Жаңалықтар

«Құрбан айт – ұлттар мен ұлыстардың ортақ мейрамы»

Құрбан айтты мұсылман халықтары қалай тойлайды?
«Құрбан айт – ұлттар мен ұлыстардың ортақ мейрамы»
29.07.2020 10:54 5358

Құрбан айт – барша мұсылманның ұлық мейрамы. Үш күнге созылатын мереке күні мүмкіндігі бар әр адам үшін міндетті ғибадат құрбандық шалынып, мал сойылады. Құрбан айт қарсаңында біз өзге мұсылман халықтары ұлық мейрамды қалай атап өтетіндігін білу үшін Нұр-Сұлтан қаласындағы әзірбайжан, татар-башқұрт және қырғыз этно-мәдени бірлестіктерінің жетекшілерінің пікірін білуді жөн санадық. 

«Құрбан айт – ұлттар мен ұлыстардың ортақ мейрамы»

Биылғы жылы коронавирус індетіне байланысты құрбандық шалу шарттары өзгерді. Қазақстан Мұсылмандары Діни басқармасы еліміздегі эпидемиологиялық жағдайға байланысты құрбандық шалуға тапсырыс беруді және мұқтаж жандардан өтініш алуды онлайн режимде жүзеге асырады. Қазақстан Мұсылмандары Діни басқармасы төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы осы жылы құрбандық шалуға байланысты баспасөз жиынында онлайн режимде арнайы сайт іске қосылғанын айтқан болатын.

– Онлайн құрбандық жүйесінің басты міндеті – індетке байланысты құрбандыққа шалынған малдың еті түгелдей әлеуметтік аз қамтылған және мұқтаж отбасыларға үлестіріледі. Бұл жоба карантин кезінде халықтың құрбандық шалуға деген ниетін жүзеге асыру болып табылады. Құрбандық шалу қатаң түрде карантин талаптарын сақтай отырып орындалатын болады. Халқымыздың игілігі мен еліміздің амандығы үшін жасап жатқан дұға-тілектеріңіз қабыл болсын! Сабырлы болып, өзіміздің отбасымыздың, жақындарымыздың амандығын ойлайық, – деді Бас мүфти Наурызбай қажы. 

«Құрбан айт – ұлттар мен ұлыстардың ортақ мейрамы»

Ал наиб мүфти Ершат Оңғаров ауылдық жерлерде тұратын адамдар құрбандықты өз ауласына шала беретіндігін және де құрбандыққа шалынатын қойларға байланысты нақты талап ретінде алты айдан асқан тоқтылар ғана құрбандыққа шалынатынын айтты. Біздің елімізде алғаш жүзеге асып отырған онлайн режимде құрбандық шалу, өзге де бірқатар мұсылман елдерінде бұрыннан бар.

Ұлық мейрамның тарихы

Құрбан айт мерекесінің тарихының тамыры Ибраһим пайғамбар заманынан бастау алады. Ибраһим егде тартқанға дейін перзент сүйе алмайды. Бір күні түсінде қартайған шағында Алла тағаладан тілеп алған жалғыз ұлын құрбандыққа шалып жатқандығын көреді. 

«Құрбан айт – ұлттар мен ұлыстардың ортақ мейрамы»

Сөйтіп бұл не болды екен деп күмәнданады. Екінші күні тағы да түс көргеннен кейін, Алладан келген аян деп біледі. Үшінші күні сол түс қайталанғанда баласын құрбандыққа шалу керек екенін түсініп, ұлын таң атқанша құшақтап, жылап шығады. Келесі күні құрбандық шалуға баласын алып барып, пышағын қайраған уақытында Алла тағала көктен бір қошқар түсіріп, адамды емес, құрбандыққа қошқарды шалу керектігі әмір етілген болатын. Осы сәттен бастап құрбандық шалу қасиетті діннің бір бөлігіне айналады. «Ораза айт және Құрбан айт түндерінде (ғибадатта) ояу қалған, Алланың уәде еткен нығметтеріне талпынған адамның жүрегі барлық жүректер өлі болған күні өлмейді (Ибн Мәжә 1782) делінген. Сондықтан мейлінше бұл түні ғибатқа көңіл бөлуге тырысуымыз қажет.

Құрбандық шалу туралы

Құрбандық шалу – шүкіршіліктің бір көрінісі. Барша мұсылман қауым құрбан айт күні құрбандық шалып, Алланың мейіріміне бөленгенді қалайды. Араб тілінен алынғанда «құрбандық» сөзінің мағынасы «жақындау» дегенді білдіреді. Құрбандық шалу бұл Алла тағалаға жасаған құлшылық болып есептеледі. Көбінесе құрбан айт мерекесінде туған-туыстық қарым-қатынасты арттырып, дастархан жайып, қонақ болып бару және сыйлық сыйлау ең жақсы амалдардың бірі болып саналады.

«Құрбан айт – ұлттар мен ұлыстардың ортақ мейрамы»

Сонымен қатар жетім-жесірлер мен қарттарға, жақындарына жақсылық жасау, көңіл көтерумен өткізген абзал. Құрбандық шалу тұрмысы түзу, өзі мұсылман нисап мөлшеріндей қаржысы бар адамға парыз саналады. Ал құрбан шалуға шамасы жетпеген мұсылмандар ізгі ниеттері арқылы сауапқа кенеле алады. Құрбандыққа шалған малдың етін үш бөлікке бөліп тарату сауап. Оның бірінші бөлігін жағдайы жоқ, кедей-кепшіктерге, жетім-жесірлерге берілсе, екінші бір бөлігін құрбандық шалған үй иесі өзіне алып, үйіне қонақ ретінде айттап келетін кісілерге асып беруге болады. Ал үшінші бөлігін туған туыстарыңызға берген абзал. Құрбан айт күні жолаушы адамға құрбан шалу міндетті болып саналмайды. Себебі құрбан шалуды міндетті ететін шарттардың бірі  – тұрғылықты болу. Құрбанға шалынатын малды айт намазы оқып біткеннен кейін шалу керек. Егер адам әдейі немесе білместікпен құрбандық малын айт намазынан бұрын шалып қойса, оның құрбандығы дұрыс болмайды. Жалпы құрбан шалу уақыты құрбан айт намазынан бастап, айттың үшінші күнгі ақшам намазына дейін жалғасады. Құрбан айт мерекесі кезінде құрбандыққа жылқы малын шалуға болмайды. Себебі жылқы малы құрбан шалуға рұқсат етілген жануарлардың қатарына кірмейді. Құрбанға тек қой, сиыр, ешкі және түйені шалуға болады.

Мұсылман халықтарының пікірі

Әлемдік деңгейде мәртебесі биік діни мереке саналатын құрбан айт елімізде 2005 жылдан бері мемлекеттік деңгейде аталып өтіліп келеді. Тәуелсіздік алған уақыттан бергі кезеңде еліміздің әлеуметтік – экономикалық жағынан рухани байлығымызды артып отыр. Ғасырлар бойы халқымыздың ұлықтап келген мейрамы ұлттар мен ұлыстардың ортақ екендігін дәлелдейтін мұндай діни мерекелер отанымыздың өсіп-өркендеуінің негізі болып саналады.

«Құрбан айт – ұлттар мен ұлыстардың ортақ мейрамы» 

Әр мұсылман халықтарында Құрбан айтты әр түрлі тойлайды. Дегенмен барлығына ортақ көне діни ғұрыптардың бірі құрбандық шалу болып табылады.

– Құрбан айт мұсылман халықтарына ортақ мереке саналады. Діни мейрам кезінде әрбір мұсылман құрбандық малын шалып, сауапты іс жасауға асығады. Биылғы құрбан айтта еліміздегі індетпен күресіп жүрген дәрігерлерге құрбандыққа шалынған малдың етін таратып беруді жөн санадық. Себебі олар күн демей, түн демей халықтың денсаулығын аман сақтап қалу үшін індетпен күрестің алғы шебінде жүр, – Шавкат Исмаилов «Қырғызстан – Астана» қоғамдық бірлестігінің басшысы.

Әзірбайжан мұсылмандары да айт күні құрбандық шалып ,кедей-кепшіктерге үлестіреді. Бұл дiни мейрамның мәнi – мейiрiмдiлiк, қайырымдылық, адамдарға сүйiспеншiлiк сыйлау.

Әзірбайжан халқы басқа түркі халықтары сияқты құрбан айтты атап өтеді. Бұл мереке барша мұсылман халықтарына ортақ мереке болып саналады. Ислам дінінде Ибраһим пайғамбарды Құрбан айт мейрамымен байланыстырады. Құрбандыққа шалу салты содан қалған деген мәліметтер кездеседі, – деді «Хазар» әзірбайжан қоғамдық бірлестігінің басшысы Видади Агаев.

Бұл мереке ағайын арасын жақын­дата түсетін, көршілерді аралап, науқас адамдардың көңі­лін сұрап, кешірімшіл, кеңпейіл болуға үндейді.

– Құрбан айт  – мұсылман қауымы үшін ұлық мереке. Татар халқы да басқа мұсылман халықтары секілді үш күн құрбан айтты атап өтеді. Біздің этно-мәдени бірлестік жыл сайын құрбан айтта құрбандық шалып, мұқтаж жандарға таратамыз. Биылғы жылғы індетке байланысты мұқтаж жандардың тізімін жариялап, ақшалай аударым жасауды жөн санап отырмыз, – деді «Таң» татар-башқұрт мәдени бірлестігінің жетекшісі Сергей Петрович.

Құрбан айт –  бағзы заманнан бері жалғасын тауып келе жатқан әр пайғамбар үмбетіне міндеттелген құлшылық түрі. Сондықтан да кеңдік пен кешірімге бастаған мүбәрак мейрам ынтымақ пен достыққа үндейді.

Сөз соңында баршаңызды мұсылманның ұлық мейрамы Құрбан айт мерекесімен құттықтаймыз! Карантин кезінде мемлекетіміз бекіткен санитарлық талаптарды орындап, халықтың денсаулығы мен елдің амандығы үшін әлеуметтік қашықтықты сақтайық! Айт қабыл болсын!


Бөлісу:
(Суреттер: мұрағат, Бауыржан Жусабаев) Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға