Қорғансызға пана болған мейірімді жұп

Жерде жетім жыласа, көкте періште күңіренеді

Қазақ халқында «Жетім көрсең жебей жүр» деген ұлағатты сөз бар.  Тіпті асыл дінімізде «Жетімнің басынан бір сипағанда алақаныңызға қанша шашы тисе сонша сауап жазылады» деген ұғымның өзі талай терең дүниені ұғындырып тұр. Біздің қоғамда 13 жетім қалған жәудіркөзді қанатының астына алып, ыстық ұяда тәрбиелеп отырған үлгілі отбасы бар. Ол – Бурабай ауданына қарасты Кенесары аулының тұрғыны Мұрат Қабылбаевтың отбасы.

Біз Мұрат ағамен «Қазақстандағы 100 жаңа есім» жобасы барысында таныстық. Қарапайым ғана қазақ азаматы бізді кең жүрегімен баурап алған еді. Осыған дейін бір шаңырақ астында жетімдер үйінен 11 баланы асырап алып, тәрбие беріп отырған ағамыз бен жұбайы биыл ағайынды Мағжан мен Бағжанды бауырына басыпты. Осылайша өздерін қосқанда 15 адам бір шаңырақ астында айрандай ұйып, берекесі мен бірлігі жарасып отыр. Ең бастысы өз отбасын тауып, жылуға бөленген балапандарды ыстық махаббатқа бөлеп, аналық мейірім мен әкелік қамқорлық көрсетуде.

Қабылбаевтар отбасында 15 адам: Мұрат аға мен жұбайы Орынбасар және олардың бауыр ет – балалары – Адель, Төлеген, Коля, Темірлан, Анастасия, Болат, Оксана, Фатих, Эрмэ, Маша, Ибраһим және Мағжан мен Бағжан өсіп-өнім келеді. Ал, Мұрат ағаға көрші үйде балалардың әжесі Айбат апамыз тұрып жатыр. 

Мұрат Қабылбаев Аружан Саинның «Казахстан без сирот» жобасында координатор болып жұмыс жасайды. Отбасында сиыр, қой, тауық, үйрек, түйеқұс сынды үй жануарларын өсіріп отырған шағын шаруа қожалығы бар.

– Біз жұбайым екеміз 9 жылдай бала сүйе алмадық,- деп бастады Мұрат аға әңгімесін. – Тоғыз жыл дегенде ұлымыз Ибраһим өмірге келді. Ұлымыз бір жасқа толғанда Орынбасар екеуміз жетімдер үйінен бала асырап алу жөнінде шешімге келдік. Әу баста біз бес жасқа дейінгі үш бала асырап алсақ деген ниетте болдық. Жасы ересектеу балалар тәрбиеге көнбейді деген стереотип маған маза бермеді. Алайда, әйеліммен ақылдаса келе керісінше ересектеу  балаларды асырап алғанымыз жөн деп шештік. Бала асырап алуға ниетті көп отбасылар жасы кішкентай балаларды ғана алғысы келеді, ересек балалардың да отбасылы болуына мүмкіндік берейік деген пайымға келдік. Бала асырап алатын күні неше бала аламыз деп біраз сөз таластырдық. Қызық болғанда сол күні бір сиырымыз бұзаулап, оның маңдайында 7 санын бейнелейтін белгі болды. Барлық құжаттарымыз реттелгеннен кейін балаларымызды алып кетуге жетімдер үйіне жол тарттық. Әлеуметтік мәселелер жөніндегі педагогпен тілдесіп, бәрі дайын екеніне көз жеткізгеннен кейін, балалар орналасқан корпусқа бет алдым. Мені – Төлеген, Болат, Темірлан есімді үш батырым күтіп отыр екен. Әлі есімде, екеуі маған мұқият қарады, үшіншісінің екі езуі екі жақта, бақыттан басы айналып тұрды. Ең бастысы осы балалар үйінен басқа жаққа кететініне қуанышты еді. Төртеуіміз де үнсіз көлікке жайғасып, үйге апарар жолға түстік.

Бір сәт менің бойымды үрей билеп, ұзақ уақыт күткен сәт туса да қуаныш сезімінің болмағаны алаңдатты. Бала асырап алу жөніндегі ойымды естігенде көптеген жақындарым мен таныстарым қолдау білдірмек түгілі, мені айнытуға әрекеттенген еді. Олардың арасында: «Қан жібермейді, олар бұзықтар мен араққа салынған адамдардың, қылмыскерлердің балалары. Оларды тәрбиелеуге сенің күшің жетпейді ғой»,- деп азғырғандары болды. «Шынымен менің қолымнана келмесе ше, олар менен күткенін бере алам ба?»,- деген күмән сол сәтте менің ойымды шырмап алды. Бір сәт осындай екіұдай ойдан арылу мақсатында балаларға сұрақ қойып көрейін деп шештім. Бір қызығы олар сұрағыма жауап қатпады, тек Болат қана күліп отырды. Аудан орталығындағы сауда үйлерінің біріне түсіп, балаларға базарлық алайын деп шештім. Балалар сөреден сөреге жүгіріп, кейбір қажетсіз заттарды сатып алуымды өтінді. Үшеуіне шағын сыйлық алып, анам мен жұбайым күтіп отырған үйіме асығыс аттанып кеттік. Ішке енгенімізде жаңа піскен ыстық бауырсақ пен мантының иісі мұрынды жарып жіберердей аңқып тұрды. Балалар үйге кіре сала, олардың бөлмесі қайсы екенін көрсетуімді өтінді. Бірден төсектеріне аунап, бөлмедегі шкафтарына заттарын жайғастыра бастады. Осылайша алғаш рет үлкен отбасы ретінде бәріміз бір дастарханға жайғасып, тамақтануға кірістік.

Уақыт өте келе Мұрат Қабылбаев бір кездері өзіне маза бермеген күманды сұрақтардың жауабын нақты тапқандай. Мұрат аға бүгін де 13 бірдей баланы бауырына басып, «балам» деп басынан сипаған сайын олардың әрқайсысының бойына адамгершілік пен ізгі қасиеттерді сіңіріп, жақсы адам етіп тәрбиелеуді ғана ойлайтынын айтады.  

«Мен қазір ген арқылы белгілі бір әлеуметтік кемшіліктер берілмейді дегенді нық айта аламын. Мәселен, алкоголизм, қоғамға жат бейәдеп әрекеттер, темперамент, ақыл ерекшелігі деп тізе берсек көп. Асылында баланың бойында асырап алған ата-анасына ұқсамайтын өзіндік мінез-құлық, белгілі бір ауру түріне бейімділік болатын шығар. Десе де адамның жаман қыры қан арқылы беріледі дегенге сенбеймін. Әрбір асырап алған балаға әке-шешесі өздері үлгі болуы тиіс, мейілінше адами қасиеттерді олардың бойына сіңіру керек.  Кез-келген баланың есею жолындағы еліктеу әрекеті, тұлға ретінде қалыптасу барысындағы жіберген кемшілігі – үлкеннің баламен дұрыс қарым-қатынас жасамауынан болады. Қоғамда баланың тұлғалық қасиеті өмірлік құндылықтарды таныған сайын, бойына сіңірген сайын дами түседі. Балалар махаббат пен сүйіспеншілікке бөленіп өсуі тиіс. Ата-анасының махаббатын сезінбеген кез-келген бала қатігез болып ержетеді. Бұл – өмірдің шындығы»,- дейді Мұрат аға нық сеніммен.  

«Әке, кешір мені!»

Біз мақалаға Мұрат Қабылбаевтың «Покажи мне небо» атты естелік кітабынан үзінді келтіргенді жөн көрдік. Мұрат аға мен балалардың арасындағы әкелік сезім қалай өрбіді?

«Барлық құжаттар реттеліп, ресми түрде қамқоршылық мәселесі шешілген кезеңде біз қуанышымызды туған-туысқандарымызбен бөлісу үшін үйде дастарқан жайдық. Шаңырағымызға дос-жарандарымызды қосқанда, қырыққа жуық мейман келді. Балалардың бақытты күлкісі мен шуылы үйді басына көтеріп тұрды. Қонақтар дастарханға жайғасқан сәт болатын, кенет балалардың әлденеге жанжалдасып қалғанын байқадым. Дереу екінші қабатқа көтеріліп, бәрі дұрыс екеніне көз жеткізгім келді. Өзара келіспей қалған ұлдарымды көріп, тыныштандыруға тырыстым. Алайда, Темірлан ашуға булығып, одан бетер айқайлап жылап, өзінікін дәлелдегісі келді. Кенет зілді дауыспен «Жек көрем сендерді, бәріңнен жалықтым» деп айқайлады. Мен қонақтардың құлағы шалмасын деп есікті қаттырақ жауып, кетуге ыңғайланып едім, ол ерегесіп есікті қайта ашып тастады. Мен баланың бұл әрекетінен жеңіл шок алып, тұрып қалдым. Балам шкафтың қуысына тығылды. «Қонақтар кетсін, сосын екеуміз сөйлесеміз»,- дедім де, меймандардың ортасына оралдым. Қонақтарды шығарып салғаннан кейін, сыртқа шығып, ұзақ ойға баттым. Бұл қалай болғаны? Баланың өзін осылай ұстағаны қалай? Бұл өткеннің таңбасы ма? Оларды тәрбиелеу қолымнан келе ме?- деген ойлар мені қатты мазалады.

Арада аз уақыт өткеннен кейін «Әке» деп мені біреу дауыстап шақырғандай болды. Айналама қарасам ешкім көрінбеді. Бәлкім солай естілгендей болған шығар деп ойладым. Сәлден кейін: «Әке, кешір мені» деген дауыс естідім. Бұрылып қарасам Темірланым тұр: «Кешір мені, әке» деп қайталап. Қасына барғанымда мені қапсыра құшақтап алды да жылап жіберді: «Кешір мені, мен жақсы бала боламын, мен тырысатын боламын». Бір сәт оның өкісігі өмір бойы тартқан қасіреті мен басынан өткізген қиын күндерін бейнелегендей болды. «Алтыным, сені не үшін кешіруім керек, бәрі жақсы ботақаным. Десе де сен тырысатын боласың, сен мықтысың ғой, жақсы оқитын боласың және мен сені қашан да қолдаймын»,- дедім. «Йә, әке, мен тырысамын», – деп жауап берді ол. Темірланым сөзінде тұрды. Қазір ол сыныбындағы озат оқушы. Міне бірнеше жыл қатарынан оқуын үздік деген бағаға тәмамдады. Тіпті зерттеу жұмыстарын жазуға ден қойып, өзінің жан-жақты екенін көрсетуде. Олар мектепке аттанғанда үнемі Темірланға «Бауырларыңа қамқор бол», - деп тапсырамын.

Әлемдегі ең асыл ана

Мектептегі ата-аналар жиналысына үнемі мен баратынмын. Себебі зайыбымның қолы тие бермейді, егер үйдегі ересектеу балалар мектепке кетсе, кішкентайлар анасының жанында қалады. Оларға тамақ пісіріп, үй жинап, кір жуатындықтан анасының жиналысқа баруға уақыты бола бермейді.

Бірде ұлдарымның бірі сабақтан келген бойда: – Бізде ертең ата-аналар жиналысы болады,- деді. – Жақсы, мен баруға тырысамын, деп жауап бердім. Балам: – Неге жиналысқа ылғи сіз барасыз, мен анамның барғанын қалаймын,- демесі бар ма? – Бәрі бір емес пе, оның қандай айырмашылығы бар,- дедім. – Менің анамды бәрі көргенін қалаймын,- деді талап етіп. – Уайымдама, сенің анаңды бәрі таниды, мұғалімдердің бәрі біледі, - дедім. – Менің анамды сыныптастарым көрсе екен деймін, себебі әлемдегі ең асыл ана – менің анам.

Мұрат Қабылбаев елімізде бір өзекті мәселе етек жайып келе жатқанын алға тартады. Жетімдер үйін қаржыландыруға мемлекеттен қомақты қаржы бөлінетіндіктен, бала асырап алуға ниетті ата-аналарды түрлі сылтаулармен сандалтып, көп жағдайда асырап алуға бергісі келмейтінін айтады.

– Жетімдер үйіне жыл сайын әрбір бала үшін мемлекет қазынасынан 2 000 000 теңге бөлінеді,- деді ол әңгімесін сабақтап. –  Бала саны азайған сайын, қаржы да аз бөлінеді деген сөз. Қазір бала асырап алу үшін кезекте тұрған ата-аналар өте көп. Өкінішке қарай, балаларды оңайлықпен бере қоймайды. Бұл бір жағынан үрей туғызады. Ойлап көріңіз, Unicef ұсынған дерекке сенсек, статистика бойынша жетімдер үйінен шыққан жәудіркөздердің тек 20% ғана өмірде өз орындарын табады. Өкінішісі қалғандары қоғамнан тысқары қалады деген сөз. Олардың қаншасы қылмыспен байланысып, қаншама қыз бала жеңіл жүріске салынатыны, темір торға түсетіні туралы статистиканы мен айтпай-ақ қояйын. 

 

Мемлекет тарапынан балаларды қамқорлығына алған ата-аналарға ай сайын 10 МРП (24 050 теңге) төленеді. Мұрат аға балалардың несібесі артығымен жететінін тілге тиек етті.

– Балаларға жұмсалатын қаржыны ысыраптаудан аулақпыз,- дейді Мұрат аға. – Алайда балаларға не алсақ та сапалы киім-кешек аламыз. Жыл сайын оларды мектепке даярлау үшін 400 000-500 000 теңгеге киіндіреміз.

Мұрат Қабылбаевтың шаңырағы діндар отбасы ретінде жаңа жыл мерекесін тойламайды екен. 

– Бұрын үнемі 31 желтоқсан күні түнгі 22:00 ұйқыға жататынбыз,- дейді ағамыз. – Балаларға діни ұстаным бойынша жаңа жыл мерекесін тойлау дұрыс емес екенін түсіндіре алмайсың ғой. Мен базарға барып, жаңа жылдық шырша мен оны безендіретін ойыншықтар сатып алып келдім. Балалардың көңілі үшін жұбайымды жұбатып, шыршаны қаңтардың 1 күні жинап тастайтынымызды айттым. Қазір үйреніп кеттік, балалар қаңтардың онына дейін шыршаны жинауға рұқсат бермейді. Үлкен мерекелерде дастарқан жайып, бір-бірімізге ізгі тілектерімізді білдіріп, сыйлық жасаймыз. Балаларымның брінің туған күні болса бәріне сыйлық жасау – отбасылық дәстүр. Бізде тәртіп солай қалыптасқан.

– Бір жылдары біз Алматы қаласына қайырымдылық шарасы аясында өткен сән апталығына бару үшін жолға шықтық, - дейді Мұрат Қабылбаев. – Ересек балаларым вагонның бас жағында, ал жұбайым Орынбасар екеуміз кішкентайлармен вагонның соңғы бөлігіне жайғастық. Балаларым қоғамдық ортада өздерін қалай ұстайды екен, үлкендердің қадағалуынсыз тәртіптері қандай?,- деген сұрақ мені қызықтырды. Түстен кейін балаларым жайғасқан вагонның арғы басынан екі ер адам келіп, балаларымның өте тәрбелі екенін айтты. Мұндай мақтау есту – мен үшін үлкен мәртебе болды сол сәтте.

Мұрат аға балалары өзінен ештеме жасырмай, бәрін бүкпесіз айтатынын алға тартады. «Бірде Астанадан келген меймандармен жолықтық, ол кісілердің менің балаларыммен жасты ұлдары бар екен. Меймандар менің балаларым менімен ашық сөйлесіп, тіпті түрлі әсер, сезімдерімен бөлісетінін білгенде қатты таңқалды. Балалармен кейде бала, кейде дос, ал қажет жерде қатал ата-ана бола білу керек»,- дейді көп балалы әке бала тәрбиесіне қатысты пікірімен бөлісіп. 

– Менен еліміздегі әлеуметтік жетімдер мәселесі туралы көп сұрайды,- дейді Мұрат аға әңгімесін әрі қарай сабақтап. – Жетімдер мәселесін оларды тек асырап алумен ғана шешу мүмкін емес. Біз әуелі әлеуметтік сұрақтарды шешпесек жыл өткен сайын жетімдер үйі қорғансыз балалардың қатарымен толыға береді. Себеп-салдарымен жұмыс істеу керек, мүмкіндігінше қиын жағдайға тап болған ата-аналарға дер кезінде қол ұшын созып, көмектесу керек. Балаға жаңа отбасын тауып бергеннен гөрі, өз туған ата-анасының қамқорлығында, мейіріміне бөленіп өскені әрине әлдеқайда қоғам үшін де, бала үшін де тиімді. Балаларды бақытты қылғанымыз үшін біз де мейірімді, таза бола түсеміз. Әрбір бала өзін шынайы ықыласпен жақсы көретін әке мен ананың махаббатына лайық.

Ата-анасы бар бола тұра,  тірі жетім атану – қоғамға сын, ұят. Өкінішке қарай бұл мәселе жыл өткен сайын күрделеніп келеді, неге десеңіз жетімдер үйінде тәрбиеленіп жатқан жәудір көздердің көпшілігінің статусы әлеуметтік жетімдерге жатады. Алкоголизм, нашақорлық, моральдық тұрғыдан құлдырау, рухани құндылықтан айырылу сынды себептер қоғамымызда әлеуметтік жетім балалардың санының артуына әкеліп отыр. Ондай ата-аналардың балаларында қандай кінә бар? Тіпті мың жерден жақсы, бай жетімхана болса да балаға отбасы беретін толыққанды қорғанысты, мейірімді бере алмайды. Балалар үйіндегі жүйе тек тұтынушыны тәрбиелеу деген ұғымға ғана жұмыс істейді. Бала саны яғни тұтынушы көп болған сайын мемлекет қазынасынан бөлінетін қаражат та көп. Нәтижесінде бала өз бетінше өмір сүретін кезеңге келгенде оларда дағдарыс басталады. Себебі, үнемі «өзіне тиесіліге» төселіп үйренген балалар өз бетінше күн көруді білмей дал болады. Өкінішке қарай, тұтынушының позициясын қайырымдылық істері де беки түседі. Мерекелерде сый-сияпат пен ойыншықтарға алып келетін қайырымдылық акциялары да балаларға кері ұғым беруі мүмкін. Бұл балалар үйіндегі жетімдерді «Соншалықты бақытсыз екенбіз, ендеше бізге бәрін беруге міндетті және бізге бәріне рұқсат етілген» деген керағар ұғым қалыптастырады. Жетім балалар үшін арнайы мекемеден кеткеннен кейін бөгде ортаға сіңісу, жұмысқа орналасу, байланыс орнату өте қиын. Себебі, олардың «Ешкімнің баласы емес» деген статусы олардың қоғамдағы орыны мен беделін айқындап тұрғандай. Балалар үйінен шыққан жәудір көздердің тек 20-30% ғана өмірге бейімделіп, қоғамда өз орынын таба алады. Қалғандары қоғамның әр бұрышында адасып, қылмыс жасап, нашақор немесе араққа салынып, жеңіл жүріске түседі. Жетімханалардағы психолог, педагог мамандар білім мен ақыл беруге қанша тырысса да, отбасындағы  мейірім мен қамқорлыққа толы тәрбиені еш алмастыра алмайды. Тіпті, толыққанды отбасынан шыққан балалардың да қоғамда өз орынын таба аламай түрлі қиындыққа тап болатын кездері болады, алайда олар арқай сүйейтін жақындары, ыстық махаббатына бөлейтін ата-анасы бар. Ал, ЖЕТІМДЕРДІҢ ЕШКІМІ жоқ, олар өз проблемасымен бір өздері ғана қала береді.

Суреттер Мұрат Қабылбаевтың жеке қоры мен Voxpopuli.kz сайтынан алынды.

#100 жаңа есім #Мұрат Қабылбаев #жетімдер мәселесі

Комментарий

comments powered by HyperComments

Похожие материалы

Партнёры