұлғалар – 5 АЕК (19 660 теңге).
Электр тарифінің бағасы өзгереді
2025 жылдың 1 қазанынан бастап Алматы қаласы мен Алматы облысында электр энергиясының тарифі көтеріледі. Бұл туралы «Алатау Жарық Компаниясы» хабарлады.
Қазіргі уақытта өңірде базалық тариф 35,67 теңге/кВт·сағ болса, қазаннан бастап ол 38,01 теңге/кВт·сағ болады. Осылайша өсім шамамен 6,6% құрайды. Айта кетейік, биылғы шілде айында тариф бірден 15%-ға көтерілген еді.
«Энергосбыт» өкілдерінің айтуынша, бағаның өсуіне бірнеше фактор әсер еткен:
- аймақтық желілер арқылы электр энергиясын жеткізу тарифінің 12,3 теңгеден 14,3 теңгеге дейін көтерілуі;
- ұлттық компания «Қазақстан темір жолы» желілері арқылы жеткізу тарифінің 48%-ға өсуі;
- 2025 жылдың қазан айынан бастап енгізілетін компенсациялық тариф – 13,99 теңге/кВт·сағ.
Wi-Fi-ға қосылу тәртібі өзгереді
2025 жылдың 4 қазанынан бастап Қазақстанда қоғамдық орындардағы Wi-Fi желісіне қосылудың жаңа ережелері күшіне енеді. Енді интернетке кіру үшін міндетті түрде авторизациядан өту қажет болады.
Қосылудың екі тәсілі қарастырылған:
- SMS арқылы бір реттік пароль — пайдаланушы арнайы формаға телефон нөмірін енгізіп, желіге кіруге арналған құпиясөз алады.
- Электронды цифрлық қолтаңба (ЭЦҚ) — eGov порталы арқылы жеке ЭЦҚ көмегімен авторизациядан өту.
Бұл өзгерістер 2025 жылғы 17 қыркүйекте Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі бекіткен бұйрықпен рәсімделген.
Жаңа талаптар қоғамдық орындардағы интернет қосылымының қауіпсіздігін арттыруға, пайдаланушылардың құқықтарын қорғауға және қолданыстағы заңнаманың орындалуын қамтамасыз етуге бағытталған.
Аграрларға арналған жаңа бағдарлама іске қосылады
2025 жылдың 1 қазанынан бастап елімізде ауыл шаруашылығы өндірушілері үшін «Кең дала-2» бағдарламасына өтінімдер қабылдау басталады. Бұл туралы ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі хабарлады.
Министрліктің мәліметінше, бағдарламаны мерзімінен бұрын іске қосу туралы шешім Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес қабылданған. Мемлекет басшысы көктемгі егіс науқанына уақытылы дайындықты қамтамасыз етіп, ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерін қажетті ресурстармен қамтамасыз ету қажеттігін атап өткен еді.
Бағдарламаның тиімділігі
Ауыл шаруашылығы министрлігінің деректеріне сүйенсек, ерте қаржыландыру аграрларға келесі мүмкіндіктерді береді:
- жаңа маусымға ресурстық тапшылықсыз дайындалу;
- жанар-жағармай материалдарын тиімді бағамен алдын ала сатып алу;
- тыңайтқыштар алу және ауыл шаруашылығы техникасын жөндеу;
- сапалы тұқым қорын қалыптастыру.
Қаржыландыру көлемі
Қаржыландыру Аграрлық несие корпорациясының филиалдары мен серіктес қаржы институттары арқылы жүзеге асырылады.
2025 жылы «Кең дала» бағдарламасына 700 млрд теңге бөлінген, оның 500 млрд теңгеден астамы қазірдің өзінде игерілген.
Туристерге ескерту: Мысырда жаңа талаптар енгізілді
2025 жылдың 1 қазанынан бастап қазақстандық жастар үшін Мысырдың Шарм-эш-Шейх курорттық қаласында жаңа ереже күшіне енеді. Енді 21 жасқа толмаған азаматтар ата-анасының немесе жақын туыстарының еріп баруынсыз қалада бола алмайды.
Егер сапарға әжеңізбен немесе әпкеңізбен бірге шықсаңыз, міндетті түрде нотариалды куәлендірілген сенімхат қажет болады. Сондай-ақ 21 жасқа дейінгі саяхатшылар өзімен бірге туу туралы куәлік пен паспорт алып жүруге міндетті.
Қазан айындағы мерекелер мен демалыс күндері
Қазақстанда қазанда бірнеше мерекелік күндер атап өтіледі:
- 1 қазан – Жоғары оқу орны қызметкерлері күні;
- 5 қазан – Мұғалімдер күні;
- 25 қазан – Республика күні.
Айта кетейік, биыл Республика күні сенбіге түсіп тұр. Осыған байланысты мерекелік демалыс дүйсенбі, 27 қазанға ауыстырылады. Осылайша қазақстандықтарды 25–27 қазан аралығында ұзақ демалыс күтіп тұр. Республика күніне орай елдің барлық өңірінде мәдени-көпшілік іс-шаралар ұйымдастырылады.

