©El.kz/Артем Чурсинов

1 наурызға дейін үлгеріңіз: пәтерін жалға беретіндер нені білуі керек?

Қазақстанда тұрғын үй мен өзге де жылжымайтын мүлікті жалға беретін азаматтар 2026 жылғы 1 наурызға дейін салық режимін нақты таңдауы тиіс. Әйтпесе қызметті жалғастыруға тыйым салынуы немесе салық мөлшері 2-3%-дан 10%-ға дейін өсуі мүмкін, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.

2026 жылғы 1 қаңтардан бастап елде жаңа салық режимдері күшіне енді. Олар өзін-өзі жұмыспен қамтығандарға және жеңілдетілген декларациямен жұмыс істейтіндерге арналған.

Мемлекеттік кірістер комитетінің (МКК) мәліметінше, осы режимдерді пайдаланғысы келетіндер бірқатар міндетті әрекетті дер кезінде орындауы қажет.

Жеңілдетілген декларация

Салық мөлшері: 2-3%

Шарттары:

  • жеке кәсіпкер (ЖК) болуы керек;
  • жылдық табысы 600 000 АЕК-тен аспауы тиіс

(2026 жылы бұл – 2 595 000 000 теңге);

  • қызмет түрі тыйым салынған тізімге кірмеуі керек;
  • қымбат тұрғын үйді және тұрғын емес нысандарды (паркинг, қойма, гараж) жалға беруге жарамды.

Айта кетерлігі, 2026 жылы 1 АЕК көлемі 4 325 теңгеге тең.

Жеңілдетілген декларациямен жұмыс істегісі келетіндер 1 наурызға дейін оны қолдану туралы міндетті түрде хабарлама тапсыруы тиіс.

Егер хабарлама берілмесе, салық органдары ЖК-ны автоматты түрде жалпыға бірдей режимге ауыстырады, ал бұл жағдайда салық мөлшері 10% болады.

Хабарламаны қайда тапсыруға болады:

  • Салық төлеушінің кабинеті;
  • E-Salyq Business;
  • Kaspi және Halyk қосымшалары;
  • салық органына жеке бару арқылы.

Өзін-өзі жұмыспен қамтығандар

  • Салық: 0%
  • Төлем: 4% (әлеуметтік аударымдар)

Шарттары:

  • ЖК ашпай, жеке тұлға ретінде жұмыс істеу;
  • айлық табыс 300 АЕК-тен аспауы тиіс

(2026 жылы – 1 297 500 теңге);

  • тек рұқсат етілген қызмет түрлері;
  • тек өзінің тұрғын үйін (пәтер, үй) жалға беру.

Маңызды

Егер бұрын патентпен немесе e-Salyq Azamat арқылы ЖК ретінде жұмыс істеген болсаңыз, өз-өзіңізді жұмыспен қамтамасыз ететін жеке кәсіпкерлікті жабу қажет. Бір мезетте әрі ЖК, әрі өзін-өзі қамтамасыз ететін категорияға енуге болмайды.

Ешқандай әрекет жасалмаса, 2026 жылғы 1 наурыздан кейін салық органдары ЖК-ны өздігінен жауып, есептен шығарады. Сондықтан сарапшылар ЖК-ны алдын ала жабуға кеңес береді.

Қай режим кімге тиімді?

Екі режим де жалға беру қызметіне жарамды, бірақ айырмашылықтары бар:

Өзін-өзі жұмыспен қамтығандар:

  • тек тұрғын үйді жалға бере алады;
  • салық жоқ, тек 4% әлеуметтік төлем;
  • қазіргі шығын аз, бірақ болашақта зейнетақы мен әлеуметтік төлемдерге әсер етуі мүмкін.

Жеңілдетілген декларация:

  • тұрғын емес нысандарды (гараж, паркинг, қойма) жалға беруге мүмкіндік береді;
  • 2-3% салық және әлеуметтік аударымдар бар;
  • ЖК әлеуметтік төлемдерді ең төменгі жалақыдан немесе толық табыстан есептей алады, бұл да болашақ әлеуметтік төлемдерге ықпал етеді.

Өзін-өзі жұмыспен қамтамасыз ету режимі кімдерге арналған?

2026 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енген жаңа режим мына талаптарға сай келетіндерге арналған:

  • айлық табыс 300 АЕК-тен аспайды;
  • қызмет түрі рұқсат етілген тізімде;
  • жалдамалы қызметкерлері жоқ;
  • жеке табыс салығы – 0%, әлеуметтік төлем – 4%.

Бұл режимді пайдалана алатындар тізімі:

  • пәтер жалға берушілер;
  • такси жүргізушілері мен курьерлер;
  • сұлулық саласының мамандары;
  • фотографтар, репетиторлар, аудармашылар;
  • ветеринарлар және өзге де жеке қызмет көрсетушілер.

Мысал:

Егер пәтерді айына 1 млн теңгеге жалға берсеңіз, 4% әлеуметтік төлем 40 000 теңгені құрайды.