Жаңалықтар

«Қазақстан Республикасының Конституциясына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Заңы

Фото: egemen.kz
«Қазақстан Республикасының Конституциясына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Заңы
08.06.2022 09:46 3636

Қазақстан Республикасы Орталық референдум комиссиясының хабары 2022 жылғы 5 маусымдағы республикалық референдумда дауыс беру қорытындылары туралы жариялады, деп хабарлайды El.kz «Egemen Qazaqstan» газетіне сілтеме жасап.

   «Республикалық референдум туралы» Қазақстан Республикасы Конституциялық Заңының 31 және 33-баптарына сәйкес және облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың аумақтық референдум комиссияларының ұсынған хаттамалары негізінде Қазақстан Республикасының Орталық референдум комиссиясы дауыс беру нәтижелері туралы хабарлайды:

- референдумға қатысу құқығы бар Қазақстан Республикасы азаматтарының жалпы саны – 11 734 642;

- дауыс беруге қатысқан азаматтардың саны – 7 985 769 немесе 68,05 пайыз;

- референдумға қойылған мәселенің оң шешімін жақтап дауыс берген азаматтардың саны – 6 163 516 немесе дауыс беруге қатысқандардың 77,18 пайызы;

- референдумға қойылған мәселенің теріс шешімін жақтап дауыс берген азаматтардың саны – 1 490 470;

- жарамсыз деп танылған бюллетеньдердің саны – 205 924;

- 17 облыста, республикалық маңызы бар қалаларда және астанада дауыс беруге қатысқан азаматтар мәселенің оң шешімін жақтап дауыс берді.

«2022 жылғы 6 мамырда бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланған «Қазақстан Республикасының Конституциясына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Заңының жобасында баяндалған Қазақстан Республикасының Конституциясына өзгерістер мен толықтыруларды қабылдайсыз ба?» мәселесі бойынша референдум өтті, өйткені референдумға қатысу құқығы бар азаматтардың жартысынан көбі дауыс беруге қатысты.

2022 жылғы 5 маусымда республикалық референдумға шығарылған «Қазақстан Республикасының Конституциясына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Заңы қабылданды деп есептеледі, өйткені облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың кемінде үштен екісінде дауыс беруге қатысқан азаматтардың жартысынан астамы оң шешімді жақтап дауыс берді.

Қазақстан Республикасының Орталық референдум комиссиясы

«Қазақстан Республикасының Конституциясына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Заңы

1-бап. 1995 жылғы 30 тамызда республикалық референдумда қабылданған Қазақстан Республикасының Конституциясына мынадай өзгерістер мен толықтырулар енгізілсін:

  1. 4-баптың 1-тармағындағы «Кеңесінің» деген сөз «Сотының» деген сөзбен ауыстырылсын.
  2. 6-баптың 3-тармағы мынадай редакцияда жазылсын:

«3. Жер және оның қойнауы, су көздері, өсімдіктер мен жануар­лар дүниесі, басқа да табиғи ресурстар халыққа тиесілі. Халық атынан меншік құқығын мемлекет жүзеге асырады. Жер, сондай-ақ заңда белгіленген негіздерде, шарттар мен шектерде жеке меншікте де болуы мүмкін.».

  1. 15-баптың 2-тармағы мынадай редакцияда жазылсын:

«2. Ешкімнің өз бетінше адам өмірін қиюға хақысы жоқ. Өлім жазасына тыйым салынады.».

  1. 23-баптың 2-тармағы мынадай редакцияда жазылсын:

«2. Республика Конституциялық Сотының, Жоғарғы Сотының және өзге де соттарының төрағалары мен судьялары, Орталық сайлау комиссиясының, Жоғары аудиторлық палатасының төрағалары мен мүшелері, әскери қызметшілер, ұлттық қауіпсіздік органдарының, құқық қорғау органдарының қызметкерлері саяси партияларда, кәсіптік одақтарда болмауға, қандай да бір саяси партияны қолдап сөйлемеуге тиіс.».

  1. 24-баптың 1-тармағы мынадай редакцияда жазылсын:

«1. Әркімнің еңбек ету бостандығына, қызмет пен кәсіп түрін еркін таңдауына құқығы бар. Еріксіз еңбекке қылмыстық немесе әкімшілік құқық бұзушылық жасауға кінәлі деп тану туралы сот актісінің негізінде не төтенше жағдайда немесе соғыс жағдайында ғана жол беріледі.».

  1. 42-бапта:

1) 2-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

«2. Ант беру қаңтардың екінші сәрсенбісінде салтанатты жағдайда Парламент депутаттарының, Конституциялық Сот, Жоғарғы Сот судьяларының, сондай-ақ Республиканың экс-Президенттерінің қатысуымен өткізіледі. Конституцияның 48-бабында көзделген жағдайда Қазақстан Республикасы Президентінің өкілеттігін өзіне қабылдаған адам Республика Президентінің өкілеттігін қабылдаған күнінен бастап бір ай ішінде ант береді.»;

2) 5-тармақтың екінші бөлігі алып тасталсын.

  1. 43-бап мынадай мазмұндағы 3 және 4-тармақ­тармен толықтырылсын:

«3. Қазақстан Республикасының Президенті өз өкілеттіктерін жүзеге асыру кезеңінде саяси партия­да болмауға тиіс.

  1. Қазақстан Республикасы Президентінің жақын туыстары мемлекеттік саяси қызметшілердің, квази­мемлекеттік сектор субъектілері басшыла­ры­ның қызметтерін атқаруға хақысы жоқ.».
  2. 44-бапта:

1) 2) тармақшадағы «Парламент Сенаты» деген сөздер «Парламент» деген сөзбен ауыстырылсын;

2) 3) тармақшадағы «облыстар, республикалық маңызы бар қалалар мен астана әкімдері актілерінің күшін жояды не қолданылуын толық немесе ішінара тоқтата тұрады;» деген сөздер алып тасталсын;

3) 4) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:

«4) Парламент Сенатының келісімімен Қазақ­стан Республикасы Конституциялық Сотының Төрағасын, Ұлттық Банкінің Төрағасын, Жоғары Сот Кеңесінің Төрағасын, Бас Прокурорын және Ұлт­тық қауіпсіздік комитетінің Төрағасын қыз­мет­ке тағайындайды; оларды қызметтен босатады;»;

4) 7) тармақшадағы «Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетінің» деген сөздер «Жоғары аудиторлық палатаның» деген сөздермен ауыстырылсын;

5) 10-1) тармақшадағы «Кеңеске» деген сөз «Сотқа» деген сөзбен ауыстырылсын;

6) 19) тармақшадағы «Хатшысын» деген сөз «кеңесшісін» деген сөзбен ауыстырылсын.

  1. 46-баптың 4-тармағы алып тасталсын.
  2. 47-бапта:

1) 1-тармақтағы «Кеңес» деген сөз «Сот» деген сөзбен ауыстырылсын;

2) 2-тармақтағы «Кеңестің» деген сөз «Соттың» деген сөзбен ауыстырылсын.

  1. 50-бапта:

1) 2-тармақтың екінші сөйлемі мынадай редакцияда жазылсын:

«Сенаттың он депутатын, оның ішінде бесеуін Қазақстан халқы Ассамблеясының ұсынысы бойынша Республика Президенті тағайындайды.»;

2) 3-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

«3. Мәжіліс конституциялық заңда белгіленген тәр­­тіппен аралас сайлау жүйесі бойынша: біртұтас жал­­пы­ұлттық сайлау округінің аумағы бойынша про­пор­­ционалды өкілдік ету жүйесі бойынша, сондай-ақ бір
мандаттық аумақтық сайлау округтері бойынша сайланатын тоқсан сегіз депутаттан тұрады.».

  1. 51-баптың 1-тармағы мынадай редакцияда жазылсын:

«1. Мәжілістің депутаттарын сайлау жалпыға бірдей, тең және төте сайлау құқығы негізінде жасырын дауыс беру арқылы жүзеге асырылады. Мәжіліс депутаттарының кезекті сайлауы Пар­ламенттің жұмыс істеп тұрған сайланымы өкі­лет­тігінің мерзімі аяқталардан кемінде екі ай бұрын өткізіледі.».

  1. 52-баптың 5-тармағының үшінші бөлігі мынадай редакцияда жазылсын:

«Парламент Мәжілісінің депутаты:

1) депутат конституциялық заңға сәйкес партия­лық тізім негізінде өзін сайлаған саяси партиядан шыққан немесе шығарылған;

2) конституциялық заңға сәйкес партиялық тізім негізінде депутатты сайлаған саяси партия қызметін тоқтатқан;

3) бір мандаттық аумақтық сайлау округі бойынша сайланған депутатты конституциялық заңда айқындалатын тәртіппен сайлаушылар кері шақырып алған кезде өз мандатынан айырылады.».

  1. 53-бапта:

1) мынадай мазмұндағы 1-1) және 1-2) тармақшалармен толықтырылсын:

«1-1) конституциялық заңдарды қабылдай­ды;

1-2) Республика Президентінің қарсылығын туғызған конституциялық заңдар немесе конс­ти­туциялық заңның баптары бойынша қар­сы­лықтар жіберілген күннен бастап бір ай мерзім­де қайталап талқылау мен дауысқа салуды жүр­гізеді. Бұл мерзімнің сақталмауы Президент қар­­сы­лықтарының қабылданғанын білдіреді. Егер Парламент әрбір Палата депутаттарының жал­­пы санының төрттен үшінің көпшілік даусы­мен Президенттің қарсылықтарын еңсерсе, Пре­зидент бір ай ішінде конституциялық заңға қол қояды. Егер Президенттің қарсылықтары еңсерілмесе, конституциялық заң қабылданбады немесе Президент ұсынған редакцияда қабылданды деп есептеледі;»;

2) 2) тармақшадағы «Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетінің» деген сөздер «Жоғары аудиторлық палатаның» деген сөздермен ауыстырылсын;

3) 6) тармақшадағы «Кеңестің» деген сөз «Соттың» деген сөзбен ауыстырылсын.

  1. 54-бапта:

1) 1-тармақтың бірінші абзацы мынадай редакцияда жазылсын:

«1. Парламент Палаталардың бөлек отырысында мәселелерді әуелі – Мәжілісте, ал содан кейін Сенатта өз кезегімен қарау арқылы заңдар қабылдайды, оның ішінде:»;

2) 2-тармақтың 2) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:

«2) Республика Президентінің қарсылығын туғызған заңдар немесе заңның баптары бойынша қарсылықтар жіберілген күннен бастап бір ай мерзімде қайталап талқылау мен дауысқа салуды жүргізеді. Бұл мерзімнің сақталмауы Президент қарсылықтарының қабылданғанын білдіреді. Егер Мәжіліс пен Сенат әрбір Палата депутаттарының жалпы санының үштен екісінің көпшілік даусымен Президенттің қарсылықтарын еңсерсе, Президент бір ай ішінде заңға қол қояды. Егер Президенттің қарсылығын ең болмаса Палаталардың бірі еңсермесе, заң қабылданбады немесе Президент ұсынған редакцияда қабылданды деп есептеледі;».

  1. 55-бапта:

1) 2) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:

«2) Республика Президентінің Республика Конституциялық Сотының Төрағасын, Ұлттық Бан­кінің Төрағасын, Жоғары Сот Кеңесінің Төрағасын, Бас Прокурорын, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Төрағасын тағайындауына келісім беру;»;

2) 3) тармақша «судьяларын» деген сөзден кейін «, Қазақстан Республикасындағы Адам құқықтары жөніндегі уәкілді» деген сөздермен толықтырылсын.

  1. 56-баптың 1-тармағында:

1) 1) тармақшадағы «және осы жобаларды қарау» деген сөздер алып тасталсын;

2) мынадай мазмұндағы 3-1) тармақшамен толықтырылсын:

«3-1) Жоғары аудиторлық палата Төрағасының есебін жылына екі рет тыңдау;».

  1. 57-баптың 1) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:

«1) Конституциялық Соттың үш судьясын қызметке тағайындайды; Орталық сайлау комис­сиясының екі мүшесін, Жоғары аудиторлық палатаның үш мүшесін бес жыл мерзімге қызметке тағайындайды;».

  1. 58-баптың 3-тармағының 7) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:

«7) Палаталарға Конституциялық Соттың судьялары, Орталық сайлау комиссиясының, Жоғары аудиторлық палатаның мүшелері қызметіне тағайын­дау үшін кандидатуралар ұсынады;».

  1. 61-бапта:

1) 2-тармақ мынадай мазмұндағы екінші бөлік­пен толықтырылсын:

«Халықтың өмірі мен денсаулығына, конститу­циялық құрылысқа, қоғамдық тәртіпті қорғауға, елдің экономикалық қауіпсіздігіне қатер төндіретін жағдайларға жедел ден қою мақсатында Республика Үкіметінің заң шығару бастамасы тәртібімен енгізілген заң жобалары Палаталардың бірлескен отырысында Парламенттің дереу қарауына жатады.»;

2) 3-тармақ мынадай мазмұндағы үшінші бөлікпен толықтырылсын:

«Осы баптың 2-тармағының екінші бөлігінде көзделген заң жобалары Парламентке енгізілген жағ­дайда, Республика Үкіметі осы тармақтың бірінші бөлігінде көрсетілген мәселелер бойынша заң күші бар уақытша нормативтік құқықтық актілер қабылдауға өзінің жауапкершілігімен хақылы, олар Парламент қабылдаған заңдар күші­не енгенге дейін немесе Парламент заңдарды қабыл­дамағанға дейін қолданыста болады.»;

3) 4 және 5-тармақтар мынадай редакцияда жазылсын:

«4. Мәжіліс депутаттары жалпы санының көпші­лік даусымен қабылданған заң Сенатқа беріледі, ол онда алпыс күннен асырылмай қаралады.

Мәжіліс заң жобасын депутаттардың жалпы санының көпшілік даусымен тұтастай қабылдамауға хақылы. Бас тартылған заң жобасы қабылданбады деп есептеледі және бастамашыға қайтарылады.

Сенат депутаттары жалпы санының көпшілік даусымен мақұлданған заң он күннің ішінде Президенттің қол қоюына беріледі. Егер Сенат заңды тұтастай немесе оның жекелеген баптарын мақұлдамаса, онда заң Мәжіліске қайтарылады. Бұл ретте Сенат Мәжіліске заңның жекелеген баптарының редакциясын ұсынуға құқылы.

Егер Сенат алпыс күннің ішінде тиісті шешім қабылдамаған жағдайда, заң Президенттің қол қоюына беріледі.

  1. Егер Мәжіліс заңның жекелеген баптарының Сенат ұсынған редакциясына депутаттардың жалпы санының көпшілік даусымен келіссе, Мәжіліс заңды жаңа редакцияда қабылдаған және Сенат мақұлдаған болып есептеледі және он күннің ішінде Президенттің қол қоюына беріледі.

Егер Мәжіліс заңның жекелеген баптарының Сенат ұсынған редакциясына сол көпшілік дауыс­пен қарсылық білдірсе, сондай-ақ егер Сенат заң­ды тұтастай мақұлдамаған жағдайда, Палаталар ара­сындағы келіспеушіліктер келісу рәсімдері арқылы шешіледі.

Заңның келісу комиссиясы тұжырымдаған редак­циясы осы баптың 4-тармағында белгілен­ген тәртіппен Мәжілістің және Сенаттың қарауына жатады.

Мәжіліс келісу комиссиясы ұсынған редакция­дағы заңды Палата депутаттары жалпы санының көпшілік даусымен қабылдамаған жағдайларда, Мәжіліс бұрын қабылданған редакциядағы заң бо­йын­­ша қайтадан дауысқа салуды жүргізеді.

Егер қайтадан дауысқа салу кезінде Мәжіліс Палата депутаттары жалпы санының үштен екісінің көпшілік даусымен бұрын қабылданған шешімді бекітсе, заң он күннің ішінде Президенттің қол қоюына беріледі.

Егер заң Мәжіліс депутаттарының көрсетілген көпшілік даусын алмаса, заң қабылданбады деп есептеледі және бастамашыға қайтарылады.»;

4) 5-1-тармақ алып тасталсын.

  1. 62-бапта:

1) 5-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

«5. Егер Конституцияда өзгеше көзделмесе, Па­латалар депутаттарының жалпы санының көпші­лік даусымен заңдарды Мәжіліс қабылдайды, Сенат мақұлдайды.

Егер Конституцияда өзгеше көзделмесе, Пар­ла­менттің және оның Палаталарының қаулыла­ры Палата депутаттары жалпы санының көпшілік
дау­сы­­мен қабылданады.»;

2) 6-тармақ «бойынша» деген сөзден кейін
«, конс­титуциялық заңдардың жобалары бойынша» деген сөздермен толықтырылсын.

  1. VI бөлімнің тақырыбындағы «Кеңес» деген сөз «Сот» деген сөзбен ауыстырылсын.
  2. 71-бап мынадай редакцияда жазылсын:

«71-бап

  1. Қазақстан Республикасының Конституциялық Соты Төрағаны қоса алғанда, он бір судьядан тұра­ды, олардың өкілеттігі алты жылға созылады.

Бір адам Конституциялық Соттың судьясы болып қатарынан екі реттен артық тағайындала алмайды.

  1. Конституциялық Соттың Төрағасын Парла­мент Сенатының келісімімен Республиканың Президенті тағайындайды.
  2. Конституциялық Соттың төрт судьясын – Республика Президенті, Конституциялық Соттың үш-үш судьясын тиісінше Сенат пен Мәжіліс тағайындайды.

Республика Президенті Конституциялық Сот Төрағасының ұсынуымен Конституциялық Сот Төрағасының орынбасарын Конституциялық Сот судьяларының арасынан тағайындайды.

  1. Конституциялық Соттың судьясы қызметі депутаттық мандатпен, оқытушылық, ғылыми немесе өзге шығармашылық қызметтен басқа, өзге де ақы төленетін қызметтерді атқарумен, кәсіпкерлік қызметті жүзеге асырумен, коммерциялық ұйымның басшы органының немесе байқаушы кеңесінің құрамына кірумен сыйыспайды.
  2. Конституциялық Соттың судьяларын өзде­рінің өкілеттігі мерзімі ішінде тұтқынға алуға, күштеп әкелуге, оған сот тәртібімен белгіленетін әкімшілік жазалау шараларын қолдануға, қылмыс үстінде ұсталған немесе ауыр қылмыстар жасаған реттерді қоспағанда, Парламенттің келісімінсіз қылмыстық жауапқа тартуға болмайды.
  3. Конституциялық Соттың ұйымдастырылуы мен қызметі конституциялық заңмен реттеледі.».
  4. 72-бапта:

1) 1 және 2-тармақтардағы «Кеңес» деген сөз «Сот» деген сөзбен ауыстырылсын;

2) мынадай мазмұндағы 3, 4 және 5-тармақтар­мен толықтырылсын:

«3. Конституциялық Сот азаматтардың Консти­туцияда бекітілген құқықтары мен бостандықтарын тікелей қозғайтын Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық актілерінің Республика Конституциясына сәйкестігін олардың өтініштері бойынша қарайды.

Азаматтардың Конституциялық Сотқа жүгіну тәртібі мен шарттары конституциялық заңда айқын­далады.

  1. Конституциялық Сот осы баптың 1-тар­ма­ғының 3) және 4) тармақшаларында көрсетілген мәселелерді, сондай-ақ Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық актілерінің Республика Конституциясына сәйкестігін Республика Бас Про­ку­рорының өтініштері бойынша қарайды.
  2. Конституциялық Сот Конституцияда бекі­тіл­ген адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтарын қозғайтын нормативтік құқық­тық актілердің Республика Конституциясына сәйкестігін Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің өтініші бойынша қарайды.».
  3. 73-бапта:

1) 1 және 2-тармақтардағы «Кеңеске» деген сөз «Сотқа» деген сөзбен ауыстырылсын;

2) 3-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

«3. Конституциялық Сот өз шешімін конститу­циялық заңда белгіленген мерзімдерде шығарады.».

  1. 74-бапта:

1) 2-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

«2. Конституциялық Сот шешім қабылдаған күннен немесе ол белгілеген күннен бастап конс­титуциялық емес деп танылған, оның ішінде адамның және азаматтың Конституцияда баянды етілген құқықтары мен бостандықтарына нұқсан келтіреді деп танылған заңдар мен өзге де құқықтық актілердің, олардың жекелеген ережелерінің күші жойылады және қолданылуға жатпайды.»;

2) 3-тармақтағы «Кеңестің» деген сөз «Соттың» деген сөзбен ауыстырылсын.

  1. VII бөлімнің тақырыбы мынадай редакция­да жазылсын:

«VII бөлім

Соттар және сот төрелiгi. Прокуратура. Адам құқықтары жөніндегі уәкіл».

  1. 78-баптағы «Кеңеске» деген сөз «Сотқа» деген сөзбен ауыстырылсын.
  2. 82-баптың 4 және 5-тармақтары мынадай редакцияда жазылсын:

«4. Жоғары Сот Кеңесінің Төрағасын Респуб­лика Президенті Парламент Сенатының келісімі­мен таға­­йын­дайды.

  1. Жоғары Сот Кеңесінің мәртебесі, құрамын қалыптастыру тәртібі және жұмысын ұйымдастыру заңда айқындалады.».
  2. 83-баптың 4-тармағындағы «заңмен» деген сөздер «конституциялық заңда» деген сөздермен ауыстырылсын.
  3. Мынадай мазмұндағы 83-1-баппен толықты­рылсын:

«83-1-бап

  1. Қазақстан Республикасындағы Адам құқық­тары жөніндегі уәкіл адам мен азаматтың бұзылған құқықтары мен бостандықтарын қалпына келтіруге жәрдемдеседі, адам мен азаматтың құқықтары мен бостандықтарын ілгерілетуге ықпал етеді.
  2. Адам құқықтары жөніндегі уәкіл өз өкілет­тіктерін жүзеге асыру кезінде тәуелсіз болады және мемлекеттік органдар мен лауазымды адамдарға есеп бермейді.
  3. Қылмыс орнында ұстап алынған немесе ауыр қылмыстар жасаған жағдайлардан басқа кезде, Адам құқықтары жөніндегі уәкілді өз өкілеттігінің мерзімі ішінде тұтқынға алуға, күштеп әкелуге, оған сот тәртібімен белгіленетін әкімшілік жазалау шараларын қолдануға, Сенаттың келісімінсіз қылмыстық жауаптылыққа тартуға болмайды.
  4. Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің құқық­тық жағдайы және қызметін ұйымдастыру конституциялық заңда айқындалады.».
  5. 87-бапта:

1) 4-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

«4. Облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың әкімдерін тиісінше облыстың аумағында орналасқан мәслихаттар депутаттарының немесе республикалық маңызы бар қалалардың және астананың мәслихаттары депутаттарының келісімімен Республика Прези­денті қызметке тағайындайды.

Республика Президенті дауыс беру жүргізілетін кемінде екі кандидатураны ұсынады. Дауыс беруге қатысқан мәслихат депутаттарының көп дауысын алған кандидат олардың келісімін алды деп есептеледі.

Өзге әкімшілік-аумақтық бірліктердің әкім­дері заңда айқындалатын тәртіппен қызметке тағайындалады немесе сайланады, сондай-ақ қыз­метінен босатылады. Республика Президенті өзінің ұйғаруы бойынша облыстардың, респуб­ликалық маңызы бар қалалардың және астананың әкімдерін қызметінен босатуға құқылы.»;

2) 5-тармақтың екінші сөйлемі мынадай редакцияда жазылсын:

«Бұл жағдайда мәслихат өз депутаттарының жалпы санының көпшілік даусымен әкімге сенім­сіздік білдіруге және оны қызметінен босату жөнінде облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың әкімдеріне қатыс­ты тиісінше Республика Президентінің не өзге де әкімшілік-аумақтық бірліктердің әкімдеріне қатысты жоғары тұрған әкімнің алдына мәселе қоюға құқылы.».

  1. 88-баптың 4-тармағындағы «Президенті,» деген сөз алып тасталсын.
  2. 91-бапта:

1) 2-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

«2. Конституцияда белгiленген мемлекет­тiң тәуел­­сіздігі, Республиканың бiртұтастығы мен
ау­­мақ­­тық тұтастығы, оны басқару нысаны, Рес­­пуб­ли­ка қызметінің түбегейлі принциптері өзгер­мейді.»;

2) 3-тармақтағы «Кеңестің» деген сөз «Соттың» деген сөзбен ауыстырылсын.

  1. Мынадай мазмұндағы 99-баппен толықты­рылсын:

«99-бап

  1. Конституциялық Сот және Жоғары ау­ди­тор­лық палата құрылғанға дейін Конс­ти­туция­лық Кеңестің және Республикалық бюд­жеттің ат­қарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетінің төрағалары мен мүшелері өз өкілет­тіктерін сақ­тайды.

Конституциялық Сот құрылғанға дейін Конс­титуцияның 72-бабының 1 және 2-тармақтарында көзделген Консти­туциялық Соттың функцияларын Конституциялық Кеңес жүзеге асырады.

  1. Конституциялық Кеңестің нормативтік қау­лылары Конституцияға қайшы келмейтін бөлі­гінде оларды Конституциялық Сот қайта қара­ғанға дейін қолданылады.
  2. Қазақстан Республикасы Конституциясының Парламент Палаталарын қалыптастыру туралы ережелері сегізінші сайланған Парламент Мә­­­жі­лісі депутаттарының сайлауынан бастап қолда­нылады.».

2-бап.

  1. Қазақстан Республикасы Конституция­сының конституциялық заңдарды және заңдар­ды қабылдау тәртібін, сондай-ақ Конституция­лық Соттың қыз­метін айқындайтын ережелері 2023 жылғы 1 қаң­тардан бастап қолданысқа ен­гізіледі.

2023 жылдың 1 қаңтарына Мәжіліс мақұлдаған және Парламенттің қарауындағы заң жобалары заңдар болып есептеледі және Қазақстан Респуб­ликасы Конституциясының 61-бабында белгіленген тәртіппен қаралады.

  1. Қазақстан Республикасы Конституциясының лауазымды адамдарға өкілеттіктер берудің жаңа тәртібін белгілейтін нормалары, егер Қазақстан Республикасының Конституциясында өзгеше көзделмесе, осы лауазымды адамдардың өкілеттік мерзімінің өтуіне немесе өкілеттігінің тоқтатылуына қарай қолданысқа енгізіледі.
  2. Жоғарғы аудиторлық палатаның құрамы қалыптастырылғанға дейін Республикалық бюджет­тің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитеті Қазақстан Республикасының заңнамасында көз­делген функциялар мен өкілеттіктерді жүзеге асыруды жалғастырады.

3-бап. Осы Заң референдумның қорытындылары туралы хабарлама ресми жарияланған күнінен бас­тап, осы Заңның 2-бабының ережелері ескеріле отырып қолданысқа енгізіледі.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға