Жаңалықтар

«Қазақ тілін өз ана тілімдей көремін»

«Қазақ тілін өз ана тілімдей көремін»
12.10.2020 12:43 6929

Қазақ тілі – рухани қазынамыз. Ол тек қазақ ұлтының емес, дархан Қазақстан жерінде тұрып келе жатқан басқа ұлт өкілдерінің тіліне айналған. Бұл сөзімізге Қарағанды облысы Бұқар жырау ауданы Тасшоқы мектебінің оқушысы Минара Гучигова дәлел бола алады.

«Қазақ тілін өз ана тілімдей көремін»

Оқушы қыз қазақ тілін қалай үйренгідігі турасында былай дейді:

- Біз отбасымызбен осы жерге көшіп келгелі біраз жыл болды. Мен ол кезде енді есімді біле бастағам. Ұлтым шешен болса да, қазақ ұлтына сіңіп кеттім. Басқа елге көшіп, басқа елде тұрғанымды елестете де алмаймын. Себебі, осы кішкентай ғана ауыл менің бесігім, өскен жерім. Қазақ тілін өз ана тілімдей көремін. Біріншіден, сабақ берген мұғалімдерім өте жақсы болды. Менің отбасымда ешкім қазақша сөйлемейді. Ал менің мемлекеттік тілді үйренуіме  ұстаздарым мен достарым көмектесті.

Минара сабақтан тыс уақытта қазақ тілінде кітаптар оқып, теледидардан түрлі қазақша бағдарламаларды тыңдаған.

- Соның арқасында тіл сауаттылығын жетілдіремін. Әлеуметтік желілерде де  қазақ тілді достарымның жазбаларын  оқып отырамын. Әр мереке сайын ауылдағы достарымызбен жиналып, бір-бірімізді құттықтап, ұлттық тағамдарымызды пісіріп, таныстырамыз. Наурыз мерекесі менің сүйікті мерекелерімнің бірі. Құрбан айт мерекесінде де, наурыз мерекесінде де бірге тойлап, айттап жүреміз. Қазақ ауылында туып-өскендіктен қазақ халқының ұлттық тағамдарын дайындауды жақсы үйрендім. Маған қазақтың еті, ал ауыл тұрғындарына біздің шешеннің ұлттық тағамы галушкиіміз ұнайды. Шын мәнінде біз бір шаңырақ астындағы үлкен отбасы сияқтымыз.

Қазақ тілін жетік меңгерген Минара мектепте қазақтың ұлттық киімін киетінін айтады. Ал Бірлік күнінде, тағы да ұлттар достығына арналған мейрамдарда өз ұлттық киімін киіп би билеп, ән салады екен.

- Оны көріп көп адамдар үлкен қызығушылық танытады. Негізі, қазақ ұлты мен шешен халқының ұлттық киімдері өте ұқсас сияқты. Екеуінде де көйлек тізеден төмен, жеңі ұзын болып келеді. Қазақ қыздары да шаштарын көрсетпей, сәукеле, орамал таққан ғой.

Ол қазақ тілін меңгеріп, көптеген шараларда белсенділік танытып жүргеніне ата-анамның қолдауы мен демеуі себепкер дегенді алға тартады.

- Маған үнемі үлкен қолдау көрсететін ата - анам. Анамның жылы сөздерінен өзіме сенімділігім артып, жаңа белестерді бағындырамын. Анам маған іс тігуді үйретті. Бүгінде ұлттық киімдерді бірге тігіп жүрміз. Ал атам керегімнің барлығын алып береді. Қалада, аудан орталығында өтетін сайыстарға апарып, қолдаушым болып жүреді. Кейде қиналатын сәттерде жігерлендіріп, алға ұмытылуыма дем береді. Маған олар керемет ерекше Минара деген есім берді. Қазақта да Мінара деген есім бар ғой. Бұл менің Минара деген есіміммен егіз деп ойлаймын. Көп адамдар мағынасын сұрап жатады. Ол нұр төгетін, жарық, сәуле деген мағынаны береді.

«Өз болашағымды шығармашылықпен байланыстырғым келеді» дейді талантты қыз.

- Маған өлең оқып, ән айтқан ұнайды. Қазіргі уақыттан бастап жаныма жақын болған өлең оқулары жарыстарына жиі қатысамын. Бұқар Жырау Қалқаманұлының оқуларында бас жүлдені алдым. Үлкен дода болды. Ылғи шетінен өнерлі, суырып салма ақын, жыршы замандастарымды кездестірдім. Байқауда арнайы өзге ұлт өкілдері қатысатын «Әлемді түгел көрсе де» деген сайыс болды. Онда жыраудың бірнеше өлеңін өз тіліңде, қазақ тілінде оқуың керек. Сол сайыста бағым жанып, жүлдегер болдым. Бас жүлдені табыстауға шақырған кезде қалай орнымнан тұрып кеткенімді өзім де байқамай қалдым (күледі).

Осы жүлде Минараның отбасына, ата-анасына үлкен қуаныш әкелген. Алдағы уақыттарда да өз жеңістеріммен жанұяма шаттық сыйла бергім келеді дейді ол.

- Адам баласының бақытты болуы үшін ата-анасының амандығы мен денінің саулығы, бейбіт өмір маңызды деп ойлаймын. Қазір біз бейбітшілік уақытында өмір сүреміз. Ешқандай соғыс, ашаршылық, қуғын-сүргін жоқ. Қазақстанымыз жыл санап дамып келеді. Қаншама ұлтты бауырына басып, кеңпейілдік танытқан қазақ халқы менің ең жақыным. Оны үнемі үйде де ата-анамыз, туыстарымыз айтып отырады. Ішерге асымыз, киерге киіміміз түгел, тегін оқып-білім аламыз. Осындай бізге берілген бақытты бағалау керек деп ойлаймын. Себебі, әлемде ашаршылықтан қиналып, жоқшылық азабын тартып жатқан қаншама елдер бар. Сондықтан да, мен үшін ең бастысы- бейбіт өмір мен ашық аспан.

Біз өз кезегімізде Минараның болашағы жарқын болуына шын жүректен тілек білдіреміз!

(Сурет автордікі)

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға