Жаңалықтар

«Ұлым, саған айтам»

Қазақстанның еңбек сiңiрген қайраткерi, актер Бекжан Тұрыстың 50 жасқа толуына байланысты «Ұлым, саған айтам» атты моноспектаклі өтті.
08.12.2015 05:41 9053

«Ертең елу жас келіп есігімді қаққанда, еліме не деп есеп беремін?» деген үлкен толғаныстан туған «Ұлым, саған айтам» атты Бекжан Тұрыстың кеші өзінің әр ролі секілді елең еткізіп, елді риза ететіне сеніп едік, бірақ одан да асып түскеніне көрген жұрт куә шығар.

«Ұлым, саған айтам»

Таңғалатынын, тосын тақырыппен бетпе-бет келетіндерін біліп келді. Моноспектакль яки бір адамдық, екі адамдық ойынға негізделген қойылымдар басқа елдердің театрларында бұрыннан бар екені еміс-еміс естілетін, бірақ оның тамаша үлгісін қазақ көрермендеріне Бекжан Тұрыс 40-қа толғанда бенефис жасап бір көрсетсе, он жылдан кейін оның жетілдірілген, тереңдетілген, байытылған түрімен тағы бір кездестірді. Әдеттегідей самаладай сахнаның бүйірінен емес, сығырайған қолшамның болмашы сәулесін әркімнің бетіне біртосып, қараңғы залдың түкпірінен «қазақпысың?» деген сыбырға жақын, қобалжу аралас қарлығыңқылау үн естілгенде, бәрінің де басқаша болатыны сол сәтте түсінікті болған еді. Ал әрі қарай үсті-үстіне төгіліп тасқындаған әр шумақтың ішінен ауа жетпей қарманып, талықсыған шындықтың шалажансар сұлбасы оңайлықпен жан бергісі келмей, жанталаса қол созып, бір көрініп, бір батты. Өлексе өтіріктен ел әбден қажыды. Бірақ өзі айта алмайды, бірақ біреудің айтқанын әрқашан қалап тұрады. Сол «біреу» Бекжан болды. «Ел болып қаламыз ба, қалмаймыз ба?» деген ғаламдану кезеңінде әр бұрышта телефонына телміріп, есуас адам секілді өзімен-өзі сөйлесіп, жын-ойнаққа елігіп, желігіп күн кешіп жүрген жастар ел ертеңін ойлай ма? Баласындай балалардың жанына барып, мүсәпір кейіппен жаутаңдап кісілік күтеді. Айғайшылар мен ұркеппелер көбейген заманда, мынау тобырдың тірлігінен түңіліп, қарны ашып қартайған Кейіпкер не іздеп жүр өзі? Бебеу қаққан қобызы, даладай күмбірлеген домбырасы, шаңырақтың құты болған бесігімен бірге тұратын ертоқымы көзіне түспеді ғой, қайда кеткен? Сөйтсе, жаңа заманға сай жетіліп келе жатқан баласы Мағжан Айфонға айырбастап жіберіпті. Ол аз болса, жерді де сатпақ. Сөйтіп, байымақ. Бай болса – адам болғаны...

«Ұлым, саған айтам»

Біз кейде өнер адамдарын, оның ішінде актерлерді кінәлап жатамыз. Қоғамда қым-қуыт қайшылықты жайттар, буырқанған оқиғалар орын алып, жұрт қақ жарылып, қызылкеңірдек болып айтысып жатады. Осындайда салмақты ой айтып, пенделіктен жоғары пікірімен ұлтты ұйытып, басалқы сөз айтатын зиялы азаматтардан ел де кесімді, түйінді сөз күтеді. Бірақ, өнер әлемі – өлі әлем секілді үнсіз. Тырс еткен үн, тыпыр еткен адам жоқ. «Адамда азаматтық позиция деген болмаушы ма еді?» деп ашу шақырады күйіп кеткен көпшілік. Біз айтар едік, азаматтық позиция деген – осы. Айту үшін көшеге шығып, қыл кеңірдегін созып айғайлаудың қажеті жоқ. Сәтін күтті. Айтқысы келіп, көмекейіне кептеліп, санасын жаншып, жан таптырмаған ойларын Бекжан Тұрыс армансыз ақтарды. Актердің миға, жүрекке жасаған қуатты соққысы мен шабуылынан ақыл ауып, дене шалажансар болып қалғандай күй кештік. Өйткені бұл жалғыз Бекжанның басынан өтіп жатқан жағдай емес, екі сағатқа жуық қойылған спектакльде елдің мәселесі, осы елде тұрып жатқан әр ойлы адамның уайымы мен мұңы айтылды. Дара дарын иесі соның бәрін жай ғана актерлік шеберлікпен емес, биік тұлға деңгейіне көтеріліп тұрып айтты. Ауырып тұрған жүрекке дәлдеп тұрып өнердің тілімен укол салды. Жаншылғанға жан біткендей болды. Бекжан іздеген сауалдардың жауабын әр көрермен тапты да. Жаңа туған нәрестенің кесілген кіндіктерінің қан-жынға араласып, ит-құсқа жем болып жатқанын айтқанда, жанымызда отырған Зейнеп Ахметова апамыз көзілдірігін шешіп, жасқа шыланған жанарын әлсін-әлсін сүртумен болды. Үздіксіз басын изейді. «Бәрі рас» дегені. Өзі де өмір бойы осы әңгімені айтып келеді, Бекжан бауырының толықтыра түскеніне сүйсініп отыр. «Дастарханның басында бәрі данышпан, көшеге шықса –көсем, жиынға түссе –шешен, жарқыраған «адам-мүсіндер» көбейді. Ұлт туралы, тіл мен ділдің қасіреті туралы әңгімеге келгенде, өнер адамдарының дауысы шықпайды. Қоғамда болып жатқан жайттарға байланысты азаматтық көзқарасың болмаса, үн қатпасаң, сен кімсің? Адамсың ба өзі? Біз қазір нағыз айтатын жасқа келдік. Біз айтпасақ, біз түземесек, онда кім?» деп еді бір әңгімесінде. Сөзінде тұрды, айтты және тура Желтоқсанда айтылғанын қарашы. Отыз жылға аяқ басқанда «Шымылдықсыз шындық» Желтоқсан шындығымен үндесіп, ұлт өнерінің қарашаңырағын жаңғыртып, жарып жіберердей болып естілді. Бекжан Тұрыстың «аузына сөз салған», әрине, ақын Бақыт Беделхан болатын. Б.Беделханның жан шырылы Бекжанның запыранына ұласып, ақынның ойы мен актердің ойыны ғажап үйлесім тапты.

«Ұлым, саған айтам»

 Актердің аяулы жастық шағымен қоштасқан сахнасы кімді селт елткізбеді? Мөлдір, шынайы, тұнық. Өздерін бейбақ, балаларын кембағал жасап, өз отбасыларының түбіне өздері жетіп, қолдан талқандап жатқандардың мынау мөлдір дүниені көре алмайтыны өкінішті. Бір би арқылы адам өмірінің тұтас бір кезеңін суреттеп тастады. Ал, ақыр соңында ақиқатқа операция жасалғанда, режиссер Асхат Маемировтың мықтылығын мойындамасқа амалымыз қалмады. Сана ғана қабылдайтын осындай абстракцияны актердің әрекеті арқылы көрсету өте ұтқыр режиссерлік шешім. Бірінен бірі асып түсетін режиссура шеберлігінің ең тосын түйіні, әрине, қойылымның шарықтау шегінде болды. Әлгінде спектакль басында жоғалған ер-тұрманның кейінгі тағдырының бір шешімі болуы керек еді ғой. Бәсе, ер тұрман – ұлттық құндылық, жер бетінде бір қазақ қалғанша жоғалмақ емес. Ерке болса да, есті болып өскен ұл «қайтер екен?» деп әкесіне қалжыңдаған көрінеді. Мағжан батыр құйрық-жалы төгілген ақбоз атты жарқыраған ертұрманымен ойқастатып алып келгенде, көңіл босап, жүректер дүрсілдеп, рух оянды. Кешегі кішкентай Мағжан әкесіне жетеқабыл жігіт болып өсіпті. Атқа мініп қанаттанған әкесі жүзі жайнап тұрып: «Атқа мінгеніме емес, сен сияқты атұстарым барына қуанып тұрмын, балам» дегенде, әкелі-балалының ұлт руханиятының ұзақ-сонар пәлсапасын ел еңсесін көтерер қазақы таныммен тәмамдағандары тұщынтты. Бағы асса да, бейшара балалары жерге қаратып, асқақтай алмай, абыройсыз болған әкелер аз ба? «Ұлым» деп тұрып, қазағына қамзау болар құнды сөз арнаған Бекжан Тұрыстың ұлты алдындағы тұлғалық қадір-қасиеті тағы бір сатыға биіктеді. Сағындырып барып сахнаға шақыратын моноспектакльдің триптихқа айналып, тағатсыздана күтетініміз айтпаса да, түсінікті шығар...



Айгүл Аханбайқызы

Фотоларды толықтай мына жерден таба аласыз

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға