Жаңалықтар

«#МенЕлімдіСүйемін, #ПочемуЯлюблюКазахстан» акциясын жерлестеріміз жоғары белсенділікпен қолдады

Отан – қастерлі ұғым
26.02.2016 12:33 9200

#МенЕлімдіСүйемін акциясы – бұл қазақстандықтар түсірген видеороликтер. Акцияның мақсаты – өз Отаныңа деген махаббатың мен құрметіңді көрсету.

 «#МенЕлімдіСүйемін, #ПочемуЯлюблюКазахстан» акциясын жерлестеріміз жоғары белсенділікпен қолдады

Бүгін Қазақстан ұлттық арнасының тікелей эфирінде «#МенЕлімдіСүйемін, #ПочемуЯлюблюКазахстан» акциясына арналған телекөпір өтті. Екі апта ішінде Қазнетте #МенЕлімдіСүйемін және #ПочемуЯлюблюКазахстан хэштэгімен еліміздің әртүрлі өңірлерінен 200-ге жуық  посттар мен роликтер жарияланған.  

Ұлттық арна эфирінен берілген телекөпірді Азамат Сатыбалды, Диляра Әленова, Ирина Тен сынды жүргізушілер тізгіндеді. Телекөпір аясында акцияны қолдау үшін еліміздің Маңғыстау, Оңтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан облыстары мен Алматы қаласының тұрғындары флешмоб ұйымдастырып, байланыс арқылы қосылды.

Тікелей эфирде жалғасын тапқан  #МенЕлімдіСүйемін #ПочемуЯлюблюКазахстан жобасын еліміздің әр өңірлеріндегі өнер жұлдыздары, олимпида чемпиондары, белсенді жастар қауымы қолдады.

Студия қонақтарын LED экраннан көрсетілген роликтегі Жібек Тұяқбай есімді бүлдіршіннің «Отан – оттан да ыстық» деген сөзі қатты әсерлендірді. Бейнероликте сөз сөйлеген отандастарымыз еліне деген ыстық сезімі мен риясыз махаббатын жеткізіп, жүрекжарды лебіздерін білдірді.

Жалпы осы «#МенЕлімдіСүйемін #ПочемуЯлюблюКазахстан» жобасы қалайша өмірге келді? Бұл кімнің идеясы осыған тоқталып көрейікші.   

 Динара Әлихан

Дәл осы роликтің авторы – Динара Әлихан идеяның қалай бастау алғанын былайша түсіндірді: «Диляраның әлеуметтік желідегі жазбасы маған ерекше әсер қалдырды. Осылайша, елге, Отанға деген сүйіспеншілігім оянды. Өзім шығармашылықтың адамы болғандықтан, іштегі дүлей күшті сыртқа шығармау мүмкін болмады. Әрі ойланып, бері ойланып өзімнің шығармашылық ұжымымен ақылдастым. Мүмкін, жақсы бір форматта, бұрын-соңды болмаған стилде креативті ролик түсіру керек шығар деген идея келді. Қысқасы, осы роликті түсірем деп шештім. Айтпақшы,  Отанымыз – Қазақстанымыздың Тәуелсіздігінің 25 жылдығына өзімнің азаматтық үлесімде қосайын, бір рухани дүниені тарту етейінші деген сезім мені алға жетеледі. Әрқайсымыздың өз айтары, білдірер сезімі бар.  Жүрекке жететін сөз – жүректен шығу керек. Бұл, ролик те менің жүрек түкпірімнен шықты! Біздің жастарды, отандастарымды осы жобаны қолдауға шақырамын!

«#МенЕлімдіСүйемін, #ПочемуЯлюблюКазахстан» акциясын жерлестеріміз жоғары белсенділікпен қолдады 

Қуандық Қыстықбаев, актер:

Театрда да кинода да мен сомдайтын рөлдердің көбі ерлікке, отаншылдыққа, тәрбиеге арналған рөлдер. Соның ішінде әсіресе Отанға деген махаббатымды даңқты партизан, Халық қаһарманы Қасым Қайсенов атамыздың рөлін сомдаған кезде ерекше сезіндім. Бұл фильмді қазір әлемнің басқа да елдерінде көрсетіп жатыр. Сондықтан мен мұны еліміздің Тәуелсіздігіне, Отанымыздың рухани өміріне қосқан үлесім және азаматтық борышым деп білемін.

Тәуелсіздіктің 25 жылдығына арнаған Алматы жастарының сыйы 

Жоғарыда айтып өткеніміздей #МенЕлімдіСүйемін #ПочемуЯлюблюКазахстан жобасы аясындағы телекөпірге Қазақстанның әр өңіріндегі белсенділер үн қосып, тікелей байланыс арқылы өз сезімдерін білдірді.

«#МенЕлімдіСүйемін, #ПочемуЯлюблюКазахстан» акциясын жерлестеріміз жоғары белсенділікпен қолдады 

Мәдина Садуақасова, әнші:

Өз Отаныңды сүю – ол оның қайғысы мен қуанышында бірге болу деген сөз. Еліміздің өркендеуіне жастардың қосар үлесі көп. Және оған біздің күшіміз бен мүмкіндігіміз жетеді. Ең бастысы қазақстандықтар бақытты, бейбіт өмірде алаңсыз ғұмыр кешуде. Жасасын Қазақстан, жасасын еліміздің патриоттары!

«МенЕлімдіСүйемін» телекөпіріне еліміздің оңтүстік аймағынан бокстан әлем чемпионы Біржан Жақыпов қолдады.

«#МенЕлімдіСүйемін, #ПочемуЯлюблюКазахстан» акциясын жерлестеріміз жоғары белсенділікпен қолдады

Біржан Жақыпов:

Құрметті қазақстандықтар! «Мен Қазақстанды сүйемін» деген жүрегімнен шыққан асыл сөзді мақтанышпен, асқақтықпен айта аламын. «Отан – оттан да ыстық» деген дана халқымыз, адам баласының жүрегінде ең бірінші, ақ сүт берген туған анасына деген сезім орын алса, екінші, Отанға деген жалынды, ыстық сезім орын алады. Мен өз Отанымды, туған жерімді, Қазақстанды сүйемін және мақтан етемін. Алтын күн бедерленген көк байрағымызды әлем биіктерінде желбірету біз секілді бейбіт елдің азаматтарына үлкен құрмет. Біз – қазақстандықтармыз және мұны зор абыроймен айта аламыз. Қазақстандық болу – бізге тағдыр сыйлаған ұлы бақыт.

 «#МенЕлімдіСүйемін, #ПочемуЯлюблюКазахстан» акциясын жерлестеріміз жоғары белсенділікпен қолдады

Олимпида чемпионы Ермахан Ибраимов:

Міне, Нар тұлға азаматтар - інжу маржанымыз Медеуде жиналдық. Мақсатымыз бір – Отанымызға деген махаббатымызды жеткізу, сезімізді білдіру. Отан деген құдыретті, ұлы сөздің қадірін терең ұғынып осыншама көп адам келгені бізді қуантады. Әсіресе, жастардың белсенділік танытуы ерекше әсерлі. Сыйластығымыз бен бірлігімізді сақтауға үлес қосып еліміз үшін адал еңбек етейік. Бұл біздің туған жеріміз! Біздің Отанымыз!  Олай болса, тек ғана, Алға!

«#МенЕлімдіСүйемін, #ПочемуЯлюблюКазахстан» акциясын жерлестеріміз жоғары белсенділікпен қолдады 

Еліміздің батыс өңірінен үн қосқан былғары қолғап шебері Әділбек Ниязымбетов лебізін былайша жеткізді:

Мен, ата-бабамыздың азаттық жолындағы ерен ерлігінің арқасында осынау арман еткен заманға жеткен елімді мақтаныш етемін. Еліміздің күні оңынан туып, жарық жұлдыздар шоғыры ұлттық намыс пен арымызды тудай желбіретті. Әрине, бұл күн оңайлықпен келмегені белгілі. Еліміздің көгінде тәуелсіздік туы желбіреп, халқымыз еңсесін тіктеп жарқын болашаққа қол созды. Қазақстанның ширек ғасырлық ғұмырына көз салсақ, ауыз толтыра айтарлықтай, көкірегіңді мақтаныш сезімі кернеп еске аларлықтай жеткен жетістіктері, асқан асулары мен бағындырған жаңа белестері көп. Біз киелі маңғаз Маңғыстаудың белсенді жастары елімізді мәдениет пен экономиканың, білім мен ғылымның орталығына айналдыруға, елінің тұрақтылығы мен бірлігін сақтап, дүние жүзіне танытуға аянбай күш салатын боламыз.

 «#МенЕлімдіСүйемін, #ПочемуЯлюблюКазахстан» акциясын жерлестеріміз жоғары белсенділікпен қолдады

Қазақстанның Шығыс өңірінен байланысқа шыққан Қазақстанның жеңіл атлеті, Олимпида чемпионы Ольга Рыпакова:

Достар, біз бүгін шын мәнінде биік ұғым туралы сөз қозғап отырмыз. Қазақстан – біздің алтын бесігіміз. Еліміз бізге бақытты болу үшін қажеттінің бәрін беріп отыр. Мен Қазақстанды атмосферасы үшін жақсы көремін. Бұл – жүрек жылуының, жақсылықтың атмосферасы. Дәл казір біз жеңіл атлеттер кешенінде бас қосып тұрмыз. Бұл жерге күн сайын 200-ге жуық балалар жиналып, ерікті түрде спортпен шұғылдана алады. Жанына спортты серік еткен әрбір бүлдіршін еліміздегі жеңіл атлетиканың дамуына барынша үлесін қосып жүр. Құрметті отандастар, біз бірлігі мен ынтымағы жарасқан елде өмір сүреміз, олай болса Отанымызды сүюге шақырамын!

«#МенЕлімдіСүйемін, #ПочемуЯлюблюКазахстан» акциясын жерлестеріміз жоғары белсенділікпен қолдады

Нұрлан Қоянбаев:

Мен үшін Отан деген өте күрделі, терең ұғым. Жауапкершілігі мол. Мысалы, менде бірақ Отан бар, ол-Қазақстан. Менің мақтанышым! Менің абыройым! Менің биігім! Табиғаты, адамдары, халқы бәрі-бәрі ерекше ыстық маған! Ал, мына бастама сол биікке ұмтылуға көмектесетін саты деп білемін. Неге дейсіздер ғой? Қараңызшы, біздің Тәуелсіздігіміздің 25 жылдығында жастарымыз өзінің үнін, үлесін қосып, әлеуметтік желіде отанға, елді сүюге шақыратын бастамаларға ұйытқы болып отыр. Менде, өз тарапымнан, жастарды, дос-жарандарымды осы бастаманы қызу қолдап, тәуелсіз еліміздің ұйытқысы болуға шақырамын. Олай болса, #МенӨзЕлімді сүйемін хэштегімен әлеуметтік желіде осындай жобаларды таратайық, достар!

«#МенЕлімдіСүйемін, #ПочемуЯлюблюКазахстан» акциясын жерлестеріміз жоғары белсенділікпен қолдады

Ұстаз Гүлден Ертаубаева:

Оқу, білім, бала тәрбиесінің басты ұстанымы-отанды сүюде жатыр. Ал, бұл мен сияқты барлық ұстаздардың ұстанымы. Отанымыздың келешегіне жарқын жол бастайтын жас буынды тәрбиелеу менің міндетім. Тәуелсіздігіміздің 25 жылдығында еліміз елеулі жетістіктерге жетті. Осының барлығы, біздің ынтымақ-бірлігіміз, отансүйгіштігіміздің арқасы. Осы құндылықтарымызды әрі қарай құрметтеп, қастерлеуге жастарды шақырамын!

«#МенЕлімдіСүйемін, #ПочемуЯлюблюКазахстан» акциясын жерлестеріміз жоғары белсенділікпен қолдады 

Әнші Бүркіт:

Құрметті отандастар, қандастар! Мен бақытты адаммын. Менің бағым бұл – менің елім. Мен елімді сүйемін. Өйткені, біздің ата-бабамыз осы жер үшін қанын төккен. Менің әке-шешем осы жерде туылған. Мен осы жерде туып-өстім. Менің екі ұлым осы киелі топырақта дүниеге келді. Мен елімді сүйемін!

#МенЕлімдіСүйемін #ПочемуЯлюблюКазахстан жобасын «Қазақстаннның ММА аралас жауынгерлік жекпе-жек Федерациясы» РҚБ басшысы Анатолий Ким, грек-рим стиліндегі қазақстандық балуан, жаттықтырушы, Азияның екі дүркін чемпионы, әлемнің екі дүркін чемпионы, Олимпиада ойындарының чемпионы Юрий Мельниченко, ғалым-биотехнолог Дәмел Мектепбаева, блогшы Виталий Перов, оператор Виталий Задарновский,  «Астана Опера» театрының танымал орындаушылары Әнел Рүстемова және Тайыр Гатауов сынды өнер тарландары да қолдағанын айта кеткен жөн.

Тікелей эфирде өткен телекөпірді әнші Бүркіт:

Отаным – жердегі жұмағым,

Жүзімді кәусармен жуамын.

Алмастай рухым бар болса да,

Тыныштық – менің  ұраным!

Отаным – Жерұйық  тұрағым,

Сен басы мөп-мөлдір тұманың.

Сан ғасыр өтсе де, сөндірме,

Мәңгілік елдің шырағын!,  – деп тебірене шырқап,  «Мемлекетім» әнімен қорытындылады.

   

Киелі Тәуелсіздігіміздің 25 жылдығына арналған #МенЕлімдіСүйемін, #ПочемуЯлюблюКазахстан жобасына Сіз де атсалысқыңыз келсе,   #МенЕлімдіСүйемін, #ПочемуЯлюблюКазахстан хэштэгімен өзіңіз түсірген роликтер мен бейне жазбаларды ғаламтор беттеріне жариялау арқылы үлес қоса аласыз!


Бақытгүл АБАЙҚЫЗЫ

 

 

 

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға