Жаңалықтар

Құнды жәдігер – серкешік

Серкешік - тұмар түріндегі жәдігер
14.10.2015 11:24 12082

«Әзірет  Сұлтан» қорық-мұражай қорында сан алуан жәдігерлеріміз сақтаулы. Атап айтар болсақ, археологиялық табыстарымыз да жетерлік. Солардың бірі де бірегейі «Серкешік». Серкешік көбінесе тұмар түрінде кездеседі.

Тұмарға аздап тоқталар болсақ  бұл – ырымдық зат. Тұмар [араб. طومار – бүктелген, үлгі (формат) бір бет қолжазба] ауырған кісіге ырым үшін жазып беретін дұғасы. 

Құнды жәдігер – серкешік

Тұмар-қазақ әйелдерінің зергерлік сәндік әшекей бұйымдарының бір тамаша үлгісі. Сондай-ақ, тұмар араб тілінен аударғанда бүктелген, үлгі, қолжазба деген мағынаны береді. Молданың ауырған кісіге ырым үшін жазып беретін дұғасы. Бойтұмар-дұға, аят немесе қасиетті кітаптан алынған сөздер жазылған, мойынға тағылатын қастерлі зат. Бойтұмарды адамдар түрлі пәле жаладан қорғайды деп есептеген. Бойтұмар тағу барлық халықтарға тән көне дәуірден келе жатқан дәстүр.

Серкешік алғашқы кезде халық арасында тотем болғаны белгілі. Қорда сақтаулы серкішік мойынға тағуға арналып жасалған алқа іспеттес. Тұмарлық қасиетке ие болған қорымыздағы серкешік VІ ғасырға тән, қоладан жасалған. Ислам дінін толық қабылдамас бұрын жергілікті халық тұмар ретінде тастарды, қыштан жасалған тұмарларды, аң-құстардың бейнесін, тырнақтарын, тістерін  және т.б. таққан. Олардың пікірінше жалпы қара күштен қорғану мақсатында аң-құстардың бейнесін тағу, жанында ұстау деген сенімдер болған. Ислам діні кеңінен енгеннен кейін бұндай заттардың орнын  ислам дініне қатысты кейбір ұстанымдар алмастырды.  Ыдыстардың сыртынан жан-жануарлардың бейнелері көрініс тапқаны. Сол сияқты ежелгі кезеңдегі тасқа қашалып салынған суреттердің ішінен де таутекенің бейнесі көптеп кездеседі. Мәселен скиф-сақ кезеңінің петроглифтері мүйіздері қырлы болып келген таутекелерінің фигураларымен берілген. Таутекенің мүйіздеріндегі бұл қырлар жас ерекшеліктеріне байланысты болуы да мүмкін.

Құнды жәдігер – серкешік

Сонымен қатар, Күйік Мардан қала жұртынан табылған ыдыс пішіндегі шырағдан қондырғыш ойып салынған өрнектерге бай, мұнда да таутекенің басы бейнеленген мойынының шеті сақталып қалған. Суреттегі бұл бөлік зооморфты мотивтен хабар береді. Ол қоладан жасалған заттарда жиі кездеседі, соның бірі- Күйік Марданнан табылған таутеке бейнелі екі алқа. Белдіктің төртбұрышты тоғысында азу тісін ақситқан, құйрығы тік көтерілген таутеке сұлбасы анық бейнеленген.  Сондай-ақ, ІХ-Х ғасырларға жататын ыдыстың сынығында да теке немесе серке бейнесі бейнеленген. Орта ғасырлардағы ыдыста серкешіктің толық мүсіні көрініс таппай тек элементтері ғана кездеседі. Мысалы құмыраның немесе кез келген ыдыстың қолға ұстайтын тұтқасында серкешіктің мүйізінің ұшы ғана кездеседі. Сондай-ақ, үш аяқты ошақтардың аяқтарында мүйізді серкешіктің немесе тау ешкінің бастары жасалатын болған. Қорымызда сақтаулы керамикалық құмыраларда серкешіктің мүйізінің кішкене бөлігі ғана жасалған. Осылайша кейінгі кезде ыдыстардағы серкешік бейнесі жойылып, тек тұрмыстық заттарды безендіру мақсатында біршама өзгешеліктер мен суреті ғана кездесетін болды.

Сонымен қатар, академик Ә.Марғұланның еңбегінде де тасқа қашалып салынған суреттер ішінде таутекелер өте көп бейнеленген.

Құнды жәдігер – серкешік

Сақ қазандарының тұтқасы да тұзақ тәрізді, кейбіреулерінің жиектері жануарлар бейнесімен бедерленген. Мысалы, Алматы төңірегінен табылған қазандардың бірінде қанатты таутеке бейнеленген.

Серкешік, таутеке бейнелері тек Қазақстанда ғана емес Орта Азия елдерінің барлығында да кездеседі. Мысалы Б.А.Латвинскийдің еңбегінде төрт құлағында төрт серкешік бейнеленген қазанның табылғандығы туралы мәлімет бар. Сонымен бірге бұндай безендірулер түрік-манғол, ирандық және кавказ халықтарында көптеп кездесетіндігін атап өткен. Ол кезеңде В.Гильгиттің айтуынша жабайы серкелер үй жануарларына қарағанда таза болады деген сенім жоғары болғаны байқалады. Мәселен тәжіктерде таутекенің етін жеген адам ауруынан айығып, барлық күнәларынан тазарады деп сенген. Дәл осы еңбекте Азия халықтары серкешікті ежелден тотем деп қабылдағандығы айтылады.

Жалпы серкешік малды бастаушы жолбасшы болып та келеді. Серкешік деп бір жастағы еркек ешкіні айтады. Домбырашыларымыз ортекені күйге қосып ойнатқатқанда оған сүйсінбейтін халық болмайды.

Қорыта келгенде таутекені немесе серкешікті тотем санаудың негізгі төркіні ол еркін, азат жүрген жануар болғандығынан деуге де қисын бар. Бостандықты өте жоғары бағалаған халық оны өзеріне күш қуат, бостандық әкеледі деп сенген. Сонымен қатар, таутекені, серкешікті әр халықтта жоғары бағалаған. Оған дәлел серкеге қатысты аңыздардың әлі күнге халық жадында  сақталынуы.


Арынова Динара

«Әзірет Сұлтан» қорық-мұражайының ғылыми қызметкері

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға