Шоқанның мәңгілік мекені

31.07.2017

Қазақ халқының ұлт болып қалыптасуына септігін тигізген ұлы тұлғалардың бірі – Шоқан Уәлиханов екендігі даусыз. Өзінің отыз жылдық қысқа ғана ғұмырында қоғамның сан саласына өлшеусіз еңбек сіңіріп кеткен ғалымның мезгілсіз өліміне қатысты құпия-сыр көп. Шоқанның Қостанай өңірінде дүниеге келгендігі анық болғандығымен, ұлы ғалымның өліміне қатысты күдікті жайттар мен кереғар пікірлер тарихтың ақтаңдақ беттерін қайта парақтауға итермелейді. Ресми мәлімет бойынша Шоқан Уәлиханов 1965  жылы Жетісу өлкесінде, Тезек төренің ауылында өкпе ауыруынан қайтыс болды деген дерекке сеніп келдік. Дегенмен бүгінде тарихшы ғалымдар Шоқанның өліміне күмәнмен қарап, ғалымға ажал құштырған мерзімсіз келген ауру емес, қолдан жасалған қастандық екендігін жиі айтуда. Ұлы ағартушының жаны мәңгі тыныштық тапқан жердің тарихына терең үңілу мақсатында Алматыдан 180 шақырым қашықтықта, Сарыөзек кентінің маңында орналасқан, бүгінде Шоқан ауылы атанып кеткен елді мекенге ат басын тіреген едік.

Шоқандай ұлт ұстазына мекен болған қарапайым ғана ауылға келуші зерттеуші ғалымдар мен туристердің қарасы қалың болатыны белгілі жайт. Сондықтан да 1985 жылы ғалымның 150 жылдығына орай,  Шанқанай ауылының қақ ортасынан 800-ге жуық құнды деректер мен Шоқанның көзі тірісінде қолданған бұйымдарынан тұратын мұражай ашылып, ғимарат қасынан алып ескерткіш бой көтереді. Бүгінде бұлар біртұтас кешенге айналған. Ал ғалымның мәйіті жерленген мазар ауылдан үш шақырым қашықтықта жатыр. Мұражайға келіп Шоқанның өмірі мен шығармашылығына қанық болған жұрт бейіт басына барып, бабасының аруағына құран бағыштайды. Біз де осы дәстүр бойынша әуелі ғалым өміріне шолу жасап өткенді жөн көрдік.

            «Алтынемел» мемлекеттік мемориалды мұражайы

Шоқан ауылына сапарымыз ЭКСПО-2017 көрмесінің мерзімімен тұспа-тұс келгендіктен, мұражайдағы құнды экспонаттардың басым бөлігі Астана қаласына жөнелтілген екен. Дегенмен бұл жайт Шоқанды тануымызға кедергі бола қоймады. Жалпы, ашылған кітап тәріздес мұражай ғимаратының өзі, бес бөлімнен тұратын экспозициялық залдар ғалым өмірін көз алдымызға кезең-кезеңімен елестетіп, сонау 19 ғасырға апарып тастағандай болды. Шоқанның жастық шағы, Омбы кадет корпусында оқыған кезі және орыстың белгілі тұлғаларымен байланысы жиі айтылып жүрген, көпшілігіміз оқып-білген жайттар. Сондықтан да біз Шоқан өмірінің соңғы жылдарынан көбірек мәлімет білгіміз келетіндігін жасырмадық. Өкінішке қарай, елімізде шоқантануды түбегейлі қолға алған тарихшы ғалымдардың қатары сирек, тіпті, мүлдем жоқ деуге болады. Шоқанның 1965 жылдан кейін бірнеше жыл өмір сүргендігі жайлы деректер табылған соң, мұндағы бейітте жатқан сүйек Шоқандікі болмауы мүмкін деген болжамның бар екендігін алға тартқан едік. Осы орайда, біздің күмәнімізді сейілту үшін мұражай қызметкері Шынар Әуелбекова мынадай бір оқиғаны баяндап берген еді.

                Генерал Колпаковский қойған құлпытас

- Матай тауының баурайында орналасқан ауыл тұрғындарының бірі күндердің бір күнінде ағып жатқан шағын өзеннің арғы бетінен жерге қадалған үлкен ақ тас тауып алады. Пішіні ерекше тасқа таңданған адам: «диірмен жасауға таптырмас тас екен» деп оны қазып алып, екіге бөлуді көздейді. Осы кезде тастан ұшқан жарықшақ әлгі кісінің көзіне кіріп, жанарын зақымдайды. Мұны естіген өзге жұрт бұл тасты киелі деп біліп, қайтадан өз орнына тұрғызу керектігін айтады. Тасты қайтадан орнына қадап қойғаннан кейін әлгі кісінің көзі де жазылып кетеді екен. Міне осы жағдайдан кейін бүкіл ауыл бұл тасты киелі деп санап, қаншама жыл оған сыйынып келген. Ал таста жазылған орысша және арабша жазуға әріп танымағандықтан ешкім мән бермеген екен. Осылайша, тек 1945 жылы ғана, бұл генерал Колпаковскийдің Шоқанға орнатқан құлпытасы екендігі белгілі болады. Осыдан кейін Алматыдан арнайы зерттеуші топ келіп, тас тұрған жерді қазып Шоқанның мәйітін табады. Ал таста міне өздеріңіз көріп тұрғандай: «Бұл жерде штaбс-ротмистeр Шоқан Шыңғысұлы Уәлихановтың мүрдесі жатыр. 1865 жылы қaйтыс болды» деп орысша жазылған. Ал төменгі тұсында: «бұл ескерткішті Шоқанның ғылымға қосқан еңбегін ескере отырып, 1881 жылы генерал-лейтенант Колпаковский қойдырды» деп жазылған әрі арабша аудармасын да берген.

                    Шоқаны бар ел – шоқтығы биік ел

Шоқанның Достаевскиймен өзара жазысқан хаттарының түпнұсқасын оқып, күнделікті пайдаланған тұрмыстық заттарын ұстап, асыл бабамыздың рухына бір саты жақындап қалғандай болдық. Адамзаттың игілігіне айналған, Қашқария мен Қытай еліне жасаған сапарынан қалған көне бұйымдары мен құнды құжаттары, философия, география, тарих, қазақтың ауыз әдебиеті, экономика, этнография жайлы бағалы еңбектері мұражай төрінен орын алған.  Аққан жұлдыздай қас қағым ғұмырында ғылымның бар саласын игеруге құлшынған Шоқан бабамыздың қолтаңбасын музей төріндегі әрбр жәдігер дәлелдеп тұрғандай. Шоқан өмірі мен заманына шолу жасап, мұражайдан шыққан тұста, қолына кітап ұстап, биіктен ойлана қарап тұрған алып ескерткішті көрдік. Данышпанның бұл тұрысының өзі біршама ой салады. Осы көріністен Шоқан рухының асқақтығын сезінгендей болдық. Абай, Ыбырай сынды ұлт бастауында тұрған бұл тұлғаның өмір сүрген дәуірінен алыстаған сайын оның жарқын бейнесі де ірілене түсетінін түсіндім. Міне осылай, Шоқанның мәңгілік мекені болған Шанқанай ауылынан ерекше толқыныс күймен кері аттандық.

Фотография - автордікі Автор статьи - Жазира Берғалиева
Для копирования и публикации материалов необходимо письменное либо устное разрешение редакции или автора. Гиперссылка на портал El.kz обязательна. Все права защищены Законом РК «Об авторском праве и смежных правах».