Жаңалықтар

«Жас ұлан» мектебінің 2016 жылғы түлектері

Армия генералы С.Нұрмағамбетов атындағы «Жас ұлан» республикалық мектебі
25.05.2016 10:40 6939

Армия генералы С.Нұрмағамбетов атындағы «Жас ұлан» республикалық мектебінде оқу жылының аяқталуына орай салтанатты іс-шара өтті. Биылғы жылы мектеп қабырғасынан 74 жасұландық түлеп ұшты.

 «Жас ұлан» мектебінің 2016 жылғы түлектері

Мерекелік іс-шарада мектеп тәрбиеленушілері плацта сап түзеп, бітірушілер армия генералы С. Нұрмағамбетовтің ескерткішіне гүл шоқтарын қойды. Бүгін, 25 мамырда қазақ батыры тірі болғанда, 92 жасқа толар еді. Салтанатты жағдайда түлектерге аттестаттар және құрмет грамоталары табыс етілді.

 «Жас ұлан» мектебінің 2016 жылғы түлектері

Айгүл Түлембаева, Білім және ғылым басқармасының басшысы:

— Баршамызды бүгінгі керемет мерекемен құттықтаймын! «Баршамызды» деген себебім — Жас Ұлан мектебін бітірген әр түлекке біздің, ата-аналардың қосқан үлесі орасан зор. Біздің түлектер әскери оқу орындарының үздік оқушылары боларына еш күмәнім жоқ. Алдарыңда үлкен сынақ күтіп тұр. Сендер бұл сынақтан сүрінбей өтулерің қажет. Бүгінгі таңда Қазақстан Республикасы жаңа армия жасақтауда. Технология үлкен қарқынмен дамығанымен, армияның басты көрсеткіші сапалы жауынгерлер екені баршамызға белгілі. Сондықтан, біздің сендерге артып отырған сеніміміз мол!

 «Жас ұлан» мектебінің 2016 жылғы түлектері

Нұржан Тұтанов, Жас Ұлан мектебінің 2016 жылғы түлегі:

— Кеше ғана тарыдай болып келген едік, бүгін таудай болып мектепті бітіргелі жатырмыз. Болашақта өз өмірімді әскери мамандыққа арнағым келеді. Ұстаздар қауымы мен офицерлерге, мектеп басшылығына айтар алғысым шексіз. Алда бізді үлкен сынақ күтіп тұр. Біз сынақтардан мүдірмей өтіп, мектептің абыройына нұқсан келтірмейбіз деп үміттенемін.

 «Жас ұлан» мектебінің 2016 жылғы түлектері

Ермұхан Дуюшев, ата-ана:

— Құрметті ұстаздар мен «Жас Ұлан» мектебін бітіргелі отырған түлектер! Әуелі, шәкірттерін білім нұрымен нұрландырған ұстаздарға мың алғыс! Аз ғана жыл бұрын мектеп табалдырығын аттаған бала едіңдер... Ал қазір қазақ елінің азаматы болып ер жеттіңдер. Сіздер үшін соғылатын бүгінгі соңғы қоңырау — балдәурен балалықты артта қалдырып, жауапкершілігі мол сәттің жеткенін ескерту секілді. Абай данамыз айтқандай, «Сен де бір кірпіш дүниенің, кетігін тап та, бар қалан» дегендей, сендерге ендігі сәтте өз өмір жолдарыңды таңдайтын сәт жеткенін ескерткім келеді. Қадамдарыңа гүл бітсін. «Қазақстан — жағыз ұлы қазақтың» деген сөзді жүректеріңде сақтап жүргейсіңдер.    

 «Жас ұлан» мектебінің 2016 жылғы түлектері

Құрылған сәттен бастап 15 жыл ішінде армия генералы С. Нұрмағамбетов атындағы «Жас ұлан» республикалық әскери мектебі 500-ге жуық тәрбиеленушіні түлеп ұшырды. Жыл сайын мектепте тәрбиеленушілерді іріктеу сапасы жақсаруда, жасұландықтардың дайындығы жыл сайын өсуде. Білім беру үдерісінің практикалық маңыздылығы артты, тәрбиеленушілердің зияткерлік дамуына ерекше көңіл бөлінеді. Барлық оқу-тәрбие процесі балаға кішкентай кезінен бастап өз Отанына адал болу, оны сүю және патриот болуды баулуға негізделген. Мектеп тәрбиеленушілері мемлекеттік және шет тілдерін тереңдете оқиды, дене даярлығымен шұғылданады және әскери пәндерді зерделейді.  Бүгінгі күні көптеген «Жас ұлан» республикалық әскери мектептері әскери іске оқуды жалғастыруда.


Рустем ӘЛПИ 

Суреттерді түсірген — Нұрбек ӘЛМАНБЕТОВ

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға