Жаңалықтар

«Құсбегілік – қаннан сіңген қасиетті өнер»

Әлемге танылған бүркітші қазақ қызы Айшолпан Нұрғайыппен сұхбат
«Құсбегілік – қаннан сіңген қасиетті өнер»
26.05.2020 18:11 7525

Қазақтың сан ғасырдан бері жалғасып келе жатқан дала дәстүрлері бар. Соның ішінде халқымыз ежелден қастерлеп киелі санаған бүркітті баптау мен көшпелі ата-бабамыздың байырғы кәсібі құс салу өнерінің қыр-сыры туралы білу үшін әлемге 13 жасында әйгілі болған жас бүркітші Айшолпан Нұрғайыппен әңгімелескен болатынбыз.

eagle-huntress-watching-recommendation-facebookJumbo.jpg

Асқар тауларды тұрақ етіп, өзен-көлдерді суат қылған қазақ – салт-дәстүрге бай халық. Бүгінде халқымыздың ұлттық қолөнері мен дала мәдениетінің алтын тамыры, тал бесіктен жер бесікке дейінгі көшпелі халық тұрмысының шар айнасына айналды. Ал ұлы даланы мекендеген ұлттың ұлық өнеріне жататын аңшылық, саятшылық және құсбегілік өзінің орнын ешқашан жоғалтқан емес. Бүркітті баптау қазақ үшін бәйгеге ат жаратумен тең болған. Құсбегіліктің халқымыздың асыл дәстүрі мен мәдениетін дамытуда өзіндік орны бар. Бұл кәсіп –  жоқ ескі замандардан бері қазақтың салтымен біте қайнасып, бірге жасасып, бабадан балаға мирас бола отырып, бізге жеткен саф өнер. Қанаттылардың ханы деп әспеттелетін қыранды қазақтың дәл қашан қолға үйреткенін бүгінгі күні ешкім нақты айта алмайды. Анығы ат еріттеп, атан қомдаған көшпелі өркениетте саятшылық дәстүрі бұдан VIII ғасыр бұрын тараған. Бұл талас тудырмайтын тарихи дерек болып табылады. 1269 жылы Құбылай ханның ордасына келген әйгілі жиһангез Марко Поло жазбаларында: «Далалықтардың әр үйінде бір-бірден бүркіт бар. Онымен аң аулайды, саятшылық жасап, бой сергітеді», – деп таңдана әрі тамсана жазып кеткен. Отырықшы халық осылайша құсбегілік өнердің сипаттамасын хаттан оқып жатқанда, көшпенді жұртта қыранға байланысты қағазға түспеген қатаң орындалатын шарттар қалыптасқан.

Бүркітпен айналысу – жеті атамыздан келе жатқан дәстүр

Саятшылық өнерді меңгерген Айшолпан Нұрғайыпты бүгінде танымал бүркітші қыз ретінде әлем елдері біледі. Бала күнінен құсбегіліктің қыр-сырын үйреніп өскенбүркітшінің отбасы ғана емес, туған жеріндегі халық та қыран құсты ерекше дәріптеп, құс төресі, еркіндіктің символы деп құрметпен қараған. Әуелі жас бүркітшібізге талғамы биік, текті құсты баптауына себепкер болған әкесі мен ата-бабасы туралы айтып беруді жөн санады.

248ec170-fe05-4cd1-9193-142be5b5d5b7.jpg

– Менің әкемнің есімі – Нұрғайып. Ол кісі Баян-Өлгей аймағында Алтын сөгіс ауылында туып өскен. Оның азаматтық тұлғасы мен тәрбиесі туралы сөзбен айтып жеткізе алмаймын. Мен үшін ол –  ең батыл, ең күшті әрі ең ақылды жан. Мені кішкентай кезімнен бастап бүркітке әуестендіріп, саятшылыққа үйретті. Бала күнімнен әкеммен бірге жүріп, құсбегілікке деген ынтызарлығым мен қызығушылығым оянды. Қазір әкемнің ата дәстүрмен айналысып, бүркіттен басқа қаршыға, сұңқар деген құстарды баптап жүргеніне шамамен 40 жылдан астам уақыт өтті. Сонымен бірге әкем – біздің аймаққа танымал аңшы. Жалпы бүркітпен айналысу – жеті атамыздан жалғасып келе жатқан дәстүр. Менің Нұрғайып, Ырыс, Төлек,Таңатар Назар және Шеруші деген арғы аталарым қазақы салт-дәстүрлерге жақын, өте білімді және атақты кісілер болған. Олар да қыран құс салдырып, аң алдырумен айналысқан. Солардың қасиеті атадан балаға мирас болып, бізге дарыған деп ойлаймын, – деді бүркітші қыз.

Айшолпан – қарапайым отбасында дүниеге келіп, тәлім-тәрбие алған бойжеткен. Оның әкесі мен анасы және өзінен бөлек үш бауыры бар. Әңгіме барысында жас бүркітшінің қазақилығы мен мейірбандылығына тәнті болдық. Оның сабырлылығы, байыпты сөз саптауы өзіңді еріксіз баурап алады.

– Мен өнегелі отбасында өстім деп айта аламын. Әкем мен анам бізді мейірбан, кішіпейіл және қарапайым етіп тәрбиеледі. Ағам, інім және сіңілім де бүркіт баптаудың қыр-сырын жақсы біледі. Менен бұрын ағам бүркіт баптап үйренген. Ол кісі Жоғарғы оқу орнына оқуға түскеннен кейін, оның бүркітіне мен қарадым. Енді сіңілім мен інім де осы ата кәсіпті үйреніп жүр. Ал анама келетін болсам, ол кісі – мен үшін әлемдегі ең адал, мейірімді және қамқор жан. Біз ауылда тұрамыз. Бие байлап, сиыр сауамыз және де мал жайғаймыз. Сондықтан анам барлық әйелдер секілді үй тірлігімен, қосымша мал шаруашылығымен айналысады. Күбі пісіп, сүттен дайындалатын әр түрлі өнімдерді жасаймыз. Таңмен таласып ерте тұрып, мал жаямыз, тезек тереміз. Қазақ ауылының қайнап жатқан күйбең тіршілігі бұл. Біз өз ата тегіміз бен салт-дәстүрімізді ұстанамыз. Үйде қазақ тілінде сөйлесеміз, – деді Айшолпан Нұрғайып.

2016+Dubai+International+Film+Festival+Portraits+jhk1n6Un6Zux.jpg

Бүркітші қыздың туып-өскен жері Баян өлгей – Монғолияның батысындағы таулы аймағында орналасқан. Бүркіт көтеріп, көшпелі өмір салты арқылы әлемге танылған аймақтағы халықтың шамамен 93 пайызына жуығы қазақтар. Табиғаты ерекше Моңғол Алтай тауларының сілемдері көрген жанды әсерлі көрінісімен, әсем табиғатымен тамсандырады. Айшолпанның туған ауылы Алтын сөгіс сол таудың баурайында орналасқан. Тау бөктеріндегі жайлауға жамырай қоныстанған ауылдарда байырғы қазақтың қонақжайлылығы әлі күнге дейін жойылмаған.

– Мен ауылда өстім. Тек бүркіт баптап қана қоймай, үй шаруасымен айналыстым. Бірнеше мектепте оқыдым. Ең алғаш өзім туған ауылда оқып, одан кейін Баян-Өлгейде білімімді жалғастырдым. Біздің аймақтағы мектептерде білім беру саласы өте жоғары дамыған. Достарым көп болды. Барлығы мейірімді, ақылды және әр нәрсеге талпынысы бар жандар еді. Балалық шағым Алтай тауының баурайында кең жайлау мен әсем табиғаттың ортасында қызықты әрі естеліктері толы болып өтті, – дейді Айшолпан.

Бүркіт баптаудың сыры

Еркін құсты еркіне көндірген Айшолпан сегіз жасында құс алып, аңға шыққан. Алты жасынан атқа мінген. Бала күнінен қыран құсты жақсы көрген ол әкесіне бүркіт ұшырғысы келетіні туралы айтып, алғаш рет атасымен бірге аң аулауға бірге шығыпты.

mongiliya-21.jpg

– Алғашқы баптаған бүркітім әлі күнге дейін есімде. Ең бірінші ағамның бүркітінәкеммен бірге баптап, аңға шығуды үйрендім. Кейін өз бүркітім болғанын қаладым. Содан әкеммен бірге 18 метр қиядан түсіп, балапанды үйге алып келгенім есімде. Бүркіт ұясын таудың жоғары жағына салады. Оны алу оңайға соқпады. Біз алдымен бүркіттің ұясынан ұшып кетуін күттік. Қияда екі балапан болды. Бүркіт екі балапанның бірін қияның биігіне апарып, қанатымен қағып түсіріп, ұшып кетуін күтіп тұрды. Біз сол кезді пайдаланып, ұядағы балапанды алуға кірістік. Әкем бүркітті үркітіп тұрды. Мен сол арада балапанды ұясынан өз қолыммен алдым. Ол кезде менің жасым он үште еді. Балапанды үйге әкеліп, дауысыма үйретіп, тамақ беріп кішкентай кезінен бастап, өзіме икемдей бастадым. Кішкентай балапаныма Аққанат деп ат қойдым, – деді жас бүркітші.

Айшолпанның айтуынша, оның бүркіті өзіне ұқсаған екен. Ол үйіне кіргенде Аққанат оны жүрісінен танып, бірден дауыс шығаратын көрінеді. Қазақ негізі бүркітке ат қоймайтыны белгілі. Бірақ Айшолпан балапанның қанатының тұсы ақ болғаннан соң бүркітін Аққанат деп атапты. Бірден балапанды қолға үйрету кішкентай қыз үшін оңайға соқпапты. Алғашында қыран құстың балапаны адамды көрмей еркіндікте өскеннен кейін, қорқып қаша бастапты. Көптеген уақыт бойы баптап, тауға апарып, даусымен шақырып, ақыр соңында Айшолпан құсты қолына қондырыпты. Солай бірте-бірте балапан өз иесіне үйренісіп кетіпті.

s-5c3828317fa72ea30245cf3e7e2c7e1bc99a515a.jpg

– Бүркітпен аңға шыққан кездерім көп болды. Көбінесе әкеммен бірге жүретінмін. Саятшылық – өз алдына қызық өнер. Қыз бала үшін бүркіт ұстау – қиын, себебі бүркіттің салмағы ауыр. Әсіресе қыс кезінде тау-тастармен бүркітті алып жүру оңай емес. Біздің жақта таулы аймақта қыста өте суық болатын күндер болады. Мен өз мақсатыма жету үшін барлық сынаққа төзіп келдім. Ата-анам да маған үнемі қолдау көрсететін еді. Олар әрқашан «сен шыдайсың, сен мықтысың, сенің қолыңнан келеді», – деп мені қанаттандыратын. Бүркітші боламын деген кезде көп адамдар қарсы болды. Соған қарамастан, мен арманымнан бас тартпадым. Барлығына төзе білдім. Кез келген адам егер шын жүрегімен қаласа бүркітші болуына болады. Ең бастысы шыдамдылық мен сабырлылық қажет, – деді Айшолпан Нұрғайып.

Айшолпанның айтуынша, бүркіті күніне шамамен 500 гр ет жейтін көрінеді. Және қыран бүркіт төрт айда бір жасайды екен.

– Қазір менің бүркітім 5 жаста. Біз тек ана бүркітті ұстап, баптаймыз. Еркек бүркіт кішкентай болады. Және қояннан өзге ірі аңдарды ұстай алмайды. Біз ана бүркітті ұстағаннан кейін жасы келгеннен соң 6-7 жылдан кейін еркіндікке жіберуіміз керек. Кейбір бүркітшілер қыран бүркітті 10 жылға дейін ұстайды. Ол дұрыс емес. Ол 5 жасқа келгенде ана жасы болады. Біз соны ескеруіміз керек. Жібергеннен кейін табиғаттан балапан алуға болады. Бүркіт наурыз айында жұмыртқалап, шілде айында балапан ұшатын кезі келеді. Сол кезде балапандарды ұясынан алсаңыз қолайлы кезең болып табылады, – деді бүркітші қыз.

Айшолпанның барлық естеліктері құсбегілікпен байланысты. Тіпті бірде әкесімен аңға шыққанда екеуінің бүркіті бір қасқырға таласқан кездері де болыпты.

Бүркітші қыздың биігі

Айшолпан Нұрғайып 2018 жылы Моңғолия президентінен «Алтын жұлдыз» орденін, Нью-Йоркте «Азияның батыр қызы» деген марапаттарды алған.

– Моңғолия президентінен 2018 жылы орден алған болатынмын. Негізі ол марапатты еңбегі сіңген, өз саласында тәжірибесі мол адамдарға береді. Менің жер бетінде Моңғолия деген ел барын танытып, туризм саласын дамытқаным үшін маған сол орденді берді. Бұл мен үшін үлкен жетістік деп ойлаймын, – деді әйгілі бүркітші қыз.

5bac9178ad528.jpg

Айшолпан Нұрғайыпты танымал еткен бүркітшілер жарысы 2014 жылы Моңғолияда өткен еді. Жарысқа 90 жасқа дейінгі саятшылар қатысқан. 79 ер адаммен бірге бүркітшілер жарысына алғаш қатысқанда Айшолпан ерекше толғаныста болып, бойын қорқыныш билегенін де жасырмады. Ондағы талап бірінші аттың ер-тоқым жүгендеріне, қатысушы адамның киіміне, құсты шақыру шырғағы мен қанша секундта қолға қондыратындығына ерекше мән беріліпті. Сол жарыста Айшолпанның бүркіті Аққанат 6 секундта ұшып келіп бүркітшілер арасында қыран құсты қолға қондырудан рекорд орнатыпты.

– Ол жерде қобалжу мен қорқыныш болды. Себебі қатысушылардың барлығы ер адамдар еді. Рекорд жаңартып, бірінші орынды иемдендім. Өте қуанышты ерекше әсерде болдым.5 минутта бүркітімді шақырып қолға қондырып, түлкі мен қоянның терісін 6 секундта алудан рекорд жаңарттым. Сол кезде ер адамдар айналысатын саятшылықпен қыздар да айналыса алатынын, өзімінің нағыз бүркітші қыз екенімді бәріне дәлелдедім, – деді Айшолпан.

20181228130527-900x_.jpg

Бір күні Айшолпанның үйіне екі қонақ келеді. Қонақжай отбасы оларды төрге шығарып, сый-құрметін көрсетіпті. Кейін біраз уақыттан соң әкесі Айшолпанды Израильден келген фотограф Ашер Свиденскиймен таныстырыпты. Фотограф сол күннен бастап жас бүркітшінің ауылын, өзі мен бүркітін суретке түсірген.

– Кішкентай кезімде қарапайым Айшолпан болдым. Қазір де сондаймын. Өмірімде көптеген өзгерістер болса да, мен ешбір өзгермедім. Көптеген шет мемлекеттерде болдым. Кішкентай Айшолпанды тек жанұям мен туыстарым ғана білетін болса, қазір мені көптеген адамдар танып жатады. Өз мақсатымнан таймай, арманыма жеткеніме қатты қуанамын. Өзіммен жасты достарым мен замандастарыма өз мақсаттарыңа жету үшін, ешқашан армандарыңнан бас тартпаңдар, шыдамды болыңдар деп кеңес бергім келеді, – деді жас бүркітші.

Жас бүркітшінің болашаққа жоспары

Жоғарғы оқу орнын қайда оқитыны туралы жоспарламаған Айшолпан Нұрғайып алдағы уақытта шет тілдерін меңгеруді мақсат етіп жүр.

c6f3fe4fb3810e12a175687150f31a93.jpg

– Әлі қай саланың маманы болатынымды нақты шешпедім. Алдағы уақытта шет тілдерін оқығым келеді. Кітап оқумен өзімді дамытып, көптегентілдерді меңгеріп жүрмін. Армандарым көп. Қазақ тілі менің ана сүтінен дарыған туған тілім. Одан бөлек моңғол, түрік және ағылшын тілдерін білемін. Енді орыс тілін қосымша үйреніп жатырмын. Уақытымды тиімді пайдаланғым келеді. Бос кезімде кітап оқып, ағылшын және орыс тілдерін дамыту үшін, көптеген онлайн сабақтар мен курстарға қатысып жүрмін. Қолөнерге де жақынмын, кесте тігемін. Спортпен де шұғылданамын. Моңғолияда моңғолша жазып, моңғол тілінде білім алдым. Бірақ ана тілімді ешқашан ұмытқан емеспін, – деді Айшолпан.

Бүркітші қыздың таңы саятшылықпен басталады. Кейде аңға шықққанда түлкі табылмайтын да кездер болады екен. Ондай күндері Айшолпан үйіне ерте келіп, анасына көмектеседі. Бүркітіне күтім жасап, сырласатын көрінеді.

Қазақстанды көру арманым еді...

Айшолпан туралы деректі фильм түсірілгеннен кейін бүркішті қыз әлемнің түкпір-түкпірінде болды. Бірақ жас бүркітші сол мемлекеттердің ішінде Қазақстанды көруді армандапты.

– Менің Қазақстанға келуіме "Qazaqstan" ұлттық телеарнасының тілшісі Ғабит Бөкенбай ағам себепші болды. Көп елдерде болсам да, қазақ жерін көру арманым еді. Бүгінде соларманым орындалды. Ол кісіге деген алғысым шексіз. Елордамыз Нұр-Сұлтан қаласыда қатты ұнады. Ал Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевпен кездескен кезім ең бақытты сәттерімінің бірідеп есептеймін, – деді Айшолпан Нұрғайып.

монгольская казашка Айшолпан с беркутом фото.jpg

Атамекенге оралу туралы сұрағымызға бүркітші қыз әзірге білмейтінін, ата-анасымен ақылдасып шешетін мәселе екендігі жөнінде айтты. Бүгінде Моңғолияда Айшолпан әлемге танылғаннан кейін бүркітші қыздардың саны артыпты.

– Мен туралы кітап жазылып біткенін айтқым келеді. Қазіргі кезде ол туынды сатылымда. Биылғы жылы әлемде орнаған індетке байланысты Америкада кітаптың ашылу салтанатын жасай алмадық, – деді бүркітші қыз.

Сонымен бірге америкалық режиссер Айшолпан Нұрғайып туралы «Бүркітші қыз» деген деректі фильм түсірген болатын. Үздік 15 фильмнің қатарынан көрінген туынды жас қыздың атағын шығарды. Тіптен содан кейін Америкадағы танымал оқу орындары Айшолпанды өздеріне білім алуға шақырған болатын. Түрлі басылымдарда мақалалар жазып, бүркітші қызды әлем елдері жарыса жазған еді.

Төл өнерімізді төбеге шығарған бүркітші, қазақ қызы Айшолпан Нұрғайыпты біз әрқашан мақтан тұтамыз. Бүркіт баптаған қазақтың саятшылық өнеріеліміз бен кең байтақ жеріміз барда ешқашан ұмытылмайды. Ал ата кәсібіміз бен салт-дәстүрімізді ұрпақтан-ұрпаққа жалғайтын дархан халқымыз төл өнерімізді әрқашан қастерлеп өтеді.

Бөлісу:
(Суреттер: Айшолпан Нұрғайыптың жеке мұрағатынан алынды) Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға