Жаңалықтар

Janym Baklajanym: «Қайырымды болудың арнайы ережесі жоқ»

Мейірімді жүректер мекені
Janym Baklajanym: «Қайырымды болудың арнайы ережесі жоқ»
13.03.2017 18:18 13432

Біздің бүгінгі кейіпкеріміз Айдын Тоқсанбаева көпшілікке «Janym Baklajanym» есімімен танымал. Оның жетекшілігімен құрылған еріктілер тобы тұрмысы төмен отбасылар мен балалар үйінің тәрбиеленушілеріне, қарттарға арнап түрлі қайырымдылық шараларын өткізіп келеді. Айдын El.kz оқырмандарына қайырымдылық қылудың қыр-сыры туралы айтып берді. Оның айтуынша, қайырымды болудың, жақсылық істеудің арнайы ережесі жоқ.

– Айдын, сіз балаларға арнап әр түрлі қайырымдылық шарасын өткізіп жүргеніңізді әлеуметтік желі арқылы байқап отырамыз. Бұл іспен қашаннан бері айналысып келесіз?

– Екі жылдан асып бара жатыр. Алғашқы жылы қасымда ешкім жоқ, өзім жүгіріп, ұйымдастырып жүрдім. Ал, екінші жылы әр қаладан «Қайырымды жандар» тобын аштым.

– Осы уақытқа дейін қанша шара өтті?

– Қазақстанның бірнеше қаласынан «Қайырымды жандар» тобын ашқалы бері көптеген іс-шара өтті. Мысалы, Алматыдағы «Кәусар», «Нұр», «Ақ үміт» балалар үйіне мерекелерде, басқадай түрлі себептермен айына бір рет кездесу өткізіп тұрамыз. Ата-ана қамқорлығынсыз қалған 100 бала мен 200 ересек адамның басын қосып өткізген «Ертегілер әлемі» кеші Алматы, Астана, Шымкент, Ақтау, Арыс қалаларында өтті. Нақты санын айта алмай тұрмын.

– Бұл қоғамдық жұмысқа бел шеше кірісуіңізге не себеп болды?

– Өмір болған соң неше түрлі жағдай болады. Кішкентайымызда үйде жеуге қара нан таппай қалған сәттеріміз болды. Сонда әжем үнемі «қолыңдағы барыңмен бөліс» деп үйретті. Қайырымдылық жасау үшін үлкен лауазым, мәртебе, болмаса уақыт керек емес. Ең бастысы – ниет. Кез-келген уақытта, кез-келген жерде қолыңдағы барыңмен, жылы сөзіңмен-ақ адамдарға жылу сыйлай аласың. Киноға барып, кафе, ресторандардан дәмді ас ішіп көңіл көтергеннен адам шаршайды. «Қайырымды жандар» тобының мақсаты – жақсылық жолында жүріп, жақсы адамдармен танысу.

– Еріктілер тобында қанша адам бар? Қаржылық, ұйымдастырушылық жағынан қолдауды көбіне қайдан аласыздар?

– Еріктілер тобын ашар алдында әлеуметтік желіге хабарландыру жаздым. Алайда менің интернет парақшамда жазылушыларым өте аз болды. Бірақ көпшілікке «саяхатшы әже» атағымен танылған әжемнің әлеуметтік желілердегі парақшасында оқырмандары көп болатын. Осы себепті әжемнің арқасында менің де оқырмандарымның саны күрт артты. Осылайша алғаш рет «100 ата-апа кеші» атты шара өткіздім. Қарттар үйіндегі ата-әжелердің көңілін көтеру мақсатында мұндай шара Алматыда 3-4 рет өтті. Кейін өзге қалаларда жалғасын тапты. Қазақстанның 7 қаласында менің бастамаммен ашылған еріктілер тобы жұмыс істейді. Әр қалада кем дегенде 200-дей адамнан бар. Топқа кірмей, әлеуметтік желі арқылы көмек көрсетіп жатқан адамдар да баршылық. Мұның барлығы тікелей әлеуметтік желілер арқылы іске асырылды.

– Қаржыны көбіне қандай жолмен жинастырасыздар?

– Мысалы, демалыс күндері, мерекелерде мешіт қасында алма сатамыз, жәрмеңке өткіземіз. Сән салондарымен келісіп, бір күнді сәнге арнаймыз. Әртүрлі фотосесессия, концерт өткіземіз. Жиналған қаражаттың бір тиынына дейін санап, қайда жұмсалғанына есеп беріп отырамыз.

– Осы шаралардың басы-қасында жүргенде болған ең бір есте қаларлық оқиғаңыз бар ма?

– Есте қалатыны тек ауыр сәттер. Аягөздік Елжан деген балаға біздің еріктілер көмек көрсетіп, 800 мың теңгеден астам қаржы жинап берді. Бастапқыда бала дені сау боп туған. Дәрігерлердің мұқиятсыздығынан болып, екпені көтере алмай үш айлығында бала ауырып қалады. Дәрігерлер диагнозын қоя алмай, көп әуре болды. Алғашында Түркияға жіберіп емдетпекші болдық. Бірақ қазір Алматыда кетогенді диетамен емделіп жатыр. Нәтиже бар, денсаулығы оңалып келеді. Көптеп, көлемдеп қолдау көрсетіп жіберген сәттеріміз өте көп. Біреудің оқуына жетпей жатады, біреу нанға ақша таппай, расымен мұқтаж болады. Көмектесіңізші деп хат жазатындар өте көп. Кейде жалғыз өзім жауап беріп үлгермей де жатамын. Бірде ер адам көмек сұрап, хат жазды. Хатты оқыдым да, жауап қатпадым. Өйткені «жоқ, көмектесе алмаймын» деу қиын және «иә» деген сөздің қаншама жауапкершілігі бар. Сондықтан әбден ойланып, үш күннен соң мән-жайды білмекші болып хабарластым. Сөйтсем, ол кісіден «сәл ертерек хабарласқаныңызда, мүмкін балам тірі қалар ма еді...» деген мазмұндағы жауап хат келді. Осы кезде мен екі аптадай қатты қиналдым. Барлығынан бас тартып, өмірден түңіліп кететін сәттерім де болады.

– Әлеуметтік желідегі кейінгі жазбаларыңыздың бірінде қайырымдылық шараларын өткізуді тоқтатқым келеді депсіз. Шаршадыңыз ба, неліктен мұндай шешімге келдіңіз?

– Бұл менің үнемі айтатын сөзім. Шаршап кететін кездерім болады. Бұл менің жұмысым да, міндетім де емес. Кейде өзімді осы салаға міндетті сияқты сезініп, қолымнан келмей жатса да, тырысып жатамын. Сырттай бақылап отырған жұрттың сөзі де таусылмайды ғой. «Ақша істеп жатыр, алдап жатыр» деп жала жауып, ғайбат сөздер айтады. Сондай кездерде өкіріп жылап та аламын, өкініп те кетемін. Кеше «барлығын доғарамын» деп жазба салсам, таңертең ұйқыдан тұра сала кезекті шараны ұйымдастыруға кетемін. Қайырымдылық жолында жүрген адам қарап отыра алмайды екен. Біреудің күлкісіне себепкер болғым келіп, жақсылық жетіспейтіндей күй кешіп, өзімді пайдакүнем сезініп кетемін. Күніне бір сауапты іс жасамасам, ішім пысады.

– Әлі бір шешімге келмедіңіз демек... Жақсы, жаңа бір сөзіңізде айттыңыз, «осы істе танымал болуыма ықпал еткен бір жан – әжем» деп. Көпшілікке саяхатшы болып танылған әженің немересі екенсіз. Әжеңіз туралы, өнегесі туралы айтып беріңізші.

– Әжем Лена Тоқсанбаева – жасынан қиындықты көріп өскен жан. Атамыз ерте қайтыс болып кеткен, артында қалған алты баласын жалғыз өзі өсіріп, жеткізді. Әжем бір орында отыра алмайтын кісі. Балалары өсіп, үйлі-баранды болса да, әжем қарап отырмай, пирожки пісіріп, сатып жүреді. Өмірді көргісі келеді. «Пайдаң тимесе де, зияның тимесін» деп үйретті бізге. Қазір жасы 80-нен асып кетті.

«Саяхатшы әже» атымен ел-жұртқа танымал бола бастаған кезде, бізге көптеген журналист хабарласты. Сонда барлығы «Әжені шетелге апаруға қалай шешім қабылдадыңыздар?» деп сұрайды. «Онда тұрған не бар?!» деп қатты таң қалдым. Өйткені әжемізді апармау туралы ой мүлдем басымызға келмепті. Отбасымызбен шет елге жол жүретін болған соң, әжеміз бізден қалып қалмайды ғой. Жалпы әжеміздің денсаулығы тың. Дәрігерлер «18 жастағы жүректі қыз» деп әзілдейді. Әжем, әкем мен шешем біз өскенше демалуға мұршасы болмай, тек қана жұмыс істеді. «Енді жақсылап дем алсақ болады» деп, осылайша барлығымыз саяхатқа шығып кеттік.

– Қайырымдылық шараларын өткізе жүріп не білдіңіз, не түйдіңіз? Қоғамда қайырымды адамдар көп пе?

– Өте көп. Үлкендер «қазіргі жастар бұзылған. Адам баласына қайыры жоқ» деп жақтырмай жатады. Меніңше, біздің ата-аналарымыздың замандастары қиын заманды көргеннен кейін, қатты шошынып қалған. «Өз-өзіңді асыра» деген ережені саналарына құйып алған. Қазіргі жастар еркін, азат ойлы. Олардың барлығы жақсылық жасауға құштар. Тек жақсылық жасаудың жолын білмей, қиындатып алады. Қазіргі жастарды тәрбиелегім келеді. «Жақсылықты үндемей жасау керек. Бұл жарнама» дейтіндер де бар. Жастар интернетте өмір сүреді. Оларға жақсылық жасаудың, қайырымды болудың қиын емес екенін көрсеткім келеді. Қайырымды іс жасау үшін бай болудың, ақшалы болудың керегі жоқ.

– Қайырымды іс жасау арқылы өміріңізде не өзгерді?

– Қайырымдылық шараларын өткізу – мені жауапкершілікке баулыды. Өмірге деген құштарлық сыйлауға болатынын білдім. Жақсылықты қанша көп жасасаң, жолыңдағы сонша тосқауылдар мен кедергілер, теріс ниетті адамдар өз-өзінен сылынып қалады. Бұл Алла Тағаланың кереметі деп білемін. Осы жолда жүріп өмірлік серігімді жолықтырдым. Жолдасыммен балалар үйіндегі кезекті шара өткізу кезінде таныстым. Әртүрлі қоғамдық шараларды ұйымдастыра жүріп, бір-бірімізді етене таныдық. Тұрмысқа шыққаныма екі апта болды.

– Қуанышыңыз құтты болсын, Айдын! Қайырымдылықтан бөлек немен айналысасыз?

– Мен төрт қабырғада отыратын офистік жұмысты істей алмаймын, өйткені тез зерігемін. Сөйтіп, белгілі әуе компаниясының біріне стюардесса болып жұмысқа орналастым. Бірақ бұл жұмыс қайырымдылық шараларын өткізуіме үлкен кедергі болды. Одан бөлек, үйдің бетін көрместен қонақ үйлерге түнеу мені шаршатты. Ақыры біржола қош айтысып, қайырымдылық шараларын өткізуге оралдым. Әкем бұл шешімімді құп көрді. Бірақ «еріктілердің жұмыс тобы бір ретке келген соң, қайтадан жұмыс істейсің» деп шарт қойды. Жақында тұрмысқа шығып, келін атанғанымды айттым ғой, осылайша әзірге жұмыс істейтін түрім жоқ.

– Алда қандай мақсатыңыз, жоспарыңыз бар?

– Осы күнге дейін қаншама тағдыр иелерімен жолықтым. Балаларыма дұрыс тәрбие бергім келеді. Қаншама қорлар мені бірігіп жұмыс атқаруға шақырды, көлемді қаржы ұсынды. Мен бас тарттым. Бұл менің қалауым емес. Қорды өзім де аша аламын. Қайырымдылықпен айналысу – менің сүйікті ісім, жұмыс ретінде қарап, күрделендіргім келмейді. Өз ісіммен, ұстанымыммен жай ғана үлгілі адам болғым келеді.

 –Жақсылық жасайсыз, «қыз мұраты кету» демекші, тұрмысқа да шығыпсыз. Қарап тұрсам өмірден жиған мол тәжірибеңіз бар сияқты. Көп адам жауабын іздеп өтетін бір сұрақ бар, «өмірдің мәні не?» деген. Сіз қалай ойлайсыз, өмірдің мәні неде?

– Мен өзімнің дүниеге бекер келмегенімді білгенім үшін бақыттымын. Өмірдің мәні – қоғамнан өз орныңды табу, өзіңді керек сезіну. Екі жыл бұрын интернетте менің оқырмандарым аз болды. Сол кезде көмек сұрап жазған хаттарым еленбей, ескерілмей, жауапсыз қалып жататын. Сондай сәтте, «Құдайым-ай, не әнші, не биші емеспін. Сондай танымал болғанымда постымды көп адам қараған болар еді» деп қынжылатынмын. Танымал болуды армандадым – танымал болдым. Құдай тілегеніңді береді екен. Қазір көмек сұрап, бір пост жазсам, кем дегенде оншақты адам ат салысып, мұқтаж жанға көмек қолын созады. Барлығына ұнауды мақсат тұтпаймын. Біреуге ұнаймын, біреуге ұнамаймын. Отбасым аман, денім сау. Ешқашан материалдық дүниелерді армандаған емеспін. Машинам, қымбат шубам болмаса да өмір сүре аламын. Арманым – көп балалы ана атану!

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға