Жаңалықтар

«Ұлы Дала Елінің киелі мұрасы» акциясы басталды

«Ұлы Дала Елінің киелі мұрасы» акциясы басталды
15.06.2018 11:14 1786

Бүгін «Отпан тау» тарихи-мәдени кешенінде «Ұлы Дала Елінің киелі мұрасы» республикалық тарихи-экологиялық акциясы бастау алды. Аталмыш шараға облыс әкімінің орынбасары Мақсат Сқақов, ардагер ақсақалдар, облыс әкімі аппаратының «Қоғамдық келісім» КММ-нің басшысы А. Джайлханова, облыстық этномәдени бірлестіктердің өкілдері, «Өнер» АРТ галереясының суретшілері, РЖҚ «Жаңғыру жолы» өңірлік штабының мүшелері және облыс жастары қатысты.

300-ден аса адам жиналған шарада сөз бастаған 
облыс әкімінің орынбасары Мақсат Сқақов акцияның мән-маңызын түсіндіріп, киелі Маңғыстау өлкесінің жастарына ақ жол тіледі. Маңғыстау ауданының құрметті азаматы, абыз ақсақал Шаймұрза Байпақов тарихтан сыр шертіп, жиналған көпшілік алдында қол жайып, ақ батасын берді. 
Бүгін көк байрағымыздың желбіреген күні болды. Жастар патриоттық әндердің ырғағында тербеліп, туымызды мақтанышпен көкке көтеріп тұрды.

Шара барысында «Өнер» АРТ галереясының суретшілері табиғат аясында өлкеміздің киелі мұраларының суретін қағаз бетіне бейнелеп, сиясы кеппеген суреттерін «Отпан тау» тарихи-мәдени кешенінің мұражайына сыйға тартты.

Сондай-ақ облыстық этномәдени бірлестік мүшелері «Отпантау» кешенінде экологиялық тазарту жұмыстарын жүргізді. Облыстық «АЛА-ТОО» Қырғыз этномәдени бірлестігінің төрағасы Құрбанәлі Ғазизбеков бастаған этномәдени бірлестік мүшелері кешен маңына 20 түп ағаш, оның ішінде боз арша, жыңғыл, қарағаш, қына ағаш, терек отырғызды.

Тарихи ескерткіштерді сақтау мен дәріптеу, мәдени әрі рухани құндылықтар негізінде отансүйгіштік қасиетті дамытуды көздейтін акцияның өңір жастарына берер тағылым-тәрбиесі зор.

Тағылымы мол шара маусымның 15-і күні Ақтау қаласындағы Бекет Ата кесенесінде жалғасын тауып, одан әрі Айрақты – Шоманай таулары мен Бейнеу ауданындағы Бекет ата мешітімен жалғасады.

 

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға