«Қазақстан темір жолын» ұлттық компанияға трансформациялау жөнінде кеңес өтті
ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша жүзеге асырылып жатқан «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ-ны ұлттық транзиттік-логистикалық компанияға трансформациялау мәселелері жөнінде кеңес өткізді, деп хабарлайды El.kz Үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
ҚТЖ басқарма төрағасы Нұрлан Сауранбаев компанияның логистика сегментінде, атап айтқанда, халықаралық транзиттік маршруттар мен өңірлік сауда хабтарын дамыту жөніндегі қызметін кеңейтетін трансформациялау жоспарын таныстырды.
ҚТЖ теміржол, авто және теңіз көлігін тарта отырып, мультимодальды тасымалдауды ұйымдастырумен, сондай-ақ терминалдар желісін дамыту нәтижесінде шетелде жүктерді жинақтау орындарында логистикалық қызмет көрсетумен айналысатын болады. Бұл трансұлттық көлік дәліздерінің дамуына, жаңа логистикалық тізбектердің қалыптасуына серпін береді және отандық бизнес үшін қосымша мүмкіндіктер ашады деп күтілуде. Сондай-ақ компания өзінің негізгі қызметінің тиімділігін жақсарту жөніндегі жұмысты жалғастырады.
Премьер-Министр ҚТЖ-ны трансформациялау тәсілдерін мақұлдап, қолданыстағы коммерциялық бағыттарға талдау жүргізуді және өңірлік сауда хабтарын дамыту мәселесін егжей-тегжейлі пысықтауды тапсырды.