Жаңалықтар

«Айналаңызбен қарым-қатынасты жоғалтпаңыз»

Карантиндегі мәселелерге психолог кеңесі
«Айналаңызбен қарым-қатынасты жоғалтпаңыз»
25.04.2020 06:17 4444

Коронавирус пандемиясына байланысты елімізде Төтенше жағдай 1 мамырға дейін ұзартылған еді. Бүгінде республикамыздың бірқатар маңызы бар облысы мен қалаларының халқы карантин режимінде тіршілік етіп жатыр. Денсаулық сақтау министрлігінің айтуынша, аталған режим алынуы үшін вирусты жұқтыру деңгейі 5%-ды құрауы керек. Ал дәл қазір еліміздегі эпидемиологиялық жағдай 8%-ды көрсетіп отыр. Сол себепті карантин мерзімінің қашан және қай уақытта аяқталатынын дөп басып айту қиын.

Мұндай ахуалда, яғни үнемі келіп жатқан үрейлі жаңалықтар ортасында оқшаулану көптеген адамның психикасы үшін нағыз сынақ екені анық. Біз осы орайда психолог Ғалияш Махашевадан үйде отыруға мәжбүр болған жандарда қандай қиындықтар туатынын және оларды қалай жеңе алатыны туралы айтып беруін сұрадық.

d6402897-a004-4801-bf51-8f77ca298dd2.jpg

(Суретте: психолог Ғалияш Махашева)

Энергияны қайда шығарамыз?

Қазіргі карантин уақытында бәріміздің ішімізге негативті энергиялар жиналып жатыр. Ол бізде осыған дейін де болған. Біреумен ренжіскен, сөзге келген, ұрсысқан, ашуланған, сонымен бірге сәтсіздікке ұшыраған сәттерде кездері негативті энергия пайда болады. Саналы адамдар негативті энергиясын дұрыс шығарады. Спортпен айналысып, бассейнде жүзіп, шығар, кинотеатрға барып қызық кино көруі, отбасымен бірге серуендеп, таза ауада демалуы мүмкін. Қалай болғанда да бойындағы жаман энергиядан арылудың бір әдісін тауып, оның орнын позитивпен толтырады. Алайда дәл бүгінгі жағдайда позитивті энергияларымыздың өзі тіпті шықпай жатыр. Туған күнді атап өтейік десек, достарымызбен араласа алмаймыз. Той-томалаққа бару, қуанышымызды жолдастармен бірге бөлісу, театрға барып қойылым көру, кітапханаларға барып кітап оқу деген сияқты, түрлі шаралардан, мерекелерден құр қалдық. Яғни, бұл энергиялардың бәрі біздің ішімізде жиналып қалып жатыр. Бұл ретте адамдарды пессимистер мен оптимистер деп екіге бөлеміз. Пессимистер бүкіл нәрсені «бітті, құрыды» деп қабылдайды. Оптимистер, яғни белсенділер мәселені қарап, онымен қалай күресетінін ойлайды. Осы жағдайда біз оптимист болуымыз керек. Театрға бара алмай отырсаңыз, балалармен үй ішінде қойылым жасауға болады. Балалар үйірмеге қатысып жүрсе, анасы қыздарына ас пісіруді, қолөнерді, ал әкесі ұлдарына әкесі бір нәрсені жөндеуді үйреткені дұрыс. Бірге кітап оқып, кино көріңіздер. Тіпті, бала-шағамен теледидар алдына жиналып, сусындар мен қытырлақтар алып, үйді шағын кинотеатрға айналдыруға болады. Яғни, уақытты тиімді өткізудің мүмкіндіктері өте көп. Мұндай жағдайда отбасыда ең бастысы түсіністік болуы керек. Бір-бірінің идеясын, айтқан бастамасын қолдаса бірге уақыт өткізу де қызық болады. Қайта осы уақытты үлкен мүмкіндік ретінде қабылдағанымыз жөн. Кезінде уақытыңыз жетпеген хоббиіңізбен, сүйікті ісіңізбен айналысыңыз. Айналаңызбен қарым-қатынасты жоғалтпаңыз. Көптен бері сөйлеспей кеткен достарыңызбен, жақындарыңызбен, ағайын-туыспен жиі хабарласып тұрыңыз.

39cc8e4f-127f-424c-b74c-3c94caa4a13b.jpg

Үрейді қалай жеңеміз?

Жалпы адамдар қазіргі жағдайда үрейге бой алдырмауы керек деп кеңес айта алмаймын. Себебі, адамдардың қандай да бір қорқынышты хабарды қабылдауының бес түрі, соған сай бес түрлі адам болады. Солардың негізгі үш түрін айта кету керек. Бірінші кезекте – паникюрлар. Олар қай кезде де бар және қара аспанды төндіріп, жақсы нәрседен жамандық шығарады, жаман нәрседен одан да ауырын күтеді. Яғни ондай жандармен бірге өмір сүрудің өзі қиын. Екінші бірі – немқұрайдылар, не болып жатқанына мән бермейді, қарамайды, ойланбауға тырысады, бір сөзбен айтқанда бәрібір. «Бәрі жақсы болады» деп өз-өздерін алдайтындықтан, мұндай адамдарды психологияда «жалған позитившілер» деп те айтамыз. Үшіншісі – белсенділер. Олар қандай да бір қиындықты қабылдап, бізде осындай қиындықтар тууы мүмкін деп нақты ойлайды, содан кейін әрекет жасайды. Мінеки, мұндай жағдайда осы белсенділердің қатарына көшу керек.

Иә, қорқыныш көп. Ол біріншіден, коронавирус пандемиясына қатысты болса, екіншіден экономикалық жағдайға байланысты. Жан-жағымыздағы оқиғаларды сараптасақ, көп азаматтың кәсібі құлдырап, көбі табысынан айырылып жатыр. Осы себепті үрейге бой алдыруда. Адам жоғары көтерілуді білсе, төмен түсуді де білуі керек, төмен құласа қайта тұруы керек. Бұл жағдайда әрекетіңіз, қимылыңыз белсенді болсын. Мүмкін сіздің дастарханыңызда бұрынғыдай ас болып тұрмас, бұрынғыдай қымбат киім кимессіз, біраз нәрсе қарапайымданар және үнемделер. Ендігі кезекте өзіңізді тәрбиелеудің маңызы зор. Яғни, «бұл сынақ, мен қайта тұрамын, жалғыз маған ғана емес дүниежүзіне келген қиындық, маған арқа сүйеп отырған отбасым бар» деген сияқты ойлармен қабылдау керек. Шынайы позитивті қабылдап, белсенді әрекет жасау арқылы үрейді де, қиындықты да жеңіп шығуға болады.

         Баланың тілін қалай табамыз?

Психологияда баланы ұрып-соқпай, қызығушылығын оята отырып үйретуге байланысты әртүрлі әдістер ойлап тауып жатыр. Сондай әдістің біреуі – тайм-менеджмент, яғни балаға кішкентай күнінен уақытты үнемдеуді үйрету әдісі. Бала үй тапсырмасын төрт сабақтан дайындайтын болса, әрқайсына 25 минуттан бөліп қойыңыз. Бұл қызанақ техникасы деп аталады. Баланың сабаққа бөлетін уақытын таңдауына ерік беріңіз. Мысалы, «сағат 1 мен 7-нің арасында уақыт беремін, сол аралықта қашан орындайтыныңды өзің айт» дейсіз. Оның тұрақты сабақ оқитын орны болуы керек. Яғни сіз оған мүмкіндікті жасап, содан кейін барып талап қойыңыз. Үй тапсырмасын орындайтын кезде «балам, қатесіз орындауға тырыс, біз ұятқа қалмайық» десеңіз, ол жауапкершілікті сіз үшін де, өзі үшін де сезінетін болсын. Бұл жағдайда сіздің өз жағында екеніңізді түсінеді. Айтып өткендей, әр сабаққа 25 минуттан бөлесіз. Ал 15 минутта орындап бітсе, қалған 10 минутында сол сабақты пысықтасын. Егер сол уақытында үлгеріп, тиімді пайдаланып жатса, балаңызға сый жасаңыз. Аптаның соңында бір нәрсе алып немесе тәтті тағам пісіріп беріңіз. Оны аптаның басында келісіп қойыңыз және орындаңыз. Біз баланың жанындамыз бірақ уақытымызды оған бөле бермейміз. Сондықтан, «осы аптада қанша уақыт үнемдейсің, сонша уақыт менімен ойнайсың немесе әкеңмен ойнайсың» деп айтсаңыз, бала бұл үшін талпынады.

Жалпы көп ата-ана баласын үздік оқытуға тырысады. Бұл дұрыс емес. Кеңес өкіметінен қалған бағдарлама. Қазір, әсіресе мектеп түлектеріне ҰБТ кезінде жоғары балл алу керек деп, баланың арқасында өзіңіздің қаржылық мәселеңізді шешіп, оның мойнына артудың қажеті жоқ. Бала еркін бару керек. Сондықтан «балам, осы уақытқа дейін оқыдың, бірақ жоғары балл аламын деп қиналма, шамаңның жеткенінше жина» деген сөз айтылуы керек. Мектептегі мұғалімдер де, ата-ана да «саған сенім артамыз» деп арқасына жүк көтертудің қажеті жоқ. Сүрініп үйренбеген бала бір сүрінсе, қиындыққа төтеп бере алмайтын әлсіз болып қалады. Суицид жағдайлары осындайдан шығады. Сондықтан ойланыңыз.

Бәріміз білетіндей, мектеп оқушылары IV тоқсанды қашықтан оқып бітіретін болды. Ата-аналар үйде, көбінесе аналары мұғалімнің қызметін де атқарып, сабақ түсіндіріп жатыр. Әлеуметтік желілерге шолу жасасақ, балалары төменгі сыныпта оқитын ата-аналар қауымы сабақ оқытудың қиынға соғып жатқанын, арасында шыдамы таусылып балаларын ұрып-соғып оқытатындарын жазуда. Психолог Сая Бақимованың да бұл құбылысты түсіндіруде өз айтары бар:

248c385d-7763-4502-a283-8d7a2e433d73.jpg

(Суретте: психолог Сая Бақимова)

- Мен бұрын балалар орталығында жұмыс істедім. Сонда мынаны байқайтынмын: жаттығуды мамасымен жасағысы келмей, жылайтын балалар менімен түк болмағандай жүгіріп жүретін. Бар құпиясы – керемет педагог болғаным емес, жай ғана ол баланың анасы емеспін!

Күнделікті Facebook, WhatsApp-та баласына сабақ оқытамын деп баланың да, ата-ананың да есі шығайын деп отырған видеоларды көріп жүрегім ауырады. Сіздің оқыта алмай жатқаныңыз, баланың тыңдамағаны – екеуіңіз жаман болғандықтан емес. Араларыңызда бұрыннан келе жатқан эмоциялық, гормондық байланыс бар. Тәрбиеші, мұғалім, стоматолог – сырттан келген адамдардың сіздің балаңыз арасында «шатасып жатқан жіп» жоқ. Олар келеді, баланың тілін табады, үйретеді. Ал сіз қанша тырысқанмен бөтен адам бола алмайсыз. Неге хирургтар өзінің туысына операция жасамайды? Жаман хирург болғасын емес, себебі әйтеуір бір жерінде сезімі еске түсіп, жүрек шіркін шым етеді, одан келіп қол да дір етеді. Арадағы қатынас осы. Фантазия мен ақшаның жағдайына қарай бірнеше амалын табуға болады. Сабақты тым болмаса, анасы емес әкесі оқытсын. Екпе салдыру, тіс емдеу, алғаш рет балабақша апару деген эмоциялық нәрселерді ер адам істесін деп бекер айтпайды. Өйткені, анасы қорқады, оған еріп баланың көңілі босайды. Ал ер адам өзінің эмоциясын жия алады. Сондай-ақ, үйдегі жоғары сыныпта оқитын басқа балалар оқытсын. Студенттер қазір демалыста, үйлерінде. Болмай бара жатса, «соңғы тоқсан, өзімнің де, баланың да психикасын құртпайын деп», бұл мәселені жібере салсаңыз қалай болады?

6ff07ee3-f04e-456c-b7e5-267d2e081025.jpg

Отбасылық кикілжіңді қалай шешеміз?

Ең бастысы отбасындағы әйел мен еркектің тіл табысуы. Бұрын ұрыс-керіске жиі жол берілген болса, ендігі жерде келісуге тура келеді. Өйткені, осыған дейін тәуліктің тек аз бөлігінде ғана бір-бірін көретін жұбайлар, ендігі кезекте күні бойы бірге болады. Саналы, ақылды адамдар амалын тауып, жарының мінезіне иілуге тиіс. Әйелі ерінен бір саты төмен тұрып, оның айтқанына қарсы шықпаса, ал ері жылы сөздерін айтып, еркелетсе мәселе өзі-ақ шешілуі мүмкін. Тағы бір айтатын нәрсе, мұндай кезде жұбайлардың өз жастық шақтарын, қыз-жігіт болып жүрген сәттерін еске алып, естеліктерімен бөлісіп, сұхбаттасуы көп көмектеседі. Бір-бірінің Кемшіліктерін термей, қателіктерін бетіне баспай, қайта біріне-бірі жақсы энергия сыйлағаны жөн. Бірге фотоальбом көруге, комедия жанрындағы фильмдерді тамашалауға, күлкілі әңгімелер айтуға кеңес беремін. Мұның бәрі арақатынасты қайта қалпына келтіреді. 

Карантин уақытында отбасылық қақтығыстар көп болып жатыр. Ең қауіптісі тиран еркектер көбейіп жатыр. Әуелі «тиран еркек дегеніміз кім» сұрағына жауап бере кетейін.  Бұл бірінші кезекте, ішінде комплексі бар адамдар. Олар үйде тиран болғанымен, сыртта «қоян», заңнан да, қарулы ер-азаматтардан да қорқады. Ал отбасындағы шамасы, әлі келетіндерге бар күшін салады. Мұндай жандардың бала кезден немесе уақыт өте келе алған бір жарақаты бар. Бұған біреуден беті қайтып қалған, өмірде жолы болмаған, сәтсіздіктерге ұшыраған деген себептерді жатқыза аламыз. Көбіне тиран болатын ішінде ыза-кегі бар, өз-өзіне көңілі толмайтын ер-азаматтар. Ендігі кезекте тирандық қалай басталады, қалай байқауға болады деген сұрақты қарастырамыз. Ең алдымен, бір нысанды көздеп оған шүйліге беретін болады. Әйелді мысал ретінде алсақ, оның қасық ұстағаны да, жасаған тамағы да, жүрген жүрісі де ұнамайды. Бір сөзбен айтқанда, әр іс-қимылы жақпайды. Әйелінен құрбыларымен, туған-туыстарымен қарым-қатынасын үзуін, ешкіммен араласпауын, ешқайда бармауын сұрайды. Яғни адамды бүкіл бостандығынан айырады. Өзінің дегенін істеткен сайын басына береді. Басынған сайын бірінші өзінің үстемдігін, билік жүргізетінін  байқап, ол келе-келе оның әр сөзінен ілік іздейтін, кекетіп, мұқатып отыратын болады. Ал енді қарсы сөйлеген уақытта қол көтереді. Бір рет қол көтергеннен кейін оған қатты жауап қайтарылмайтын болса, беті қайтпаса, ол өзінің әрекетін үдете түседі. Өйткені оның негативті энергиясы шығады. Бойындағы бүкіл негативті энергияны, біреулерге жылдар бойы жиналып қалған реніш, өкініш, әттеңнің бәрін ыза-кекпен шығарып алады. Алкогольді ішімдік ішетін де, ішпейтін де тиран болады. Ішімдік ішетін тирандардың сылтауы өте көп. Бар кінәні араққа жабады. Әрине, одан кейін әйел де оны емес арақты кінәлап, өзін жұбатады. Егер әйелі бетін қаттырақ қайтаратын болса, ол тирандар әдетте отбасынан тағы біреуді тауып алады. Бұл ересек ұлы немесе қызы. Соған тиісіп, мазасын алып, ұрып-соғады. Қалай болғанда да ол тиранның ішінде негативті энергия көп. Сол энергияны әйтеуір біреуге төгу керек деген ой тұрады. Мінекей, сөйтіп отбасының берекесін алады.

Мен осындай тиран еркектерге жан-жағыңызда дұрыстап қараңыз, өмір бір-ақ рет беріледі дегім келеді. Сіздің қасыңызда ең жақын адамдарыңыз, ішіңіздегі комплекспен жұмыс істеңіз, өз шамаңыз жетпесе өзіңізді-өзіңіз игере алмасаңыз, өзіңіз үлгі тұтатын, құрметтейтін адамның ақылын тыңдаңыз. Одан сабырға келе алмасаңыз психолог мамандарға барыңыз. Психолог сізді сабырға келтіре алмаса, онда өзіңізді қолға алудың ең бір мықты амалы дінге бас ұрыңыз. Дін сізді тәрбиелейді. Басқа жолы жоқ. Шын ниетіңізбен Алладан сұраңыз. Себебі, сіз біреудің өмірін ғана құртып қоймайсыз, яғни әйеліңіздің, жақындарыңыздың ішіндегі бүкіл жақсы энергияны тартып алып, құр сүлдерін ғана қалдырып немесе өлімге дейін апаратын жағдайға жеткізесіз. Ақыр соңында өзіңіздің баратын жеріңіз темір тор болады. Біреуге жасаған жамандық айналып өзіңізге келеді. Одан да отбасыңыздың жағдайын жасартуға тырысыңыз. Сізге тиран еркек болу ерлік емес.

Ал енді әйел адамдар қалай қорғанады? Егер күйеуіңіз сабырға келмейтін болса, оның айтқан ескертулерін, кекесін-мұқасындарын ойынға айналдырыңыз. Сосын артықшылықтарын көбірек көруге тырысыңыз. Өйткені бұл адамдарда комплекс өте көп. Үйде беделін көтеріңіз. Әр нәрсеге бір тисе беретін кірпияз болса, өзінің басымдылығын көрсеткісі келіп жүр деген сөз. Көп әңгімелесіп, іштегі сырын ақтартыңыз. Сіздің жаныңызда  өзін қолайлы сезінетін болсын. Екіншіден, ол әрекетіңіз іске аспай жатса, елемеуге тырысыңыз. Өз дегеніңізді жасасаңыз да, оған қарсы шықпай, «жарайды» дей беріңіз. Үшіншіден, ашық әңгімеге шақырып, себебін бірге іздеңіздер. Болмаса мамандардың көмегін ұсыныңыз. Бұдан жағдай оңалмай, ары қарай ушығып, балалардың мазасын алып, қол жұмсайтын бола, ойланыңыз. Өзін-өзі қолға алғысы келмейтін адамның жанында, қорқып, балалардың өмірін қауіпке тігіп жүру қаншалықты дұрыс?! Онда ол адамды ашуымен, комплексімен қалдырыңыз. Басқа амал жоқ.

Отбасындағы береке, ең алдымен тыныштық балаларға әсер ететінін ұмытпаңыздар. Мұндай «америкалық әткеншек», яғни ұрыс-керіс жиі орын алатын жанұяда өмір сүретін балалардың тағдыры өте қиын болады. Қыз не ұл болсын, сол көрген нәрсесін болашақта өзінің отбасына алып барады. Сондықтан басқан қадамымызға жауапты екенімізді ұмытпайық.

Карантиннен кейін не күтеді?

Адам өзі оқшауланған сәтте де пессимистер мен оптимистерге бөлеміз. Пессимистер өзінің уақытын босқа ұттырады. Олар өзінің ішіндегі негативті энергияларды жинап, оны жанындағыларға шашады. Карантиннен шаршап шығып, одан кейін кездесетін қақтығыстарға, кездесетін қиындықтарға төтеп беруі қиын болады. Өз жүйкесін өзі тоздырады. Ал оптимистер болса осы карантинде отырған уақытты үнемді пайдалануға тырысады. Онлайн кеңестер өткізуі, кітап жазумен айналысуы, үйде жаңа тағам дайындап үйренуі мүмкін. Бұрын жұмыста жүріп, уақыты жетпеген дүниелерін орындайды. Карантин мерзімі бір ай не екі ай болса да, бұл кезде адамның өз білімін толтыруға, танымын кеңейтуіне мүмкіндік көп. Осыған дейін ойда жүрген кітаптарын оқу, жағымды музыка тыңдау, сурет салу, интернет арқылы әлем мұражайларын көру, онлайн курстарға қатысу, т.с.с. Сондай мүмкіндікті пайдалана алатын жандардың басы тынығып, миы толығып, алдында кездесетін қиындықтарға төтеп беруге дайын болып шығады. Адам қандай жағдайда да, қандай ортада да өзін комфортты сезіне алатын мүмкіндікті өзі туғызады. Өздеріңізді барынша дамытумен, рухани дамытумен айналысыңыздар. Бұл ертеңгі күні карантиннен шыққан кезде адамның жан-дүниесінде, сонымен қатар сыртқы ортада болатын кризиске төтеп беруге көмектеседі. Өйткені, жүйке жүйе шаршамай, керісінше ақыл-ой бұрынғыдан да дамып, шыңдалып шығады.

(Суреттер кейіпкерлердің жеке мұрағатынан және Pixabay.com сайтынан алынды)

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға