Жаңалықтар

«Шетелге де танылатын қолөнер орталығын құрғым келеді»

Ағаш және домбыра шебері Еркебұлан Уәлиевпен сұхбат
«Шетелге де танылатын қолөнер орталығын құрғым келеді»
10.09.2020 17:38 7164

Бір ұлтты өзге ұлттан даралайтын оның ата-бабасынан сақталып келе жатқан әдет-ғұрпы, дәстүр-танымы, қанына біткен өнері мен мәдениеті болмақ. Айтылған бұл жалпылама түсініктің тереңіне бойлаған сәтте ұлттық құндылықтардың алар орны ерекше. Бағыт-бағдарын заманауилыққа бұрған жаңа ғасырда тамырымыздан ажыратпай ұстап тұрған мәдени мұрамызды дәріптеп, одан бөлек кәсібіне айналдырып отырған жандар да баршылық. Солардың бірі – қазақтың ұлттық аспаптарын жасайтын қолөнер маманы, ағаштан ою ойған шебер, суретші Еркебұлан Уәлиев.

371868a5-930f-4a82-9f0d-e9037bc957dc.jpg

«Тапсырыстың көбі күз мезгілінде түседі»

Еркебұлан Советбекұлы 1989 жылдың 5 мамырында Алматы облысы Райымбек (қазіргі Кеген) ауданы Тасашы ауылында дүниеге келген. Бала жастан суретші болуды армандаған кейіпкеріміз бүгінде Алматы қаласында жеке шеберханасын ашып, өз кәсібін дөңгелетіп отыр.

- 2007 жылы мектеп қабырғасынан шығып, Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті «Көркем сурет» факультетінің «Сәндік қолданбалы өнер» мамандығына оқуға түстім. Онда елімізге танымал қолөнер шебері Жолаушы Тұрдықұловтан сабақ алдым. Дегенмен, қөлөнер саласында жүрсем де, ағаш шебері боламын деп ойламадым. 2011 жылы жоғары оқу орнын бітіргеннен кейін Алмас Мұстафаев деген жігіт өзінің ұлттық аспаптар жасайтын «DalaSazy» шеберханасына шақырды. Міне, осы кезден бастап аталған кәсіпке деген сүйіспеншілігім оянды. 2018 жылға дейін жеті жыл сонда жұмыс істеп, тәжірибе жинадым. Алмас маған ұстаз бола білді. Білмегенімді үйрендім, шыңдалдым, мақсат қойдым, көптеген жетістіктерге жеттім.

Біраз ойлана келе өзімнің жеке шеберханамды ашуға бел будым. Оған жақсы атау іздеп жүргенде, «Еркебұлан Уәлиев шеберханасы» деп танылып кетті. Сөйтіп екі жылдан бері бес-алты шебер жігіттен құралған жұмыс орнына айналды. Енді осы кәсіпті жандандырып, ары қарай үлкейту жолында еңбек етіп жүрміз.

Шеберханада жасайтын бұйымдарымыз негізінен арнайы тапсырысқа байланысты. Біз мұнда көбіне музыкалық аспаптарды, оның ішінде домбыра жасаймыз. Қазір оған сұраныс көбеюде. Себебі күз мезгілі, оқу жылының басы болғандықтан, өнер мектептері, оқу орталықтары, білім беру мекемелері, сондай-ақ, жеке оқушылар тапсырыс береді.

Домбырадан өзге халқымыздың барлық ұлттық аспабын, сонымен қатар, бесік, сандық сияқты жиһаздарды да жасаймыз.

b01cf007-9d8b-4726-bc48-f6e066cf3c17.jpg

«Домбыраға көпжылдық кепкен ағаш керек»

Кейіпкеріміз бізге домбыра жасау барысында ағаштың тығыздығына баса мән беретінін айтып өтті. Сондай-ақ шебер өзі қолданатын тиімді әдісімен де бөлісті.

- Домбыраға жергілікті ағаштармен қатар, Қытай, Ресей, Канада, Африка елдерінен келген ағаштарды пайдаланамын. Елімізбен салыстырғанда сол жақтікі сапалырақ. Өйткені бір жағынан олар көпжылдық, екінші жағынан тығыздығы жоғары. Сәйкесінше одан сапалы дүние шығады. Өзім домбыра жасауда көп қолданатын қара ағаш бар. Ол Африкадан келеді. Еш бояусыз, табиғи түсі қара. Ал жаңадан кесілген, дымқыл ағаштар аспапқа жарамайды. Яғни, ең бастысы кепкен ағаш болуы керек. Барлық материалды бір жылдық қорға алып қоямыз. Арасында сулы-дымқыл ағаштар болуы мүмкін. Мұндай жағдайда жыл ішінде табиғи жолмен кеуіп тұрғаны дұрыс.

Бізге алдымен ағаштар кесек күйінде келеді. Бәрін арнайы станоктың көмегімен кесіп, алдағы алты-жеті айға жететіндей дайындама жасап, сақтап қоямыз. Оны өлшеп, тіліп дайындап беретін көмекшілеріміз де бар. Тапсырыс келгенде солардың шетінен алып пайдалана береміз.

Ал бір домбыраның жасалуын айтатын болсам, асықпағанның өзінде бір апта уақыт кетеді. Мен төрт-бес домбыраны қатар жасай беремін. Оның тиімділігі – бір домбыра кепкенше күтіп отыруға тура келмейді. Яғни уақыт жағынан ұтамыз. Негізінен дайындалу мерзімі бір ай деп белгіленеді.

2575838a-e2f3-4b09-8b13-a2f2500d6afc.jpg

«Домбыра әр өңірдің ерекшелігіне қарай жасалады»

Ағаш шебері аспап жасауды жақсы меңгергенімен, домбыра тарта алмайтынын мойындады. Десе де бұл оның кәсібилігіне еш кедергі келтірмейді. Өйткені кейіпкеріміз ағашты ұстап көрген сәтте-ақ одан қандай домбыра шығатынын көре біледі екен.

- Мен кәсіби түрде домбыра тарта алмаймын, алайда, «нағыз қазақ – қазақ емес, нағыз қазақ – домбыра» деп Қадыр ақын айтқандай, қанымыз қазақ болғаннан кейін шертуді білемін. Мұның өзі дыбыстың тазалығын тексеруге, оны ажыратуға жарайды. Келген адамдардың көбі «бұл қалайша» дегендей таңқалады. Алайда шеберлердің өзі білетіндей, біз аспапты қолданушы емес, жасаушымыз. Домбыраны бастаған кезде соңында қалай болып шығатыны белгілі болып тұрады. Сонымен бірге жасап қана қоймай, ол домбыраның неге арналғанына да аса мән беремін. Тапсырыс республикамыздың түкпір-түкпірінен келеді. Мысалы, қызылордалықтар көбінесе жырға арналған домбыра сұрайды. Батыс өңірі болса төкпе күйге арнаймыз. Онда өзіңізге мәлім күйшілер көп.

Бұл жердегі айырмашылық домбыраның беткі ағашында ғана. Яғни, дыбыстың сексен пайызы сол бетіне байланысты. Домбыраның бетағашын тіліп алғанда дыбыстың қалай шығатынын ажыратамыз. Оны үстінен ұрып тексеруге болады. Сонда мынау жұмсақ дыбыс береді, мынау қатты дыбыс береді деп ажыратамын. Осы күнге дейінгі тәжірибеме сүйенсем маған ағаш таңдау еш қиындық тудырмайды.

Тағы бір айта кетерлігі, домбыра көлеміне қарай ішек сұрайды. Бір домбыраға жуан ішек келуі мүмкін, біреуіне жіңішке, біреуі қатты дегендей. Ең соңында соны шақтап тағып береміз.

d36cb25c-dc23-4072-960d-4e532de7c298.jpg

«Сайысқа қатысудағы мақсатым – жеңіп шығу емес, шыңдалу»

Еркебұлан Советбекұлы кәсібімен қатар, шығармашылыққа да ден қойған. Түрлі республикалық конкурстардың жеңімпазы атанған шебер, байқауға қатысудың кәсіби шыңдалуға көмектесетінін айтып өтті. Одан өзге жастайынан суретшілік өнерімен де көпшілікті тәнті еткен.

- Суретшілік өнер бала күнімнен басталды. Мектеп қабырғасында оқып жүргенде дарынды балаларға арналған республикалық конкурс болатын. Сол кезде өзіміздің жерлесіміз, ақиық ақын Мұқағали Мақатаевтың «Аққулар ұйықтағанда» поэмасына иллюстрация жасап, жүлделі бірінші орынды иелендім. Ол кезде, шамасы, 9-сыныпта оқитын болуым керек. Аталған поэманың көріністерін өз фантазиямнан тоғыз плакатқа бейнелеп шыққанмын. Балалық шағымнан қалған үлкен естелік сол. Қазіргі таңда бұл туындым өзім оқыған орта мектептің қабырғасында ілініп тұр.

Өз кәсібіме байланысты байқауға алғаш еңбек жолын бастағанда қатыстым. «Үкілі домбыра» атты домбыра жасаушы шеберлердің сайысында жүлдеге ие болмасам да, үлкен шабыт алып қайттым. Кейін 2016 жылы «Шебер» атты қолөнершілердің республикалық конкурсына қатысып жеңімпаз атандым. Ал 2018 жылы екі жылда бір рет болатын «Аңыз домбыра» сайысында бәйгенің екінші орыны бұйырды. Аталған сайыстың әрқайсына ағаштан арнайы дүниелер дайындадым. Өйткені шығармашылық конкурс болғаннан кейін өз таным-түсінігіңді, қиялыңды барынша көрсете білуің керек. Сонымен қатар байқауға қатысудағы мақсатым жүлде алу емес, шығармашылық және кәсіби түрле шыңдалу, сондай-ақ тәжірибе жинау екенін айтып өткім келеді.

9935a069-79dd-4c88-99b1-4036c9149422.jpg

«Әке арманын жалғадым...»

Сұхбат барысында кейіпкеріміз ата-бабамыздан мирас болып келе жатқан кәсіпті таңдауына әкесінің себепкер болғанын тілге тиек ете келе, өскен ортасы туралы да сыр шертті. Бұл жолы «әке көрген – оқ жонар» дейтін дана халқымыздың сөзіне Еркебұлан Советбекұлының әкеден алған тәлімі дәлел болмақ.

- Жалпы сурет өнері әкем жағынан дарыған. Мектеп кезінде қабырға газетін шығаратын едік қой. Сондайда әкем суретін салып беретін. Бірақ ол кісі арнайы білім алмағанымен, адамның бетіне қарап отырып айнытпай портретін салып беретін таланты бар. «Әкеге қарап ұл өсер» демекші, кім болса да әкесіне ұқсағысы келетін шығар. Мен де соған қызығып кішкентайымнан суретші болуды армандадым.

Ал әкеме суретшіліктің қайдан дарығанынан хабардар емеспін. Өзі мал шаруашылығымен айналысып, төрт түлік бақты. Бала кезде көргенім ғой, әкем ер-тұрмандарын өзі дайындап, қайыс кесіп, неше түрлі жүген, қамшы өретін. Бүгінде тіршіліктің қамы, өмір ағысымен әкемнің ішінде қалған арманын мен жалғадым ба деп ойлаймын. Менімен қоса, Думан деген інім де ізімнен келе жатыр. Ол кішкентай күнінде қолдан мүсіндер жасайтын. Алматыдағы Қазақ спорт және туризм академиясында оқып, спортшы мамандығы бойынша диплом алғанмен, менің қасыма келуді жөн санады. Қазір оң қолым болып бір жағыма шығысып, көмектесіп жүр.

Өзім отбасының тұңғышымын. Әкем Советбек пен анам Оразгүл бізді ешкімнен кем қылмай өсірді. Менен кейін Ұлан, Думан атты інілерім, Ақмарал дейтін жалғыз қарындасым бар. Үйдің үлкені болғандықтан, ата-анама қолғабыс етіп, бауырларыма қарайластым. Сөйтіп жүргенде ордалы отызға да келіппін. Енді жеке өміріме көңіл бөліп, отбасыма келін түсіруді ойлап жүрген жайым бар.


a07a3f10-d6f8-4deb-98d6-5dd5a14a36e3.jpg

«Жасаған домбыраларым үздік ондықтың ішінде»

Еркебұлан Советбекұлының қолынан шыққан домбыралар бүгінгі таңда еліміздің танымал өнер иелерінің, қайраткерлерінің үй төрінде ілініп тұр. Атап атйсақ, олардың арасында Болат Мажағұлов, Роза Әлқожа, Заттыбек Көпбосынұлы, Нұрлан Еспанов, Ғалымжан Жолдасбай, Айқын Төлепберген, Мадина Сәдуақасова, Уәлибек Әбдірайымұлы, Қайнар Алагөзов, Мейірбек Сұлтанхан, Еркебұлан Қайназар, Айбек Қалиев және тағы да өзге тұлғалар бар. Аз уақыттың ішінде өзіндік қолтаңбасын қалыптастырып үлгерген шебердің домбыралары бірін-бірі көп қайталамайтындықтан, бағасы да соған сай екенін айта кеткен жөн.

- Қазір, Аллаға шүкір, шеберлер арасында атым қалыптасып келеді. Мен жасаған домбыралар еліміздегі үздік ондықтың ішіне кіреді Домбыра жасаушы шеберханада мен ғана болғандықтан, «Еркебұлан Уәлиев» деп өз атымнан шығып жатыр. Қасымдағы жігіттер тек соған көмектеседі. Ал бағасына келсем, шамамен, 300-400 мыңға сатылып жүр. Алғаш жасаған домбыраларымның арзаны жетпіс мыңға, ал ең қымбатының бағасы бір миллионға дейін барған. Егер төмен бағаға сұрайтындар болса, шәкірттеріме беремін. Оны тапсырыс берушіге «мен емес, шәкірттерім жасайды» деп ескертіп айтамын.

Бұған бір себеп, бірегей туындыны шығару үшін уақыт үнемдеу керек екендігі. Алдымен тапсырыс иесінен өзінің не қалайтынын сұрап аламын. Суретші болғандықтан, кез келген дизайнды жасап, суретін салып бере аламын. Кейде тапсырысқа байланысты бұрын еш жерде қайталанбаған домбыра жасауға тура келеді. Ондайда өзгеше идеяға сүйенемін. Мысалы, әлемдік деңгейде өнер көрсетіп танылған, Ринат және Темірлан атты жігіттерден құралған «Бастау» деген музыкалық топ болды. Сол жігіттерге қайталанбайтын, еш көшірмесі жоқ домбыралар жасадым. Ол дизайнның авторлығы өзіме тиесілі, сондай-ақ енді ешқандай домбыраға салынбайды.

Негізінде суретші ғана шебер бола алады деген қағида жоқ. Қолынан сурет салу келмейтін адам да қөлөнерші бола алады. Бұл жерде суретші болғанның бір ұтымды жағы дизайн сызу оңайға түседі. Оқыған шебер мен оқымаған шебердің айырмашылығы эскиз сызғанда көрініп тұрады. Өйткені домбыраға кез келген ою жарамайды, өзіне жарасатын ою болуы керек. Мен оқыған мамандықта арнайы ою сыздыратын сабақ болған. Сонда бәрін басынан бастап түсіндіреді. Осы орайда бастысы еңбек еткісі келетін, қабілеті бар інілерімді жинап, білгенімді үйретіп, шәкірт етіп тәрбилеп те жатырмын. Олар да өз алдына жолдарын тауып, жақсы домбыралар жасап жүр.

«Шетелге де танылатын қолөнер орталығын құрғым келеді»

«Тау баласы тауға қарап өседі...»

Домбыра шеберінің айтуынша, қайталанбас дүние жасау үшін тың идеяны табиғаттан алады екен. Өзін тау баласымын дейтін өнер иесінің, сонымен бірге, арман-мақсаттары да таудай биік.

- Әрине, бірегей туындыға ой керек, идея керек. Алайда мен оларды бір жерлерден іздеп, қарап көрмеппін. Бар болғаны табиғатты аралап, таза ауада жүріп қайтамын. «Тау ұлымын, тау менің дәу бесігім» деп мұзбалақ Мұқағали жырлағандай, арнайы тауға шыққанды жақсы көремін. Онда миым тынығып, ойым жинақталып қалады. Содан кейін ойланып жүріп бір нәрсе шығарамын. Сондай-ақ онда жоспарлар құрамын. Әр адам болашағына шамамен көз тастайды ғой. Мен бұл салада көп жылдар жүре алатыныма, талай шыңдарды бағындыратыныма сенімдімін. Қазір маған қандай жақсы орын берсе де өз шеберханамды, домбыра жасауды тастамаймын деп әзілдеп айтамын. Болашақта бұл орынды ары қарай кеңейтіп, өз елімізге ғана емес, шетелге де танымал қолөнер орталығын құрғым келеді. Атым әлемдік брендке айналса деген арманым бар. Бүгін тек біздің қолдан келетіні – осы мақсат жолында аянбай тер төгу ғана.

Иә, көз жеткізгеніміздей бүгінгі кейіпкеріміз мақсаты айқын, өз кәсібін шексіз сүйетін жан. Жолын адаспай тапқан адамның ғана жетістікке жететінін ескерсек, «Еркебұлан Уәлиевтің домбыралары» деген брендтің ел аузынан түспейтін күніне де көп уақыт қалған жоқ. Ендеше ұлы даланың ұлттық құндылығын төрден түсірмей жүрген домбыра шеберіне тек сәттілік тілейміз.

Бөлісу:
(Суреттер кейіпкеріміздің жеке мұрағатынан алынды) Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға