Дәстүр бойынша қарттарға қолдау көрсету айлығы аясында Ақмола облыстық Қазақстан халқы ассамблеясы жыл сайын аймақтағы этномәдени бірлестік өкілдері қатарындағы еңбек ардагерлерін қолдау жөніндегі қайырымдылық акциясын өткізіп келеді.
Осы жылы облыстық ассамблея атынан 60-тан аса зейнеткерге азық-түлік пакеттері табыс етілді.
Қайырымдылық шараға облыстық ассамблеямен бірге чуваш, армян, кәріс, неміс, поляк, тәжік, шешен-ингуш, өзбек этномәдени бірлестік жетекшілері, Ақмола облысы бойынша ОСКА мен Ақмола облысының Полиция департаменті қатысты.
Мерекеде облыстық ҚХА хатшылығының меңгерушісі Марзият Тохаева құттықтау сөз сөйлеп, ардагерлерге облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуына қосқан жанкешті еңбегі, қомақты үлесі, елдегі бейбітшілік, достық пен қоғамдық келісім үшін алғысын білдірді.
Ардагерлерді «Чуваш этномәдени орталығы» ҚБ төрайымы Елена Мащинская, «Қазақстанның орыс, славян және казак ұйымдарының қауымдастығы» ЗТБ Ақмола филиалының төрағасы Геннадий Осиненколар да құттықтады.
Ардагерлермен болған кездесу Ақмола облысы Полиция департаментінің өнер ұжымдары дайындаған үлкен мерекелік концертпен аяқталды.