Жаңалықтар

Балаңызды семсерлесуге бересіз бе?

Семсерлесу спортының қыр-сыры
Балаңызды семсерлесуге бересіз бе?
18.02.2019 16:27 7735

Балалар мен жасөспірімдерді спортқа баулу елімізде қарқынды түрде жүргізіліп жатыр. Соған орай, көптеген жаңа спорт мектептері мен секциялар ашылып, кішкентай чемпиондарды әзірлеуге дайын. Солардың бірі, Петропавл қаласында күні кеше ашылған семсерлесу секциясы.

@yandex.uz

Семсерлесу ғасырлар бұрын бірнеше мемлекетте спорт емес, міндетті дисциплина саналған еді. Баланы алғашқы қадам жасағаннан-ақ, қолына семсер беріп, шайқасуғаа үйрететін. Ал қазір бұл көпшілік қызыға тамашалайтын керемет спорт түріне айналды. Мұнымен тек ұлдар емес, қыздар да белсенді түрде шұғылдана бастады.

Рыцарьлардың турнирі келмеске кетсе де, бүкіл әлемде семсерлесу спортына қызығушылар саны күн санап артып отыр. Бұл қандай спорт түрі және семсермен алысудың зияны бар ма?

Үздіктерге арналған спорт

Бұл спортты сыртынан тамашалаушылар өте баяу әрі, бірсыдырғы деп көңілі толмауы мүмкін. Ал семсерлесушілер мүлде бұлай ойламайды. Бұл спорттың ережелерін лезде қағып алу қиынның қиыны, себебі тек техника емес мұнда тұнған философия жатыр. Сонымен қатар, балаңыз рыцарьлық кодексті де санасына құятын болады. Алғашқы үйрету сабағында-ақ, бала тарихқа саяхат жасап, ерекше экипировкамен және әртүрлі қару-жарақпен танысады. Білікті жаттықтырушы үздік болған рыцарьлардың өмірін мысалға келтіріп, мотивация беретін бірлі-екілі оқиғалар айтып береді.  

Бұл ерекше спорттың пайдасы қандай?

– Бұл қызықты әрі ерекше жаттығулар кешенінен тұратын спорт. Балаңыз беби-фитнесс немесе бассейнге барудан үзілді-кесілді бас тарта ма? Онда семсерлесу спортына апарып көріңіз.

– Тәжірибелі жаттықтырушы қарсыласқа тура соққы жұмсауды ғана емес, «кішкене рыцарь» болуды, сонымен қатар, қарсыласты құрметтеп, табандылық пен шапшаңдыққа үйретеді. Әдептілік пен сыпайылық та шет қалмайды.

– Семсерлесу балаға өзін-өзі ұстауды үйретеді, мұнда көптің көзінше эмоцияны көрсетуге болмайды. Бұл кішкентай «жігіт» үшін өте пайдалы нәрсе.

– Семсермен күресу – азды-көпті күйзеліс. Бірақ, бала бұл үшін мүлде алаңдамайды. Бірінші жаттығудан-ақ өз қорқынышын жеңуге икемделе түседі. Семсерлесу стресті жағдайларда өз үрейін жеңуге ықпал етеді.

– Семсерлесу командалық ойындарға қарағанда динамикасы аз спорт, бұған қарамастан бала денесі өз уақытымен дамып, организмге шектен тыс физикалық жүктеме түспейді.

– Санаулы секундта шешім шығара білу – кішкентай семсерлесуші үйренетін жаңа дағдының бірі.

– Егер семсерлесушіге ұры-қары шабуыл жасайтын болса, ол өз семсерімен оған тойтарыс бере алмаса да, өзін-өзі қорғаудың жолдарын жақсы біледі. Ешқашан қарсыласқа есе жіберіп қарап тұрмайды. Сонымен қатар, сезімталдығының арқасында оның шабуылынан басын алып қаша алады. Бұған 100% сенімді болыңыз!

– Бір қызығы, семсерлесу жарақат алу қаупі төмен спорттың бірі болып есептеледі.

Көптеген ата-аналар семсерлесу спортын қауіпті деп есептейді. Оған басты себеп - балалардың суық қарумен күш сынасуы. Алайда, спорттық семсерден жарақат алу мүмкін емес. Себебі, спортшы арнайы экипировкамен жабдықталғандықтан, оның денесінің барлық бөлігі жабық болады. Егер балаңыз тәжірибелі бапкерде жаттығып жүрсе, уайымдауға себеп жоқ.  

Халықаралық дәрежедегі спорт шебері, жоғары санатты семсерлесу спортының жаттықтырушысы Әлuя Бектұpғанова:

– Спорттың бір ерекшелігі – бәсекелестік. Бұл жағдайда спорт қандай нәрсеге үйретеді? Бірінші кезекте, этикалық және адамгершілік қасиеттеріне әсер етеді. Спорттық бәсекелестік дайындықтың жоғары деңгейіне көтереді. Әрбір спортта тек физикалық қабілет емес, ойдың жүйріктігі, эмоция мен ерік-жігер талап етіледі. Оған қосымша ретінде адамның өзін-өзі тани түсуін айтуға болар. Икемділігін шыңдап, шыдамдылыққа үйреніп, спортшы өзі туралы тың мәліметтер біле бастайды. Уақыт өте келе ол өз денесіне ыңғайланып, нақты проблемалардың шешімін табуға тырысады.  Көрсеткен нәтижелері мен өзінің ішкі сезімі және көңіл-күйін салыстыра келе, адам ерте ме, кеш пе спорттық қателіктерінің себебін табады. Осылайша, спорт анализ жасауға, оны жеке өзің жолын табуға үйретеді. Семсерлесу не одан басқа да спорт түрі болсын, ол өмірдің қалтарыс-бұлтарысында сөзсіз көмекке келеді. демек бұл спорт түрінің пайдасы ұшан-теңіз.

Бұл спорттың зияны бар ма?

Семсерлесу пайдалы спорт түрі, бірақ зянды тұстарын да айтпасқа болмас:

– Семсерлесу қырағылықты талап етеді, шабуыл кезінде  қарсыластың әр қимылын назарда ұстап отыру керек. Бір де бір қимылды қалт жіберму керек, осыған орай көз қатты шаршайды. Бір жағынан бұл пайдалы, бірақ көздің көру қабілетінде кемшілік болса, істі насырға шаптыруы мүмкін.

– Теннис секілді семсерлесу «бірқолды» спорт түрі, сол себепті сколиозға шалдықтырып, дененің оң не сол бөлігін асимметрияға ұшыратады.  

– Мәселен жүзу кезінде барлық топтағы бұлшықеттер жұмыс істесе, семсерлесуде көп жүк аяқ пен иық бұлшықеттеріне түседі. Сол себепті, арнайы кешенді жаттығу жасауға тура келеді. Оның уақыты бір жарым-екі сағаттан кем болмауы керек. 

Кімге семсерлесу спортымен шұғылдануға болмайды?

«Көз жанарында кемшілігі бар және көзі ауыратын балалар, қимыл-тірек аппаратында проблемасы бар жандар, ішкі құрылысында созылмалы дерттері және демікпесі бар балаларға семсерлесумен шұғылдануға болмайды», – дейді жаттықтырушы.

@Cherinfo.ru

Баланы қашан секцияға беруге болады?

Егер балаңыз семсерлесу спортынан чемпион атанғанын қаласаңыз, жаттығу залына 3-4 жасында-ақ апара берсеңіз болады. Алдымен, ересектер арасындағы жаттығуды көрсетіп, бұл спорттың ерекшеліктерін айтып, балаңыздың қызығушылығын арттырған жөн. Келесі қадам – семсерлесудің тарихы, қару-жарақтың түрлерімен танысу болады. Оны жатықтырушының өзіне тапсырғаныңыз дұрыс болар. 

Үш жасар балаңыз ұзын семсерді игере алмайтын секілді ме? Қорықпаңыз, ол алдымен өз жасына орай, семсердің қысқарған түрі - қылышты пайдаланады. Ол тек жасына ғана емес, бойына орай да таңдалады.

Егер семсерлесуді «өмірлік ісі» емес, тек сабақтан тыс уақытта көңіл сергітетін ойын ретінде қарасаңыз 8-9 жасында да секцияға жіберу кеш емес. Сонымен қатар, бұл спорттың «ересектерге» арналғанын естен шығармаңыз. Керемет жеңістер тек 18 жасқа жеткен кезде ғана болуы мүмкін. Оған дейін осы спортқа деген махаббаты ерекше жандар барлық ауыртпалығына төтеп беріп, шыдамдылықпен жаңа шыңды бағындыруға дағдыланады. Жалпы, елімізде жасөспірімдер арасында ішкі чемпионаттар мен қалалық біріншіліктер жиі ұйымдастырылып тұрады...

Рыцарь болу қанша тұрады?

Көп адам бұл спорт түрін қымбат деп санайды. Әрине, ол таңдаған мектеп пен жаттықтырушыға да байланысты. Жалпы, баланы семсерлесу мектебіне алғаш әкелгенде ата-ананың қалтасына көбірек салмақ түсуі мүмкін. Себебі, кешенді экипировка міндетті түрде қажет болады.

Ең қымбат тұратыны – бетперде. Ол шамамен 20-25 мың теңге көлемінде, ал костюмді бөлек сатып алуға да болады. Оның аса қымбат емес түрлері де бар, бірақ ол қорғаныстың маңызды бөлігі болғандықтан, ақша аяудың қажеті жоқ. Ал қылыш пен семсер кей спорт мектептерінде тегін беріледі. Қыз семсерлесушілерге арнайы көкірек қорғанысын ұмытпау керек.

Семсерлесу туралы маңызды ақпараттар осы. Егер балаңыз бұл рыцарьлық спортқа барғысы келсе, оның қауіптілігі төмен екенін ұмытпаңыз. Сондай-ақ, бұл спорт түрі балаңыздан мықты ғана емес, сыпайы адам тәрбиелеп шығады.

Қосымша. Қазіргі кезде Қазақстанда семсерлесу спорт түрі қарқынды дамып келеді. Оның бір айғағы, 2018 жылы Индонезияда өткен Азиадада Дмитрий Алексаниннің алтыннан алқа тағынуы. Өткен жылы Бангкокте өткен Азия ойындарында Д. Алексанин күміс медаль жеңіп алса, семсерден ерлер құрамасы да екінші орынға қол жеткізді. Ал қылыштасу бойынша қыздар құрамасы бірнеше жылдан кейін үздік үштікті қорытындылап, қола медаль тағынды. Ал Филиппин елінде жалауы желбіреген Азия чемпионатында қазақстандық семсерлесушілер 3 алтын, 1 күміс пен 1 қола медаль олжалаған еді.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға