1 млн теңге. Астаналық ұстаздар марапатталды
Астанада мұғалімдер күніне және ТМД-ға мүше мемлекеттердің мұғалімдері мен білім беру қызметкерлерінің VII съезіне арналған "Ұлт шамшырағы-ұстаздар" атты мерекелік концерт өтті, деп хабарлайды EL.KZ қала әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.
Астана қаласының білім басқармасы ұйымдастырған мерекелік концертке ҚР Білім министрі Асхат Аймағамбетов, қала әкімі Алтай Көлгінов, республиканың білім беру ұйымдарының қызметкерлері, елордалық педагогтар, ардагер-педагогтар, қоғам қайраткерлері және т. б. қатысты.
Мерекелік іс-шара барысында №82 "Дарын" мамандандырылған лицейінің физика пәнінің мұғалімі Гүлшара Дүйсенова, № 26 мектеп-гимназиясы тарих пәнінің мұғалімі Лаура Шоразова, Ғафу Қайырбеков атындағы № 26 мектеп-гимназиясының қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Алма Нұркенова, қоғамдық тамақтану және сервис колледжінің өндірістік оқыту шебері Алла Король, № 2 "Батыр" балабақшасының тәрбиешісі Наима Жукенова, "Астана дарыны" дарындылықты дамыту және психологиялық сүйемелдеу орталығының оқытушысы Корлыгаин Баяхметова, ардагер мұғалім Ботагөз Жүнісова "Еңбек ардагері", "Астана қаласының құрметті педагогы", "Білім беру ісінің құрметті қызметкері" және Ы.Алтынсарин атындағы төсбелгілерімен марапатталды. Сондай-ақ мұғалімдерге 1 млн теңге сомасына алғыс хаттар мен сертификаттар табыс етілді.
Құрметті мұғалімдер, құрметті білім беру саласының ардагерлері. Сіздерді кәсіби мерекелеріңізбен шын жүректен құттықтаймыз. Мемлекет басшысының Жолдауына сәйкес біз жайлы мектептер – ірі габаритті мектептер салуға кірістік. Бұл жұмысты ҚР Білім министрлігімен бастадық. Қазір біз 80 мың оқушы орнына (2 ауысымда) 20 ірі мектеп жобалап жатырмыз. Мектеп салу үшін 70-тен астам учаске анықталды. Аталған жер учаскелерінің ауданы 240 мың оқушы орнына (2 ауысымда) оқу орындарын салуға мүмкіндік береді. Мұның бәрі қаланың даму динамикасына ілесу үшін жасалады. Біздің елордамыз тез дамып келеді. Халық саны жыл сайын артып келеді. Мысалы, мамыр айында 8 мыңға жуық бала шығарсақ, қыркүйек айында бірінші сыныпқа 25 мың бала қабылдаймыз. Оларды сіздер оқытасыздар. Біз мектептерді саламыз, бірақ әлі де білім сапасына назар аудару керек. Жыл сайын педагогикалық мамандықтарға гранттар бөлеміз. Егер үш жыл ішінде 1400 грант бөлінсе, биыл тағы 1 мың грант бөлінді. Сондай - ақ, жеке инвестор есебінен педагогикалық институт салу жоспарда бар, - деді қала әкімі Алтай Көлгінов.
Мен Астананың құрметті педагогы болдым. Өте қуаныштымын. Мен үшін бұл біздің кәсіби мерекемізде күтпеген және жағымды сыйлық болды. Барлық әріптестерімді, мұғалімдерді мерекемен құттықтаймын. Оқушыларыңыздың құрметіне және сүйіспеншілігіне ие болыңыздар. Жұмыста шығармашылық табыс тілеймін, - деді №82 "Дарын" мамандандырылған лицейінің физика пәнінің мұғалімі Гүлшара Дүйсенова.