Сұрағы жоқ сұхбат. Мейрамбек Бесбаев

07.11.2017

Әнші, Алматы

Қазақ үшін ешқандай ерлік істемедім. Қазақша ән салдым екен деп, әлденеге дәмелену, әлденеге таласу абыройсыз іс.

«Гәкку» арнасына неге ренжіп отырмын? Басында қазақи болып бастады, алдады бізді. Киіз үй болып бастады. Бәріміз келдік, клиптерімізді бердік. Ойбай, қазақтардың барлығын жарылқап жатыр екен деді… Әдемілеп тұрып алып келді. Сосын алды да жайлап елді тартып алғаннан кейін, уықтарының бәрін лақтырып тастады. Бір күні шаңырақ құлайды ол, қашанғы бола береді дейсің?!

Менің кішкентай қызым шетелдік «Лентяева» деген мультфильмді көреді. Ол орысша. Бірте-бірте орысшаланып барады. Ұрпағымның келешегі үшін уайымдаймын.

Шама жетсе, неге алмасқа (әңгіме көп әйел алу туралы – ред.)? Ұрпақтың көптігі үшін, Алла разылығы үшін алуға болады. Ал жай мақтан, дақбырт болса, ондай тірлік ер жігітке жараспайды.

Қазір жаппай бір-екі қызға көп қаракөздеріміз үңіліп жатыр, солардай болғысы келеді. Мысалы, Динара Сәтжан, Баян Есентаева сияқты. Ол жақсылыққа апара ма, жамандыққа апара ма, мен білмеймін.

Теледидар арқылы ұрысып, сынап, ақылды болып көрінген дұрыс емес деп ойлаймын. Көзге көрінетіндей қателік болса, сынды жеке құлағына сыбырлап айтамын.

Кейбір кезде “Әнші қаптап кетті, концерт көбейіп кетті” деген әңгімелер айтылып жатады. Бірақ, мұны заманның тыныштығының белгісі деп білемін. Қарынның тоқтығына, заманның бейбіт екендігіне қуануымыз керек. Мұндай заман қазақтың басына ешқашан келген емес.

Көшеде «Найнти уан» емін-еркін жүреді деп ойламаймын. Ондай танымалдылықтың керегі жоқ. Бес адамның екеуі ұрғысы кеп жүреді. Ондай тығылып, қысылып-қымтырылып жүрген танымалдылық  өнер ме?!

Сосын бізде сервис өспеген. Удай бағаға анадай сервисте демалғанша, Түркияға барып, рахаттанып 10 күн шомылып келген жақсы. Басың да ауырмайды, ештеңеге жүйкеңді жұқартпай, қан қысымың көтерілмей, жақсы демалып келген жақсы. Өз елімізде қандай жерлеріміз бар, қалай сервисті көтереміз, мен әлі түсінбей жүрмін.

Бәлкім, бала күнімде «жұлдыздық ауруымен» ауырдым-ау деймін. Өткен күндерде балалық та, шалалық та болды. Ал қазір «жұлдыз» болу, еркелік көрсету деген қасиеттерден аулақпын. Өйткені, бұған уақыт та жоқ.

Егер де сен онда сырға тағып бар, түк мәні жоқ клиптеріңді апарсаң, өтірік айтпаймын жарты сағат сайын көрсетеді. Ал егер жақсы дүние алып кел, шолпысын тақтырып, сәукелесін кидіріп кел… Мысалы, Жазира мен Жанболаттың клипін алып баршы, көрсетпейді. Әйтеуір қазақ ренжімесін деп аптасына бір көрсетер. Сондай өтірік саясатпен адамдарды алдап бітті.

Интернат – мен үшін үлкен өмір мектебі болды. Нәтижесінде, өз басымды өзім алып келе жатырмын. Жалғыз ұл деп мені өбектей бергенде, кім біледі, мен өмірдің қыспағына шыдас бермес пе едім?!

Мен әйел адамдардың кітабын оқи алмайтын шығармын өмірде. Оқығым келмейді. Себебі біреудің өміріне араласқым келмейді. Оның өмірінде не боп жатқанын айтып, пыш-пыш ету маған жараспайтын шығар. Оқысам қазақ ақын қыздарының өлеңдерін оқимын. Фаризаны оқыр едім. Қазіргі замандастарымның ішкі жан дүниесінде не болып жатқанын білгім келмейді.

Бұрындары қолға түскен кітапты талғамай, көп оқи беретінмін. Алайда, қазір әдебиетті қатты оқимын деп жалған айтпай-ақ қояйын. Себебі, интернет, ұялы телефон дегендер сананы  улап барады. Шама келгенше, діни кітаптар, хадистер оқимын. Қазір сондай болып қалдық. Ол да бір жақсы дүние.

Жалаңаш бейнесін көрсету, оның өзін ұят емес дегенге келтіру, кейбір жерлерде әдептерден кетіп қалып жатыр. Осы сәнге айналып жатыр. Мені оның барлығы қынжылтады.

Басылымдарымыздың барлығы бір-біріне ұқсайды, ешқандай ерекшелік жоқ.

Мен әнді қалай түсінемін, солай орындаймын. Мына жерінде осы жұртты жылатайыншы деген ой жоқ менде.

Танымалдылықтың әртүрлісі бар ғой. Құдайға шүкір, танымалдылығым көп жерде көмектесті. ГАИ-де, ұшақпен ұшарда құжатымды ұмытып кетіп, оған түсіністікпен қарап жататындар көп. Мысалы, ауруханаға жатқанда елдер танып, көп көмек көрсетіп жатты. Келесі палатада танымал емес бір адам жатыр, оған дұрыс қарап жатпағанын білемін.

Дереккөз: Zhuldyz TV, Stan.kz, Kazgazeta.kz, Juldizdar.kz,

Сурет: @m_besbaev

Читайте также