Жаңалықтар

Қазақ баспасөзінің тұңғыш қарлығашы

«Түркістан уалаяты» газетіне 150 жыл
Қазақ баспасөзінің тұңғыш қарлығашы
01.06.2020 23:28 7309

Қазақ баспасөзінің тұңғыш қарлығашы «Түркістан уалаяты газетінің» шыққанына биыл тұп-тура 150 жыл толып отыр. Газеттің ең алғашқы редакторы шығыстану ғылымының негізін салушылардың бірі Ш.М.Ибрагимов еді. Газет таралымы екі жүз-екі жүз елу мыңды құрады. 1870 жылы алғашқы саны жарық көрген «Түркістан уалаяты» газетінің негізгі мақсаты қарапайым қазақтарға патша жарлығын түсіндіру болды. Остроумов өзбек бөліміне редактор болып келгеннен кейін газеттің жалпы структурасына өзгерістер енгізілді. Бұрын тек ресми ақпарат тарататын болса, ендігі кезекте жергілікті халықтың тұрмыс-тіршілігін баяндайтын мақалалар да шығарылатын бейресми бөлім ашылды. Осылайша газеттің жалпы ауқымы кеңейіп, ел арасындағы танымалдығы арта түсті. Себебі одан бұрын тек қана бұйрықтар ғана жарияланып тұрғандықтан, елге қатты танымал болмаған еді. Одан кейін бейресми бөлім ашылып, ол жерде елді ағартушылыққа шақыратын мақалалар жарық көрді.

«Түркістан уалаяты» газетінің алғаш мерзімді баспасөз болып құрылғандағы негізгі мақсаты – патшаның үкімдері мен бұйрықтарын жергілікті халыққа түсіндіру әрі саяси қуатын осы өлкеде арттыру міндетінде зерттеу мақалаларын жариялап тұру еді. Жалпы алғанда газеттің ресми бөліміндегі мақалаларды екі топқа бөліп қарастыруға болады. Бірінші топ – саяси бағытта жазылған мақалалар. Оның ішінде ел ішінде болып жатқан саяси жағдайлар, елдің мәселесі, жердің дауы, тарихи мақалалар, сонымен қатар патшалық Ресейдің сыртқы саясаты, сыртта жүргізіп жатқан саяси күресері туралы мақалар жарияланып тұрды.

9fed9176-a3e5-4476-bdfe-0610d61569d7.jpg

Ресми бөлімнің екінші тармағы патшаның үкімдері мен генерал-губернатордың жергілікті халыққа, шаруашылыққа арнап шығарылған бұйрықтарынан тұрды.

Патшалық үкіметтің қазақ даласына капиталистік қоғамды орнату жолындағы басты қадамдардың бірі – мерізімді баспасөз беттерін ашып сол арқылы ұлы Ресей империясының идеологиясын халыққа сіңіру. Осы мақсатта ресми бөлімде жарияланған мақалалардың бір тобы Ресейдің сол кездегі сыртқы саяси мәселелері туралы болды. Сөзімізге дәйек ретінде 1877 жылы «Түркістан уалаяты» газетінің нөмірі үшінші санында жарық көрген 1877-1878 жылдар аралығында болған елеулі оқиған орыс-түрік соғысы жайындағы мақала. Сол кезде «Ресейдің түріктермен соғысы», «Ресей әскерлерінің түрік қолдарын» жеңуі деген атпен тұрақы түрде мақалалар жарияланып тұрды. Жалпы алғанда осы мақалалардың негізгі түп төркінінің өзі жергілікті қазақтарға патшалық Ресейдің күш қуатын көрсету мақсатын көздеді. Дегенмен, сол кезде Ресейдің түріктермен соғысы кезінде Ресейді қолдамай керісінше Түркияға жақтас болуға шақырған пантүркистік көзқарастар да кездесіп қалып жатты. Мысал ретінде айтсақ, сол кезеңде Ташкенттік Молдахмет деген азаматы адамдар көп жиналған жерде «түрік жолына садақа беріңдер» деп үгіт насихат жүргізген көрінеді. Сол кезде жиналған қауым «Өзге жұрттың патшасы үшін құдайы беруге жол жоқ. Бұл патшамызға қарсылық болады. Сондықтан түрік жолында құдайы бере алмаймыз деп жиналып отырғандар орнынан тұрып кетіпті» деп газетке біреу мақала жазыпты.

Қазақ мерізімді баспасөзінің тұңғыш қарлығашы саналатын, алғашқы ағартушылық мақалалар жарияланып, елдің саяси, мәдени сауатының артуына қызмет қылған ол – «Түркістан уалаятының газеті».

«Түркістан уалаяты» газеті жарық көре бастағаннан бастап қазақ жерінде мәдениет пен әдебиеттің жаңа бір кезеңі басталды деуге болады. Кез келеген жұрттың әдебиеті мен мәдениетінің қалыптасуындағы баспасөздің рөлі ерекше. Сөзге арқау болып отырған газеттің сол кезеңдердегі қазақтың Майлықожадан бергі жырауларының жыр-дастандарын жариялауы, енді ғана қалыптасып келе жатқан жазба әдебиетімізге қосқан зор үлес болды. Газет басылып шыққанға дейін көршілес қалаларда бірнеше әдеби шығармалар басылып шыққаны белгілі. Дегенмен, осы газеттің баспадан басылып шығуы кезеңінде тағы бір әдебиетке серпіліс әкелді. Бастапқы кезеңде тек қана ресми ақпарат таратып келген «Түркістан уалаяты» газетіне Н.П. Остроумов редакторлық құрамға енгеннен бастап газеттің құрылымында көптеген өзгерістер орын алды. Ең негізгісі ендігі кезекте ресми бөліммен қатарластырып бейресми бөлім де жарық көре бастауы еді. Себебі ол жерде халықтың тіршілігі мен тұрмысы, салт-дәстүріне қатысты хабарламалар жарияланып тұрды.

Қазақтың көнеден келе жатқан асыл мұрасы, ол – сөз өнері. Қай заманда болсын, қай ханның тұсында болсын бір ауыз аталы сөзге тоқтаған қазақ баласы үшін сөздің қадірі ерекше бағаланатын еді. Сондықтан қазақ жерінде XIX ғасырдың екінші жартысына дейін мәдениет пен әдебиеттің негізгі тасымалдаушысы ауызша болды. Сол кезеңге дейінгі барлық тарихи оқиғалар, жыр-дастандар тек жаттап алу арқылы ғана ауыздан ауызға айтылып, ел ішіне тарайтын еді. Батырлардың ерлігі мен ханның, би-шешендердің әділдігін жырлаған дастандар ел арасында жақсы сақталатын. Әйткенмен, заман алға жылжыған сайын соған сай дамып отыру керектігі, әрі заманға бейімделіп отыру керек екені белгілі. Қазақ әдебиеті мен мәдениетіне осындай өтпелі кезең патшалық Ресейдің отарлау кезеңімен тұспа тұс келді. Бұрын тек ауызша ғана тараған жыр-дастандар, ақындар айтысы, өлеңдер енді қағаз бетіне түсе бастады.

«Түркістан уалаяты» газетінің қазақ әдебиеті мен мәдениетіне тигізген әсері қандай болды? Бір мың сегіз жүз жетпісінші жылдардың екінші жартысында ашылған газеттің бейресми бөлімінде жарияланған мақалалардың арасында әдеби бағытта жарияланған мақалаларға деген халықтың ықыласы ерекше болды. Газет бетіне басылған әдеби шығармалар арқылы ендігі кезекте бүкіл қазақ жері болып ортақ әдебиетті қалыптастыруға мүмкіндік жасалды. Бұрын тек өз руы мен ауылының әдебишығармаларымен таныс болса енді газет арқылы ортақ шығармалар пайда бола бастады. Газеттің әр санында тарихи жыр дастандары мен сол кезеңдегі ақындардың өлеңдері де жарық көріп тұрды.

Газет 1870 жылдан бастап Ташкент қаласында басылып шығатын «Туркистанское ведмости» газетіне қосымша ретінде «Түркістан уалаятының газеті» деген атпен жарық көре бастады. Жалпылама алғанда тек Қазақстанда ғана емес Орталық Азиядағы тұңғыш мерізімді басылым деп атауға болады. Газет бастапқы кезеңдерде бір айда төрт рет, екі рет қазақ тілінде, екі рет өзбек тілінде жарық көріп тұрды. 1870 жылы сол кездегі Түркістан генерал-губернаторы болған Кауфманның пәрменімен ашылған орысшасы «Туркистанское ведомости», ал қазақша-өзбекше шығарылатын «Түркістан уалаяты» газетінің бірінші санында «Патшалық Ресейдің бұйрығы бойынша Түркістан генерал-губернаторлығында айына газет басылып шығады. Газеттің басты мақсаты жергілікті халықтарға арнап шығарылған бұйрықтар мен үкімдер жарияланып отыратын болады. Сонымен қатар өлкедегі сауда, ел арасындағы жағдайлар сарт және қазақ тілінде бастырылып шығарылатын болады» деген мәтін жарияланған. Жаз жайлау мен қыс қыстау арасында көшіп жүрген қарапайым көшпелі қазақтар үшін қазақ тілінде ақпар беретін мерзімді басылымның жарыққа шығуы өте қуанышты жаңалық болды. Бұл турасында «Түркістан уалаяты» газетінің өзбек бөліміне редактор болған Остроумов « I Петрдің тұсында Ресейде шығарылған «Ведомстволардың» сол кездегі орыстар үшін қандай құнды болған болса, «Түркістан уалаяты» газеті де қазақтар мен сарттар үшін сондай бағалы» деп пікір білдірген екен. Шынымен, сол кезең үшін бұл өте үлкен жаңалықтың бірі болған еді.

«Түркістан уалаяты» газетінің неше санмен шығарылып тұрғандығы туралы нақты деректер көрсетілмеген. Тек 1877 жылғы газет бетіне жарияланған саныдарға көз жүгіртсек, сол жылы газеттің өзбек тіліндегісін төрт жүз қырық адам, қазақ тіліндегісін екі жүз қырық адам жаздырып алып оқыған екен. Қарап отырсақ сол кездегі халық санымен салыстырғанда бұл өте төмен көрсеткіш. Сонда да оған дейінгі елдегі білім деңгейін алып қарайтын болсақ, осылай болуы тіпті де міндетті еді. Себебі бұрын ондай мүмкіндік болмаған. Тағы да бір ескере кететін жағдай, сол кездегі қазақтар біреуі жазылып алатын болса, оны бүкіл ауыл болып бір ғана газеттен оқитын болған. Газет қашан тозғанша қойшылар бір-біріне беріп оқып жүрген.

Қос тілде ақпарат тарататын газеттің «Туркестанские ведомости» газетінен бөлініп шыққаннан кейін баспасөз беттерінде жергілікті ұлттардың тұрмысы, салт-дәстүрі туралы көптеп жазыла бастады. Соның ішінде Қазақстанның оңтүстік өңіріндегі Жамбыл, Алматы, Қызылорда сияқты өңірлердегі қазақтардың тұрмыс тіршілігі туралы көптеп жазылып тұрды. Дегенмен газет оңтүстік өңірлер туралы көп жазғанымен, Қазақстанның әр өңірінен тұрақты жазылып оқитындар өте көп болған. Оған айқын мысал газет бетіне жарияланған хаттар Қарқаралы, Семей, Көкшетау уездерінен жолданып тұрды. Газет оқырмандары жылына 2 сом 30 тиын төлеп бір жылға жазылып, тұрақты оқырманы бола алатын. «Түркістан уалаяты газетінің» 1870 жылғы  үшінші санында газетті Семей өңірінің қазақтары тұрақты түрде оқитындары жарияланған.

4044cb6b-d790-4c35-9c8f-8b1791eeb8cf.jpg

«Түркістан уалаяты» газетінің алғашқы редакторы Ш.М.Ибрагимов қазақтың тұңғыш ғалымы, әрі саяхатшы Шоқан Уәлихановтың жақын танысы болған. Уәлиханов пен Ибрагимовтың таныстығы екеуі де Омбыдаға кадет корпусында оқып жүргенде басталған еді. Екеуінің жас айырмашылығы алшақ болғанына қарамастан кадеттің соңғы курсында оқып жүрген Шоқан енді ғана кадет қатарына қабылданған 12-13 жасар жеткіншек Шахмарданға ағалық қамқорлық жасауынан басталған таныстығы ұзақ мерізімді достық қарым-қатынасқа алып келді. Шахмарданның қазақ жерінде жұмыс істеуіне де бірден бір әсер еткен адамының бірі Шоқан Уәлиханов болды. Кадеттегі оқуын отбасылық жағдайларға байланысты тастап кеткен Ибрагимов бірнеше жыл Шоқанның әкесі Шыңғыстың қарамағында жұмыс істейді. Одан әрі Омбыда қазақ тілінен сабақ береді. Қарап отырсақ осының бәріне Шоқанмен таныстығы тікелей байланысты болған. Кейіннен Түркістан генерал-губернаторлығына ауысып, сол жерде «Түркістан уалаяты» газетіне редактор болуына да Уәлихановтың сол кездегі Түркістан генерал-губернаторы Г.А.Колпаковскиймен таныстығы тікелей әсер еткені анық. Оған дәлел 1882 жылы Шахмарданның аяқ астынан жұмыстан кетуіне басты себеп болған Кауфманның қайтыс болып орнына Черняевтің келуі еді. Себебі, Черняев Шахмардан мен Шоқанның арасында жақын қарым-қатынас болғанын білетін.

Ибрагимовтың «Түркістан уалаяты» газетіндегі қызметіне келетін болсақ. 1865 жылы Қазақстанның оңтүстігі мен Орта Азия патшалық Ресейдің құрамына толығымен қосылған кезде патша бұйрығымен Түркістан генерал-губернаторына жұмысқа жібереді. Ол жерде Ибрагимов генарал-губернатордың хатшысы қызметін, сонымен қатар қазақша-өзбекше шығып тұрған «Түркістан уалаяты» газетіне редактор болып қызмет атқарады.

Газеттегі алғашқы жылдары Ибрагимов газетте бір өзі тілші, өзі әдеби қызметкер, өзі корректор болып қызмет атқарған. Ескере кететін басты жағдайлардың бірі тек 1872 жылы басылып шыққан газеттің он екінші шығарылымынан бастап Ибрагимов «Түркістан уалаяты» газетін шығарушы ретінде қол қоятын болған. Газеттің 1870 жылдан бастап шығарылды дейтін болсақ алғашқы екі жылда шығарылған ешбір санында шығарушының аты-жөні көрсетілмеген. Шахмарданға сол кезде айына екі рет қазақша, екі рет өзбекше шығатын «Түркістан уалаяты» газетін шығаруға үкімет қаржысынан 150 сом бөлінетін болған. Барлығы он үш жыл шыққан газеттің тоғыз жылында Ибрагимов редактор қызметін өзі атқарды. Сол жылдар арасында ол тілшілік қызметпен Орталық Азияның Хиуа, Қоқан хандықтарын, сонымен қоса Қазақстанның оңтүстік өңірлерін тілші болып аралап, мақалалар жазды.

Ибрагимовтан кейін газеттің редакторы болып Х.Чанышев, бас редактор қызметін Н.П.Остроумов одан кейін Н.Г. Малицский атқарды. Сонымен қатар, қазақ және өзбек бөлімдерін шығару ісінде Хасен Жанешев, Заманбек Шайхәлбеков, Жүсіп Қазыбеков сынды азаматтар аудармашы және әдеби бөлім қызметкері болып жұмыс істеген.

«Түркістан уалаяты» газетін шығарудағы патшалық Ресейдің басты мақсаты жаңадан отарланған жердің халқына патшалық саясатты тереңінен таныстыру әрі сіңіру және жаңа жерлерді орыс буржуазиясына сәйкестендіріп, пайдалы қазбаларды зеттеу, білу мақсатында шығарылған еді. Оған қоса, ішкі істер министрі газетті ашу туралы бұйрыққа қол қоятын кезде газет бетіне негізінен алғанда патша жарлықтары және оңтүстік өңір генерал-губернаторының тұрғылықты халыққа айтқан жолдамалары мен бұйрықтары, көбінесе ресми ақпаратты жариялауға тиіс болды. Жарияланған ақпараттардың ішінде «тұрғылықты елге арналған оңтүстік өңірдің генерал-губернаторы мен әскери губернаторлардың жарлықтары, сот ісін атқарушылардың бұйрықтары, Түркістан аймағында жарияланған патша үкіметінің айтқандары, ағартушылықтан қосқандары, орыс патшаларының өмірінен қысқаша әңгіме, жергілікті халықты қызықтыратын Ресей халқының өмірінде және басқа мемлекеттерде кездесетін қызықты әңгімелер, өнеркәсіп пен ауыл шаруашылығына қатысты жергілікті мәліметтер және басқа да хабарлар бар.

Ибрагимовтан кейін «Түркістан уалаяты» газетінің өзбек бөліміне редакторы болып келген Н.П Остроумов өзі де ғылыммен шұғылданатын адам еді. Николай Остроумовты сол кездегі генерал-губернатор К.П. Кауфман арнайы шақыртып алған. Оған себеп сол кезде жергілікті мектептерге шығыс халықтарының тілін білетін әрі мұсылмандық білім беру жүйесімен таныс адам керек болған. Осылайша, Түркістан генерал-губернаторлығына келген Остроумов алғашқы жылдары хатшылық қызметтер атқарады. Көп өтпей генерал-губернатор М.Г. Черняевтің бұйрығымен «Түркістан уалаяты» газетіне өзбек бөліміне редактор болып тағайындалады. Алғашқы жылдағы кезеңдерде ресми мәліметтер таратылып отырды. Әйтсе де Остроумовтың келуімен газеттің екінші тынысы ашылғандай болды. Оған дәлел – тек патша жарлықтары мен саяси бағыттағы материалдар жариялап келген «Түркістан уалаяты» газетіне жергілікті ұлт өкілдері Т.Ерназаров пен А.Ақпаров сынды зерттеуші, жазушылардың жергілікті халықтың тарихына, шаруашылығына және медицинаға қатысты пайдалы ақпараттары жариялана бастады. Осыдан кейін сол өңірде мекен етіп жатқан елдің білімге деген көзқарасын өзгертуге алғашқы қадамдар жасалды. Сонымен бірге кері байланыс жасау, халықтың пікірімен санасу үшін қарапайым халықтың да жазбалары жариялана бастады. Тек қана ресми бөлімнен тұратын «Түркістан уалаяты» газетіне ендігі кезекте қазақтарға қатысты шаруашылық, білім-ғылым саласында, сонымен қатар ежелден келе жатқан ауыз әдебиетінің шығармаларын қағазға түсіріп басып шығарылды. Бұл сол кездегі үлкен серпілістің бірі болды деп бағалауға әбден болады. Алғашқы кезеңде тек патшалық империяның үкімдері мен бұйрықтарын ғана оқып келген қазақтар ендігі кезекте шаруашылықты қалай жүргізу керектігі жайында шет елдік тәжибелерді, дін мәселесіндегі, тарих, халық емшілігіне қатысты тың мәліметтерді енді осы газеттің «бейресми» бөлімінен оқи алатын болды. Газеттің әр санында сыни мақалалар мен ақындардың өлеңдері да жарияланып тұрған. Оған мысал ретінде «Түркістан уалаяты» газетінің 1878 жылғы үшінші басылымында Мәделіқожа деген ақынның өлеңін жариялаған екен. Ол жерде негізінен көтерілген мәселе ел ішінде би болсам, билік алсам деген байлардың арасындағы тартысты сынап жазылған өлең еді.

Мәделіқожа ақынның туып өскен жері Ақбұлақ өзенінің бойы. Ол өзі Қоқан хандығына қарсы жүргізілген 1858 жылғы көтеріліске қатысқан ақын. Ақынның «Түркістан уалаяты» газетіне тағы да «Бір жан жоқ болыстыққа талас емес», «Арыстанбайға», «Қанай датқа» деген өлеңдері де басылып шыққан. Бұл тек бір ғана мысал. Осылайша қазақтардың да шынайы пікірін, ой таласына еркіндік беріп, өз пікірлерін көпшілікке жеткізуге Остроумов келгеннен кейін көптеген мүмкіндіктер ашылды.

Сондай-ақ Л.Н.Толстойдың, А.С.Пушкиннің, И.А.Крыловтың аудармаларын қазақ бөліміне бастырып тұрған.

«Түркістан уалаяты»газетінің қазақша шығарылымын 1883 жылы Түркістан генерал-губернаторының бұйрығымен тоқтатылды. Сол уақыттан кейін басылым аптасына жеті рет өзбек тілінде шығып тұратын газетке айналды. Кейінірек 1885 жылы «Түркістан уалаяты» газетіне тағы да өзгерістер енгізіліп ендігі жерде газет орысша және өзбекше шығарылатын болды. Жалпы алғанда газеттің ғұмыры қырық жеті жылға созылды. Газеттің соңғы шығарылымы 1918 жылы шықты. Айта кететін жағдай, газеттің қазақша бөлімі жұмысын 1883 жылы тоқтатты дегенмен, баспасөз бетіне басылатын қазақша мақалалар онымен тоқталып қалған жоқ. Қазақша бөлім жабылғаннан кейін де қазақтың сол кездегі қаймақтары интеллегенция өкілдері Орынбор, Сібір кадет корпустарында білім алған азаматтар мақалаларын газет бетіне жариялап тұрды. Осылайша «Түркістан уалаяты» газеті өз жұмысын тоқтатқанға дейін қазақ жерінде оқырмандарын жоғалтқан жоқ. Назарда ұстайтын басты мәселе – 1870 жылдан бастап жарық көрген «Түркістан уалаяты» газеті Орталық Азиядағы алғашқы мерзімді баспасөз болып есептеледі. Сондықтан жалпы газет пен сол кезде жарияланған мақалалар әлі де тың зерттеуді, май шаммен қарағандай дәлдікті қажет етеді.

«Түркістан уалаяты» газетіне редактор болып Н.П. Остроумов келгенге дейін тек ресми бөлімде мақалалар жарық көріп, патша бұйрығы жергілікті генерал-губернаторлардың үкімдері мен саяси мәлелелер ғана жарық көріп тұрды. Остроумов келгеннен кейін бейресми екінші бөлім ашылып ол жерде негізінен жергілікті халықтың әдебиеті және ағартушылық бағыттағы мақалалар жарық көріп тұрды.

«Түркістан уалаяты» газетінен кейін Қазақстанда тағы бірнеше мерзімді басылымдар өз жұмыстарын бастады. Аталған басылымнан кейін «Дала уалаятының газеті», «Торғай газеті», «Қазақстан газеті», «Серке», «Айқап журналы», Алаш Орданың ресми басылымы болған «Қазақ» газеті жарық көрді. Бұлар негізінен революцияға дейін шығып тұрған басылымдар. Солардың ішінде «Түркістан уалаяты» газетінің қазақ редакциясы жабылғаннан кейін тура алты жылдан соң 1888 жылы қазақ жерінде «Дала уалаяты» газеті өз жұмысын бастады. Газет Дала генерал-губернаторлығының орталығы Омбы қаласында басылып шығарылып тұрды. Газет негізінен сол кезедегі губернатор құрамына кіретін Ақмола, Семей облыстарына тарады. Газет бетіндегі жаңалықтар да негізінен сол өңірлерге қатысты болды. Газет 1914 жылға дейін қосыма ретінде, одан кейін жеке газет ретінде жұмыс істеді.

Сол кезеңде басылымың тиражы шектеулі болғанына қарамастан «Дала уалаяты» газеті Қазақстанның бүкіл аумағына таралды. Газет бетінде халық шаруашылығына қатысты сонымен бірге медицина, дін мәселесіне байланысты өзекті мәселелер жарияланып тұрды. Тек қана дін емес, негізінен тілге, жерге, тарих пен шаруашылыққа қатысты даулы хабарлар мен жаңалықтар газет бетінде кезігіп қалатын. Газеттің редакция алқасында әр кезеңде әртүрлі адамдар жұмыс атқарды. Газеттің «Кыргызская степная газета» деп аталатын орысша бөлімін Казлов, Михаелов, Абызов сынды азаматтар басқарды.

Газет бетіне жарияланған мақалардың ішінен негізінен екі мақалаға тоқталып өтуге болады. Біріншіден, сол кездегі тарихи бұрмаланулар мен ел арасында осыған дейін халық батыры ретінде әспеттеп келген, патшаға қарсы жер үшін күрес жүргізген батырларды қаралап жазылған мақалалар еді. Соның бірі «Дала уалаяты» газетінің нөмірі бесінші санында жарияланған мақала. Мақаланың негізі мазмұнына келер болсақ, қазақ жеріне орыс үкіметінің орнауына қуанышты екенін, патшаның ізгі істерінің арқасында осы газеттің жарық көргенін айта келе, 1837-1847 жылдар аралығында жалпыұлттық қозғалыс ұйымдастырған Кенесары Қасымұлын қазақ халқы қолдамағанын, керісінше, «қарақшы бандиттен» қазақтарды құтқарған ақ патшаға зор алғысын жткізген. Бұл мақаланың негізгі айтары сол кездегі патшаға жағыну мен ел арасындағы батырлар есімін керісінше өздеріне қарсы қойып, «қарақшыға» айналдыру екенін көреміз.

5b0ac2a3-f906-4651-935c-0f4e1973a7fa.jpg

Екіншіден, «Дала уалаятына» басылып шыққан газеттердің тағы бір топтамасы тіптен кереғар бағытта жазылған мақалалар. Ол жерде негізінен ел арасындағы түйткілді мәселелер қозғалып, дау-дамайға ұласқан мақалалар. Сондай мақалалардың бірі – «Қазақ әйелі» мақаласы. Мақаланың өзектілігіне келер болсақ, негізінен ел арасындағы әйел мәселесі мен қазақ қоғамындағы әйел теңдігі тақырыбын қаузайды. Мақаланың басын автор «Тауық құс емес, әйел кісі емес» деген ескі орыс мақалымен бастайды. Айтқысы келген ойы, сол кездегі қазақ қоғамында әйелдердің орны еркектермен салыстырғанда төмен тұратындығы. Қыз бала туылғаннан бастап ер баладан төмен қойылып, соның әсерінен ерте есейіп кететіндігін айтады. Кейін тұрмысқа шыққаннан кейін, қысым тіптен күшейіп, құқығы тапталады дейді. Үйдің де, түздің де тірлігін қазақ әйелі өзі атқаратынын айтып, ерлердің жатып ішер жалқау келетінін сынаған.

Бұл авторға көп өтпей газет бетінде қарсы жауап айтқан қазақтың хабарламасы жарық көреді. Ол жерде әйелдер туралы жазған автордың мақаласы шындыққа жанаспайтынын, шын мәнінде қазақ қоғамындағы әйелдің рөлі, қыз баланың рөлі, ананың орны қандай екенін егжей-тегжейлі, жік жігімен баяндап береді.

Яғни, ол кезеңде де сыни мақалалар жарияланып тұрған. Осы арқылы қате көзқарастар мен ұғымдарға шынайы баға беріліп отырды.

Сонымен қатар, газет бетінде тек саяси, әлеуметтік мәселелер ғана емес, қазақтар арасында танымал ақын-жазушылардың да шығармасын жарияланып тұрған. Осылайша, «Дала уалаяты» газеті қазақ аудиториясына Абай Құнанбайұлы, Шәкәрім Құдайбердіұлы, Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы сынды ұлы тұлғаларды кеңінен әспеттеген басылым ретінде тарихта қалды. Газет тек ақын-жыраулардың өлеңін ғана емес, «Еңілік-Кебек», «Қыз Жібек», «Ләйлі мен Мәжнүн» сынды халық ауыз әдебиетінің көрнекі туындыларын да халыққа жеткізіп отырды.

«Түркістан уалаяты» газетінің негізгі міндеті алғашқы кезеңдерде атқарушы биліктің айтқанын жергілікті ұлтқа өз тілінде жеткізуге арналған ақпарат тарату құралы болғаны белгілі. Дегенмен, кейін келе редакциядағы ішкі өзгерістердің әсерінен ресми ақпарат тарататын өкіметтің айдарына ендігі кезекте жаңалықтарлдың басқаша бағытын тарататын тағы бір бөлім ашылды. Ол бөлімді «Түркістан уалаяты» газетінің «бейресми» бөлімі деп атады. Бейресми бөлімнің жұмысын ұйымдастыру мен жүргізуге келгенде газеттің өзбек бөлімінің редакторы Н.П. Остроумовтың еңбегі көп тиді. Ол қазақ бөлімінде аудармашы, корректор болып жұмыс атқаратын Хасен Жанішев, Заманбек Шайхәлбеков, Жүсіп Қазыбековтермен бірге отырып, бейресми бөлімнің жұмысын оңтайластырды. Бейресми бөлімнің сол кездегі атқарған рөлі қазақтар үшін ресми бөлімде жарияланатын мақала хабарламалармен салыстырғанда маңыздырақ болды. Ол жерде жарияланғаннан мақала, хабарламалардың атқарған қызметі мен саласына байланысты екі топқа бөліп қарастыруға болады. Біріншісі, елдің ішкі жағдайына байланысты, шаруашылықтағы күрмеуі шешілмеген мәселелер төңірегіндегі дау-дамай мен шаруашылық жүргізудегі жаңалықтар жарияланып тұрған әлеуметтік бағыт. Екіншісі, сол кездегі ағартушылық бағытта жұмыс атқарған мақалалар мен хабарламалар топтамасы. Ол жерде аты айтып тұрғандай, негізінен алғанда адамдарға білім беру жаһандық жаңалықтармен бөлісу, халықты өткенімен байланыстыратын әдебиет пен мәдениеттегі жаңалықтар мен өткен кезеңдегі өлең-жырлар топтамасы. Осының бәрі сол кезеңдегі халықтың сұранысын қамтамасыз етуге, мал соңынан жүреген қазақты әлемдік білім еру жүйесне бейімдеу бағытында жұмыс атқарды. Ахмет Байтұрсынұлы «Газеттің халық үшін орнының ерекше екенін, көзі мен құлағы жоқ адам қалай күн кешсе, газеті жоқ жұрт та басқа елдердің жанында сондай мүсәпірдің күнін кешетінін» айтады. Айтып айтпай не керек, қазақ жеріндегі мәдени және әдебиеттің қалыптасу кезеңін мерзімді баспасөз пайда болғанға дейінгі және газет шыққаннан кейінгі деп екі кезеңге бөліп қарастыруға болады. «Түркістан уалаяты» газетінде бейресми бөлімнің ашылуы әдебиет пен мәдениеттің дамуына үлкен қолаушы күш болғаны анық. Нақ осы газетте алғашқы ақындар айтысы басылды. Осы газетті мақалдардың алғашқы жинағы жарық көрді. Бұл бейресми бөлім ашылғаннан кейін болған жаңалықтар.

«Түркістан уалаяты» жарық көрген тұста ақпарат тапшы болды. Адамдардың жаңалық оқуға деген, жаңа білімді игеруге деген құлшынысы өте зор болды. Сол жылдары ел бойынша жалпы таралымы бес жүзге жетер-жетпес болған газеттің әр санын ауыл болып оқитын. Ал бүгінгідей ақпарат жоқтықтан емес, көптіктен адам шаршайтын заманда жаңалықтарды жеткізу мен алу тәсілдері де өзгеріп жатыр. Бұрын тек газет, радио мен теледидардан ақпарат алатын болса, XXI ғасырдың артықшылығы интернеттің кең көлемде пайда болуында еді.

Қазақ мерзімді баспасөзінің алғашқы темірқазығы болған басылымның 150 жылдық мерейтойы, бұл тек «Түркістан уалаятының» ғана мерекесі емес, бұл қазақ журналистикасының мерейтойы болуы керек.

(Суреттер abai.kz сайтынан алынды)

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға