Жаңалықтар

Шаң баспайтын архив

Қазақстан Республикасы Ұлттық музейінде «Қазақ музыка өнері» аудиоархиві ашылды
Шаң баспайтын архив
07.11.2018 17:44 7894

Қараша айының жетінші жұлдызында Қазақстан Республикасы Ұлттық музейінде тарихи оқиға өтті. Бұл ғимаратта екі күннің бірінде үлкен іс-шара өтетіндігі белгілі. Бірақ, мына дүние ұлт мүддесі тұрғысынан қарасақ, шынымен де  көз қуантарлық жоба. Музейде салтанатты түрде  «Қазақ музыка өнері» аудиоархиві ашылды.

Мемлекет басшысы Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласынан туындайтын міндеттерді жүзеге асыру үшін заманауи форматтағы ән-күй жинағын Ұлттық музейде жасақтау қолға алынған екен. Аудиоархив жасау  Манас Биатан атты азаматтың идеясы екен. Оның бұл ойын музей басшылығы қуана қолдай кекен.

Жобаның мақсаты – көнеден бүгінге жеткен аудиотаспаларды, бірінші кезекте, өз қалпында сақтап, екіншіден, өнерсүйер жастардың күнделікті кәдесіне жарату, ғылыми айналымға шығару. Болашақта ел арасында халықтың ықыласына бөленіп жүрген өнерпаздарды шақырып, бұрын-соңды таспаға түспеген шығармаларын жазып алып, өңдеп, кейін жұртшылық назарына ұсыну жоспарланып отыр.

Ұлттық музыкамызбен сусындағыңыз келсе ертеңнен бастап құмарыңызды Қазақстан Республикасы Ұлттық музейінде баса аласыз. Бұрынғыша айтсақ алпыс атанға жүк боларлық аудио архивті енді бір ғана компьютерден тыңдай аласыз. «Сонда қалай? Менен бөлек  басқа адамдар баратын болса бір компьютердің кезегінде тұрамыз ба?» деген сауалыңызға жауабымды бірден бере кетейін. Сізді аудио архив жүктелген 20 компьютер күтіп тұр. Қалаған орныңызға жайғасып, Ахмет Жұбанов, Манарбек Ержанов, Күләш Байсейітова, Жүсіпбек Елебеков, Ғарифолла Құрманғалиев сынды күміс көмей, жез таңдай  әншілеріміздің әндерін тыңдай аласыз. Бұдан бөлек, Бауыржан Момышұлы, Мәлік Ғабдулин сынды тұлғаларымыздың өз дауысын тыңдай аласыз.

Аудиоархивте әзірге мыңға жуық аудиожазба бар. «Қазақ радиосының» «алтын қорынан» жүзге жуық таспа алынған.  Алдағы уақытта «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы мен Қазақстан Республикасы Ұлттық музейі өзара жұмыс жасау мақсатында меморандумға қол қойып, мұрағат кеңейе бермек.

Аудиоархивтің ашылу салтанатында сөз сөйлеген Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, әнші,  композитор, Жеңіс Сейдолла «Бұл расымен де көңіл марқаятындай шара. Баяғыда архивтегі дүниеге қол жеткізту үшін көптеген есік алдын тоздыратынбыз. Ақиық ақын Мұқағали Мақатаев «Шаң басқан архивтерден табылармыз» деп жырлаған еді ғой. Бүгінгі  шаң баспайтын архивтеріңіздің ашылуы құтты болсын! Баяғыда Александр Викторович Затаевич қазақ даласын кезіп жүріп ән жинап еді. Манас Биатан бауырымыздың бүгінгі ісі де сол Затаевичтің ерлігіне пара-пар дүние»-  деп сөзін түйіндеді.

- Бүгінгі куә болып отырған дүниеміз үлкен еңбекті талап ететін шаруа. Дегенмен, алда атқарылатын шаруалар аз емес. Баяғы пластинкаларға жазылған батырлар жыры, небір дастандарды мектеп бағдарламасына кіргізе алмасақ та осы аудиоархивке кіргізтуіміз керек – деп, журналист Мәди Манатбек көпшілікке ой тастады.

Ал, әзірге менен сіздерге бір кеңес. Аудиоархивті қалағаныңызша тыңдағаныңызбен оны жүктеп ала алмайсыз. Жүктеп алғыңыз келсе, басшылыққа арнайы хат жазып, рұқсатын алғаннан соң көшірмесін ала аласыз.

Сурет ашық интернет көзінен алынды

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға