Жаңалықтар

ТОП-5. Қазақстанның ең көрікті боксшы қыздары

Спорт және сұлулық
ТОП-5. Қазақстанның ең көрікті боксшы қыздары
04.10.2017 09:05 15554

Фируза Шарипова

Ол жеңіл салмақтағы WIBA және WBU нұсқалары бойынша әлем чемпионы атанған алғашқы қазақстандық боксшы қыз. Фируза 1994 жылдың 29-тамызында Тараз қаласында дүниеге келген. Жергілікті № 39 жалпы орта мектепті тәмамдап, Тараз мемлекеттік педагогикалық университеттің «Дене шынықтыру және спорт» мамандығына оқуға түскен. Ол 2007 жылы Тараз қаласында орналасқан облыстық бокс мектебіне барған. Ал қазірде Ерік Алғабек бапкердің қарамағында жаттығады.

2013 жылы «Жамбыл» бокс клубының сапына қосылып, кәсіпқой боксқа өткенге дейін көптеген ірі халықаралық, республикалық турнирлерде жүлдегерлер қатарынан көрініп жүрді. Атап айтар болсақ, 2010-11 жылдары жасөспірімдер арасындағы Қазақстан Республикасының біріншілігінде екі мәрте жеңіс тұғырынан көрінді. Десек те, 2012 жылы Түркияда өткен әлем чемпионатында жолы болмай, жүлдесіз қалды. Бірақ, Фируза бұл сәтсіздігінен кейін-ақ, 2012 жылы жастар арасында өткен ел біріншілігінде топ жарып,  өзіне сенім артуға толық негіз барын дәлелдей алды.  Сол жылы Моңғолияда өткен жастар арасындағы Азия чемпионатында үшінші сатыдан көрінді. 2013 жылы ересектер сапында өнер көрсетіп, 60 келі салмақта өзіне тең келер қарсылас таппады. Ал келесі жылы осы салмақта финалда есе жіберіп, күміспен күптелді.  2015-16 жылдары Қазақстан Республикасының чемпионатында қос қолаға ие болды. 2016 жылдан бастап, кәсіпқой боксқа өтіп, алғаш әлем чемпионы болған қазақстандық қыз атанды.

Назым Қызайбай

Назым 1993 жылдың 14 қыркүйегінде Алматы қаласында дүниеге келген. Ол әлем чемпионатын екі рет жеңіп алған тұңғыш қазақ қызы. Қытайда өткен жасөспірімдер арасындағы чемпионатта қолаға ие болған. Қазақстан Республикасының үш дүркін жеңімпазы. Бұқаралық ақпарат құралдарына берген бір сұхбатында Назым боксқа келгенін былай баяндайды: «негізі оңтүстік астанамызда дүниеге келгем. Бірақ, екінші сынып оқып жүргенімде, отбасымызбен Алматы облсындағы, Іле ауданындағы Жетіген ауылына көшіп бардық. Осында бокс залы бар еді. Күн сайын сол залдың сыртынан қызықтап өтіп жүретінмін. Бір күні бапкер ағай шығып, «бері келші» деп шақырып алды. «Сенің жүрісің нағыз боксшыға ұқсап тұр, осында тегін жаттықсаң болады» деді. Қуанғанымды айта алмаймын, сөйтіп 9-сыныпта бокс мектебіне грантқа түстім» – дейді.

«Талмай еңбектенсең ғана, жеңістің ауылы жақындай түседі және оның дәмі де тәтті болады. Бокста тек қара күш жеткіліксіз. Аяқтың қимылы, сананың жұмысы, шапшаңдық бәрі-бәрі маңызды. Осыларды бір-бірімен байланыстырса ғана қарсыласыңнан басым болуға болады. Әйтпесе, аяқпен дұрыс жұмыс істей алмасаң, жұдырық жұмсап жатып ойлана алмасаң, есе жіберуің мүмкін» – дейді Назым. Оның басты арманы – Токио Олимпиадасында топ жару.

Зарина Цолоева

Зарина Ақмола облысына қарасты Жақсы елді-мекенінде туған. Бала кезінен спортқа жаны құмар болған ол төрт жылдай волейболмен кәсіби түрде шұғылданып, өз командасымен бірге тіпті Қазақстанның чемпионы да атанып үлгерген. Ал 16 жасында түбегейлі бокспен шұғылдануға көшеді.

Спортшы Gazetaingush.ru  сайтына берген сұхбатында: «13 жасымда волейболға бардым, себебі онда менің туысқан әпкем ойнайтын еді. Содан кейін, өз-өзімді қорғап жүру үшін, боксқа баруыма тура келді. Әкем болса: «Зарина, бұл бар болғаны бірер айға созылады, одан көп емес» деген, ал мен «әрине!» деп жауап бергенмін. Бірінші жаттығу күні менің сүйікті бапкерім Александр Высоцкий: «Зарина, бағанға тұрып, қайық секілді соққы жасашы» деді. Мен жаттықтырушым айтқандай соққылар жұмсадым. Ол бірден залдағы жаттығып жүрген спортшылапға қарап, «Міне қараңдар, қыздар екінші жылы осы соққыны жасауды үйреніп жатыр, ал мына қыз бірінші мүмкіндігінен-ақ орындады» деді. Осылайша, мен бокста қалдым. 

Зарина екі рет әлем чемпионатына қатысты, бірақ ол турнирлерде спортшы қыздың жолы бола қоймады. Ал 2014 жылы Қазақстан чемпионатында Олимпиаданың қатысушысы Саида Хасенованы финалда ұтып, ел чемпионы атанды.

«Мен бокста жүрген жылдардың барлығында үздік үштіктің қатарыннан табылдым. Қатысқан барлық жарыстарда жүлдегер атандым. Бірақ, бұл жылы екінші болып қалдым. Менде ешқандай реніш жоқ, қайта екі есеге жігерленіп отырмын, спорттық ыза туындады» – дейді бір сұхбатында.

Заринаның арманы Олимпиадаға қатысып, Қазақстанның көк туын желбірету. Ол бос уақытында кітап оқығанды, сурет салғанды, сондай-ақ атпен серуендегенді ұнатады екен. Заринаның атын шығарған тек бокс емес, Голливуд жұлдызы Анджелина Джолимен сыртқы келбетінің ұқсастығы. Тіпті, ол туралы  The Sun-ның өзі жазған болатын. Ұқсастық хақында боксшының өзі былай дейді: «Бұл әртісті қатты жақсы көретінімді жасырмаймын, бірақ, ол екеуміздің сыртқы келбетіміз ұқсайды дегенге күмән келтіремін».

Рано Пархатова

Рано 1992 жылдың 22 шілдесінде Алматы облысындағы Шонжа елді-мекенінде дүниеге келген.  Қазақстанның екі дүркін чемпионы, көптеген турнирлердің жүлдегері, Спартакиаданың жеңімпазы.  Ол Алматы қаласындағы жоғары спорттық шеберліктің мамандандырылған мектебінің түлегі. Долкунжан Камековтың қарамағында жаттығады. Алғашқы бокс жекпе-жегін 17 жасында өткізген. 2009 жылы әуесқойлар арасында Қазақстан чемпионы атанды. 2015 жылы Абай атындағы Қазақ Ұлттық педагогикалық университетін тәмамдаған. Ал бүгінде Спорт және туризм академиясында білімін жалғастыруда.

Рано мұнайды алғаш тапқан Фарман Салмановты еске алу үшін өткізілген мұнайлы мемлекеттер арасындағы Әлем Кубогының жеңімпазы. Менгей Хайрутдиновты еске алуға арналған халықаралық турнирдің чемпионы. Армия генералы Сағадат Нұрмағамбетовке арналған бокс турнирін екі мәрте жеңіп алған. Пархатова сондай-ақ, халықаралық бірнеше турнирлердің жүлдегері, Ресей, Германия елдерінде өткен ірі жарыстарда үздік үштіктен көрінген.

Валентина Хальзова

Валентина 1997 жылы дүниеге келген. 2013 жылы өткен жастар арасындағы чемпионаттың қола жүлдегері, Спартакиаданың қола жүлдегері, 2016 жылы Қазақстан чемпионатында қарсылас шақ келтірмеді, сондай-ақ, сол жылы Астанада өткен әлем чемпионатында алтыннан алқа тағып, болашағынан мол күттіретін спортшы екенін дәлелдей алды. Қазақстанның еңбек сіңірген спорт шебері.

Валентина sports.kz сайтына берген сұхбатында: «Бала кезмінен спорт десе «ішкен асымды жерге қоятынмын». Алғашында волейболмен шұғылдандым. Бірақ, одан болашағымды көре алмадым. Менің қазіргі жаттықтырушым сол волейбол бапкеріммен жақсы араласса керек, бір күні сыныпқа кіріп келіп: «жекпе-жек спорт түрімен шұғылданғың келе ме?» деп сұрады. Мен бірден келісе кеттім, бокстағы алғашқы қадамым осылай басталып кетті» – дейді.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға