Жаңалықтар

Аутизм – бөлек әлем

Аутизм - дерт емес, адам дамуының бұзылысы
Аутизм – бөлек әлем
10.11.2017 14:55 10518

Қоршаған ортадан алыстап, өз әлемінде өмір сүретін балалар бар. Олар жаңа нәрсенің ешқайсысына қызықпайды, қызығып тұрса да танып-білуге құлықсыз. Олардың адамдармен қарым-қатынас жасауы, әлеуметтік ортаға бейімделуі, ата-анасымен сөйлесу де қиындық туғызады. Бұл – аутизмнің белгілері.

Елімізде аутизм бойынша жүргізілетін нақты статистика жоқ, десек те, соңғы 15 жылдың ішінде дауасы жоқ дертке шалдыққандар саны 20 есе артқан. Аутист балалардың саны шамамен 2000-нан асып жығылады. Сондай-ақ, аутизм ұл балаларда қыз балаларға қарағанда 3-5 есе көп кездеседі. Бастапқы синдромдары 3 жасқа дейін көрініс береді. 

Неден пайда болады?

Аутизм – психикалық ауытқу, ол мида туған түрлі бұзылыстардың әсерінен туындауы мүмкін. Мысалы, мидың бір бөлігі жақсы дамып, келесі бөлігі нашар дамиды, яғни хромосомалық өзгерістер мен зат алмасудың бұзылуы. Сол секілді анасы жүкті кезінде экологиялық әсер мен күйзелістің кесірі болуы ықтимал, бұл кезде баланың эмоцияға жауап беретін жүйесіне зақым келеді. Аутизмге тұқым қуалайтын дерттің де әсері бар болып шықты. Жалпы, аутизмнің ауыр, орта және жеңіл түрлері бар. Көптеген аутист-балалар сөйлемейді, өз эмоцияларын басқара алмайды, логикалық жүйесі бұзылған. Сол секілді жақсы мен жаманды ажырата алмайды, мәселен аутист-бала жылап тұрған адамды көріп, күлуі мүмкін. 

Жоғарыда айтылған 2000-ға жуық баланың ата-аналары елімізде осы дертті анықтап, диагноз қоятын мамандардың тапшылығын айтады. Десек те, соңғы бес жылдықта аутист балалардың ата-аналары көптеген бірлестіктер ұйымдастырып, оңалту шараларын жүзеге асырып жүр. Болат Өтемұратовтың бастамасымен "Асыл Мирас" қайырымдылық қоры құрылып, "Аутизм. Баршамазыға бір әлем" бағдарламасы іске қосылды. Астана, Алматы, Қызылорда, Өскемен қалаларында аутист және басқа да ауытқулары бар балаларға арнап, орталықтар ашылды. Балалар мен олардың ата-аналары осы орталықтарда кәсіби мамандардың кеңесін тыңдап, сапалы медициналық және психологиялық, педагогикалық көмек алып келеді. 

Аутизмнің белгілері қандай?

Аутист-балалардың көбісі сөйлемейді, керең болып көрінеді. Яғни ешқандай эмоцияға жауап бермейді. Өзінің қатарластарынан кеш дамиды. Кей жағдайларда бала сөйлеп бастайды, бірақ бір уақыттары қайта сөйлеуін доғарады. Күнде бір қылықтарын қайталай береді. Жалғыз ойнайды және бір ғана ойыншықпен ойнауы мүмкін. Сол секілді көзге тіке қарамайды. Ата-аналарының айтуынша, ақыл-есінің кемтарлығы байқалады.

«Баламның жасы 9-да. Мен оның аутизмге шалдығып туғанын өте кеш білдім. Ол тіпті менің кім екенімді білмейтін, қолында тұрған заттың не екенін ажырата алмайтын еді. Оның қатарластары 3 сыныпта оқып жатыр. Менің балам оқымақ түгілі, қолына шанышқы ұстап көрмеген. Қазір қоғамдық қордың көмегі арқылы оқуды, бір орында отыруды үйренді. Басқа балалармен де араласып, күлетін болды» – дейді, Нұрханның анасы.

«Қызым тіпті сөйлемейтін, көзге мүлде тіке қарамайтын. Бастапқыда аса мән бере қоймадық. Өте келе мүлде тұйықталып, бөлектене беретінді шығарды. Басқа да біртүрлі мінез-құлықтар пайда бола бастады. Содан барлық ауруханаларды аралап шықтық. Ешқандай өзгеріс бола қоймады. Аутист балардың ата-аналарын жолықтырып қалып, арнайы орталық барын біліп, сонда апардық. Қазір жарты жылдың ішінде өзінің атын айтып, басқа балалармен ойнап жүр» – дейді, Еркежанның әкесі.

«Ұлымның басқа балалардан ерекше екенін 2 жастан асқанда байқадым. Бір жерге қадалып ұзақ отырады. Шуды ұнатпайды, екі құлағын жауып алып, қатты ашуланатын. Қалам мен қағаз берсеңіз, соны шимайлап отыра береді, отыра береді. Көңіліне жақпаған жайт орын алса, ашуға беріледі. Далаға ертіп шығу мүмкін емес. Себебі, жүріс-тұрысында ерекшелік бар. Оны көрген басқа балалар шошына қарап, саусағын шошайтып көрсетеді. Қазіргі уақытта оңалту орталығына барып жүрміз. Суретке қабілеті ерекше. Болашақ та да Винчи секілді ұлы суретші шығады деп үміттенемін» – дейді, Ерасылдың анасы.

Аутизмнің бірнеше түрлері кездеседі: Каннер аутизмі, Аспаргер синдромы, Ретта синдромы және А типті аутизм.

Каннер аутизмі үш жастан немесе одан да ертерек байқалады. Мұндай түрі кездесетін балалар сөйлемейді. Сөйлейтін болса қатты айқайлап не өте жай сөйлеуі мүмкін. Жалғыздықты сүйеді. Жанындағы адамдардың сезімін түсінбейді. Күнделіктегі өзгерістерге өте сезімтал.

Аспаргер синдромы Каннерге қарағанда жеңіл түрі. Мұндай аутизмі бар бала сөйлей алады, ғылымның бір түріне қызығушылығы жоғары. Тек адамдармен қарым-қатынаста қиындыққа кезігуі мүмкін. Болашақта бұл синдромы бар баладан данышпан шығуы ғажап емес. 

Ретта синдромы әлі толық зерттелмеген. Бұл түрі тек қыз балаларда кездеседі. Олар екі жасқа дейін қалыпты дамып келе жатып, бірте-бірте сөйлеуден қалады, өздігінен киініп шешіне алмайды, қолына тіпті зат ұстауы қиындайды. Ақыры өлімге әкеп соқтыруы мүмкін. 

А типті аутизм ұл балаларда жиі кездеседі. Олар да Ретта секілді қалыпты дамып келе жатып, түрлі қиындықтарға тап болады.

Аутизмге шалдыққан балаларды екі категорияға бөлуге болады. Біріншісі, ақыл-есі қалыпты, бірақ адамдармен араласуда қиындыққа тап болады. Ал келесісі ақыл-есінің дамуы артта қалған балалар. Өкінішке қарай, осы категорияға жататындар саны басымырақ.

Ілгеріде айтқандай алғашқы санатқа жататын аутистердің ішінде әлемді аузына қаратқан таланттар жетерлік. Енді соларға тоқталсақ. Билл Гейтс, Исаак Ньютон, Альбрет Эйнштейн және Стивен Спилберг секілді тұлғаларда аутизмнің кей белгілері анық байқалған. Бұлар сөз жоқ өздерінің кәсіби саласында үлкен жетістікке жеткен, сол үшін де оларды аутист саванталар деп жатады. Альберт Эйнштейннің өзі «Математика сіз үшін қиындық туғызатынына көңіл-күйіңізді түсірмеңіз, ол тіпті менің өзіме де қытайша сауат ашу секілді» – дейді, мүмкін ол өзінің басқалардан ерекшеленетінін білсе керек.

Қаншама диагностикалық зерттемелер жүргізілсе де, аутизмді бірден тану мүмкін болмай отыр. Көптеген белгілі адамдарда осы психикалық аномалияның белгілері мен симптомдары жүріс-тұрысынан, іс-әрекетінен белгілі болып жатады. Олардың көбісі музыкаға жақын, математика ғылымын сүйетіндер.

* Дэрил Ханна – бала кезінде актриса ежіктеп оқыған және аутизмнің кей белгілері болған.

* Дилан Скотт Пирс – анималист-суретші, жүріс-тұрысынан, мінез-құлқынан анық аутизмнің сипаттары көрінген.

* Донна Уильямс – австралиялық жазушы, «Еш жерде ешкім», «Бір жерде біреулер» дилогияларының авторы. Оған 20 жасында «Аутизм» диагнозын қойған.

* Альберт Эйнштейн – бала кезінде өте тұйық болған, жалғыздықты сүйген. 5 жасқа дейін сөйлесуді білмеген. Дыбыссыз бұрын айтқан фразаларды қайталап жүрген. Кейін үйленген соң, әйелдерін ата-анасының рөлін сомдауды жиі сұраған.

* Гарри Труман – оның ата-анасы аутизммен ауырғаннан соң, Гарриде де психикалық ауытқулар болған екен.

* Авраам Линкольн – АҚШ-тың 16-шы Президенті күйзеліс пен мазасыздықтың шарықтау шегінде жүрген, ал мұны зерттеушілер аутизмнің белгісі дейді. Сондай-ақ, Линкольннің жүйкесі көп рет сыр берген.

* Исаак Ньютон – аурушаң, тұйық, әлжуаз болып өскен. Сол секілді өте қиялшыл болған. Сабақты нашар оқыған, эпилепсиядан зардап шеккен. Ньютонда аспергер симптомы кездескен.

* Леонардо да Винчи – савант-аутисттердің қатарында. Ол бір идеясын жүзеге асыру үшін көп жыл уақытын жұмсайтын болған. Мәселен, Мона Лизаның ернін салу үшін 12 жыл уақыт кетірген екен.

* Кристофер Тейлор – 40 жастағы ағылшындық 30 тілді еркін меңгерген. Осыншама тілді газет оқу арқылы-ақ үйреніп алған екен. Бұған қарамастан Кристафер өз еркімен үйден шыға алмайды.

Аутизм емеделеді!

Ерте жастан анықталған аутизмнан айығуға болады. Аутист балалар бір-біріне ұқсамайды. Олардың әрқайсысына әр түрлі терапия қолданады. Олардың жүріс-тұрысы, мінез-құлқы ескеріледі. Және аутизмнің ерекшелігіне қарай, физикалық, сол секілді сөйлеу терапиялары қолданылады. Терапияның ең жақсы әсер ететіні - анималотерапия. Яғни, арнайы үйретілген иттер, аттар, дельфиндер. Бұл терапияның аутист-балаларға тигізер пайдасы орасан. 

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға