Жаңалықтар

«Қазақ Инженерлік-Техникалық Академиясының» ректоры Талғат Игіліков мамандық таңдаудағы ойымен бөлісті

Қай кезде болмасын, оқуын енді тәмамдаған жас мамандардың жұмысқа орналасуы өзекті мәселелердің бірі болып қалады емес пе?
21.08.2015 11:05 9967

Қай кезде болмасын, оқуын енді тәмамдаған жас мамандардың жұмысқа орналасуы өзекті мәселелердің бірі болып қалады емес пе? Бас құрылтайшысы құрылыс компаниялары болып табылатын Қазақ Инеженрлік-Техникалық академиясы өз түлектерін 100 пайыз жұмысқа орналастыруға кепілдік береді екен. Бұнымен қоса, Академия биылғы ҰБТ-да «Алтын белгіні» ақтаған, алайда грантқа іліге алмай қалған 39 түлекке ректорлық грант ұсынды. Осындай батыл қадамдарға барып отырған оқу ордасының ректоры Талғат Садуақасұлымен сұхабаттасу сәті түсті.

«Қазақ Инженерлік-Техникалық Академиясының» ректоры Талғат Игіліков мамандық таңдаудағы ойымен бөлісті

Ел: Талғат Садуақасұлы, Қазақстанда инженер мамандарын даярлайтын оқу орындары бар. Олардан академияның айырмашылығы неде?

Талғат Игіліков: Қазақ инженерлік-техникалық академиясының аясы тар, дәлірек айтқанда біз бейінді жоғары оқу орны болып есептелеміз. Біздің бейініз – құрылыс, яғни құрылыс компанияларына мамандар даярлаймыз. Әрине, кез келген компанияға, мекемеге қаржыгерлер қажет. Сондықтан, академияның негізгі міндеті құрылыс саласына бағдарланған экономист, есепші, аудитор мамандарын әзірлеу. Әрі қарай, біз сәулетші, дизайнер, ақпараттық жүйелер, геодезия және картография, құрылыс инженері, құрылыс материалдарының инженері, электр энергетикасы сынды мамандықтарға оқытамыз. Мысалы, құрылыс туралы айтатын болсақ, электр энергиясы немесе жылу энергиясысыз ғимарат болмайтынын білесіздер. Сол себепті, бұл мамандықтар біздің бейінімзді қамтиды.

Ел: Академия 39 грантқа ілікпеген «Алтын белгі» иелеріне ректорлық грант ұсынған екен. Осы жөнінде толығырақ айта кетсеңіз?

Талғат Игіліков: Мен бұны келеңсіз жағдай деп есептемеймін. Олар грант аз бөлінетін беделді мамандықтарға тапсырған. Өзара таласқа түскен кезде, гранттың жетпей қалуы қалыпты жағдай. Осыны естіген кезде біз түлектерге және мемлекетке көмектесейік деп шештік. Шынында, біз өзіміз көмектесе алатын болсақ та, біреуден көмек күтіп тұрамыз. Қарапайым мысал ретінде қала көшелерін тазалауды алайық. Ол үшін бізге ақша төлеу міндетті емес қой, ол біздің азаматтық борышымыз. Сол сияқты біз ректорлық гранттарымызды ұсыну арқылы, оқуға түсе алмай қалған түлектерге, министрлікке көмектескіміз келді. Оның үстіне бұл жай балалар емес, олар өз білімдерін дәлелдеген дарынды балалар. Өйткені, «Алтын белгіні» алу үшін бірнеше сатылардан өтіп, ҰБТ-да алған білімдерін дәлелдеуі керек қой. Яғни, бұл балалар аталған сыннан сүрінбей өтіп, өз білімдерін қорғаған түлектер. Бұндай балалар әдетте білімге құмар, тәртіпке берік болып келеді. Олар өзге студенттерде үлгі бола алады. Бізге осындай балалар қажет. Тағы бір нәрсе айтып кетейін, жоғары оқу орны мен студент арасындағы байланыс ешқашан аяқталмайды. Ол төрт жылдық бакалаврмен немесе екі жылдық магистратурамен шектеліп қалмайды. Біз қашан да сол университеттің түлегі болып қаламыз. Алдағы қызметте де сіздің қай оқу орнын тәмамдағаныңыз айтылып жүреді. Бұл жерде екі жақты байланыс бар. Біздің түлектер жоғары белестерді бағындырып жатса, ол кейінгі студенттер үшін үлгі болады. Сол кезде біз «Қараңдаршы, кезінде олар да сендер сияқты осы жерде оқыған болатын. Сендердің де сондай мүмкіндіктерің бар», деп айтатын боламыз.

Ел: Жоғарыда айтылып кеткен «алтын белгі» иелерінің барлығы техникалық саланы таңдады деп айта алмаймыз. Сонда, гуманитарлық не басқа да саланы таңдаған түлектерге қандай ұсыныс бар?

Талғат Игіліков: Әркім өз құзіреті шеңберінде жұмыс істейді. Сондықтан, біз оларға тек өзімізде бар мамандықтарды ұсына аламыз. Егер түлек бізде жоқ мамандықты таңдаса, біз оларға ешқалай көмектесе алмаймыз. Ал, біздегі бар мамандықтарды таңдаса академияның ректорлық грантына ие бола алады.

Ел: «Ректорлық грант» алушыларға жатақхана беріле ме, шәкіртақы жағы қалай?

Талғат Игіліков: Сұрағыңыз орынды. Әрине, ол түлектерге жатақхана берілетін болады, шәкіртақы да төленеді. Неге десеңіз, егер олар грантқа түскен жағдайда осы артықшылықтарды қолдана алатын еді. Сондықтан, біз мемлекеттік гранттың шарттарына барынша сәйкес келетін жағдай жасағымыз келді.

Ел: Түлектерді 100% жұмысқа орналастыру жайында кепілдік бар. Қалайша?

Талғат Игіліков: 2014 жылы желтоқсанда Академияның құрылтайшылары ауысып, сол кезде басшылық та, академияның бағыт-бағдары мен ішкі саясаты да түбегейлі өзгерді. Қазіргі таңда Инженерлік-техникалық академияның құрылтайшылары Қазақстанның беделді құрылыс компаниялары. Былайша айтқанда, олар өздеріне болашақ мамандар даярлап жатыр деуге болады. Сол себепті, біздің түлектеріміз осы компанияларға жұмысқа орналаса алады, егер қаламаса онда өздігінен басқа жерлерге орналасуларына болады. Өздеріне мамандар даярлап жатқандықтан бұл жердегі білім сапасы жоғары және алдағы уақытта Академияның жаңа корпусы салынады, кеңейеді  деген жоспарлар бар.

Ел: Шетелдік университеттермен әріптестік бойынша келісім-шарттар бар ма?

Талғат Игіліков: Қазіргі таңда «екі диплом» әдісін қолданбаймыз. Бізге алдымен уақыт қажет. Бренд ретінде, сапалы білім ордасы ретінде қалыптасу үшін, өз бейінімізді таныту үшін шамамен 2-3 жылдай уақыт керек. Егер қазір асығыстықпен, шетелдіктердің ішіндегі әлсіз оқу орнымен ынтымақтасу меморандумына отыратын болсақ, көздеп отырған сапаны ақтай алмаймыз. Егер мықты оқу орнымен келісім шарт жасасатын болсақ, олардың брендтері бізге қысым түсіреді де, нәтижесінде біз дами алмай қаламыз. Сондықтан, алдымен өзіміз аяғымыздан тік тұрып кетуіміз қажет. Одан бөлек, «академиялық мобильділік» деген бар. Біз өз студенттерімізді шетелдік оқу орындарына, ол өз студенттерін бізге жібере алады. Біз осыған ұмтыламыз, ол біздің жоспарымызда. Бірақ біз үшін ең бастысы, сапалы білім беретін мықты бейінді жоғары оқу орны ретінде қалыптасу.

Ел: Академияның білім берудегі басты ұстанымы қандай?

Талғат Игіліков: Біз осыған дейін болған құндылықтарды өзгерткіміз келеді. Оқу үдерісінің негізіне жаңа ұғымдарды, атап айтқанда: сыни тұрғыдан ойлау, тәжірибелік дағдылар, апқаратты дұрыс іздей білу, мамандар даярлайтын салада білікті болу, яғни өз саласын терең білу деген сынды ұғымдарды енгіземіз. Әрине, ең бастысы – біздің түлек алғашқы жұмыс күнінен бастап білікті әрі кәсіби маман болуы керек. Сондықтан, біздің алдымызда тұрған міндет, біз жіті назар аударатын нәрсе ол – өндірістік тәжірибе, студенттеріміздің өндірістік дағдылары.  Әрине, теория маңызды, дегенмен, техникалық бағыт үшін тәжірибенің рөлі зор.

Ел: Осы Академияда оқуға шешім қабылдағандар не нәрсені ұтады, не нәрседен ұтылады?

Талғат Игіліков: Білесіз бе, жетістікке жету немесе даму әр адамның өзіне байланысты. Оның мақсатына, еңбекқорлығына деген сияқты. Біз соған мүмкіндіктер ұсынамыз, жағдай туғызамыз. Біздің міндетіміз жағдай жасау, ал олардың міндеті олар өзі нені қалайтынын біліп, сол жолда еңбек ету. Ал, енді олар "мемлекеттік емес жеке жоғары оқу орнының диполмын" алады дегенге келетін болсақ, шын мәнісінде, барлық ЖОО-лар мемлекеттік үлгідегі диплом береді. Сондықтан, мемлекеттік үлгідегі диплом алады деген фактінің өзі барлық ЖОО-ларды теңестіреді. Біз уақыты келгенде әр университет өз үлгісіндегі диплом береді деп үміттенеміз. Сол кезде ЖОО-ның беделі рөл атқаратын болады. Алайда қазіргі таңда жағдай өзгеше. Сондықан олар неден ұтылады, не ұтады деген сауалға жауап беру қиындау.

Ел: Айталық, осыдан 40-50 жылдан кейін Академия қандай болады, қалай деп елестетесіз?

Талғат Игіліков: Жақсы сұрақ. Қырық жыл жоғары оқу орны үшін аз да емес, көп те емес. Кез келген жетіктік ол – экспансия. Ал экспансия дегеніміз, даму және өзгелердің аумағын жаулау. Қырық жылдан кейін, біздің академия тек Қазақстан бойынша емес, Орталық Азия масштабында танымал, яғни қырық жылдан кейін біздің академия Қазастан аумағынан кеңірек территорияда танымал брендке айналады деп үміттенеміз. Ол енді қазіргі және болашақ басшылықтың алға қоятын мақсатына байланысты. Біз қазір сол салада жұмыс істеп жатырмыз. Бізден кейін де жоғары мақсаттар қойылып, жұмыс істелінеді деп сенеміз.

Ел:  Ұстаздарға қандай талаптар қоясыз?

Талғат Игіліков: Әрине, олардың өз пәндерін беске білуі маңызды. Бұған қоса, техникалық салада тәжірибе жүзіндегі білім де аса маңызды. Техникалық мамандықты теориямен түсіндіру қиын, сол себепті дүние жүзі бойынша техникалық мамандықтарға дуалды білім беру әдісі қолданылады. Сондықтан, біз ұстаздарымыздан теориялық та, тәжірибелік те білімнің болуын талап етеміз. Одан кейін, тағы бір маңызды аспект студентті білім алуға шабыттандыра білу қажет. Егер баланың оқуға деген талпынысы болмаса, оның алдына жүз мұғалім әкеп қойсаңыз да нәтиже болмайды, деп Ленин айтып кеткендей, баланың оқуға деген қызығушылығы болуы керек. Осы себепті, ұстаз сабақты жүргізген кезде, студенттің қызығушылығын оята білуі маңызды.

Ел: Осы жерде айтылмай қалды, бірақ айтып өтер едіңіз?

Талғат Игіліков: Егер сіздің оқырмандарыңыз оқушылар болса, мен оларға мамандықты ақылға емес, жүрекке сеніп таңдауға кеңес берер едім. Өйткені, бірінші оқу орнын таңдарда олар көбіне өзі үшін беделді адамның әсерімен таңдайды. Ол ата-анасы, достары болуы мүмкін, не болмаса сол кезде беделді болып саналатын мамандықтарды, бірақ ол өз қалаулары емес. Олар көп жағдайда оқуын тәмамдаған соң өмірде өз орнын таба алмай жүреді. Өйткені олар істейтін жұмыс, жүрегіне жақын емес. Сол себепті барлық түлектер үшін ең маңыздысы мамандық таңдарда олар өздері қызығатын, шабыттандыратын бағытты таңдауда. Сонда олардың жұмысы тек материалдық қана емес, моральді, рухани азық болар еді. Егер олар өз қызығушылығы мен өзінің мықты тұстары бойынша мамандық таңдайтын болса, жұмыс олар үшін хобби болар еді. Бұл да жетістікке жетудің бірден бір кепілі.

Ел: Сұхбатыңызға рахмет!

Құрылғанына небәрі 7 жыл толған Қазақ Инженерлік-Техникалық Академиясы – бүгінгі таңда Қазақстан бойынша инженер-техник мамандарын даярлайтын жалғыз академия. Өз саласының білікті мамандары дәріс беретін аталмыш оқу ордасы жыл санап Қазақстанның білім беру жүйесінде өз орнын айқындай түсуде. Білікті басшысы бар академия "қазақстандық брендті" танытанын сауатты мамандар даярлайды деп сенеміз.

Сұхбаттасқан – Қаламқас Нұрмақова

 

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға