Жаңалықтар

«Әлем. ХХІ ғасыр» манифесі бейбіт әлем орнатудың бастамасы

Маңызды құжат
19.05.2016 04:38 8523

«Әлем. ХХІ ғасыр» манифесі бейбіт әлем орнатудың бастамасы

Рүстем ЕКІБАЕВ, Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ доценті, т.ғ.к:  

Бүгінде әлемнің алдыңғы қатар­лы мемлекеттері Қазақстанды дүние жүзінде алғаш болып атом қаруы­­­нан бас ел ретінде танып отыр. Бұл бастама Елбасымыз Н.Назарбаевтың  тарихи шешімімнің нәтижесінде ядролық сынақ поли­гонының жабылуы адамзат тарихындағы ең елеулі оқиғалардың бірі болды.

Мемлекет басшысы Н.Назарбаев Вашингтонда өткен Ядролық қауіпсіздік жөніндегі IV Саммитінде әлемде  ядролық қаруды таратпау және ядролық қауіпсіздікті нығайтуға бағытталған манифест жариялаған болатын.  Бұл құжатта адамзат үшін тағдыршешті соғыс және бейбітшілік мәселелері бойынша Қазақстанның  ұстанымы, сондай-ақ халықаралық қоғамдастықтың ядролық қарудан толық бас тартпаған жағдайда  жаһандық қауіпсіздікке кері әсерін тигізетіндігі айтылды. Аталған бағдарламалық құжаттың негізгі ой түйіні бейбіт әлем орнатуды қамтамасыз ету қа­жеттігі болып табылады. Оның үстіне, Мемлекет басшысы қауіпсіздік саласындағы тұрақсыздықты баяндай келе, әлемнің әр жерінде жаңа текетірестер мен әскери қарсы тұрушылықтардың жаңа ошақтары тұрақты түрде пайда болып отырғанына өзінің алаңдаушылығын білдірді.

Елбасының бұл үндеуі бүгінгідей шиеленіскен жағдайға қарамастан әлемді ядро­лық қарусыздануға шақыруын батылдықтың, көшбасшылықтың және бейбітсүйгіштіктің жарқын үлгісі болып отыр.

Елбасы Н.Назарбаев өз манифесінде: «Барша адамзат ХХІ ғасырға жаһандық ынтымақтастықтың жаңа дəуірі ретінде үміт артты. Бірақ бүгінде бұл елесті сағымға айналуы ықтимал. Əлемге тағы да қатер төніп тұр жəне оның ауқымын ескермеуге болмайды. Жəне бұл қатер – жаһандық соғыс!» деп ашып айтты. Сондықтан да Мемлекет басшысы адамзатқа «ХХІ ғасыр: Соғыс­сыз əлем» атты кең ауқымды бағ­дарламасын ұсынған болатын.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев жария еткен манифесінде адамзат өркениеті тарихында 15000-нан аса соғыстың болғанын атап өтті. Қантөгіс, адамдардың құрбан болуын жер жаһанның бетіндегі тір­шілік иелерінің жаппай қыры­луы аз болмады. Бүгінгі лаң­кестік оқиғалардың, елдерде болып жатқан азаматтық төңкерістердің түбі адамзатты тығы­рыққа тіремей қоймайды.

«Шын залымға берме ғылым,

Ол алар да оқ қылар.

Қаруым дер, кісі атып жер,

Ол ғылымды айла етер» - деп қазақ ойшылы Шәкәрім  атап айтқандай, қазіргі уақытта, адам­зат ойлап тапқан ғылыми жетістіктер өзге жолға бұрылып барады. Елбасының ядролық қауіпті қару­лар­дың ешқандай жауапкершілікті сезінбейтін күштер қолына түсіп қалу ықтималдығы туралы қаупі өте маңызды. Лаңкестер қимылынан олардың қандай зұлымдыққа да баратыны кімге де болса аян.

Ортағасыр философы әл-Фарабидің тәрбиесіз берген білімнің қауіпті екені туралы айтқан пікірі бүгінгі ғылым дамуы­ның деңгейі мен халықаралық жағ­дай­дың ушығу көріністеріне мысал бола алады. Елбасының сөзінде айтылған­дай, ядролық қаруды жердің қай түк­пі­ріне, қай судың астына апарып жасырса да, оның қауіптілігі азаймайды. Оны бейбіт мақсатқа ғана өн­діруді қолға алу керек. Оның өзін халық­аралық белгілі ұйымдар бақылауы тиіс. Жұдырықтай жер – адамзаттың ортақ үйі, ядролық жаппай қырып-жоятын қарумен ойнағандар осыны ойлауы тиіс.

Қазақ елі әлеуеті жөнінен әлемдегі төртінші ядролық арсеналынан өз еркімен бас тартты. Бүгінгі күні, әлемдік қауымдастық алдында жақсы атқа ие болып қана қоймай, бейбіт әлем орнату бағытындағы бастамаларды тұрақты жалғастырып келеді. Елбасы Н.Назарбаевтың ядролық қауіпсіздік туралы ой-пікірі, әлемдегі бебітшілік пен тұрақтылықты сақтауға шақырған үндеуі елімізге тек бедел мен сенім қосатыны сөзсіз.


Алмас САУДАНБАЙ

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға