Жаңалықтар

«Қазақ елі» жыл соңында жарыққа шығады

Қазақ киносы
11.07.2016 07:12 7086

«Қазақ хандығы» («Қазақ елі») фильмі көрермендерге желтоқсан айында жол тартады. Бұл туралы Tengrinews.kz сайты хабарлады.

«Қазақ елі» жыл соңында жарыққа шығады

Тарихи көпсериялы көркем фильмнің түсірілім жұмыстары өткен жылы аяқталды. Ал, қазір «Қазақфильм» киностудиясының аумағында құрылған декорацияларда туындының кинонұсқасына қажетті қосымша түсірілімдер жүріп жатыр. Сонымен қатар, қазір түсірілім тобы фильмнің монтажы мен компьютерлік графикасын жасауға кірісіп кетті. Фильмге республикалық бюджеттен 1 475 205 теңге бөлінген. Мұның алдында жобаның продюсері Арман Әсенов сериалдың бюджеті сценарийді қысқартқан күннің өзінде 2 миллиард теңге болатынын айтқан еді.

«Қазақ елі» жыл соңында жарыққа шығады

Өткен жылдың қарашасында түсірілім жұмыстары Алматы облысындағы Шошанай ауылында өтті. Көші-қон көрінісін түсіруге 200 адам, 150 жылқы, 10 түйе қатыстырылған. Одан кейін түсірілім Қапшағай мен «Қазақфильмде» жалғасты. Фильмдегі басты рөлдерде Еркебұлан Дайыров (Жәнібек), Қайрат Кемалов (Керей), Аян Өтепбергенов (Бұрындық), Мейірғат Амангелдин (Қасым), Бекболат Тілеухан (Қазтуған), Досхан Жолжақсынов, Димаш Ахымов, Шұғыла Сапарғалиқызы (Керейдің әйелі), Мәдина Есмановалар (Жәнібектің әйелі) ойнайды.

«Қазақ елі» жыл соңында жарыққа шығады

Түсірілім тобындағы мамандардың айтуынша, фильмнің дубляжы мен кинонұсқадағы музыканы жаздыруға (симфониялық оркестрдің көмегімен) демеушілердің қаржысы жұмсалмақ. Сондай-ақ, жобаның қаржыландырылуына кез келген азамат фильмнің сайтына кіріп, краудфандинг арқылы өз үлесін қоса алады. Дәл қазір көрермендердің көмегімен 101 296 114 теңге жиналған.

«Қазақ елі» жыл соңында жарыққа шығады

Қаржы мәселесіндегі қиындықтарды фильмнің режиссері Рүстем Әбдіраш түсірілім жұмыстары басталмай тұрып берген сұхбатында да атап өткен еді:

«Қазақ елі» жобасына ел болып атсалыссақ деймін. Дағдарыс кезеңінде осындай үлкен жоба мойнымызға жүктелді. Бөлінген қаражат аздау болып отыр. Ал, тарихи картинаға көп қаражат керек екенін өзіңіз де жақсы білесіз. Қалталы кәсіпкерлеріміз бен меценаттарымыз игі іске өз үлестерін қосса жақсы болар еді. Өзіміздің төл тарихымызды бір реттеп алатын сәт туып тұр. Елдігімізді осындайда көрсетпесек, қашан көрсетеміз?!».

Сонымен қатар, режиссер жобаның айналасында болған дау-дамайды да сөз еткен болатын:

«Шынын айту керек, «Қазақ елі» жобасының айналасында тайталас жүріп жатыр. Көптеген ағаларымыз «бұл тақырыпты менен артық ешкім білмейді, менен асырып ешкім түсіре алмайды, менің жасым үлкен, жолым үлкен» деп әлі де таласып отырған жайы бар. Мен олардың ешқайсысының мәртебесіне тиген жоқпын. Қазір жасым қырық беске келді, көреалмаушылық, орынды-орынсыз сын деген нәрселермен бұрыннан жақсы таныспын. Өзім кейде «қазақтар екі мамандықты жақсы меңгерген» деп қалжыңдаймын. Біріншісі, біз кез келген саланы жетер жеріне жеткізіп сынай аламыз. Сондықтан, сыншының дипломы бізге туа салысымен берілуі тиіс (күлді). Екіншісі, біз спортта жанкүйер болудың шеберіміз. Өзге ұлт өкілдері түрлі додаларда еліміздің намысын қорғап, байрағымызды желбіретіп жатқанда, біз тек жанкүйерлікпен шектелмей, өзіміздің қаракөздерімізді де спортқа баулуымыз қажет деп ойлаймын».


Әзірлеген – Роза СЕКСЕНБАЙҚЫЗЫ

Суреттер qazaqeli550.kz/ сайтынан алынды

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға