Мектепке кері қарай!

17.07.2017

Әйтеуір Ллойд Джон мен Митчинсон Джонның "Жалпыға белгілі жаңсақтар кітабы" сондай ойға жетелейді. Бізге бала кезден өзінен өзі белгілі сияқты боп келген фактілерді жоққа шығаратыны өз алдына. Жолай, швейцарлықтардың - еуропалықтардың ішіндегі иттің етін жейтін жалғыз халық екені сияқты сұмдық жаңалығы бар. Айтыңызшы, сіз де осы уақытқа дейін иттің етін жеу - азиялықтардың еншісіндегі әдет деп келдіңіз ғой?

Тоқетері, дүниетанымы төңкеріліп түспесе де, бір серпіліп қалғанын жақсы көретіндер үшін тамаша кітап.

Кітап әрине, ең алдымен британдық аудиторияға арналған. Сондықтан, Генрих VIII патшаның шын мәнінде неше әйелі болғаны сияқты фактілер бізді "қозғай" қоймауы мүмкін. Бірақ жалпыадамзаттық жаңсақтар да біраз. Солардың біреріне тоқталсақ.

Жарықтың жылдамдығы қандай?

"Жарықтың жылдамдығы қандай?" десе - "секундына 300 мың шақырым" деп, тақ ете қаламыз. Алайда жарықтың ондай жылдамдықпен тек толық вакуумде ғана жүре алатынын - не есейе келе ұмытып кеттік, не мектеп курсынан да білмедік. Сол жарықты алмасқа бағыттасаңыз, оның жылдамдығы шамамен "небәрі" - секундына 130 мың шақырым болады екен. Ал 2000 жылы Гарвард университетінің ғалымдары оны "Бозе-Эйнштейн конденсатына" бағыттап, тіпті ... тоқтатып тастаған көрінеді! Сосын, жарықты көру мүмкін емес екен. Тек ол соқтығып, шағылысқан заттарды ғана көреді екенбіз. Біздің, "дүниенің жарығын көру" дейтініміздің бар болғаны лирикалық орам боп тұрған сияқты.

Телефонды ойлап тапқан адам кім?

Суреттен - өзіңізге жүзтаныс Грэхем Беллді тани алмай, әуре боп тұрсыз. Редакцияның қатесі деуге асықпаңыз: суреттегі шынымен - телефонның авторы. Бірақ есімі - Антонио Меуччи. Ендеше осы кісі телефонды сіздің Грэхем Белліңізден бес жыл бұрын патенттеген. Рас, ол - патенттің "уақытша" түрі көрінеді. «Әттеген-айы» сол, 1874 жылы толық патент алуға 10 доллар таба алмапты. Кеме жарылысынан жарақат алып, тек жәрдемақыға күн көріп жүрген оның жағдайы болмапты.

Айтпақшы, Грехэм Беллмен соттасыпты да. Бірақ сот шешімі шығатын күнге жетпей, дүниеден өтіпті. Осындай, қайғылы хикаят. Бірақ Грэхем Беллді алаяқ атаудың да жөні жоқ дейді авторлар. Телефонның қолдануға жарайтын нұсқасын жасаған нақ соның өзі. "Тауларды аласартпай, даланы асқақтатайық" дейміз.

Релятивистік теорияны жасаған кім?

Негізі, бұл жәйтті жаратылыстану ғылымдарын терең зерттеп жүргендер біледі. Ал былайғы жұрт әрине, оның авторы Эйнштейн дер еді. Сөйтіп, оның шын авторы - Галлилео Галлилейге қиянат жасар еді.

Галлилео Галлилей, денелердің әрқашан қозғалыста екені туралы ойын 1632 жылы "Әлемдегі маңызды екі жүйе туралы диалог" атты еңбегінде айтыпты. Алайда шіркеу бір жағынан, көрінеу мысалдардың болмауы екінші жағынан қыспаққа алған Галлилейдің бұл тұжырымы уақытында ескерусіз қалыпты. Ал Эйнштейннің еңбегі 1915 жылы жарық көрді.

АҚШ неше штаттан тұрады? Елу ме?

Формалдылыққа жол берсек, 46 штаттан тұрады. Себебі, Вирджиния, Кентукки,  Массачусетс, Пенсильвания - штаттар емес, ресми түрде Достастық (Commonwealth) екен.

Мектеп тақтасына немен жазып жүрміз?

Біздің "бор" деп жүргеніміз шын мәнінде - гипс екен. Айырмашылығы, бор - кальций карбонаты; ал гипс - кальций сульфаты. Әнеки.

Бөгелектер неге отқа құмар?

Бір сәт, осы жәндіктер күйіп өлуден ләззат алатын сияқты көрінетіні рас қой. Сүйтсек, себеп әлдеқайда өкінішті екен. Бөгелек отқа әдейі келіп түспейді. Олар отты Күн деп ойлап қалады екен.

Бу машинасын жасаған кім?

Джеймс Уатт дейміз біз қуанып.

Бірақ заманымыздың 62 жылы өмір сүрген Александриялық Герон бу машиасын бірінші жасапты. Ол қазіргі реактивті қозғалтықштардың жұмыс принциптерінен еш айырмашылығы жоқ, минутына 1500 айналым жасайтын аггрегат құрастырған. Барлық жетістік біздің заманда жасалғанына әлі сенімдісіз бе?

Әлемдегі ең құрғақ жер қайсы?

Сахара? Қарақұм? Бетпақдала? Жоқ.

Ең құрғақ жер - Антарктида. Себебі техникалық тұрғыдан, шөл деп - жылына 254 мм-ден кем жауын-шашын түсетін жерді атайды. Сахараға мысалы, жылына небәрі 25 мм жауын-шашын түседі. Ал Антарктиданың кейбір аудандары... 2 млн жыл бойы жауын көрмеген.

Бастилия қапасынан қанша адам босап шықты?

Бастилия қамалының құлау күні - 14 шілде - француздардың басты мейрамы. Сол беймаза күндерге арналған кенептерге қарап, қамал алынған соң - король тарапынан жазықсыз жапа шеккен жүздеген революционерлердің салтанатты шеруін елестететін боларсыз.

Ал шын мәнінде қамал алынған күні тұтқында 7 адам болған. Тарихи оқиғаны қолдан жүзейтіп, асқақтатып алатынымыздың бір мысалы осы-ау сірә.

Айтпақшы, Бастилияда қамауда болған Жан Франсуа Мармонтельдің естелігінен: "Шарапты тамаша деуге келмес, бірақ жаман болмады. Десерттің болмағаны рас. Тоқетері, мұнда тәуір тамақтандыратынын түсіндім". Ендеше, Бастилиядағы "адам төзгісіз азап" туралы әңгімелерді де былай ысырып қойыңыз.

Қырықаяқтың неше аяғы бар?

Дәл саны белгісіз, бірақ осы уақытқа дейін аяғының саны қырық болатын қырықаяқ табылмапты. Қырықаяқтың жұп аяқтарының саны - тақ, әдетте 15-тен 191-ге дейін екен.

Ең қауіпті кесапат cоғыс па?​​​​​​​

Сүйтсек, ең қауіпті нәрсе - жұмыс екен. Жылына өндірістегі қайғылы оқиғалар мен кәсіби аурулардан 2 млн адамға дейін өледі. Ал соғыстағы шығындар - 650 мың адам.

Америка атауы кімнің құрметіне берілген?

Біз білетін Америго Веспуччидің еш қатысы жоқ екен. Сонымен, Америка деп - Бристоль көпесі Ричард Америктің атына қойылған. Мектеп, қайдасың?

Тайландтың астанасының аты?​​​​​​​

 

Бангкок емес. Тайлықтар Крунг-Теп деп атайды. Ал Бангкок - балықшылардың шағын порты ғана. Қысқасы, тайлықтар соңғы 200 жыл бойы өз астанасын тек Крунг-Теп дейді. Ал басқа әлем колониалдық кезеңдердегі дәстүрден арылар емес. Айтпақшы Крунг-Теп деген - "періштелер қаласы" дегенді білдіреді (Лос-Анджелес сияқты).

Банан ағашта өсе ме? ​​​​​​​​​​​​​​

Жоқ. Банан - болғаны өте үлкен шөп.

НЕ ДЕЙМІЗ?

"Жалпыға белгілі жаңсақтар кітабының" мазмұнының ауаны осындай. Рас, ағылшынтілді, оның ішінде - британдық аудиторияға арналғаны білінеді. Себебі тақырыптардың көбі - христиандық салттағы, әскери-теңіз дәстүріндегі адасушылықтарға арналған. Және тағы бірсыпыра тақырыптарды - адасушылықтан гөрі, тың мағлұмат қана дер едік. Сөз соңында,  адамзатқа ортақ болмағанымен, қызық боп қалар деген жәйттерді, "егер" деген шарттылықтар мен түсіндірмелерді алып тастап, сыдыртып жаза кетуді жөн көрдік:

- Қуыршақты инемен жаншып, қарғыс жіберудің - вудуға қатысы жоқ;

- Айдың иісі оқ дәріге ұқсайды;

- Бейсбол Англияда шыққан;

- Американың алғашқы президенті - Пейтон Рэндолф;

- Адмирал Нельсон ешқашан көзін матамен байлап жүрмеген;

- Бумеранг құсты тікелей ұрып түсіру үшін емес, құстарға қаршыға сияқты көрініп, бағытынан жаңылыстырып, ағашқа ілініп қалуы үшін қолданылған;

- Ежелгі Грекияда аспан - қола түсті болған, себебі көне грек тілінде "көк" сөзі жоқ;

- Әлемді алғаш рет жүзіп шыққан Магеллан емес, оның құлы - "Қара Генри";

- Пантера деген аң жоқ;

- Эскимостарда қардың - 100, 200, тіпті 400 атауы бар деген тұжырым өтірік;

- Сфинкстің мұрнын сындырған Наполеон емес;

- Тауық - әлемдегі ең кең таралған құс;

- Космосқа ең алғаш шыққан мақұлықтар - дрозофил шыбындары;

- Санта Клаус Лапландиядан емес, Түркиядан шыққан.

Мақала авторы: Ерлан ОСПАН

Фотолар – ac.uk, nationalgeographic.com, emaze.com, italoamericano.org, zelmaas.se, youtube.com, joesdump.com, edu.au, nasa.gov, time.com, amazonaws.com, tqn.com, bangkok.com, rabobank.com ресурстарынан алынған.


Для копирования и публикации материалов необходимо письменное либо устное разрешение редакции или автора. Гиперссылка на портал El.kz обязательна. Все права защищены Законом РК «Об авторском праве и смежных правах».

Читайте также