Жаңалықтар

Нәресте күтімі

Жас аналар нені ескергені дұрыс?
Нәресте күтімі
29.06.2018 16:43 45357

Бала құрсаққа біткеннен күннен бастап ата-ана сәбидің денсаулығы мен болашағына жауапты. Бала дүниеге келгеннен күннен бастап, анасы нәресте күтімін дұрыс жасауға дайын болуы тиіс. Сәби күтімі туралы көп білу аздық етеді, оны сауатты атқара алу өте маңызды. Апта сайын жасалатын күтімді айтпағанда, бала қырқынан шыққанша күнде-күнде және алмакезек  жасалатын әрекеттер бар.

Бет жуу

Күнде таңертең баланың бетін жууды ұмытпаңыз. Суды жылытпалап, арнайы дәкемен сүртуге де болады.

Көз күтімі

Сәбидің көзін тазалау үшін қайнатылған жылы су пайдаланған абзал. Бір ерекшелікті ескерген дұрыс, баланың көзін сүртуге екі бөлек дәке пайдаланыңыз. Егер көзінің айналасы қатты былшықтанып, жабысқан жағдайда фурацилинді суға езіп, көздің айналасын сүрткен өте пайдалы.

Көз күтіміне әсіресе көздің көру қабілетіне бала өмірге келген күннен бастап көңіл бөлген дұрыс. Сәбиді тым жарық сәуледен әрі тіке түсетін күн сәулесінен жырақта ұстауға тырысыңыз. Фотоаппараттың жарқылынан сақтаныңыз. Мұндай жарық сәулелері баланың көру қабілетіне кері әсерін тигізуі мүмкін.

Суға шомылдыру

Сәбидің жыныс органын инфекциядан қорғау үшін ыдысқа отырғызып жуындырудан аулақ болыңыз. Мүмкіндігінше су ағып тұрған ұңғыманың үстіне сәбиді көтеріп тұру арқылы жуған дұрыс. Міндетті түрде жылы су пайдаланыңыз. Баланы суға түсіргенде судың температурасына мән беріңіз, баланың терісі үлбіреген жұқа болғандықтан неғұрлым қан жылы сумен жуындырған абзал. Процедура аяқталғаннан кейін міндетті түрде жылы сүлгімен сәбидің денесін құрғатып, балаларға арналған арнайы крем жағуды ұмытпаңыз.

Мұрын күтімі  

Бөлмедегі шаң-тозаң, киімнің түгі, шылымның түтіні сәбидің мұрынын бітеп, тыныс алуын ауырлатуы мүмкін. Баланың мұрынын тазалау үшін таяқшаға оралған зарарсыздандырылған дәке пайдаланыңыз.

Таяқшаны алдымен стерилді майға батырып, мұрынның ішіне небәрі 1 сантиметр көлемінде ғана кіргізіп, айналдыруға тырысыңыз. Мұрынның екі тесігіне екі дәке пайдаланған жөн. Ең абзалы, бөлмеде тазалық сақтап, жиі ылғалды тазалық жүргізген дұрыс.

Құлақ күтімі

Есту қабілеті де көру қабілеті сынды ата-ана тарапынан үлкен жауапкершілік пен күтімді қажет етеді. Сәбидің құлағын жиі тазалап, ластанудан қорғаңыз. Баланың құлағынан құлық немесе сұйықтық байқасаңыз байбалам салудың қажеті жоқ. Бұл қалыпты процесс екенін және құлақ  сұйықтық бөлу арқылы өздігінен тазаратынын естен шығармаңыз.

Дәл осы құлықты тазалау үшін дәке таяқшасын пайдаланып, өте ұқыпты қараңыз. Таяқшаны терең батырудан аулақ болыңыз, құлақтың барабанына зиян келтіріп алмаңыз.

Тырнақ күтімі

Өзге ұлтты қайдам, қазекем баланың тырнағын қырқынан шыққан күні алады. Бала өмірге келгенде-ақ өткір тырнақпен туады. Қолын ербеңдетіп, байқаусызда бетін тырнап алуы мүмкін. Сол себепті, нәрестенің тырнағын өте тақамай алған жөн. Сәбилерге арналған арнайы тырнақ алғыш пайдаланған жөн.

Ескеретін мәселе

Сәбиге жасалатын гигиеналық процедураларды сауатты әрі ұқыпты орындалуы – бала күтімінің алғашқы жылында өте маңызды. Сәбидің кіндігіне үлкен жауапкершілікпен қараңыз, инфекция түсіріп алудан сақтаныңыз.

Нәресте ұйықтатын бөлменің тазалығына көңіл бөліп, күн сайын дымқыл тазалық жүргізіп, ауасын алмастыруды ұмытпаңыз. Бөлмеге енетін таза ауа мен күн сәулесі сәби денсаулығының тез нығаюына, бейімделуіне, өсуіне жақсы әсерін тигізеді.

Сәбидің терісіне бей-жай қарамаңыз. Терінің күлдіреп немесе қызарып кетуіне жол бермеңіз. Әсіресе қолтық, шап, мойын терісіне арнайы балаларға арналған крем немесе құрғақ опа жағып, жабысып қалудан сақтаныңыз.

Балаға үнемі жөргек киігізіп қоймай, бір сәт терісіне демалуға мүмкіндік беріңіз. Нәресте күтімі жауапкершілік пен төзімді қажет етеді. Ананың сәбиіне деген ерекше ықыласы мен махаббаты ғана денінің сау болып өсуіне ықпал етеді.

Сәби күтіп жүрсеңіз, осы кеңестер сіздің кәдеңізге жарайды деген үміттеміз. Іске сәт! 

 

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға