Жаңалықтар

«ҚАЗАҚТАНУ» ЖОБАСЫ АЯСЫНДА АРНАЙЫ ЭКСПЕДИЦИЯ ЖЕЗҚАЗҒАНДА БОЛДЫ

«ҚАЗАҚТАНУ» ЖОБАСЫ АЯСЫНДА АРНАЙЫ ЭКСПЕДИЦИЯ ЖЕЗҚАЗҒАНДА БОЛДЫ
19.10.2018 03:59 2127

Жезқазғанда Қазақстан халқы Ассамблеясының «Қазақтану» ғылыми-ағартушылық жобасы аясында облыстық экспедиция өтті

Еліміздегі этностардың арасында қазақ халқының тарихын, дәстүрлерін, гуманитарлық және адамгершілік принциптерін, тарихын, дәстүрін насихаттайтын бұл жоба ағымдағы жылдың сәуір айында қолға алынған. 
 

Жезқазған-Ұлытау өңірлерінде алты күнге жоспарланған бағдарламада ұлттық дәстүрден бастап әр түрлі іс-шаралар қамтылған. Барлығы 30 адамнан тұратын экспедицияның мүшелері – облыс этномәдени орталықтарының  жастар қанаты өкілдері, сондай ақ, Жезқазған өңірінің студенттері.

Алғашқы күні ҚХА мүшесі, Жезқазған қаласы қоғамдық келісім кеңесі төрағасының орынбасары Зинаида Чумакова тарихтан мысал келтіріп, Жолдаудан үзінді беріп, жастарға артылып отырған сенім мен үміттің зор екенін жеткізді.

Шара салт-дәстүр көрсетілумен жалғасты. «Қыз ұзату», «Келін түсіру» «Беташар» сияқты дәстүрлер көрсетіліп, киіз үйдің құрылымымен танысқан экспедиция мүшелері  ауылдың алты аузын айтқан әжелердің өнеріне тәнті болды.

«Батасыз құл жарымас, баталы құл арымас» деген дана халқымыздың тағы бір ғұрпы «Бата беру». Осының бәрі қатысушылардың көз алдында ұйымдастырылып, мазмұны мен әр жасалған ырым, салттың себебі қоса түсіндіріліп отырды.

Профессор Кания Тұрсынбаева Ұлытауды алдағы уақытта туризм ортасы ету, Жезқазған қаласының құрылу тарихы, өңірдегі өзекті нысандар жайлы мол мағлұмат беріп, қатысушылар пікір алмасты.

Жоспар бойынша Академик  Қ.И.Сәтбаев атындағы және Жезқазған тарихи-археологиялық музейін аралаған экспедиция мүшелері Ұлт ұясы – Ұлытауға саяхат жасады.

Ұлытаудың киелі жерлерін аралаған экспедиция мүшелері бұдан соң бауырсақ басып, пісірсе, ер жігіттер қой сойып, оның мүшелеп, әр жілік пен мүшенің қандай жағдайда тартылатынын, кімге ұсынылатынын үйренді.

Бағдарлама танымдық іс шараларға толы болды. «Ру­­хани жаңғыру» бағдарламасынан тамыр тартқан  бұл жоба қазақ мәдениетін, тарихын, философиясын, сондай-ақ қазақ халқының құндылықтарын наси­хаттауға бағытталған. 

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға