Жаңалықтар

"Ұлы дала жорығы". Шабандоздар Түркістан облысы жеріне енді

Айта кету керек, мәреге небәрі 400 шақырым жол қалды. Алайда марафонның ауыр сынағына төтеп бере алмай, жарыс жолынан шығып жатқандар бар.
"Ұлы дала жорығы". Шабандоздар Түркістан облысы жеріне енді
Фото: дереккөз 27.09.2022 01:30 2354

«Ұлы дала жорығы» республикалық бәйге-марафонына қатысушылар 8 күнде 800 шақырым жүріп өтіп, Түркістан өңіріне жетті, деп хабарлайды EL.KZ ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.

Бүгін марафоншылар Бетпақдала шөлінде тоғызыншы кезеңді еңсеруде. Кешке қарай шабандоздар Түркістан облысы Созақ ауданының Тайқоңыр елді мекеніне ат басын тіреді. Одан ары қарай Ақсүмбе, Бақырлы, Абай ауылдарына сапарлайды. Мәре – Түркістан қаласы.

Айта кету керек, мәреге небәрі 400 шақырым жол қалды. Алайда марафонның ауыр сынағына төтеп бере алмай, жарыс жолынан шығып жатқандар бар.

Сегізінші күннің қорытындысы бойынша, Ақтөбе облысының командасы үздік деп танылды.

Жалпы, қазіргі таңда 19 команданың 8-і жарысты жалғастырып жатыр. Ал 11 команда түрлі себептермен жарыс жолынан шығып қалды.

Қазақ руханиятының қастерлі қарашаңырағы Түркістан қаласына бірінші болып жеткен команда «Ұлы дала сарбазы» атағына ие болып, 30 млн теңге көлеміндегі ақшалай жүлдемен марапатталады. Екінші және үшінші орын иегерлері сәйкесінше 20 млн теңге және 15 млн теңге жүлдені қанжығаға байлайды.

Айта кетсек, марафонды ҚР Мәдениет және спорт министрлігі, «AMANAT» партиясы, «The Great Steppe Tour» қоғамдық қоры мен Ұлттық спорт түрлері қауымдастығы ұйымдастырды.

Бәйге-марафон 18 қыркүйек күні елордадан бастау алды. Жарыс жолына 100-ден астам шабандоз шыққан болатын. Талап – Түркістанға дейін 1200 шақырымды еңсеру. Марафон әрқайсысы 100 шақырымды құрайтын 12 кезеңге бөлінген.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға