Жаңалықтар

«Қазақтану» мектебінің кезекті сабағы музыкалық аспаптарға арналды

«Қазақтану» мектебінің кезекті сабағы музыкалық аспаптарға арналды
24.10.2018 09:31 2657

Петропавлдағы достық үйінде «Qazaqtanu» мектебінің кезекті сабағы өтті.

«Қоғамдық келісім» КММ  қызметкерлері жұма сайын қызықты етіп ұйымдастыратын тұрақты шараның осы жолғысына ассамблеяның этномәдени бірлестіктірінің өкілдері мен «Жаңғыру жолы» жастар қозғалысының мүшелері қатысты.

Әр сабақтың тақырыбын таңдауда ұйымдастырушылар аса ыждағаттылық танытатыны белгілі, олар әрбір сабақты келушілерге қызықты етіп өткізуге тырысады. Сондықтан осы жолғы  шараны  ұйымдастырушылар  ұлттық музыкалық аспаптар тақырыбына арнапты.

Ол үшін Достық үйіне Петропавлдағы өнер колледжінің мамандарын шақырды. Осы оқу орнының оқытушылары Асхат Ғалиев пен Жәмила Мұстафина  қатысушыларға ұлттық аспаптарға қатысты түрлі аңыз-әңгімелер  айтып, олардың неден, қалайша жасалатыны туралы да сыр шертті. Өздерімен біре қонақтар қобыз, сазсырнай, домбыра да ала келген екен. «Құлақтан кіріп, бойды алар, әсем ән мен тәтті күй» деп Абай атамыз айтпақшы, өнер колледжі ұстаздарының домбырада орындаған «Балбырауын», «Ақсақ құлан», «Қарлығаш», «Аққу» күйлері келгендерді тәнті етті.

Сазсырнай мен қобыздың үні де «мен қазақпын» деген жанды ғана емес, осы елді мекен ететін кез келген ұлт өкілін де тамсандырмай  қоймайтыны анық. «Қазақтану» мектебінің  осы жолғы сабағына келген әрбір оқушы осы аспаптарда  ойнап та көрді. Олардың қызығушылығын байқаған өнер колледжінің ұстаздары да шәкірттеріне аспапты қалай ұстап, қалай шерту керектігі туралы алғашқы шеберлік сабағын өткізді.

Сабаққа келушілерді өз ретінде бұл аспаптарда қалай кәсіби түрде ойнап үйренуге болатындығы туралы ақпарат қызықтырды. Олар   Қазақстанда тұрған соң, осы елдің  тілінде сөйлеп, ұлттық аспабында ойнау үлкен мәртебе екендігін алға тартып,  араға біраз уақыт салып, міндетті түрде домбыраның құлағында  ойнауға уәде берді. 

Гүлмира СӘУЛЕБЕКҚЫЗЫ

 

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Қазақстан халқы Ассамблеясы порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Авторизация бойынша ank_portal@assembly.kz мекен-жайына хабарласыңыз.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға