Лента новостей

Алаш: Тағдырлар

Алаш қозғалысының 100 жылдығына орай
Алаш: Тағдырлар
28.11.2017 10:12 7241

ҚУҒЫН КӨРГЕН АЛАШ ҚАЙРАТКЕРЛЕРІНІҢ ӘЙЕЛДЕРІ

Кеңес үкіметі орнағаннан 1950 жылдардың орта шеніне шейін Қазақстанда 100 мыңнан аса адам қуғынға ұшырап, оның төрттен бірі әртүрлі айыптармен атылған екен. Жазалаушы номенклатураның таққан айыптарының кейбірі мүлдем кісі санасы қабылдамастай нақақ еді. Сондай тағдыр тауқіметін тартқан жанның бірі Дайыр Әбікеев жары Ғайнижамал арқылы «Дүниенің аңғарын бір білсе – сол кісі біледі. Мына жапонның шпионы деген аттан қалай құтыламын, ақталудың мүмкіндігі бар ма? Және осы өсектің шындығы қайсы, біз қайтсек құтыламыз?»,–деп Ахмет Байтұрсынұлына үміт артуы шарасыз пенденің шарқ ұрған аянышты хәлін дөп көрсетеді.

«Халық жауының» өзімен бірге отбасын да отан сатқыны санайтын сталиндік тотальді жүйе оларды әр қиырға жер аударып, лагер азабына тұншықтырды. Әсіресе, жан азабы мен тән азабын қатар тартқан жазықсыздар қатарында жарынан бір, баласынан екі айырылған аналардың  тартқан тақсіреті айрықша еді десек қателеспейміз...

Бәдірисафаның баянсыз тағдыры

Голощекиндік қуғындаудан басталып, сталиндік қатал қамау-атуға  ұласатын кеңестік тоталитаризмнан ең көп жапа шеккен алаш арыстары еді. Осы азаптың ауыр салмағы олардың құдай қосқан жарларына да түскені анық. Ресей даласының бір шетінен екінші бір қиыр шетіне айдалған күйеуін іздеп барып, ол тартқан бейнетті бірге бөліспекке әрекет еткен алаш қайраткерлерінің әйелдері аз емес. Сондай құдай қосқан асыл жардың бірі – Ахмет Байтұрсынұлының Александрасы еді.

Ахаңның өзі Бәдірисафа (Бәдірисафа аты туралы Самырат Кәкішев мырза «Ахаң туралы ақиқат» кітабында «патша үкіметі тіркелуге барғанымызда басқа ұлттың қызы деп оған некелесуіме рұқсат бермеді. Сол уақытта Александра деген атын өзгертіп, башқұрттың Падриса деген қызының атын алған. Содан кейін маған үйленуге рұқсат берді. Әйтпесе оның аты – Александра» деп Ахаңның өзі айтқан дерегін келтіреді) атаған Александра Иванқызы Ахаң көрген азапты тек кеңестік кезеңнен бері емес, одан бұрынғы патша заманынан да бірге өткерісіп келеді.

Ахаңның жары Бәдірисафа туралы деректер там-тұмдап. Ұдайы қуғын-сүргін көріп, ауыр бейнет шеккен, моральдық тұрғыдан жасыған өмірінің соңында ол талма ауруына ұшыраған деседі. Қазіргі Алматы қаласындағы Ахмет Байтұрсынұлы мұражайында сақталған сандық осы қуғын-сүргін кешулерінің куәсіндей болып сыр шертіп тұр. Ахаң қамауға алынғанда жұбайының артынан іздеп бару үшін Бәдірисафа апамыз сандықты сатыпты.  Алайда сатып алушылардың отбасы бұл құнды жәдігердің маңызын түсініп, мұражайға әкеліп өткізген екен.  

Бәдірисафаның қай жерде қалай қайтқаны туралы әртүрлі деректер айтылады. Бір деректерде балаларынан айырылған ана, бір жағынан ерінің қазасынан қайғы жұтып, өмірінің соңғы жылдарын жалғыздықта өткізді. 40-жылдары Қарттар үйіне барып, сол жерде көз жұмды деседі. Ал тағы бір деректі Нәзира Жәрімбетованың зерттеу мақаласынан табуға болады. 2009 жылы «Егемен Қазақстан» газетінде жарияланған материалда Есімхан Тұрлыбеков қария аузынан мынадай деректер келтіріледі:

 «1945 жылдың аяғы ма екен, әлде 1946 жылдың басы ма екен, әйтеуір, қыс айында өзіміз Кәшу деп атап кеткен ағам, кәдімгі ақын, аудармашы Қасым Тоғызақов біздің үйге кешке, қас қарайып кеткенде жүдеп-жадаған орыс әйелін ертіп әкелді де менің шешеме қатты тапсырды. «Қапиза, бұл өз бетімен көшеде жүрген әйел емес, қуғында қашып жүрген кісі, үлкен кісінің, өзіміздің ағамыздың әйелі. Осыны паналата тұрыңдар. Сенің етің тірі ғой, Қапиза, тек саған сеніп әкеліп отырмын. Біреу тиісіп немесе ұстап әкетіп жүрмесін, қазір аямайды. Не айдап жібереді, не атып тастайды. Алда ептеп жеңілдік заман болса, жөнін табады ғой. Ешкім білмесін. Өзіңе сенемін» деді де, өзі түнделетіп кетіп қалды... 

... Содан Александра қыстай, көктемде күн жылынғанша үйде шешемнің қасында болды. Үйге қонақ келсе, жиын болса шешем оны жартылай жерден қазылып, жартылай қыртыстан соғылған моншаға тығып тастайды. Байғұс талай рет моншаға қонып шықты ғой. Күн жылынып, өзенде су жүрген соң Александра жылқының құйрық қылынан үш қармақ жасап алды. Үйде тұрмайды, ертемен кетіп, кешке дейін өзен жағасындағы талдардың арасында қармақ салып отырады...

1947 жылдың күзінде бір күні Александра кешке үйге келмей қалды. Оның сол күні өзенге барғаны не бармағаны есімде жоқ. Түнде үйге келмеді. Өзенді жағалап, ауылдың маңын айнала іздеп таппай қойдық. Ертеңіне түстен кейін балалармен ойнап жүріп, үйден 400-500 қадамдай жерде Молдағали деген атамыздың тастап кеткен ескі үйінде Александраның өліп жатқан үстінен шықтық. Дереу апамды алып келдік. Тышқан ба, құс па бірнәрсе көзін шұқып тастапты. Апам келіп бетіне үстіндегі күртесін жауып кетті. Ешкімге айтқан жоқ, кешке жұмыстан өгей әкем Төлеубайдың келуін күттік. Ертеңіне әкем совхоздың атын, арбасын әкелді де, соған екеулеп Александраның мәйітін салып, Ұзын Қыпшақтың Науша руы бейітінің етек жағына бөлектеу жерге апарып бетін жасырдық. Әкем құмдақ жер болғанмен, тоңдап қалған топырақты тізеден ғана қаза алды. Қолындағы күрегі де кішкентай әлсіз еді, оның үстіне Колымада он алты жыл айдауда болып келген ол кісінің шамасы да осыған жеткен шығар. Байғұс әйелдің мәйіті ескі бұзылған үйде екі күн жатып қалды». 

Өмірінің дені бейнет пен азаптан тұрса да, ұлттың рухани ұстазы Ахаңа деген ақ, адал махаббатын жоғалтпай, ақтық демі үзілгенше жоқтап өткен Александра Иванқызы (Бәдірисафа Мұхамедсадыққызы) қуған-сүргіннен қаза тапқан асыл аналарымыздың қайсар рухының символы ретінде қалары сөзсіз.

 «Қазақстанды КСРО-дан бөлшектегісі келген» әйелдер

Қазақстанда дәл осы айыппен атылған үш әйел бар екен. Олар 35 жасында марқұм болған Шахзода Шонанова, 33 жасында көрер жарығы таусылған Торғай Сүлейменова және 30 жасында қаза тапқан Мәмила Таңатова еді. Әлі өмірінің қызғын толық көрмеген бұл әйелдердің ауыр қылмыс арқалайтындай нендей жазығы бар? Қазақстанды алып империядан бөлшектегісі келді дегеннің шындығы қайсы? Атуға үкім етілгенде сыры ашылмаған бұл сұрақтардың бүгінде де еш жауабын табу мүмкін емес. Өйткені олар кінәсіз еді. Сол себепті нақақ айыптан 20 жыл өткеннен кейін арылып,  «өкімет пен партия алдында еш кінәсі жоқтығы» дәлелденді. Деседе адам өмірі ойыншыққа айналған сол нәубеттің шындығын тани түсу үшін оларды айыптау, қаралау істерінен дерек тарата кетсек.

1904 жылы Нұра ауданында дүниеге келген Торғай Қиқымқызы мен оның күйеуі Мәжен Сүлейменовке таңылған айыптардың бірі Қарағанды өз алдына жеке облыс болғанда облыстық Атқару комитетінің төрағасы Абдолла Асылбековтың бұлардың үйіне қонаққа келуі екен. Сол себепті Асылбеков халық жауы атанғанда бұлар да халық жауымен ымырада болған зиянкес элемент ретінде тұтқындалған. Әке-шешесі ұсталған сол қаралы күні 6 жастағы бала болған  Сайдалы Сүлейменов  өміріндегі ең ауыр күндері туралы былай еске алады:

«1937 жылы, шамасы, наурыз айының ортасы болса керек. Түн жарымында біздің үйдің есігін әлдекімдер сартылдата қақты. Әкемнің есікті ашуы мұң екен өңкей қара киім киген, бір топ адам үйге сау етіп кірді. Олар бірден шешеме дүрсе қоя беріп, ақыра сөйлеп, бол-болдың астына алды. Өздері үйдің ішін тінтіп, астаң-кестеңін шығарды. Біз қарындасым екеуміз әжеміздің қолтығына тығылып, торға түскен еліктің лағындай қалтырап отырмыз. Әжем дауыс салып, жылаумен болды.  Әкем мен шешемнің қандай күйде болғаны есімде қалмапты. Тек қара киім киген қорқынышты адамдар сүйреп бара жатқанда шешем ұмтылып келіп Еркін екеумізді кезек-кезек құшып, «құлындарым-ай, не күйге түстік! Құлындарым-ай!» деп айқайлай жылағаны әлі күнге көз алдымда қалыпты». 

Осылайша,  партия мүшесі,  партия атынан медалмен марапатталған Торғай Сүлейменова жары Мәжен Сүлейменовпен бірге тұтқындалып, «Әлсеневтің контрреволюциялық ұлттық ұйымына 1935 жылдың қазан айында кіріп, Әлсеневтің бұйрығымен колхоздарда төңкерісшіл кадрларды дайындап, контрреволюциялық, ұлтшыл ұйымға Шахаман ауылдық кеңесінің төрағасы, партия мүшесі Сүлейменов Мәженді тартқан...» деген ресми және қосымша айыптар негізінде «үштіктің» үкімімен атуға бұйырылды. Бұл атылғандардың арасында оның әкесі Қиқым Тынымов та бар еді. 

Қазаққа есімі белгілі тіл маманы Телжан Шонанұлының жары болған, сонымен бірге өз тегі жағынан да әйгілі ақсүйек төре Арон Қаратаевтың қызы – Шахзода Шонанова да атуға үкім етілгендердің бірі. Оралда губерниялық атқару комитетінде іс жүргізуші, Сырдария губерниялық партия комитетінде нұсқаушы, Халық ағарту комиссариатында мектепке дейінгі балалар тәрбиесінің нұсқаушысы, Педагогикалық ғылыми-зерттеу институтында жауапты хатшы, Ұлттық мәдениет ғылыми-зерттеу институтында кіші ғылыми қызметкер, Халық ағарту комиссариатында ғылыми қызметкер, бастауыш және орта мектеп бөлімінің ғылыми хатшысы, әдіскер-кеңесшісі қатарлы қызметтерде болған ол қазақ әйелдерінің ішінде  зиялы әйелдер санатынан еді. Алайда бай тұқымы, феводал нәсілі, «тау жауының қызы» деген айып салдарынан ұдайы қудалау көріп, бір жерде ұзақ байыздап тұруға мұрса бермеген. Екі бірдей оқуға қабылданса да, екеуінен де шығарылған. Үшіншісі – Қазақ мемлекеттік университетінің биология факультетінде 3 курста оқып жүргенінде тұтқынға алынған.    

Оған тағылған айып төмендегідей еді:

«1926 жылдан буржуазиялық-ұлтшыл, төңкерістік бағыттағы ұйымда болған, Кеңес өкіметінде төңкеріс жасап, Қазақстанды Кеңестер Одағынан  аластатуды көздеген, Жапонияның басшылығындағы қазақтың буржуазиялық мемлекетін орнатпақшы террористік, диверсантты-зиянкестік ұйымының басшылары Сәдуақасов, Жүргеновпен байланыста болған. 1936 жылы Алматы қаласындағы Қазақ мемлекеттік университеті ғимаратын өртеген. Ұйымның төңкерістік және террористік бағыттағы жоспарларымен таныс болған, зиянкестікпен айналысқан, мектепке дейінгі балалар тәрбиесіне кері әсерін тигізген...».  

Атылғандардың тағы бірі – 1907 жылы қазіргі Қарағанды облысының Қу ауданында дүние келген Мәмила Таңатова. Кедей шаруа отбасынан шыққан, жан-жігерімен колхоз бейнетінде болып, партия жүктеген сенім  мен міндетті адал орындауға тырысқан қарапайым ғана әйелге «1935 жылы Қу ауданында Шамсутдинов құрған диверсанттық-зиянкестік, ұлтшылдық бағыттағы ұйымға мүше болған, ауданда колхоздың қирап-бүлінуіне, колхоз малының жаппай қырылуына қатысты диверсантты-зиянкестік жұмыстар жүргізген. Сталиндік конституцияны жалақорлықпен түсіндірген, Кеңес үкіметіне қатысты еңбеккерлердің толқуын ұйымдастырған, Қазақстанды КСРО-дан аластатқысы келген...» деген айып тағылады. Осы айыптау негізінде ату жазасына кесіледі.

Мұстафа Шоқайұлы екі өлімнен қалай аман қалды?

(өз хатынан қысқартып, ықшамдап ұсынып отырмыз)

31 январь күні күндізгі сағат 2-де Қоқан большевиктерінің бізге тапсырған ультиматумын сөз қылып отырғанымызда тасыр-тұсыр атылған мылтықтың дауысы шықты. Мылтық атысып, соғыс бастаған большевиктердің солдаттары екен. Большевиктердің бұл ісі өздерінің ультиматумында қойған шартнамасына қарсы келді. Олар ультиматумда мәміле шарттарын кеңесуге үш сағат срок қойған еді. Һәм ол сроктың уақыты сағат екіден 20 минут өткенде ғана бітетін еді.

«Шура и исламия» үйінде жиналып отырған үкімет адамдары бар һәм басқалар бар большевик солдаттары жақындап келе жатыр деген хабарды айтысып, жан-жаққа тарасып кетті. Сонан үкімет адамдарына енді қайтып екінші бас қосуға ешбір түрлі жол қалмады...

****

Большевиктердің оғынан қашып, Қоқан қасындағы қышлақтардағы сарт ағайындардың ішінде 5-10 күн жүрдім...

20 (7) февраль сәрсенбі күні Мұсажан қажы деген ишанның (ғалым) баласы Ғұмархан төремен бірге Гаухана қышлағынан Илеш қышлағының үстін басып, Қомбасты қышлағына келдік. Жолдасым атты, мен жаяу. Сарттар жалдап мінуге көлік бермеді. Үстімдегі киген киімдерім сарт киімдері: аяқта кебіс мәсі, үстіде ала шапан, баста қазандай ақ сәлде.

Барар жерім белгісіз болған соң Қоқандағы соғыс басылғанша өзіміздің сарттардың ішінде қауіп-қатерден жырақ жүре тұрармын деген ой ғой мені бір қышлақтан бір қышлаққа тентіретіп жүрген.

Қомбастыға келген жерде шетінен қару-жарақ асынған 20 шақты сарттар келіп, мені шап беріп ұстай алды.

  •  Сән кімсің?
  •  Мұсылманмын.
  •  Қайсы мұсылмансың?
  •  Қазақпын.
  •  Қазақ қашаннан бері мұсылман?
  •  Әлімсақтан бері мұсылман.        
  •  Сол қазақтың мұсылманлығыға біздің шәгіміз бар?
  •  Сендердің шәктерің болса, біздің қазақтың куәсі бар.
  •  Куәсі не? Қәне айт?
  •     Куәсі – шаһадат кәлима. Ол шаһадат кәлиманы маған бастан-аяқ түгел айтқызып шықты. Құдай бақ беріп, жас күнімде жаттап алғандарымның ұмытылмағаны мұндай әбиур болар ма!

Осындай тергеу қылып болған соң менің мұсылман екендігіме сарттар анық сенгендей болса да, онымен қоймай тұс-тұстан анталап, ол жер бұл жерімді шұқылап, мұсылманшылықтың онан да гөрі көзге көрінетін «нышанын» іздей бастады. Сол уақытта қасымдағы менімен бір жетіден бері таныс жолдасым Ғұмархан төре ат үстінде маңқиып, тамаша қылып тұрғаннан басқа ешбір жәрдем көрсетпеді. Ол бүкіл Ферғанаға атақты бір ишанның баласы болғандықтан маған жәрдем қылайын десе, бір ауыз сөзі ем еді. Ақырында мынау сарттардың жуық арада мені жібермейтініне көзі жеткен соң, атын борбайға бір салып, «шу» деп жүріп кетті.

Сарттар менің мұсылмандық жағымнан ешбір кінә таба алмаған соң:

  •  Сен қазақ бұл жақта қайдан жүрсің? – деп сұрады. Мен өтірік қоспай, жайымды айттым. Мұсахан қажы ишанның үйінде бірнеше күн мейман болып жатқанымды сөйледім.
  •  Мұсахан қажы ишанның үйінде жатқаның рас болса, оның баласы сені неге тастап кетеді?– дейді сарттар. Мен олардың бұл сауалына не деп жауап берерімді білмедім.

Енді сарттар мені осы жерден ұстады. «Бәрібір бұл кім болса, ол болсын; қайдан шықса, онан шықсын, әйтеуір, сарт емес екендігі ақиқат. Онан өзі де танбады. Мұны өлтіру керек. Енді заман – сарттікі. Бізге қазақ та бір, большевик те бір» деп қолымнан жетектеп, қышлақтың шетіне қарай көшеменен «қазақ ұстадық» деп айқайлап, тұс-тұстан адам шақырып, алып жөнелді.

Мені өлтіруге жиналған адамның саны 70-80-дей болды. Бәрінің қолдарында қаруы бар: мылтық, айбалта, қанжар, пышақ, келтек, шоқпар... Менде өлмеймін деген ойға орын қалған жоқ. Екі көшенің айырылатұғын жерінде үлкен бір ағаштың түбіне отырғызып, сарттар мені өлтірудің жабдығына кірісе бастады.

Екі қолым артыма таңулы, екі көзім байлаулы. Мойнымда қара қайыстан тұзақ. Сарттардың ниеті мені екі аяғымнан ағашқа асып қойып, атып өлтірмекші. Енді асамыз деп даярланып отырғанда бір сарт келіп, «Сендер мұны қазақ дейсіңдер, қазақтың да неше түрлісі болады. Бұл өзі қандай қазақ екен, көрейік» деп көзімді шешкізді. Ол сарт көзімді шешкен соң, бетіме тура қарап жіберіп: «Ассаламуәлейкум, Мұстафа әфенді» деп жалма жан байлаулы қолымды босата бастады. Екі көзі жасқа толып, мойнымдағы тұзақты пышақпен қиып жіберіп, отырған орнымнан тұрғызып, өзге сарттарға менің кім екенімді баян қылып, көп сөз сөйледі. Сонан соң есірген сарттар өздері өлтіруді қойып, мені Қоқанға Ергеш қарақшының алдына жібермекші болып, шаһарге бара жатқан адамдардың біреуінің артына мінгестіріп жөнелтіп салды.

Енді әлгі мені өлімнен құтқарған сартқа келейін. Бұл сарт (атын білмеймін) былтыр жалданып, соғыс тарапына барған көп сарттың бірі екен. Ол былтыр жұмыс басында жәбір көріп, Ферғанаға қашып бара жатқанда Петерборда маған кез болып, менен жол қаражаттық пұл алып, қажеті шыққан екен. Һәм былтыр мен биыл менің Петерборда, Түркістанда қылып жүрген қызметтеріме де сырттан қанық екен.

****

Қомбастыдан шығып, кейін оралып, жоғарыдағы айтылған Илеш қышлағын басып, Гауханаға жөнелдік. Илеш һәм Гаухана қышлақлары арасында бір сай бар екен. Сол сайдың басында олай-бұлай өткен сарттан басқа жанның бәрін ұстап, тергеп тұрған мылтықты үш сарт кез болды. Менің бөтен екендігім һәм ықтиярсыз шаһарге айдалып бара жатқанымды білген соң, олар сөзге келмей мені атып өлтірмекші болды.

Аттан түсірді. Жар басына отырғызды. Мені бастапқы тозақтан шығарған сарт Қомбастыда қалған. Енді бұл оқыстан мені кім құтқарар? Әйтеуір, көп қиналмай, жылдамырақ өліп кетсем екен деп көзімді басып отыра бердім.

Сарт өзінің мергендігіне сеніп, көздеді ме, көздемеді ме – тарс еткізіп атып салды. Құдай сақтады. Оқ тимей зу етіп жанап кетті. Сонан соң сарттар «Бейшараның бақыты бар екен» деп қайтадан атқа мінгестіріп жөнелтіп жіберді.

Гауханаға жеткен жерде әлгі қышлақтардың болысы (Қайнар болысы) Хазымқұл Мұхаммедқұлұлы кез бола кетті. Ол мені бұрыннан таниды екен, жайымды сұрап білген соң жанымдағы мені алып келе жатқан сарттарға келіп, өздеріңді атып өлтіремін деп ашу қылып, оларды қайырып жіберді.

... Екі күн жаяу жүріп, осындай бейнеттер шегіп, Дағыстан деген қышлаққа келдім. Сонда тоғыз жүз тоқсан сомға жолдас жалдап, «қазақ-қырғыз қайдасың?» деп қарлы таулар асып, жөнеп кеттім һәм сарттарға сол арада «қош» айттым...  

Поделитесь:
Telegram
Подпишитесь на наш Telegram-канал и узнавайте новости первыми!