Жаңалықтар

«Қазақстанда жасалған»: Отандық өнімдерге қолдау көрсету

2015 жылдың 11 ақпанында өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысы барлық қазақстандықтарды «Қазақстанда жасалған» атты акцияны жүзеге асыруда отандық өнімдерге қолдау білдіруге шақырды.
11.02.2015 14:12 8406

2015 жылдың 11 ақпанында өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысы барлық қазақстандықтарды «Қазақстанда жасалған» атты акцияны жүзеге асыруда отандық өнімдерге қолдау білдіруге шақырды. Елбасының бүгінгі жиында басымдық берген негізгі 15  мәселеге тоқталып өтейік.

«Қазақстанда жасалған»: Отандық өнімдерге қолдау көрсету

1. "Нұрлы жол" бағдарламасы хақында

«Санамалап атап өткенімдей теріс тенденцияларды жұмсарту үшін өткен жылы көптеген шаралар атқарылды. «Нұрлы жол» бағдарламасы - бұл дағдарысқа қарсы шара. Мен дәл осы жылы қиындықтар болатындығын айтқанмын. Біз алдын орап, осы бағдарламаны қабылдадық. Ол қиын жағдайда экономикамыздың өсім және біздің азаматтарымыз үшін жұмыс орындарын құру нүктесі болып табылады».

2. Өнеркәсіпті қолдау туралы

«Бүгін мен Үкіметке «Нұрлы жол» бағдарламасын жаңа дағдарысқа қарсы шаралармен толықтыруды тапсырдым.  Бұл - отандық машина жасау саласын, біздің экспорттаушылармызды қолдау, шағын және орта бизнес үшін инфрақұрылым жүргізу, агроөнеркәсіп кешенін мемлекеттік қолдауды ұлғайту, ішкі нарықты қорғау бойынша шаралар және басқалары».

3. Шығындарды қысқарту

«Үкіметке 2015 жылға арналған республикалық бюджет шығыстарын 700 млрд. теңгеге немесе жалпы шығыс көлемінің 10 пайызына қысқартуды тапсырамын. Бұл ретте халық алдындағы мемлекеттің әлеуметтік міндеттемелерінің бір теңгесіне де тиіспеу қажет».

4. Халықтың әлеуметтік жағдайына қарасты

«Жұмыс адамы үшін ең бастысы - өзінің жұмыс орнын сақтау. Мен мұны бұрынғы жұмысшы ретінде айтып отырмын. Нәпақа табу үшін оны өзінің ерікті түрдегі келісімімен басқа жаққа жіберуге болады. Ондай жағдайда еш мәселе жоқ. Бірақ, мен барлық компаниялардың назарын аударғым келеді: егер өндірісті төмендетіп, адамдарды қысқартуға мәжбүр болсаңыздар, жұмыс орындарын сақтау қажет. Ол мүмкін басқа жұмыс істер. Адам үшін, оның отбасы үшін бұл барынша маңызды».

5. 12 жылдық білім беру жүйесі туралы

«Білім беру саласында «Балапан» бағдарламасын жүзеге асыруды, орта білім беру жүйесінде жан басына қаржыландыруға көшуді, 12 жылдық мектепте білім беру моделіне кезең-кезеңімен көшуді жалғастыру қажет»

6. Жаңа индустрияландыру

Нұрсұлтан Назарбаев 2015 жылы Индустрияландыру картасы жобаларын жүзеге асырудың жалғасатынын айтты, оның аясында сомасы 600 миллиард теңгеден асатын, 7,5 мыңнан астам тұрақты жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік беретін 75-тей жобаны іске қосу жоспарланған.

7. Экономиканы қолдау

«Біз дағдарысты заманауи инфрақұрылым қалыптастыруға, миллиардтаған активтерді енгізуге пайдаланамыз. Мемлекет барлық қажетті қолдау тетіктерін ұсынып отыр. Қаражат бөлінді, жағдай жасалды. Бәрінің дереу жұмысқа кірісуі қажет. Үкіметтің әрбір мүшесінен, әкімдерден нақты нәтижелер талап етіледі».

8. Отандық өнімді қолдау

«Тиісті меморандумдар бекіте отырып, қазақстандық қамту жөніндегі форумдар өткізу тәжірибесін қайта жаңғырту керек. Барлық сауда желілерінде отандық тауарлар секциясы пайда болу үшін «Қазақстанда жасалған» акциясын бастаймыз. Облыс әкімдері мұны қадағалап отыруы керек. Барша азаматтарға осы күрделі жағдайда патриот болып, қазақстандық өнімді сатып алу жөнінде сөз арнаймыз».

9. ЕАЭО туралы

«Ресейде сұраныстың азаюы – Қазақстан экспортын әртараптандыру жұмысын күшейтуге ынталандырады. Сонымен қатар, арзандаған  энергия ресурстары, құрамдас және қосалқы бөлшектер – өзге секторлар үшін игілік болып саналады. Өңдеу өнеркәсібін дамыту үшін осы мүмкіндікті пайдалану керек».

«Қазақстанда жасалған»: Отандық өнімдерге қолдау көрсету

10. Жанар-жағармайдың арзандауы

«Кәсіпкерлік сектор биыл қажетті қаржы ресурстарымен қамтамасыз етіледі. Бұл ретте мұнай бағасының құлдырауы мұнай өнімдері құнының төмендеуіне әкеліп соқтыруда, бұл экономиканың көптеген саласына және халықтың сатып алу қабілетіне оң ықпалын тигізетін болады. Көлік шығыстарының құны, АӨК өнімдерінің өзіндік құны, тұтынушылар үшін жанар-жағармайдың реттеліп отыратын түрлерінің бағасы төмендеуі тиіс».

11. Ипотекалық несиелер бойынша 

«Бұл – инфляция деңгейінің жоғарылауына, валюта бағамының күрт ауытқуына жол бермеу, сондай-ақ экономиканың нақты секторын қаржы ресурстарымен қамтамасыз ету. Ұлттық банкке теңге ликвидтілігінің қосымша көлемін ұсыну жөнінде шара қабылдауды және ел экономикасын долларсыздандыру жұмысын жандандыруды тапсырамын. Проблемалы несиелердің ауыртпалығынан құтылып, банктердің несиелік жұмыс қабілетін қалпына келтіру керек және ипотекалық несиелер бойынша қарыздарды қайта құрылымдау мәселесін шешу қажет. Бұл тек осыған шынымен мұқтаждар үшін жасалады».

12. Мерейтойлар туралы

«Мен құрған комиссия қаражат жұмсалуының ашық болуын қатаң қадағалап, жеке өзіме баяндап отырады. Әрбір теңгеге деген сұраныс қатаң болады. Барлық деңгейдегі әкімдерге ерекше жауапкершілік жүктеледі. «Нұр Отан» партиясы бұл жұмысқа белсене атсалысып, қатаң партиялық бақылау орнатуы қажет. Ешқандай ысырапшылдыққа жол берілмеуге тиіс. Үкімет бұқаралық іс-шараларды өткізуге арналған шығындарды қысқарту мәселесін қарастырғаны жөн. Мерейтойларды және оған кететін бюджет қаражатын қысқарту керек».

13. Мемлекеттік қызметкерлер туралы

«Басқарудың барлық буындары, Президент Әкімшілігінен аудандық әкімдіктерге дейін, барлық министрліктер, ұлттық компаниялар шығындарды қысқарту мүмкіндігін қарастыруы қажет. Мемлекеттік қызметшілердің жұмысы мемлекеттің қаржысын таныстарының, достары мен туыстарының фирмаларына үлестіретін бизнеске айналмауға тиіс. Қазір ел азаматтары атқарушы биліктен нақты және тиімді жұмыс күтіп отыр. Үкіметтің әрбір мүшесінің, әрбір әкімнің міндеті – білек сыбанып жұмыс істеу. Сіздер үшін сын сағаты туды. Қаржыны игеру, жұмыс орындарын ашу талап етіледі, олай болмаған жағдайда, орынды босатқан жөн».

14. Ассамблеяның 20 жылдығы 

«Биыл – Қазақстан халқы Ассамблеясы мен ҚР Конституциясының 20 жылдығы. Негізгі мақсатымыз тереңде жатыр. Халық арасында ынтымақ, бірлікті күшейтіп, теңдікті сақтау. Бейбітшілік пен келісім, халықтың бірлігі – Қазақстанның басты байлығы»

15. Қиындықтарды еңсеру

«Сондықтан баршаны бюджетке өзгеріс енгізу жөніндегі мемлекеттік шешімнің  мәнісін дұрыс түсінуге шақырамын. Бұл мәжбүрліктен туған, уақытша шара. Президент Әкімшілігі, Үкімет бірыңғай жоспар бойынша жұртты толғандырып жүрген мәселелер жөнінде ұдайы мәлімет беріп тұрғаны жөн».


Әзірлеген: Досжан Мейірбек.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға