Жаңалықтар

«Қазақ вальсінің» авторын еске алды

Қаладағы қоңыр кештер
26.09.2016 09:33 4834

Бүгін ҚР Ұлттық музейінде ҚазКСР Халық әртісі, даңқты композитор Латиф Хамидидің 110 жылдығына арналған «Ұйықтап жатқан жүректі ән оятар» атты еске алу кеші өтті.

«Қазақ вальсінің» авторын еске алды

Бұл шара «Тарихи тұлғалар» атты музейлік білім беру жобасының аясында ұйымдастырылды. Еске алу кешіне Қазақ ұлттық өнер университетінің докторанттары мен мектеп оқушылары, Татарстан елшілігінің өкілдері қатысты. Алдымен, оқушыларға композитордың өмірінен сыр шертетін бейнесюжет көрсетілді. Онда Латиф Хамидидің балалық шағы, музыкаға бейімділігі, ата-анасының алғашқы кезде көрсеткен қарсылығы, композитордың Алматыға келуі, Ахмет Жұбанов, Жұмат Шанин сияқты алыптармен қарым-қатынасы айтылды.

«Қазақ вальсінің» авторын еске алды

Бала Латиф кішкентайынан мандалин аспабында ойнаған екен. Алайда, әкесі оның «болашақта музыкант болам» деген ойын құптай қоймапты. Бала Латиф сонда да қоймай, әкесінен тығылып жүріп, мандалин тартады. Оның музыкаға деген ұлы махаббаты кейін ел таныған композиторға айналуына ықпал етті.

«Қазақ вальсінің» авторын еске алды

Қазақ ұлттық өнер университетінің докторанты Жадыра Құралова оқушыларға Латиф Хамидидің қазақ музыкасына қосқан үлесін баяндады. Әйгілі композитор 3 опера, көптеген камералық шығармалар мен романстар, хорлар жазып қалдырған. Ал,оның даңқты «Қазақ вальсі», «Бұлбұл» әндері жарыққа шыққан бойда-ақ күллі Кеңес одағына танылды. Қазақтың бұлбұл әншісі Күләш Байсейітова да бұл әндердің танымалдылығына үлес қосты. Аңызға айналған «Қазақ вальсін» еске алу кешінде №2 музыкалық мектептің мұғалімі Назерке Әскербекқызы шырқады.

Кешті мектеп оқушылары Латиф Хамидидің «Отаным» әнімен қорытындылады.


Айбота Өтеулі

Суреттерді түсірген - Нұрбек Әлманбетов

 

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға