Флипбук дегеніміз не?

11.01.2017

Флипбук – сыртқы түрі e-book, планшет немесе ұялы телефонға ұқсайтын шағын кітап. Ол осыдан 3-4 жыл бұрын электронды кітаптың қағаз түріндегі баламасы ретінде жарыққа шықты. Флипбукты бір қолмен оңай ұсталынатындықтан, жүріп келе жатып оқуға да болады. Оның көлемі – 80х118 мм. Ал, салмағы 100 грамнан аспайды. Сөмкеге де, қалтаға да салып алуға ыңғайлы. Кітап беттері жұқалтаң күріш қағазынан жасалған. Сондықтан, парақтағанда саусақ ұшына оңай ілігеді.

Жеңіл, сәнді кітаптар сөреден артық орын алмайтындығымен де құнды. Сондай-ақ, олардан тамаша топтама жасауға да болады. Мамандар флипбуктердің ғұмыры ұзақ болатынына сенімді. Өйткені, қағаз кітаптан бас тартпайтын, сөйте тұра, заман ағымынан да қалғысы келмейтін оқырмандар әлі де көп.

Голландия нарығына шыққан алғашқы екі жылда флипбуктің миллионнан астам данасы сатылған. Бұл форматта ең әйгілі деген бестселлерлер мен су жаңа романдар басылғандығы да оқырмандар арасында тез тарауына ықпал етті. Тіпті Библияның өзі флипбук түрінде басылып үлгерді.

Ерекше форматтағы кітаптар көршілес Ресейге 2013 жылдың күзінде жетті. Флипбук басу құқығына ие болған ресейлік «Эксмо» баспасы кітап нарығына алдымен Сэлинджердің «Над пропастью во ржи», Брэдберидің «Марсианские хроники», Муракамидің «Норвежский лес», Митчелдің  «Облачный атлас», Пелевиннің «Generation П» кітаптарын шығарды. Кітаптардың таралымы 10 мыңнан 15 мыңға дейін жетті.

Ал, Рэй Брэдберидің  «Марсианские хроники», «451 градус по Фаренгейту», «Вино из одуванчиков» кітаптарының көп оқылғаны сондай, оларды арнайы таралыммен қайта басып шығаруға тура келді. Мектеп оқушыларының арасында танымал болған Достоевскийдің «Идиоты», Толстойдың «Анна Каренина», «Война и мир» романдары 20 мыңнан астам таралыммен жарыққа шықты.

Соңғы 2-3 жыл бедерінде «Эксмо» баспасынан шыққан флипбуктер біздің елімізде де өз оқырманын тапты. Қазақстандық кітап дүкендерінде Кизидің «Пролетая над гнездышком кукушки», Джеймстің «Пятьдесят оттенков серого», Гюгоның «Собор парижской богоматери», Брэдберидің «Вино из одуванчиков», Гогольдің «Мертвые души», Булгаковтың «Собачье сердце», Достоевскийдің «Преступление и наказание», Лондонның «Сердца трех», Харристің «Ежевичное вино» шығармалары үлкен сұранысқа ие болды. Дегенмен, бізде флипбуктың атын естігенмен, әзірге оның не екенін жете түсінбеген оқырмандар да көп.

2015 жылдың күзінде «Эксмо» баспасы флипбук шығаруды тоқтатқаны туралы ақпарат тарады. Баспа өкілдері бұл мәселені еуро құнының шарықтауымен байланыстырды. Осы уақытқа дейін флипбуктер Голландияда шығарылып келген екен. Кітап технологиясының эксклюзивті құқығы голландиялықтарға тиесілі болғандықтан, ресейліктер оны өз елінде басып шығара алмай отыр.

Біле жүріңіз!

Ең алғашқы флипбуктер XIX ғасырда (ағылшын тілінен аударғанда «flip» – ақтару, «book» – кітап деген мағынаны береді) беттерін ақтарған кезде суреттері қозғалып тұрғандай әсер беретін суретті кітапша түрінде шыққан. Мұндай суретті флипбуктер қазір де қолданыста бар.