1 наурыздан бастап не өзгереді: кім айыппұл төлейді, кім баспанадан қағылады?
Наурыз айынан бастап Қазақстанда бірқатар маңызды өзгеріс күшіне енеді. Жаңашылдықтар салық режимінен бастап ипотека, тұрғын үй кезегі және әкімшілік жауапкершілікке дейінгі бірнеше саланы қамтиды.
Салық режимі автоматты түрде өзгереді
Жаңа Салық кодексіне сәйкес, салық төлеушілер салық режимін сақтау немесе өзгерту туралы хабарлама тапсырмаса, автоматты түрде стандартты салық салу режиміне көшіріледі. Яғни тиісті өтініш бермеген азаматтар мен кәсіпкерлер жалпыға бірдей белгіленген тәртіпке өтеді.
Отбасы банк тұрғын үй кезегінің тәртібін өзгертеді
2026 жылғы 2 наурыздан бастап Отбасы банк тұрғын үйді тек түгендеуден өткен азаматтарға ғана үлестіретін болады. Бұл туралы банктің ресми сайтында жарияланды.
Осы күннен бастап инвентаризация тұрғын үй бөлу алдындағы алғашқы әрі міндетті кезеңге айналады.
Егер кезекте тұрған азамат түгендеуден өтпесе, оны кезектен шығармайды. Алайда ол қанша уақыт кезекте тұрса да, тұрғын үйді бөлу процесіне қатыса алмайды. Түгендеуден өтпеген жағдайда, банк оған жалдамалы тұрғын үйді де, сондай-ақ 2% және 5% мөлшерлемесімен жеңілдетілген несие арқылы пәтер сатып алу мүмкіндігін де ұсына алмайды, – делінген хабарламада.
Қазіргі таңда тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтардың 257 мыңнан астамы түгендеуден өткен.
Несие беру талаптары күшейтіледі
Қаржы секторында тәуекелдерді басқару және клиенттердің құқықтарын қорғау жүйесі енгізіледі. Егер азаматтың мерзімі өткен берешегі болса, оған жаңа займ беруден бас тартылуы мүмкін.
Отбасылық дауларға қатысты өзгеріс
Енді мүлікті бөлуге байланысты үш жылдық талап қою мерзімі ажырасқан күннен емес, мүліктік құқық бұзылған сәттен бастап есептеледі. Алимент өндіру тәртібі де нақтыланды. Сарапшылардың айтуынша, енді шетелде тұратын борышкерлерге қатысты сот нақты белгіленген ақшалай соманы өндіру туралы шешім шығара алады.
Дәрігерлерді қорғау күшейтіледі
1 наурыздан бастап медицина қызметкерлеріне қатысты зорлық-зомбылық немесе қорқыту әрекеттері үшін жаза қатаңдатылады. Ауыр дене жарақаты немесе адам өліміне әкелген жағдайда 12 жылға дейін бас бостандығынан айыру қарастырылған.
Наурыздағы басты оқиға – референдум
15 наурызда Қазақстанда жаңа Конституция бойынша референдум өтеді. Азаматтар елдің болашағына қатысты өз таңдауын жасайды.
Қоқыс үшін айыппұлды енді әкімдіктер де сала алады
2026 жылғы наурыздан бастап жергілікті атқарушы органдарға қоғамдық орындарды ластағаны және абаттандыру ережелерін бұзғаны үшін айыппұл салу құқығы берілді. Енді бұл өкілеттік Астана, Алматы, Шымкент қалалары мен барлық облыс әкімдіктеріне тиесілі.
Бұған дейін мұндай құқық тек ішкі істер органдарында болған.
2025 жылы осы санаттағы құқық бұзушылықтар үшін 591 мыңнан астам адам жауапкершілікке тартылып, 5,2 миллиард теңге көлемінде айыппұл салынған. Экология министрлігі жаңа өкілеттіктер заң бұзушылықтарға жедел әрекет етуге мүмкіндік береді деп отыр.
Осылайша, наурыз айы қазақстандықтар үшін салықтан бастап ипотекаға, тұрғын үй кезегі мен әкімшілік жауапкершілікке дейінгі ауқымды өзгерістермен басталмақ.

