Қайыңды көлі туралы қызықты деректер

Қайыңды көлі несімен ерекше?

Сұлулығына көз тоймайтын Көлсай шатқалындағы Қайыңды көлі 1910 жылдары болған қатты жер сілкінісінің салдарынан пайда болған.

Қайыңды көлі теңіз деңгейінен 1867 метр биіктікке орналасқан. Ұзындығы – 600, ені – 300, ал тереңдігі кей жерлерде – 30, кейбір жерлерінде 40 метр.

Қайыңды көлі аумағында жеміс-жидектің 70-тен астам түрі (шырғанақ, таңқурай, бүлдірген, қарақат, итмұрын, қой қарақат, рауғаш т.б.) өседі. Бағына қарай әзірше осындай дәруменге бай тау жемістерінің «қызығын» тек жергілікті тұрғындар ғана көруде. Тағы бір айта кетерлігі, мұнда сусын дайындауға таптырмайтын қалақай,қымыздық, шайқурай сынды өсімдіктер де өседі. Емдік қасиетке бай шетен, долана, итмұрын, тобылғы, қарақат та көп өседі.

Мұнда дәрілік шөптердің 47 түрі кездеседі. Олардың кейбіреуі қазір ұлттық фармацияда қолданылуда. Мұнда тіпті біртіндеп жоғалып бара жатқан, Қазақстанның Қызыл кітабына енгізілген өсімдіктердің 12 түрі – күнгей бозы, жылтыр жанаргүл, Семенов айдаршөбі, жирен ақбас қурай, сабақсыз лейоспара, күмбел саршатыры, т.б. өсімдіктер бар.

Қайыңды көлінің айналасын аң-құстың түр-түрі мекендейді. Деректерге сенсек, аң-құстардың 197 түрі, оның ішінде орманда мекендейтін 82 түрі бар.  Еліміздің Қызыл кітабына енген сүт коректілердің – 6, құстардың – 13 түрі кездеседі. Олардың арасында аң атаулыдан Тян-Шаньның қоңыр аюы мен әйгілі арқары, тау сусары, қар ілібісі, түркістан сілеусінін де, құстардан қара дегелек, бақалтақ қыран, бүркіт, құмай, үкі, жүнбалық байғыз, жапалақ, шымшықты та кездестіруге болады.

Қайыңды көліне демалуға барған әрбір адамның жүйке жүйесі айрықша дем алып, ерекше күйге бөленеді. Қарасаң көз тоймайтын табиғаты тамылжыған бұл өлкеге биік тауда өсетін көрікті де әсем Тянь-Шань шыршалары мен көлдің ортасына ерекше көрік беріп тұрған қылқан жапырақты ағаштардың үйлесімі көркіне ажар бітіріп тұррғандай.

Қайыңды көл суының алуан түрлі ауруларға шипасы бар. Жергілікті тұрғындардың айтуынша, ұзақ жылдар бойы бала сүйе алмай жүрген әйелдер осында келіп, Қайыңдының суына жуынса Алла тілегін беріп, сәби сүйген мысалдар да кездеседі екен.

Қайыңды көлін бұқара халық «аруақтар көлі» деп те атайды. Мұның сыры суға батқан кемелерге ұқсас Тянь-Шань шыршаларының діңгектері судың ішінен 15 метрге дейін көтеріліп тұратындығында. Бір қарағанда бұл көрініс аруақтардың кемелерінің алып қорымдарына ұқсас келеді.

Көлсай көлдерін «Солтүстік Тянь-Шанның інжу-маржаны» деп те атайды.

Қайыңдының сұлулығына тамсану үшін 1 күн аздық етеді. Жаяу серуендеп,  атпен немесе тау велосипедімен саяхат жасасаңыз ғана Қайыңды көлінің сырлы табиғаты мен жұмбағына қанығып, көркіне көз тойдыра аласыз.

 

#саяхат #қайыңды көлі

Комментарий

comments powered by HyperComments

Похожие материалы

Партнёры