Жаңалықтар

«Қалжаның» мәні неде?

Қалжа деген не?
14.10.2015 11:45 32367

Қазақ халқында «қалжа», «қалжа той» деген ұғым бар. Жас босанған келіндерге неге қалжа жегізген, оның мәнісі неде?

Қалжа – жас босанған әйелге арнаулы мал сойылып берілетін тамақ.жақын адамдар да қалжа әкеледі. Бұл әрі сыйластық, әрі босанған әйел сауығып кетсін деген мақсатпен туған елдік дәстүр, ғұрып.

«Қалжаның» мәні неде?

Қалжа туралы бір жазбасында Зейнеп Ахметова апамыз былай деген:

«Қазақтың өте бір қасиетті ырымы – келінге қалжа жегізу. Бұрынырақта кедейдің кедейі әйеліне қалжа жегізген. Тіпті бұған өзінің шамасы келмеген күнде ауқатты адамдар қалжасын әкеліп берген. Өйткені қалжа әкеп беру де сауабы үлкен іс болып саналған. Қалжаның күнделікті желінетін еттен айырмашылығы – ол жас босанған ана мен баланың сыбағасы. Әрі құрметті ас саналады. Қалжа, біріншіден, дүниеге келген нәрестенің құрметіне арналса, екіншіден, жас анаға дүниеге перзент әкелгені үшін арнайы сойылатын болған. Күнде келінге сорпасын ішкізіп, етін жегізіп отырғандықтан, жас босанған ана өзінің жоғалтқан күш-қуатын осы қалжа арқылы қалпына келтіреді. Босанғаннан кейінгі күтімге қалжаның тигізер пайдасы ұшан-теңіз. Қалжа жеп, жас сорпа ішкен келіншектің сүті де маңызды, құнарлы болады. Баланың тез ет алып өсуіне әсер етеді. Қазіргі жігіттерді қайдам, бұрындары жігіттердің бірі ауырлау затты көтеруге әлі келмесе немесе абайламай жығылып қалса, құрдастары келеке қылып: «Әй, немене, сенің шешең қалжа жемеген бе?» – деп қағытқан. Кей жағдайда «құдайға шүкір, біздің де шешеміз қалжа жеген» деп өзін-өзі көтермелеп, шамасы келмей жатқанын білдірмеуге тырысып баққан. Тілімізде жиі қолданылатын осы сөздің өзінде мән-мағына жатыр. Қалжаны кей өңірлерде қыздың төркіні де әкеп жатады, бірақ қалжа, негізінен, келіншектің күйеуінің мойнындағы міндет-парызы болып есептеледі».

«Қалжаның» мәні неде?

 

Қалжадан өзге салт-дәстүрімізде сәбиге байланысты келесідей ырымдар бар:

Құрсақ той – жас келіншектің жүкті болғаны белгілі болса, оның абысындары мен қайын сіңілілері сол үйге оңаша құрсақ тойын жасатып, аман-сау босануына тілек білдіреді. Қазақ ғұрпы бойынша бала біткен келіншекті «күмәнді», «аяғы ауыр», «ішінде көжесі бар» деп тұспалдап айтады.

Қазанжарыс – әйел босанар сәтте басқа әйелдер қазанға жеңіл-желпі тамақ істеп, оны босанатын әйелден бұрын пісірмек болып жарысады. Халық ұғымы бойынша туылатын бала «қазан жарысқа қатысып» одан бұрын өмірге келуге тырысады деп түсінген.

Шілдехана – жаңа туған нәрестенің құрметіне жасалатын ойын-сауық той. Мұнда «балаңыздың бауы берік болсын» деген тілектер айтылады. Шілдеханаға шақырумен де, шақырусыз да бара береді. Шілдехана – өмірге адам келгеннің, және оған қуанудың бір белгісі.

Тымаққа салу. Ел арасында «шала туып тымаққа салып өсірген екен» деген сөздер жиі естіледі. Халқымызда әдетте шала туған сәбиді осылай өсіретін ғұрып ба. Оның себебі шала туған сәби ұстауға, бесікке салуға келмейді, тымақ жылы, әрі бөлеуге ыңғайлы болады. және сәбидің неше күні кем болса, сонша күн керегенің әр басына ілініп қойылатындықтан күн кереге басы арқылы есептеледі. Мысалы: қырық күн кем блса керегенің қырқыншы басынан кейін бала тымақтан алынып, әдетте жаңа туған сәбидің рәсімдері жасала береді. Айталы, атқою, бесікке салу т.б.

Тыштырма. Сәбиді бесікке салар кезде бесіктің түбегі тұратын тесіктен құрт, ірімшік, тәттілер өткізіп, «тышты», «тышты» деп ырым жасайды және оны тыштырма деп атайды. «Тыштырманы» әйелдер ырымдап бөлісіп алып, бала-шағасына үлестіріп береді.

Мойнына бұршақ салу. Баласыз адамдардың мойнына көгеннің бұршағын салып құдайдан ұрпақ тілеу ертеден келе жатқан әдет. Бұл тағдырға мойын ұсынып, тәңірге шын беріліп, оның барлық әміріне көнудің және ақ тілеудің белгісі.


 Әзірлеген Айша КЕРЕЙ

 

 

 

 

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға