Жаңалықтар

«Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы»: Бектау ата шатқалы

«Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы»: Бектау ата шатқалы
31.05.2019 19:40 5680

Қазақтанның Тұңғыш Президенті – Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында «Қазақстаның қасиетті рухани құндылықтары» немесе «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасын құруға бастама жасады. Осы орайда ҚР Ұлттық музейінің «Киелі Қазақстан» орталығы Қазақстанның 100 жалпыұлттық киелі нысандарының тізімін анықтады.

Бұл қазақ халқының жадында өшпес құндылық болатын және ұлттық бірлік пен өркендеу нышаны ретінде танылатын ерекше қастерлі табиғи және мәдени мұра ескерткіштері.

Киелі ескерткіштер ретінде «қасиетті» таулар, үңгірлер, өзендер, шатқалдар, ежелгі қалашықтар, ерекше табиғи құбылыс орындары, рулық ғибадатханалар, қорғандар мен жерлеу орындары, діни ғибадат нысандары, тарихи шайқас және ерлік ордалары, ұлы адамдар мен әулиелердің өмір сүрген жерлері, кесенелер, ғибадатханалар және өзге де табиғи мәдени, тарихи мұра ескерткіштері бар табиғи-ландшафтық нысандар жатады.

Біздің елімізде әдемі, көрнекті жерлер жеткілікті, бірақ олар туралы бірі білсе, бірі білмейді. Мысалы, Балхаштың солтүстік аймағын алайық. Онда не бар? Көптеген адамдардың жауабы: шексіз дала мен шөл. Әрине мұндай жауапты дұрыс деп санауға болады. Бірақ ол шын мәнінде дұрыс бола қоймас. Өйткені Балқаштың солтүстік тұсында кең даланың баурайында Бектау ата шатқалы бар.

priroda_kazahstana-15.jpg

Жоғарыда атап өткен «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасында «Ерекше құнды табиғи мұра ескерткіштері» санатына кіретін Бектау ата – Балхаш қаласынан солтүстікке қарай шамамен жетпіс шақырым жерде орналасқан табиғаты ерекше ғажайып орын. Бұл – Балхаш маңындағы гранитті таулы аймақ. Осы жерді шатқал деп атайды, шынымен де бұл жердің микроклиматы даладан бөлек және плутон деп те аталады, геологтардың сөзінше, атылмаған жанартау. Бір сөзбен айтқанда, жұмбағы көп тылсым жер. Аңызда шатқалдың атауы «Қасиетті Бек ақсақалдың тауы» деген ұғымнан туады делінген. Бұрынғы заманда шыңның басында Бектау ата деген ақасақал мекендеген екен. Бұл туралы толығырақ жазып өтетін боламын.

Бұл Бектау ата шатқалының пайда болуын түсіндіретін негізгі гипотеза. Сонымен қатар халық арасында мұнда бір кездері бөтен ғаламшарлықтардың базасы болды деген дақпырт бар. Олар әлдекімдермен келісімге келе алмай, соғыс басталып, айналасын жойқын лазермен атқылаған деседі.

Кең даланың ортасына біткен таудың биіктігі мың метрден асады. Оның қызғылт түсті жартастары жер үстінде қатып қалған гранитті жанартау көшкіндері тәріздес. Жартастардың пішіні жалпақ әрі жұмыр. Бір қарағанда жанартаудың өзегіндегі ірі тығын сияқты көрінеді. Гранитті жыныс тегіс, тайғақ емес. Жоғары көтерілуге ыңғайлы. Жаңбыр жауған кезде, су Бектау атаның бөктерімен ылдилап ағады, жиналған су күн көзімен шағылысып, тау асыл тастай жарқырайды.

Бектау атаның төңірегі түрлі-түсті – шағын жазықтармен аралас жартастары көз қызықтырады, мұнда жаңбырдан кейін тереңдікте тұщы су жиналады. Осындай су қоймаларын таулардың шыңына қарай жүрген жолдардан кездестіруге болады, олар жаздың соңына дейін кеппейді. Су, күн және желдің арқасында ғажайып жартастар пайда болған. Мыңдаған жылдар бойы желдену үдерісі тұқымдарды бұзып, граниті берік емес жерде таңғаларлық пішіндердегі жартастар түзілген. Олардың атауы да пішініне қарай қалыптасқан – «Шоқпар тас», «Сандық», «Тасбақа», «Трехзубка». Жалпы жартастардың атауы орысшаланып кеткендіктен, оның нақты атаулары дәл тауып айту қиынға соғады.

bektau21.jpg

Балқаш маңайын зерттеген ғалым П. Сарычев былай деп жазады: «Бектау ата – оңтүстік пен солтүстікті жалғастыратын нысана іспетті керуен жолдың бойында тұрған «шамшырақ». Оның сүйір төбесі Балқаш көлінің оңтүстік жағалауынан көзге ілінеді. Көлдің астынан жарып шыққандай сұстиып тұрады және «бері тарт» дегендей ишарат береді. Сол таудың астында үлкен үңгір бар. Ол мөп-мөлдір тұщы суға толы. Су бетінің деңгейі әрдайым бір қалыпты: жоғары көтерілмейді, төмен түспейді. Табиғаттың осы жұмбағының көріністері дала жұртының сезімін билеп, атаудың постпозитивтік компоненті боп тұрған «ата» сөзін қоныстырғандай».

Бектау атаға жаз айларында келушілердің қарасы көп болады. Бұл жер әсіресе фотосуретшілер үшін таптырмас көрікті орын. Табиғаты көз тартатын көптеген қызықты орындар мен нысандар шығармашылық қиялдың жетегіне еліктіріп әкетеді. Бектау атаның көрінісі таң мен күннің бастысында тіпті сұлуланып, нұрланып кетеді. Дәл осы уақыттарда ғажайыпқа толы көріністі тамашалаған – жанның рақаты!

Күн бойы жарық пен көлеңке суреттерді бірнеше рет өзгертеді, кейде Бектау ата тас емес, жанды, шынайы сияқты көрінеді. Ал аспанда бұлт пайда болған кезде, табиғаттың сұлулығы мен ұлылығы рухты жаулап алатынын сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес.

0_6_IMG_0190-min.jpg

Аңыз

Жалпы Бектау ата тауының атауымен көптеген аңыздарды байланыстырады. Соның бірі мынау: Қазақтар мен жоңғарлардың соғысы кезінде әулие қарт – Бектау ата деген бір қарт өмір сүріпті. Бір күні ол қуғыннан қашып келе жатып, таудың ең үлкен үңгірінде жасырынды. Әбден шөл қысқан қария жаратқанға жалбырынады. Әулие қарттың дұғасын қабыл болып, жаратушының әмірімен үңгірдің тереңінде тұщы су көзі пайда болады. Қуғыншылар бұл үңгірді таба алмай әуреге түседі, себебі, тау ол етегінде емес, биік жартаста орналасқан.

***

XkfPUI6JYR8BDd7y2zuv4JQUUmC85o.jpg

Келесі бір Бектау ата туралы аңызда былай делінген: Өте ерте заманда, ешкі жүні бөртеде, бір әулие қария өмір сүріпті. Ол өзінің барлық дұға-тілектерін, іс-әрекетін, әрбір сөзін халқына қызмет ету үшін арнаған екен. Оның бойындағы қасиеттің құдіреті күшті болып, асқан әулие атанады. Ол науқастарды емдеп жазатын қасиетке ие болып, оған қандай ауыр халде болмасын, келген науқас құлан-таза айығып кететін болған.

Әулиенің үйінен адам арылмайды екен, күні-түні жалбырынып келген адамдарға көмегін беріп, ағартушылықпен айналысады.

Күндердің күнінде ауылға жау шауып, адамдары мен әулиені өлтірмекші болады. Олар жауға төтеп бере алмай, бас сауғалап, қашуға бел буады. Әулие қарт ауылды бастап, қарттар мен балаларды аман алып қалу үшін иең далаға қаша жөнеледі. Алайда жау олардың өкшесін баса арттарынан қуа жөнеледі. Кенеттен олардың жолында жылдам ағысты үлкен және терең өзен кезігеді, оны айналып өту мүмкін емес еді. Енді қайтпек? Алдыда – өзен, артта – бет қаратпас жау. Сол кезде қарт зұлмат өзеннің жағасында терең ойға батып, ұзақ уақыт бойы үнсіз отырады. Бір уақытта әулие қарт орнынан ұшып тұрып, қолын сермеп қалғанда, арнасына сыймай ақыра аққан өзен екіге бөлінеді де, арасынан жүретін жол пайда болады. Адамдар жалма-жан өзеннің арғы жағына өтеді. Осыдан кейін қарт қолын қайта сермеп қалғанда, өзен қайта қосылады. Ауылдастарының барлығы бергі жағаға өткеніне көзі жеткен қарт оларға: «Енді сендерге жау келмейді. Мына жер сендердікі, бұл жер мал өсіруге жайлы. Мен анау таудың үңгіріне кетемін. Егер сендерге бір нәрсе қажет болса, үңгірге тілек етіп келіңдер, сендер үшін барлығын орындаймын. Тек ешбірің таудың ұшан басына шығушы болмаңдар, сәтсіздікке ұшырайсыңдар...» дейді де, адамдардан алыстап, таудың етегіндегі үңгірге кіріп, ғайып болады.

Біраз уақыт өтіп, адамдар жайланған соң, сол тауға бара бастайды, ол жерде үңгірдің барына көздері жетеді. Бірақ арасында біреуі қарттың айтқанын тыңдамай, таудың басына шықпақшы болғанда, таудан құлап мерт болады. Содан бері бұл тау «Бектау ата» деп аталып кеткен.

***

Сонымен қатар ел аузында «Жерұйықты» іздеп, жаһанды кезген Асан Қайғы Арқа жерінің бір тауының маңына келіп, желмаясын шөгеріп, сол жерге қонып шығады. Таң алаң-құлаң атып келе жатқанда шырт ұйқыдан оянған екен. Қөзін ашып қараса, жұмбақ екі бәйтерек өсіп тұр екен. Сол екі жұмбақ бәйтерек өсіп тұрған тауды «Бектау ата» деп атапты деген аңыз-әңгіме тараған.

Бұл аңыздардың рас-өтірігін піше алмаспыз, бірақ сол жер, Бектау ата тауы киелі орын екені рас.

63b7639c244250f96a3883be36a87740.jpg

Көрнекі жерлері

Бектау атада тұщы су көзі орын алған «Әулие тас» үңгірі бар, ол қасиетті, ауруға шипа деседі. Үңгір Бектау ата тауының батыс конусының оңтүстік-батыс баурайында орналасқан. Үңгірге кіру алты жүз метр биіктікте орналасқан. Кіре берістің алдында ұзындығы жеті, ені бес метр болатын тегіс алаң бар. Үңгірдің түбі көлденеңінен он бес-он алты метр қашықтықта, бірақ содан кейін ол біртіндеп төмендейді. Жиырма тоғыз метр белгіде су барлық үңгірді ені бойынша толтырады. Үңгірдің су үстіндегі биіктігі екі метрге жетеді. Үңгірдің жалпы ұзындығы шамамен елу метр.

1(33).jpg

Өсімдік әлемі

Бектау атада шалғынды және дала өсімдіктерінің үш жүз түрі өседі. Оның елу түрі – дәрілік. Итмұрын, тобылғы, долана, ырғай, қарақат кезедеседі. Мұнда сирек кездесетін өсімдік — Кесслер таспа шөбі сақталған. Бектау атада белгілі және Қызыл кітапқа енгізілген Бектауата тиынтығы өсімдігі де бар. Сондай-ақ жалаңаш жартастарда өсетін арша (казак аршасы) кездеседі.

bektau_4.jpg

Аң-құс әлемі

Бұл жерде сирек кездесетін аң – бессаусақты ергежейлі қосаяқ табылды. Тауда арқарлар мекендейді. Тау етегінде және жазығында ақбөкендер, қарақұйрықтар және басқа да тұяқтылар кездеседі. Олармен қоса қасқыр қоса бар. Орман учаскелері көптеген құстардың мекен ететін орны. Бұл – орман кептері, мысықторғай, ала бұлбұл, сандуғаш, сары торғай, кәдімгі тасшыбжық.

226-articles-foto-8-650400.jpg

***

Сөз соңында туристердің демалыс орнына айналған қасиетті орынның бүгінгі халін көріп, тарихшылар алаңдаушылық туғызатынын айтпасқа болмас. Демалушылар әр уақыт табиғатты аялау, тарихи-құнды орындарды қастерлеу ұғымдарын ұстана бермейді. Келушілер тастарға есімдерін алабажақ етіп жазып, тазалықты сақтамайды. Сырын ішке бүккен мекенді келер ұрпаққа сол күйінде жеткізуді мақсат ету қажет-ақ. Ондай болса, осыны қолғау алуды бүгіннен, өзімізден бастайық.

Нұргүл ШАТЕКОВА

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Қазақстан халқы Ассамблеясы порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Авторизация бойынша ank_portal@assembly.kz мекен-жайына хабарласыңыз.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға