Жаңалықтар

Құрбан айт туралы не білеміз?

Құрбан айт – барша мұсылман қауымға ортақ ұлық мейрам.
11.09.2016 19:59 10102

Құрбан айт – барша мұсылман қауымға ортақ ұлық мейрам. 12 қыркүйек  қасиетті мерекенің бірінші күні. Осыған байланысты Құрбан айт мерекесінің қадір-қасиетіне, мәні мен мағынасына аз-кем тоқталып өткенді жөн көрдік.

Құрбан сөзінің мағынасы қандай?

Құрбан - араб тілінде «жақындау» дегенді білдіреді, яғни жасаған сауап істер арқылы жүректі тазартып, Аллаһқа жақындай түсу. Ал шариғаттағы терминдік мағынасы - «шарттарымен санаса отырып құлшылық ниетімен мал бауыздау» дегенге саяды. Құрбан айт күндері (алғашқы үш күні) шалынатын мал «ұдһия» деп аталады. Құрбандық шалудың мәнісінің кеңдігін ұғыну үшін діннің не екенін, құлшылықтың не үшін жасалатынын жақсы білген жөн. Мына кең байтақ ғаламды жаратқан құдіретті Аллаһ жер бетіндегі саналы пенделерін бекерге жаратпаған. Олардың қоғам құрып, дұрыс өмір сүруі үшін тура жол көрсетіп дін жіберген. Қасиетті кітабы Құранда «Мен жындар мен адамдарды (Мені танып), маған ғана құлшылық жасасын деп жараттым» (Зариат сүресі, 56-аят) деп білдірген. Демек, құлшылық жасаудың түп мәні - Жасаған Иенің жарлығына бағыну, разылығына ұмтылу, сауап жинау. Құрбандық шалу тек мал бауыздаумен ғана шектелмейді. Онда адамның ішкі ниеті, шын пейілі, дінге бекемдігі, тақуалығы, басқаларға жанашырлығы таразыға түседі. Сондай-ақ пенденің пендешілігі мен мәрттігі, сараңдығы мен жомарттығы да сыналады. Күллі мұсылман жұртшылығын бір-біріне жанашыр болуға, қамқорлық жасауға, қиналғандарға көмектесуге, жағдайы нашарларға қарасуға, өзара мейірімді болуға шақырады. Құрбан айт –  мұсылмандардың ұлық мерекесі. Ол күні Аллаһ разылығы үшін мал шалынып, ақ түйенің қарны жарылатын күн. Қажылық өтеушілер Қағбаға жүзін қаратып, Арафатта жалбарынып, дұға оқиды. Дүйім мұсылман баласы пайғамбарлардың ісін қайта жаңғыртып, Аллаһ жолында құрбандық шалу арқылы бір-бірін дінге беріктік танытуға шақырады.

Құрбан айт туралы не білеміз?

Құрбан шалу кімдерге парыз?

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлының айтуынша,  балиғат жасына толған, ақыл-есі түзу, зекет беретін мал-мүлік мөлшеріне ие, жолаушы емес әрбір мұсылманға құрбан шалу – уәжіп. Зекет беретін мөлшер 85 грамм алтынға, яки соның құнына тең келетін қаражат. Құрбан шалу уәжіп бо­луы үшін осы мөлшердегі қаражаттың бір жыл бойы қолда болуы шарт емес. Құрбан айты қарсаңында болса да жеткілікті. Ал осы мөлшердегі қаржысы болмаса да басқалармен бірігіп, ірі қара шалса, не жеке өзі қой шалса, құрбандығы қабыл.

Сахабалардың айтуына қарағанда, Пайғамбарымыз (саллаллаһу аләйһи уәсәлләм) құрбандық шалуға жағдайы жоқ адамдардың атынан да мал сойған. Сондықтан да жағдайы бар мүминдер ардақты пайғамбарымыздың ұмыт болып бара жатқан осы бір сүннетіне қайта жан бітіруге  тырысқаны жөн.      

Құрбандыққа шалынатын мал турасында

Құрбандыққа бір жасар қой-ешкі, екі жасар сиыр, бес жасар түйе шалынады. Сойылатын мал арық, ақсақ, соқыр, құлақсыз шұнақ, мүйізі сынған болмауы керек. Әртүрлі кемшіліктерден ада, толыққанды түлік болуы тиіс. Құдай жолында ең жақсы малды шалмай разылыққа жетем деу – әбестік.

Әли Имран сүресінде Жаратқан Ие былай деп ескертеді: «Өздерің жақсы көргенді Алла жолына жұмсамайынша, игілікке жетпейсіңдер».

Құрбандыққа қой, ешкі, сиыр, түйе секілді малдар жарамды. Ал, үйрек, қаз, тауық, күркетауық, елік секілді т.б. аң-құстар құрбандыққа жарамсыз. Бұларды құрбандық ретінде шалу харамға жақын мәкрүһ болып табылады. Өйткені мұнда мәжусиларға (отқа табынушылар) еліктеушіліктің нышандары бар. Қой, ешкі, сиыр және түйенің еркектері де, ұрғашылары да құрбандыққа жарамды. Құрбандыққа жарайтын қой мен ешкі ең кемі бір жасар болуы қажет. Дегенмен алты айлық қозы бір жасар қой секілді ірі, қоңды болса, құрбандыққа жарамды. Ал ешкі міндетті түрде бір жасқа толған болуы қажет. Сиыр екі жасқа, түйе бес жасқа толғанда құрбандыққа шалуға болады.

Құрбан айт туралы не білеміз?

Әнес сахаба (р.а.) Алла Елшісінің (Алланың оған салауаты мен сәлемі болсын) құрбандыққа мүйізді, ақ ала екі қошқарды тәкбір айтып, өз қолымен шалғандығы туралы жеткізген. Қой-ешкі бір адамның атынан шалынады. Ірі қара малды жеті кісі бірігіп шалуға болады. Шамасы жеткен адам өз атынан бірнеше мал шалса да болады. Құрбандық малды басын құбылаға қаратып, «Бисмилла, Аллаһу әкбар!» деп бауыздайды. Құрбандықты айттың үш күні шалуға болады.

Құрбандық шалған кезде көптеген жайттарға назар аударады. Құрбан шалынатын жердің таза болуына көңіл бөлу, құрбан шалатын жерге малды ұрмай-соқпай апару, құрбан малын құбылаға қаратып, сол жағымен жатқызу. Төменде келтірілген аяттарды мал бауыздалмай тұрып оқыған абзал: «Жүзімді мені керітартпа діндерден алыстатып, көктерді және жерді жаратқан әлемдердің раббысына бағыттадым» (Әнғам сүресі, 6/79). «Былай де: «Менің намазым да, түрлі ғибадаттарым да, өмірім мен өлімім де үнемі әлемдердің раббысы Аллаһқа тән. Оның серігі жоқ. Маған айтылған бұйрық осы. Оған алғашқы болып бас иген де менмін» (Әнам сүресі, 6/162-163). Осы аяттар оқылғаннан кейін немесе бұл аяттар мен дұғаларды білмесе «Иә, Аллаһ тағалам, досың Ибраһим, сүйіктің Мұхаммедтен (саллаллаһу аләйһи уәсәлләм) қабыл алғаныңдай, менен де қабыл ала гөр!» деп, яки осыған ұқсас дұға оқуға болады. Кейіннен «Аллаһу акбар!» және «Лә иләһаиллаллаһ» деп айтылады. Құрбан шалатын адам малды қинамай жұмсақ бауыздауға көңіл бөлуі керек. Малдың көзінше жалаңдатып пышақ қайрауға болмайды. Пышақ өткір болуы тиіс. Малды құбылаға қарата жатқызғаннан кейін оң қолымен «Бисмиллаһи, Аллаһу акбар» деп бауыздайды. Құрбандық малды басқа адамға бауыздатқан кісі мал бауыздалып жатқанда «Бисмиллаһи, Аллаһу акбар» деп қосса айтқаны жөн. (Малды бауыздайтын кісі бауыздарда біле тұра әдейі  «бисмиллаһ»  деп айтпаса Ханафи мәзхабы бойынша ол малдың еті желінбейді). Малдың жаны бойынан толық шығып болғанға дейін оның терісін сыпыруға болмайды. Малдың қаны толық ағып біткенше күтіледі. Құрбан шалғаннан кейін сол маңайдың тазалығына да көңіл бөлу керек. Малдың қан-жынын ашық-шашық далаға қалдырмай, көміп тастаған жөн. Бұл - құрбандық малына әрі құрбан құлшылығына деген құрметтің белгісі.

Құрбан шалудың уақыты Құрбан айттың бірінші күні айт намазынан кейін басталып, айттың үшінші күні ақшамға аз уақыт қалғанға дейін жалғасады. Жарықтандыру жүйесі нашар орындарда түрлі қателіктерге жол бермеу үшін түнде құрбандық шалу мәкрүһ болып саналады. Ал жарықтандыру мүмкіндігі жеткілікті жерлерде түнде де құрбандық шалына береді. Құрбан айтқа арнап алынған мал құрбан айтта бауыздалмаса, малдың өзін садақа ретінде атау қажет. Өзі себептерге байланысты құрбан айт намазына бара алмай қалған адамның, намаз оқып болатындай уақыт өткеннен кейін құрбанын шала беруіне болады.

Құрбан айт туралы не білеміз?

Бай болсын, кедей болсын құрбан айтта шалған құрбандығының етін жеуіне болады. Құрбандыққа шалынған малдың етін үш бөлікке бөліп тарату- мұстахап. Бір бөлігі - туған-туыс, көршілеріне бай болса да сыйға тартылады, екінші бөлігі - кедей және мұқтаж адамдарға, үшінші бөлігі - өзінің отбасына, бала-шағасына тиесілі. Бірақ шалынған малдың етін түгелдей кедей-мұқтаждарға таратуға да болады.

Айт күні мұсылмандар жақсылап ғұсыл құйынғаннан (денені толықтай жуу) кейін әдемі, таза киімдерін киіп, үстіне хош иіс сеуіп, мешітке айт намазына бару - мұстахап (жақсы амалдарға жатады). Намаздан кейін мал сойылып таратылады.

Көрші-қолаң, туыс-туғанды қыдырыстап, «Айт құтты болсын!» айтысады. Айт күндері мейлінше көтеріңкі көңіл-күйде, жылы жүзді, кешірімді болуға тырысу керек. Ренжіскен кісілер қайта табысып, Айтта бір-бірін кешірген жөн.

Ауырып жатқан кісілердің көңілін сұрап, арнайы бас сұғу, жетім, жесір, мұң-мұқтаждарға қол ұшын беріп, шамалары келсе көмектесу, оларға да айттың қуанышын сездіру өте сауапты істерге жатады. Бұған қоса, әке-шешесіне, отбасындағы жандарға, көрші-қолаң, жора-жолдастарына мүмкіндігінше кішігірім болса да сәлем-сауқат, сый-сыяпат жасап, Айт мейрамын ерекше өткізуге де болады. Айтта осындай амалдарды жасау адамдардың бір-біріне деген жылылықтары мен сыйласымдықтарын  барынша  арттырады. 


Әзірлеген Айша КЕРЕЙ

 

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға