Жаңалықтар

Сарыкүйіктің қымызын іштіңіз бе?

Сарыкүйік туралы не білеміз?
Сарыкүйіктің қымызын іштіңіз бе?
20.04.2017 09:57 7207

Жадыраған жаз мезгілі басталған кезде малшылар қауымы биелерін ноқталап, құлындарын  желіге байлап, қымызмұрындық рәсімін жасап, қымыз ашытып жатады.  Бұл көрініс жайлау тіршілігінен хабары бар жұртшылыққа біршама таныс жәйт. Ол туралы Ілияс Жансүгіров «Жер түгі» деп аталатын өлеңінде:

... Биікте бітед шөптен сарыкүйік,

Тістеніп жатыр жұлып малы сүйіп,

Қымызын сарыкүйіктің ішеміз деп,

Албандар қоныстайды құстай биік... – деп жазған екен. Өкінішке қарай қазір сарыкүйікті және оны сүйсіне жеген биеден сауылған қымыздың дәмі туралы айта алатын адамдарды кездестіру өте қиын. Ілуде біреу кездесіп жатса, оның өзі шешіліп сөйлеп кете алмай, кібіртіктеп қалып жатады. Өйткені  естігені болмаса, сарыкүйікті көзімен көріп, оны жеген жылқының қымызын ішкені өте аз. Бәрі балалық шақтағы үлкендерден естіген әңгімесі бойынша  ғана еміс-еміс есінде қалған жәйттарды ғана айта алады. Себебі кеңестік дәуірдегі бір ғасырға жуық уақытта атадан балаға жалғасып келе жатқан көне дәстүр ұмытылған. Сондықтан сарыкүйіктің қымызы тұрмақ, өсімдіктің атауы мен сипаттамасы туралы мағлұмат ешбір әдебиетте толық жазылмаған. 

Қазір әлемде жартысы құрлықта, жартысы суда өсетін ғылымға белгілі 500 мыңнан астам өсімдік түрі бар екен. Оның Қазақстанда кездесетін 15 мың түрінің 730-ы әлемде тек біздің жерімізде ғана өсетін эндемиктер. Сарыкүйік эндемик өсімдіктердің қатарына кірмесе де, оның атауы жұртшылық арасында ұмыт қалған жайы бар. Сондықтан көзден кеткен соң, көңілден де ұмыт қалған бұл өсімдіктің сипаттамасы туралы мәлімет іздеп біз бірқатар  дерек көздерін шолып шыққан едік.

Алматыда Тіл білімі институтынан 2007 жылы жарық көрген Н.Уәлиұлы, А.Фазылжанова, Қ.Күдеринова, Ғ.Әнес құрастырған «Орфографиялық сөздікте» сарыкүйік пен  доңызсырт өсімдік атаулары деп  көрсетілген. Өкінішке орай бұл екі өсімдіктің орыс және латын тілдеріндегі атаулары әр жерде әртүрлі көрсетілген. 

Мәселен уикипедия ашық энциклопедиясында: «Доңызсырт, сарыкүйік (лат. Kobresia) – қияқөлеңдер тұқымдасына жататын көп жылдық шөптесін өсімдік. Қазақстанда Алтайдың, Сауырдың, Тарбағатайдың, Жоңғар (Жетісу) Алатауының, Тянь-Шанның   субальпілік және альпілік шалғынында өсетін 6 түрі бар. Көбірек тарағаны – Смирнов доңызсырты (С. smіrnovіі). Оның биіктігі 15 – 45 см, сабағы тік, жіңішке. Жапырағы қабыршақты, сары қоңыр түсті, масағы (ұзындығы 10 – 20 мм) сабақ ұшына орналасқан. Гүлі дара жынысты, әрбір масағында 7 гүлі бар. Маусым-шілде айларында гүлдейді. Өте құнарлы мал азығы. 1 га жерден 4,5 – 11,0 ц өнім алуға болады» деген қысқа ақпарат таптық. Сондай-ақ мұндағы қазақ тіліндегі 848 өсімдіктің тізіміне тек доңызсырт атауы ғана еніпті.

15 томдық «Қазақ әдеби тілінің сөздігінің» 2011 жылы шыққан 12-томында сарыкүйікке – «қияқөлеңдер тұқымдасына жататын көпжылдық тау беткейінде өсетін аласа жұмыр, малазықтық шөптесін  өсімдік.  Сарыкүйіктің Қазақстанда 6 түрі кездеседі, таулы аймақтардың биік асуларында өседі. Биіктігі 5-45 cм, масағы 1-2 см, сабағының ұшында орналасқан» деп түсіндірме берілген. Онда сондай-ақ, сарыкүйіктің қымызы туралы: «Дәмі үйірілген, құнарлы әрі майлы қымыз (сарыкүйікке (шөп) жайылған биенің сүті). Сарыкүйік атты шөп жеген биенің қымызынан екі аяқ ішкен адам сол қымыздың дәмін еш ұмытпақ емес». 

«ҚазАқпарт» баспасынан 2014 жылғы шыққан 30 томдық «Қазақша-орысша, орысша қазақша терминологиялық сөздіктің биология саласына арналған 13-томында сарыкүйік атауы мүлде жоқ. Тек доңызот – кобрезия; жіңішке доңызот, күйгенбас – кобрезия волосовидная; Смирнов  доңызоты, доңызсырт – кобрезия Смирнова деп аударылған.  Ауыл шаруашылығына арналған 15-томында  Беллард кобрезиясы – кобрезия белларда; доңызсырт (күйгенбас) жіңішке кобрезия – кобрезия волосовидная деп аударылған. Экология саласына арналған 17-томында саркүйік – кобрезия деп көрсетілген. Ал 15 томдық «Қазақ әдеби тілінің сөздігінің» 2011 жылы шыққан 4-томында доңызсыртқа – қияқөлеңдер тұқымдасына жататын көпжылдық шөптесін  өсімдік. Көбірек тарағаны – Смирнов доңызсырт. Оның биіктігі 15-45 cм, сабағы тік, жіңішке» деп түсіндірме берілген.

С.А.Арыстанғалив пен Е.Р.Рамазановтың 1977 жылы «Ғылым» баспасынан жарық көрген қазақ тліндегі халық жән ғылыми атаулары келтірілген «Қазақстан өсімдіктері» деген анықтама еңбегінде қияқөлеңдер тұқымдасына жататын кобрезия туыстарынан: Смиронов кобрезиясы (Кобрезия Смирнова); Памир-алай кобрезиясы (Кобрезия памиро-алайская); Дңызсырт, күйгенбас, жіңішке кобрезия (Кобрезия волосовидная); Беллард кобрезиясы (Кобрезия Белларда), Кішенежеміс кобрезия (Кобрезия узкоплодная); Иран кобрезиясы (Кобрезия иранскася) деген түрлері жазылған. С.Арыстанғалиев 2002 жылы «Сөздік-Словарь»баспасынан шықан  «Қазақстан өсімдіктерінің қазақша-орысша-латынша атаулар сөздігі» деген кітабында кобрезия – саркүйік; Кобрезия Смирнова – доңызсырт, Кобрезия узкоплодная – Жіңішкежеміс саркүйік; Кобрезия иранская –Иран саркүйігі; Кобрезия волосовидная – Күйгенбас, Кобрезия памиро-алайская –Памиралай сарыкүйігі; Кобрезия белларда – Саркүйік деп аударған.

Кью ботаникалық бағының мәліметтеріне қарағанда, сарыкүйік тұқымдастарының 57 түрі бар екен. Еліміздегі өсімдіктердің қазақша атауларының басым бөлігі орыс тілінен аударылғаны еске түсірсек, сарыкүйік тұқымдастарының орыс тіліндегі атауының өзі санаулы ғана екені көп жәйтті аңғартады. 

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға