Жаңалықтар

«Өз бостандығының капитаны» атанған ақын

«Жолқараған» кітабының авторы Биболат Сәтжанмен сұхбат
«Өз бостандығының капитаны» атанған ақын
Фото: © El.kz 09.03.2021 15:05 3952

 

26 жастағы ақын Биболат Сәтжан Қызылорда облысы Арал ауданының тумасы. Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің қазақ тілі мен әдебиеті мамандығын бітірген. Албырт жырлары өзінен үлкен аға буынның, азулы ақындардың оң бағасын алған. Жақында жас ақынның «Жолқараған» атты тұңғыш жыр жинағы жарық көрді. «Жан қалауын жанарыма тұндырып...», «Сұрақ», «Көктемнің жаңбырлы сәлемі», «Синестезия», «Кей-кей...», «Замана бұлбұлдары» сынды өлеңдері республикалық ақпарат құралдарында оқырман назарына ұсынылып, көпшіліктің көңілінен шығып, ыстық ықыласына бөленді.

 

«Алтын домбыра» айтысының үш мәрте жеңімпазы, республикамызға танымал айтыскер Мұхтар Ниязовтың ұстазы, сырбойылық танымал ақын Дүйсенбек Аяшұлы бүгінгі кейіпкеріміз жөнінде «Биболат өз бостандығының капитаны» деп баға берген. Жас та болса, өзіне тән өр мінезімен, шығармашылық қабілетімен көзге түскен Биболаттың алдағы уақытта поэзия әлемінде өзіндік қолтаңбасы қалыптасатыны анық.

 

- Менің әдебиетке деген ынтамды бірінші сыныпқа бармай тұрып, батырлар жырын, қазақ ақындарының өлеңін жаттатып, өз бетімше оқуды, жазуды үйреткен ағам ашты деп ойлаймын. Алғаш өлең жазуға талпыныс бала күнімде анама бір шумақ арнағанымнан басталды. Қазір не жазғаным есімде болмаса да, ол кісінің қатты қуанғанын білемін. Осыдан кейін мектепте оқып жүрген кезімде мүлде өлең жазу туралы ойламаппын. Ал жақында шыққан алғашқы жыр жинағыма негізінен студенттік шақтағы жазбаларымды топтастырдым, - дейді Биболат.

 

Жас ақыннан жаңа тұсауы кесілген алғашқы жыр жинағы туралы сұрадық. Айтуынша, оның «Жолқараған» деп ерекше аталуында да үлкен мән жатыр.

 

- Бұрын бір кітап болса да рухани өмірімізге өзгеріс алып келетін. Қазір жинақ шығару, кітап шығару елеулі оқиға саналмайтын болды. Мен де жинақ шығаруды еш жоспарламаған едім. Өйткені өз шамамды білемін. Өлеңдерімнің ішінде қазақ поэзиясында құбылыс, жаңалық боларлық нәрсе жоқ деп санаймын. Тек ойым, сезгенім және түйгенімді ғана жазамын. Сөйтіп жүргенде Әділ Ботпановтың туғанына 50 жыл толуына орай ақын шығармашылығын насихаттауға арналған республикалық «Әділдің жыр әлемі жүрегімде» атты мүшәйраға қатысып, бас жүлдені иелендім. Сол жерде Қызылорда облыстық мәслихатының депутаты, сөз қадірін түсінетін ағамыз Оңғарбаев Аманжол менің жыр жинағымды шығарып беретінін айтқан еді. Ұзаққа созбай уәдесінде тұрып, тырнақалды туындымның жарыққа шығуына себепші болды. Руханият жанашырына бұл үшін үлкен алғыс білдіремін. Ал жинақтың атауына келсем, ол Әділ Ботпановтың өмірімен байланысты. Біреу білсе, біреу білмес, қаламгер талантымен де, тағдырымен де көпшіліктің аузынан түспейтін поэзия падишасы. Өлеңдері әдеби ортада жатқа оқылады. Әділ ағамыз 1996 жылы із-түссіз жоғалып кеткен екен. Артынан өнерін бағалайтын жандар «Өмірзая» атты кітабын шығарды. «Жолқараған» – ақынға деген сағыныш пен оның ізін жалғау мақсатында қойылған ат, - деп жас ақын ойын жеткізді.

 

Иә, Сыр елі әуел бастан жыр елі атанып кеткен. Биболат Сәтжан атақты қаламгерлерден жоғары баға алса да, кеуде соғып, өзін жұлдыз-ақын санамайды. Бұл оның қарапайымдық қасиеті болса керек. Жас ақын көтерме сөз бен мақтау әңгімелерге жаны семірмейтінін, керісінше, ондай сөздердің жауапкершілігін арттыратынын айта кетті.

 

- Екі жыл бұрын Дүйсенбек ағамыз облыстық «Сыр бойы» газетіне өлеңдерімді өзінің алғы сөзімен жариялаған болатын. Ағамыздың ақжолтай тілегінен көтерме сөзді емес, маған көп үміт пен сенім артатынын аңғарғандай болдым. Сол секілді ҚР Көркем өнер академиясының академигі, белгілі суретші, ақын Қайырбай Зәкіров, өткен жылы өмірден өткен ақын, Қазақстанның Құрметті журналисі Әскербек Рахымбекұлы ағаларымыз да өлеңдегі талабыма тілекші болып, батасын берген. Осылардың бәрі жыр өнеріне басқаша қарауыма әсер етті. Кітаптың тұсаукесерінен кейін көп жылы лебіздер айтылды. Оған қуанып та қалдым. Шығармашылығымды шыңдауға әлі де талмай ізденетін боламын. Кітап шыққаннан кейін біраз кісілер шақырып, кездесулер ұйымдастырды. Оның өзі жас ақын үшін үлкен мектептің алғашқы баспалдақтары, зор абырой. Алға қарай ұмтылуға, талпынуға, серпіліс жасауға күш-қуат сыйлайды екен, - дейді талант иесі.

 

Биболат Сәтжан жас болса да өз ортасында «ізденімпаз ақын» атанған. Қаламгердің ізденімпаздығын, талғампаздығын, сондай-ақ, көп кітап бетін көп парақтауымен байланыстырады. Кітап оқуды сүйікті ісіне айналдырған кейіпкеріміз «ақынның өмірін кітапсыз елестету мүмкін емес» деген пікірді берік ұстанады.

 

- Ақынға лайық туынды жасау үшін үнемі интеллектуалды, психологиялық және лексикалық тұрғыда ешкім ашпаған жаңалықтар ашып отыру қажет. Әрине, ғаламдық деңгейде болуы міндетті емес. Жеке адам ретінде, өзіңнің жан әлемің үшін керек дүние. Сондықтан жұрт қатарлы кітап оқимын деп ойлаймын. Мұны ізденіс деуге келмес, жай жеке қызығушылық қана. Қазақ ақындарынан Кеңшілік Мырзабеков, Жұмекен Нәжімеденов, Нұрлан Мәукенұлы секілді бірнеше ақындарды ерекше жақсы көріп оқимын. Ақынның өмірін кітапсыз елестету мүмкін емес. Кітап оқыған сайын ақын өз болмысын тереңінен түсінеді, сондай-ақ өзін жаңа қырынан тани бастайды немесе өзі үшін беймәлім жаңа құбылыстармен танысуға жол ашады, - дейді ақын.

 

Көп оқырман Биболаттың «Сен айтарың көп болғансың көпірдің, Мен айтарым көп болған соң үнсізбін» дейтін өлең жолдарын жүрекке жақын қабылдап, ұтымды сөз ретінде бағалады. Бұл жолдардың не жеткізгісі келгенін автордың өзінен сұрадық.

 

- Бір ғана адамның басындағы жағдайдан қоғамның толық көрінісін байқауға болады. Бүгінде көп адам үнсіз, бейтарап қалғысы келеді. Өйткені ешкім-ешкімді көңіл қойып тыңдап жатқан жоқ. Мен тек өзіме қатысты жайттарды ғана жазуға тырысамын. Саясат, қоғам сияқты түрлі тақырыптар туралы өлең жазғым да, пікір айтқым да келмейді. Сол нәрселерден мейлінше аулақ болсам деймін. «Өз ойымды мазалағаным» да жетеді. Бары сол. Оған менің мына өлең жолдарым да дәлел.

Кезі келсе,

Өзіме аян сезгенім не,

Өзіме шақ тағдырым бар.

Пікірлерің өздеріңе,

Мені өзіммен қалдырыңдар! – дейді қаламгер.

 

 

 

 

 

 

Ақындар туралы айтылғанда муза тақырыбы бірге жүретіні белгілі. Әр қалам иесі музасын шамасы келгенше жырлап, өз әлінше сипаттап, биікке көтереді. Кейіпкеріміз Биболат та муза туралы әңгімеге бір тоқталып өтті.

 

- Көпшілігі музаны ақынның ғашығы ретінде қарастырады. Муза дегеніміз белгілі бір адам немесе өлеңнің кейіпкері емес. Грек мифологиясында естеліктер құдайы Минемосинаның қызы Муза тәнімен сезу қабілетінен айырылады да, белгілі бір сөздерді сыбырлап айтуға ғана қауқарлы болады. Бір сөзбен айтқанда, муза – тіл дыбысы ғана. Ал ақынның жүгінетін ең негізгі қаруы – тіл. Сондықтан, ақын музаға ғашық болуы мүмкін, бірақ оның ғашығы ешқашан муза бола алмайды. Өмір арқылы өнерді түсіндіруге тырысу да дұрыс емес. Мен өзімді қандай да бір құбылыс ретінде қарастырғанын қаламаймын. «Жолқараған» жинағына енбеген өлеңдерім де бар. Бір қызығы бұрын сол шимай-шатпағымның барлығын өзім арқалап жүргендей сезінетінмін. Бұдан былай сол авторлық мәтіндерімнің бәрі, ұзақ па, қысқа ма белгісіз, өзінше өмір сүреді. Менен тыс, өз алдына еркін. Әрине, ғұмырлы болғанын тілеймін. Тіпті ең жаман деген кітаптың өзі авторынан ұзақ жасайды ғой, - дейді кейіпкеріміз.

 

Бүгінде елімізде жас ақындардың жаңа буыны қалыптасып келеді. Биболаттан өзі жүрген әдеби ортасы және олармен қарым-қатынасы туралы да сұрап, ойын білген едік.

 

- Біріншіден, орта әркімнің өз ішінде деп ойлаймын. Екіншіден, жазу жеке адамның жұмысы. Өз ойымда ақындарды буынға, болмаса өңірге бөліп қарамайды екенмін. Бір қызық дерек оқыған едім. Әлемнің ең алдыңғы қатарлы елдерінің өзінде жүргізілген әлеуметтік зерттеулер, сауалнамалар халықтың 30 пайызы әлі де Күннің Жерді айналатынына сенетінін көрсетіпті. Сол секілді, поэзия, өлең, ақын деген ұғымдарды тек айтыспен байланысты деп ойлайтын адамдарды көп кездестіремін. Өңірімізде өлең жазуға бейімі бар жастардың көбі де сол айтыс сахнасынан көрінуді жөн көретін сияқты. Мүмкін халықпен тікелей байланыс жасауға, ойыңды тіке жеткізуге мүмкіндік беретіні үшін болар. Әдеби кітаптарды ішінен тек сөз тіркестерін теріп алып, айтыстың қайырымын жазуға пайдалану үшін оқитын бірнеше қатарластарымды да білемін. Әрине, айтыс ұлтымыздың ұлы өнері. Уақыт өте олардың да ішінен үш дүркін «Алтын домбыра» иегері атанған Мұхтар Ниязов ағамыз сияқты кейінгіге үлгі болар талантты азаматтар іріктеліп шығатынына сенемін. Дос, бауыр ретінде араласып тұратын ақындар өңірде де, өзге аймақтарда да баршылық. Олардан тың туындылар, ұлы болашақ күтемін. Жазғандарын жібермей оқып тұруға тырысамын, - деп жауап берді жыр иесі.

 

Бүгін біз кейіпкерімізді өнерсүйер және өлеңсүйер қауыммен барынша таныстырып өтуге тырыстық. Биболат Сәтжанмен сұхбаттасуға себеп болған оның жұлдызын жаққан «Жолқараған» туындысы еді. Жас ақынға тек қаламы ұштала берсін дей келе, сия болып төгілген «Жолданбаған жыр» өлеңінің бір шумағын назарларыңызға ұсынамыз.

 

Өзгеріс тілеп өртейді тағатты не жын, жоқты аңсап шаршау жүзі алаң,

Күту мен күмән ойлардың ағартты көзін, кінәлі емеспіз біз оған.

Қауыста ызғар қарыған жанымды нетем?.. Көп мұңайтуға күз лайық,

Жан дүниеміз – сезімнің қабірі, көкем, сол ғана болар бізге айып.

 

 

 

 

Бөлісу:
(Суреттер кейіпкеріміздің жеке мұрағатынан алынды) Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға