Жаңалықтар

Түнгі ауысымдағы жұмыстың денсаулыққа зияны

Ғалымдар түнгі ауысымдағы жұмыс пен ДНҚ-ның зақымдануы арасында байланыс барын анықтады
Түнгі ауысымдағы жұмыстың денсаулыққа зияны
20.04.2018 16:44 6668

Түнгі жұмыстың семіздік, диабет пен рак секілді ауруларға алып баратыны баяғыдан белгілі. Сиэтлдегі онкологиялық ғылыми орталықтың ғалымдары түнгі ауысымда жұмыс жасайтын әйелдерде аналық жыныс безі рагы жоғары деңгейде дамитынына алаңдап отыр.

Олар жүргізген зерттеуге барлығы үш мың (әрбір үшінші әйел түнгі ауысымда жұмыс жасайды) нәзік жандылар қатысқан. Қорытындысы шынымен таңқаларлықтай. Себебі, әрбір үшінші әйелде обыр болса, 389-да енді басталып жатқан рак табылған. Ал қалғандарынан бұл дерттің белгісі байқалмапты. Анықталғандай, түнгі ауысым рактың пайда болу қаупін арттырады. «Барлық мәселе ұйқы гормоны мелатониннің бұзылуынан – дейді доктор Парвин Бхатти. – Түнгі уақыттағы жұмыс кезінде мелатониннің өнімділік деңгейі түсіп, ол өз кезегінде эстрогеннің қалыпты жұмысына кедергі болады».

Cондай-ақ, Парвин Бхаттидің айтуынша, түнгі ауысымда жұмыс жасайтындардың ДНҚ-да болған ауытқушылықты қалыпқа келтіру мүмкіндігі нашарлайтын болып шықты. Бұл химиялық зат 8-оксо-dG-дің мөлшерінен анық байқалады. Ол ДНҚ-ға келген зақымды организм қалыпқа келтіріп, зәр арқылы сыртқа шығарылғанда белгілі болған.

Мелатонинді біздің миымыз қараңғылыққа жауап ретінде бөле бастайды. Ал түнгі уақытта жұмысқа шығатындарда мелотониннің деңгейі қалыпты мөлшерден әлдеқайда төмен.

Бхатти әріптестерімен түнгі ауысымда жұмыс жасайтын 50 адамды зерттеп көрген. Жұмыс түндері олардың 8-оксо-dG деңгейі төмендеп кеткен. Ал жұмысқа бармай, түнді ұйықтап өткізгенде олардағы химиялық заттың мөлшері жоғары болған. Ғалымдар, егер 8-оксо-dG деңгейі төмен болса, мелатонин деңгейі де төмендейтінін анықтады. Бхатти түнде жұмыс істейтіндер темекіден бас тартқаны жөн деп есептейді, сол сияқты спортпен айналысса құба-құп.

Ғалымдардың зерттеуінше, бес жұмыс аптасынан соң, түнде организмнің сергек болуы глюкозаның реттелуіне кедергі келтіріп, метаболизмдегі өзгерістерге алып келеді, сондай-ақ, «үкі» адамдар семіздік пен келешекте диабеттің екінші түріне шалдығуы мүмкін.

Ілгеріде нәзікжандылардағы рак туралы да сөз қозғалған. Кейбір деректерде түнгі ауысымдағы жұмыс аналық сүт безіндегі обыр дертіне де алып келуі мүмкін екенін айтылады. Ал метаболизмдік синдромдар, яғни семіздік, ағзадағы қанттың деңгейі өсуі мен артериалды қысымның өзгеруіне басты себеп – салауатты өмір салтын сақтамау. Түнгі ауысыммен жұмыс жасайтындардың темекі тартпай, спортпен шұғылданатындарында ешқандай өзгеріс болмаған.  

Күндізгі жарық бас миға нейрогормондардың (ұйқы құрылымына жауап береді) өнімділігін өзгертіп,  көздің ішкі тор қабығы арқылы әсер етеді. Сол үшін күндіз болған ұйқы – қысқа, әрі шала. Оны тек қосымша демалу ретінде қабылдауға болады. Кейбір адамдар күндіз көзі іліп алғанды ұнатады, бірақ оларға бұл ұйқы түнгі ұйқысына әсер етпейді. Ал егер түнгі ұйқыңыз күндізгі демалыстан зардап шексе, одан бас тартыңыз.

Ұзақ уақыт адам түнгі ауысымда жұмыс істесе ұйқысы бұзылып, соматикалық ауруларға ұшырауы ықтимал. Атеросклероз, семіздік, көмірсулардың алмасуындағы бұзылыстар және т.б орын алады. Ал артық салмақ организмдегі инсулин (бұл гормон қарнымыздың ашқанына жауап береді) секрециясы өзгеріске ұшырағаннан болады. Егер адам түнде сергек болса, міндетті түрде тамақтанғысы келеді. Сол сияқты осындай режимде картизол саны артып, күйзеліс гормоны белсенді жұмыс жасап, организм жиі стресске түседі.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға