1 қаңтардан бастап не өзгереді
EL.KZ Информационно-познавательный портал
2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап Қазақстанда салық, медицина, әлеуметтік төлемдер мен құжат рәсімдеу тәртібіне қатысты бірқатар маңызды өзгеріс күшіне енеді. Жаңа жылмен бірге азаматтардың күнделікті өміріне тікелей әсер ететін жаңа нормалар қолданысқа енгізіледі.
Есептік көрсеткіштер қалай өзгереді
2026 жылғы 1 қаңтардан бастап елімізде бірқатар маңызды әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштердің жаңа мөлшері бекітілді. Атап айтқанда:
-
ең төменгі жалақы (ЕТЖ) – 85 000 теңге;
-
айлық есептік көрсеткіш (АЕК) – 4 325 теңге;
-
мемлекеттік базалық зейнетақы төлемінің ең төменгі мөлшері – 35 596 теңге;
-
ең төменгі зейнетақы – 69 049 теңге;
-
күнкөріс минимумы – 50 851 теңге.
Сонымен қатар «2026–2028 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» Қазақстан Республикасының заңы күшіне енді.
Зейнетақы және әлеуметтік төлемдер
Жаңа бюджет аясында жасына байланысты зейнетақы төлемдері мен еңбек өтілі үшін тағайындалатын зейнетақылар 10 пайызға ұлғайтылып қарастырылған.
Бұдан бөлек, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) жүйесі бойынша мемлекет төлейтін жарна мөлшері есептеу объектісінің 2 пайызы деңгейінде бекітілді.
Мобильді аударымдарға бақылау күшейеді
2026 жылдың басынан бастап жеке тұлғалардың мобильді ақша аударымдарына қатысты салықтық бақылаудың жаңартылған тәртібі күшіне енеді.
Жаңа ережеге сәйкес, мобильді аударымдар төмендегі үш критерий бір мезгілде орындалған жағдайда бақылауға алынады:
-
үш ай қатарынан 100 түрлі жіберушіден ақша түсуі;
-
көрсетілген кезеңдегі аударымдардың жалпы сомасы 12 ең төменгі жалақыдан (шамамен 1 млн 20 мың теңгеден) асуы;
-
барлық шарттар қатар орындалса, азамат салықтық тексеру нысанына ілінеді.
Банктердің міндеті
Екінші деңгейлі банктер аталған талаптарға сай келетін операциялар туралы мәліметтерді мемлекеттік кірістер органдарына беруге міндетті.
Берілетін ақпарат көлемі
Салық органдарына мына деректер жолданады:
-
ақша аударымын алған тұлғаның ЖСН-і;
-
соңғы үш айда түскен қаражаттың жиынтық сомасы.
Әлеуметтік қолдауға құқығы бар азаматтардың жаңа тізімі
2026 жылғы 1 қаңтардан бастап әлеуметтік қорғау жүйесінде өзгерістер күшіне еніп, әлеуметтік қолдауға құқығы бар жеке тұлғалардың жаңа санаттары айқындалды.
Әлеуметтік қолдауға ие азаматтар санаттары
Жаңа тізімге келесі азаматтар кіреді:
-
арнайы мемлекеттік жәрдемақы алушылар;
-
мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақы алушылар;
-
арнаулы әлеуметтік қызметтерді пайдаланушылар;
-
зейнетақы төлемдерін алатын мүгедектігі бар адамдар;
-
он сегіз жасқа толмаған жетім балалар және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар;
-
мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек алушылар;
-
әлеуметтік маңызы бар аурулар тізбесіне енгізілген дертке шалдыққан адамдар;
-
айналасындағыларға қауіп төндіретін аурулар қатарына кіретін диагнозы бар тұлғалар;
-
уақытша еңбекке жарамсыздық мерзімі екі айдан асатын ауруы бар азаматтар;
-
кейбір созылмалы аурулардың ауыр түрлерімен ауыратын адамдар.
Әлеуметтік төлемдер өседі
Сонымен қатар 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан еңбекке қабілеттілігінен айырылу және асыраушысынан айырылу жағдайлары бойынша бұрын тағайындалған әлеуметтік төлемдердің мөлшері 10 пайызға ұлғайтылады.
Қазақстанда жаңа Салық кодексі күшіне енді
2026 жылғы 1 қаңтардан бастап Қазақстанда жаңа Салық кодексі қолданысқа енгізілді. Құжат салықтық әкімшілендіруді едәуір жеңілдетуді көздейді: салық есептілігінің көлемі 30 пайызға, ал салық түрлерінің саны 20 пайызға қысқарды. Сонымен қатар салықтық жеңілдіктер мен алымдар оңтайландырылып, корпоративтік және жеке табыс салығынан бастап инвестицияны ынталандыруға дейінгі негізгі бағыттар қайта қаралды.
ҚҚС бойынша жаңа мөлшерлемелер
Жаңа кодекске сәйкес қосылған құн салығының (ҚҚС) базалық мөлшерлемесі 16 пайыз болып белгіленді.
Медицина саласына қатысты төмендетілген мөлшерлемелер енгізілді:
-
дәрі-дәрмек пен медициналық қызметтер үшін – 2026 жылдан бастап 5 пайыз,
-
2027 жылдан бастап 10 пайыз.
Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) мен тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі (ТМККК) аясындағы қызметтер, сондай-ақ орфандық және әлеуметтік маңызы бар ауруларды емдеу, баспа кітаптарын шығару, археологиялық жұмыстар ҚҚС-тен толық босатылады.
Мерзімді баспа басылымдарын сату үшін 10 пайыздық төмендетілген ҚҚС мөлшерлемесі белгіленді. ҚҚС бойынша міндетті тіркеу шегі 10 мың АЕК-ке дейін төмендетілді.
Азаматтар үшін салықтық жеңілдіктер
-
Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан төленетін зейнетақы төлемдері жеке табыс салығынан (ЖТС) босатылады.
-
10 жылдан асқан автокөліктерге салынатын көлік салығы төмендетілді.
-
Мүгедектігі бар азаматтарға арналған әлеуметтік салықтық шегерім 882 АЕК-тен 5 000 АЕК-ке дейін ұлғайтылды.
Салықтар мен режимдер қысқарды
Салық түрлерінің саны азайтылды: бірыңғай жер салығы жойылды, бірқатар төлемдер бойынша мөлшерлемелер мен алымдар қысқартылды.
Арнайы салық режимдері де оңтайландырылды. Енді олардың саны үшеу ғана:
-
өзін-өзі жұмыспен қамтығандарға арналған,
-
оңайлатылған декларация негізіндегі,
-
фермерлік шаруашылықтарға арналған режим.
Өзін-өзі жұмыспен қамтығандар үшін 40 қызмет түріне арнайы режим қолдануға рұқсат етілді. Олардың қатарында такси қызметі, тамақ жеткізу, желілік маркетинг арқылы бөлшек сауда, ағаш өңдеу, тұрмыстық техника жөндеу, тұрғын үйді жалға беру, фотография, ветеринария, тазалық қызметтері, шаштараз және сұлулық салондары бар.
Бұл санаттағы азаматтар салық пен төлемдерді мобильді қосымша арқылы есептеп, төлей алады.
Ал 44 қызмет түрі бойынша оңайлатылған декларация негізіндегі арнайы режимді қолдануға тыйым салынды. Тыйым салынған тізімге жоғары табысты немесе мемлекет тарапынан реттелетін салалар енгізілген. Атап айтқанда: мұнай өнімдерін сату, құмар ойын бизнесі, күзет қызметі, цифрлық майнинг, лизинг, бухгалтерлік есеп пен аудит, құқық және сот саласы, жол және көпір құрылысы, банк қызметі, бағалы қағаздар нарығы, ломбардтар және басқа да бағыттар.
Салық берешегін өндіріп алу шектері ұлғайтылды
Салық берешегін өндіріп алу бойынша жаңа шектер белгіленді. Бұған дейін берешек 6 АЕК-тен (шамамен 26 мың теңге) бастап өндірілсе, енді:
-
салық берешегі бойынша – 20 АЕК-ке дейін (шамамен 87 мың теңге),
-
әлеуметтік төлемдер бойынша – 6 АЕК-ке дейін өндіріп алу шаралары қолданылмайды.
Берешек көлеміне қарай қолданылатын шаралар:
-
20 АЕК-ке дейін – тек хабарлама жіберіліп, өсімпұл есептеледі;
-
20–45 АЕК аралығы – шығыс операциялары уақытша тоқтатылып, кейін инкассалық өкімдер қойылады;
-
45 АЕК-тен жоғары – мүлікті тәркілеу және дебиторлар есебінен өндіру сияқты қатаң шаралар қолданылады.
2026 жылдан бастап салық төлеуші паспорты енгізіледі
2026 жылғы 1 қаңтардан бастап қоғамдық тамақтандыру және сауда саласында қызмет көрсететін кәсіпкерлер үшін салық төлеуші паспорты міндетті түрде енгізіледі. Паспортты қалыптастыру тәртібі мен ондағы мәліметтер тізбесі бекітілді.
Салық төлеуші паспорты – кәсіпкерлік субъектісі туралы негізгі ақпаратты қамтитын ақпараттық карта. Ол штрих-код форматында ұсынылады және салық құпиясына жатпайды.
Салық төлеуші паспортына енгізілетін мәліметтер
Паспортта келесі деректер көрсетіледі:
-
жеке кәсіпкердің ЖСН-і немесе заңды тұлғаның БСН-і;
-
жеке кәсіпкердің немесе заңды тұлғаның атауы;
-
жеке кәсіпкердің немесе заңды тұлға басшысының аты-жөні (жеке куәлікте көрсетілген жағдайда);
-
салық төлеушінің мәртебесі (белсенді, есептілікті уақытша тоқтатқан, әрекетсіз салық төлеушілер тізіміне енгізілген);
-
мемлекеттік дерекқорға енгізілген немесе тіркеу есебіне қойылған күні;
-
бақылау-касса машинасының (БКМ) мемлекеттік кірістер органында тіркелген нөмірі;
-
БКМ қолданылатын орын;
-
алкоголь өнімдерін сақтау және бөлшек саудада сату лицензиясының бар-жоғы (заңда көзделген ерекшеліктерді қоспағанда).
Паспорт қалай және қашан қалыптастырылады
Салық төлеуші паспорты мемлекеттік кірістер органдары тарапынан автоматты түрде айына бір рет қалыптастырылады. Бұл процесс есепті айдан кейінгі екінші айдың 15-інен кешіктірілмей жүргізіледі.
Қалыптастырылған мәліметтер уәкілетті органның интернет-ресурсында жарияланады.
Паспортты қалай алуға болады
Кәсіпкерлер салық төлеуші паспортын Комитет государственных доходов МФ РК веб-порталы арқылы ала алады. Ол үшін:
-
салық төлеушінің сәйкестендіру нөмірін (ЖСН немесе БСН),
-
бақылау-касса машинасының тіркеу нөмірін енгізіп,
-
«код құру» батырмасын басу жеткілікті.
Нәтижесінде салық төлеуші паспорты штрих-код түрінде ұсынылады.

