Жаңалықтар

Пенальти және Эрич!

«Астана» Еуропа лигасының топтық кезеңінде
Пенальти және Эрич!
31.08.2018 13:42 3795

«Астана» (Қазақстан) – АПОЭЛ (Никосия, Кипр) – 1:0 (1:0, 0:0, 0:0, пен.бойынша – 2:1)
Гол салған: Педро Энрике, 16  (пенальтиден)
Пенальти сериясы: 0:1 Нуну Мораиш, 1:1 Алмейда, 1:1 де Винсенти (қақпашы), 1:1 Аничич (қақпа маңдайшасы), 1:1 Эфрем (қақпашы), 2:1 Педро Энрике, 2:1 Деллаторре (қиыс), 2:1 Бейсебеков (қақпашы), 2:1 Лукас Соуза (биік).

«Астана»: Эрич, Рукавина, Постников, Аничич, Шомко, Маевский (Логвиненко, 120+2), Кляйнхайслер (Бейсебеков, 98), Томасов, Мұжықов (Алмейда, 54), Педро Энрике, Кабананга (Янга, 84).
АПОЭЛ: Ватерман, Нсуэ, Воурос (Генцоглу, 120+1), Карлао, Кайю, Нуну Мораиш, Лукас Соуза, Аль-Тамари (Эфрем, 84), Заид (де Винсенти, 65), Саллаи, Гучаннеджад (Деллаторре, 94).

Никосияда өткен кездесумен салыстырғанда «Астана» құрамында жалғыз өзгеріс орын алды. Жарақатынан айыққан қорғаушы Аничич Малыйды алмастырды. Сол секілді киприоттардың да бас бапкері бір ойыншысын өзгертуді жөн санаған екен. Белсенді ойын өрнегін көрсеткен Томас де Висенти матчты алаң жиегінен тамашаласа, Реза Гучаннеджад Деллаторрені страйкер позиясында алмастырған. Осы арқылы АПОЭЛ жаттықтырушысы бүкіл ойын схемасына өзгертулер енгізгенін байқауға болады. Нуну Мораиш тірекші рөліне көшсе, Лукас Соуза Заидпен жоғарырақ ойнады. Бұл арқылы қонақтар допқа көбірек иелік етіп, қарымта шабуыл емес, ойластырылған түрде алға ұмтылуды көздегінен аңғарамыз. Әрине, уақыт олар үшін жұмыс істемек. Гол салу үшін допты өзінде ұстаудың маңызы зорын қос команда да жақсы біледі.

Ал «Астананың» формациясы өзгеріссіз қалды: 4-2-3-1 – Кляйнхайслер Маевскиймен қорғанысқа көбірек көңіл бөліп, бір сызық бойында жүрді. Мұжықов болса, ілгеріде аты аталған футболшылардан жоғарырақ, «тоғыздықтың» жұмысын атқарды. Оның мақсаты – Мораишпен тіке-тіресіп, допты көбірек командасында қалдыру. Алаң иелері сөзсіз жылдамдатып алғашқы голды салып алуды көздеді. Қонақтар «Астана Аренаның» жасанды төсенішіне бой үйреткенше, есеп ашып, жұмысын жеңілдету расымен де жақсы нұсқа еді. Бір жағынан, АПОЭЛ де қорғаныста «қымтанып» алмай, ашылып, шабуылға шығып, оқтын-оқтын Эрич қақпасына қауіп төндіріп жүрді. Бұл, астаналықтардың гол салуына мүмкіндіктер туатынының анық белгісі. Алғашқы он минуттықта қазақстандық команда жақсы шабуыл ұйымдастырып, доп алда жүрген Кабананганың аяғынан табылды. Алайда, африкалық легионердің соққысын Ватерман қақпасына дарыта қоймады. Ал ойынның 15-минутында Томасов орта дистанциядан қақпаны көздеуге тырысқан, бірақ одан ұшқан доп Карлаоның қолын тапты. Төреші Якоб Калет нүктені көрсетті де, орталық қорғаушыны сары қағазбен «марапаттады». Пенальти тебуді Педро Энрике өз мойнына алып, сенімді түрде қақпаның орта тұсына допты дөп еткізді. Есеп – 1:0. Бұл гол астаналықтарды алға қарай ұмтылып, есепті еселеуге шабыттандыруы керек еді. Сондай бір сирек шабуылдардың бірінде Кабананга қорғаушылармен таласа жүріп, тағы бір соққы жасап көрген. Бұл жолы киприоттар қақпашысы алдыра қоймады. Джуниордың одан кейінгі ұмтылысынан түк шықпады. Керісінше, Ласло командаласына қарағанда, қауіптірек соққы жұмсаған. Тағы қонақ кипер өз орнынан табыла білді. Бірінші таймның орта белінен аса, АПОЭЛ ойыншылары агрессиялық ойын өрнегін көрсете бастады. Олар жасанды төсенішке бой үйретіп алса керек. Саллаи мен Әл-Тамари өз мүмкіндіктерін іздеп, Эричтің маңына жиі жақындап, қауіп төндіре бастады. Орта дистанциядан келген Каюдың соққысын Ненад жауып үлгерді. Алғашқы ойын бөлігінің аяқталуына он минуттай қалғанда, Заид қақпаға жақын стандарттан соққы жасап, сәл ғана қиыс тепті. Әйтпегенде, есептің теңесіп кетуі әбден мүмкін еді. Сол секілді біздің форвард Кабананга да доппен таласа жүріп, соққы жасаған. Карлао бұл жолы қателікке бой алдырмай, оның соққысына тосқауыл болды. 

Екінші таймның алғашқы минуттарынан «Астана» ойыншылары алға көзсіз ұмтылмайтындарын көрсетті. Григорий Бабаян орта шепті күшейту мақсатында сары қағазы бар Мұжықовты Алмейдаға алмастырды. Ойынға араласа сала, бразил-әзербайжандық орта дистанциядан тамаша соққы жасады. Оның тепкен спорттық снарядын Ватерман аса қиындықпен алып шықты. Одан кейін сол баяғы Карлао қолмен ойнады деп Кабананга пенальти сұрауға ниеттенген. Қорғаушының доп қай жерін жанап өткені белгісіз күйінде қалды. Томасов өз қапталынан бір киприоттықты алдап өтіп, қақпа маңына жақындап соққы жасағанмен, қорғаушылар дер кезінде тоса білді. «Астананың» қос қарымта шабуылы Алмейданың дәл жетпеген пасынан соң, аяқсыз қалды. АПОЭЛ тағы да екінші таймның екінші бөлігінде қарқынын күшейтіп, Эрич қақпасына көп қауіп төндіре бастады. Томас де Висенти алаңға шығып, тіпті, қонақтардың шабуылын жандандырып жіберді. Бұл ойыншының шығуымен киприоттардың ойын өрнегінде аздаған өзгеріс орын алды. Белсенді болған Саллаи оң қапталға ауысып, Әл-Тамари сол қапталға шегінді.  Лукас Соуза орта дистанциядан Эрич қақпасын көздеп көрген, сәтсіз. Одан соң, бразилиялық Әл-Тамариге тамаша пас жеткізіп, қақпашымен бетпе-бет шығарған. Эрич алдырмады. Одан қайтқан допқа бірінші жеткен Гучаннеджадтың соққысы маңдайшадан биік кетті. Бұл қонақтардың соңғы қауіпті шабуылы емес еді. Мұса мен Резада жап-жақсы мүмкіндіктер болғанымен, Ненад өз шеберлігін ортаға салды. Осы таймдағы «Астананың» сирек шабуылдарының бірін Аничич түйіндей алмады. Ласлоға қарсы ереже бұзылған нүктеден Томасов қақпа алдына жақсы пас жеткізді. Оған біздің қорғаушының аяғы санаулы сантиметр жетпей қалды. Ойынның негізі уақыты аяқталып, ойыншылар овертайм ойнауға бет алды. 15 минуттық қос таймда астаналықтар допты киприоттарға оңай беріп қойды. Алаң иелері Кабананга Янгаға орнын тастап кеткеннен кейін, тіпті шабуылға шығуын азайтты. Педро Энрике стандарттан келген допты тым биікке жіберіп қана қоймай, өз айып алаңында Деллаторреге керемет мүмкіндік сыйлап берді. Эрич тағы да құтқарып қалды. Бұл уақытта Аничичтің ескі жарақаты сыр беріп, орталық қорғанысымыз қателіктерге бой алдыра бастады. Астаналық қақпашы де Висентидің тағы бір соққысын қайтарып, корнерге жіберген еді. Сонымен, 120 минуттық зымырап өте шықты.

Ойын соңындағы пенальтиде Эричтің ерлігі «Астананы» Еуропа лигасының топтық кезеңіне алып шықты. Де Висенти мен Эфремнің соққыларын алған Эричтің бұл шеберлігін көпке дейін жанкүйерлер мен киприоттықтар ұмытпайтын болады. Ал бізден Алмейда мен Педро Энрике Ватерманға еш мүмкіндік қалдырмаса, Аничич дәл маңдайшаны көздеді, ойынға тыңнан қосылған Бейсебековтың соққысы өте әлсіз шығып, қонақ киперден әрі аспады. Ал АПОЭЛ-дің футболшысы Деллаторре қиыс жіберсе, Лукас Соуза тіпті аспанды көздеді.  Финалға бергісіз драмаға толы ойын «Астананың» пайдасына шешіліп, Елорадаға тағы бір Еурокубоктық күз сыйлады.

Бүгін алаң иелеріне сәттілік серік болғанын жасырмаймыз. 90-минут бойы Эричтың қақпасын маңайлаған қонақтар тамаша мүмкіндіктерін желге ұшырып жатты. Бұл ойынға қатысушылар тізімінде Муртазаев пен Зайнутдиновтың болмағаны жайлы, Бабаяннан жеке сұрау керек секілді. Қос футболшы легионерлерден кем өнер көрсетпейтінін жергілікті жанкүйерлер жақсы біледі. Бір жағынан, тізімдегі ойыншылармен-ақ, жауапты матчты жеңіп шыққанымыз да көңіл қуантады. АПОЭЛ-мен өткен қос кездесуде «Астана» ойыншылары екінші таймның екінші бөлігінде сылбыр қимылдап, допты қарсыластарына беріп қоятындығын түсіну қиын. Әлі де атқарар жұмыс көп. 1:0 есебі Эричтің сейвтерінің арқасында сақталғанына ешкімнің шүбәсі жоқ. Қақпашы жарты команда емес, бір ойынды түгел құтқаратын нағыз батырға да айнала алатынына көзіміз жетті. Еуропа лигасының топтық кезеңінде аса сақтықпен ойнаған дұрысырақ болар еді.

Енді, Еуропа лигасының К тобында "Астана" футбол клубы Киевтік "Динамо", француздың "Ренн" және Чехияның "Яблонец" командаларымен бақ сынасады.

Ойын соңында АПОЭЛ бас бапкері Бруно Балтазар былай деді:

– Ойынға дейін «Астананың» мықты қарсылас екенін айттым. Гол жіберіп алған соң, ойынды өз қолымызға алып, қарымта шабуылдауға тырыстық. Бізде көптеген мүмкіндіктер болды. Екінші таймда жақсырақ ойнап, допқа көп иелік еттік. Ал «Астана» қорғанысқа көңіл бөлді. Ойын соңында бас төреші келіп, 11-метрлік айып добын қателесіп белгілеп қойғанын айтып, кешірім сұрады. Ал ойын соңындағы пенальтидің лотерея екені белгілі. Ашығын айтқанда, төрешінің қателігінен жеңіліс таптық.  Еурокубок ойындарсыз қалғанымыз үлкен соққы болып отыр. Бүгінгі кездесуді өз пайдамызға шешу үшін барымызды салдық. Осы салада жүрсем де, кейде футболды сондай қатты жек көріп кетемін. Себебі, осындай әділетсіздіктер болып тұрады. Оның үстіне стадионға жиылған жанкүйерлердің қолаудауы мен бізге көрсеткен қысымы әсер еткен шығар. «Астана» алғашқы минуттан ойынды қолға алғаны рас, бірақ уақыт келе біз ойынды өз қалауымызша жүргізе бастадық. Бүгін физикалық, тактикалық түрден жеңілген жоқпыз. Тағы да айтамын, барлығын әділетсіз қойылған пенальти шешіп кетті. Бүгін мықты ойнаған команда жеңіліс тапты.

«Астана» футбол клубының жаттықтырушысы Григорий Бабаян болса:

– Нағыз финалға бергісіз ойын болды. Қателіктер болғанын мойындаймыз, бірақ команда соңына дейін күресе білді. Матч алдында овертайм болатынын айтып, оған да дайындық жүргіздік. Бүгін жанкүйерлерге алғыс айтамын. Олар соңына дейін қолдап, үлкен демеу көрсетті. Еуропа лигасының топтық кезеңіне өткеніміз – үлкен жетістік деп есептеймін. Пенальтидің әділетсіз болғанын айтып жатыр, бірақ біздің қақпамызға офсайдтан гол салса, бәрі үнсіз қалады... – деді.

(Фотосуреттер ашық ғаламтор көзінен алынды)

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға