Жаңалықтар

Жасыл алаңда нәзіктікке жол жоқ

Қазақстандағы қыздар футболы
Жасыл алаңда нәзіктікке жол жоқ
06.09.2019 17:05 7219

Футбол – қозғалыс, футбол – өмір... Бұқараны баурап алған спорт түрімен тек ер адамдар емес, қыздар да кәсіби түрде айналысады. Нәзікжандылардың ала допты қуғанына да ғасыр өткен. Нақтырақ айтсақ...

...Футболға қыздар ХІХ ғасырда келген

Мұны әзіл деп қалмаңыз! Алғаш рет «Престон Норд Энд» ағылшындық клубы әйелдерге матчты тамашалауға рұқсат берді. Клуб басшылары мұндай қадамға жанкүйерлердің арасындағы қақтығыстардың алдын-алу үшін барыпты. Нәзкіжандылар үшін стадионға кіру тегін болған. 1885 жылы әйелдер үшін есігін айқара ашқан алғашқы футбол матчына екі мыңнан аса қыз келіпті. ХІХ ғасырдың аяғына қарай, орта тап өкілі, феминист Нетти Ханнибол есімді ару (оның шын аты-жөні әлі күнге дейін белгісіз қалып отыр) газетке «Баритан ханымдары» («Британские леди») қыздар футбол клубына қабылдау жүріп жатқаны жөнінде ақпарат шығарады. Ол осылайша бағын сынауға келген отыз қыздың басын қоса алған. 1895 жылы «Кроуч Энд» стадионында Солтүстік және Оңтүстік Лондон командалары арасында футболдан алғаш рет қыздар арасындағы тартыс орын алған еді. Әйелдердің қалай футбол ойнап жатқанын көру үшін шамамен он мың жанкүйер жиналыпты. Олардың арасында тілшілер де болып, теңбіл доптан қыздар арасындағы ресми тартыстан фоторепортаждар жасаған.

Қазақстан қыздар құрамасы 1995 жылы құрылды

Футболдан Қазақстанның қыздар құрамасы 1995 жылдан бастап ойнап келеді. Бұл құрама Қазақстанның футбол федерациясының құрамына кіреді. Біздің аяқдопшы қыздарымыз алғашқы ойынын Малайзияның Кота-Кинабалу қаласында 1995 жылдың 24 қыркүйегінде Гонконг қыздарына қарсы өткізіп, тең тарқасқан. 1999 жылы өз тарихымызда осы елдің қыздарына 7 доп соғып, ең ірі жеңісімізге қол жеткізген екенбіз. Әлі күнге дейін футболшыларымыз осындай ірі жеңіске жетіп, жанкүйерлерін қуанта алмай келеді. Ал өзіміздің қақпамызыға 2011 жылы неміс футболшы қыздары жауапсыз 17 доп соғып, ең ірі жеңілісімізді тарихқа енгізді.

Құраманың 10 жарқын жеңісі

Қазақстан футбол федерациясы біздің қыздардың Еуропа алаңдарындағы жарқын жеңістерінен топтама ұсынады:

31 тамыз, 2006 жыл
Қазақстан – Румыния 1:0
Гол салған: Наталья Иванова

Бұл жеңістің бағасы жоғары. Себебі Қазақстан құрамасы ӘЧ-2007 іріктеу кезеңіндегі және Еуропа футбол қауымдастығының одағына (УЕФА) енгелі алғашқы жеңісіне қол жеткізген еді.

Фото: түрік қыздарына қарсы өткен ойын

18 қараша, 2006 жыл
Македония – Қазақстан 0:1
Гол салған: Бегайым Қырғызбаева

Қазақстан қыздар құрамасы Еуропа чемпионаты-2009 іріктеу кезеңінің бірінші кездесуін македониялықтарға қарсы өткізген. Тартысты ойында қазақстандық арулар өздеріне берілген бір мүмкіндікті пайдаланып, есеп ашып, ойын соңына дейін қақпаларын голдан аман сақтады.

20 қараша, 2006 жыл
Фарер аралдары – Қазақстан 0:1
Гол салған: Лариса Ли

2009 жылы өтетін Еуропа чемпионатына іріктеу кезеңінің кезекті ойыны қазақстандық футболшы қыздар үшін сәтті аяқталды. Қонақта өткен матчта Лариса Лидың голы жеңімпазды анықтап берді.

22 қыркүйек, 2011 жыл
Қазақстан – Түркия 2:0
Голдарды салған: Лариса Ли, Бегайым Қырғызбаева

Андрей Ваганов баптайтын Қазақстан қыздар құрамасы Еуропа чемпионаты-2013 қарсаңында өз алаңында Түркиядан келген бұрымды аяқдопшылардан үш ұпай ала білді. Екінші таймда шабуылшы Лариса Ли есеп ашса, ойынның аяқталуына аз қалғанда құрама капитаны Бегайым Қырғызбаева екінші голды соққан еді. Тамаша ойын, тамаша жеңіс!

19 қыркүйек, 2012 жыл
Қазақстан – Швецария 1:0 
Гол салған: Мария Ялова

Қарағанды қаласында өткен кезекті ойында Қазақстан құрамасы швецариялық қарсыластарын минималды есеппен жеңіп кеткен еді. Шабуылшы Мария Ялова екінші ойын бөлігінде қонақ киперді қапы қалдырып, ел қоржынына кезекті үш ұпай салды.

7 мамыр, 2014 жыл
Қазақстан – Болгария 4:1
Голдарды салған: Мадина Жаңатаева, Бегайым Қырғызбаева (дубль), Мария Ялова – Борислава Кирева 

2015 жылы жалауы желбіреген әлем чемпионатының іріктеу турнирында Қазақстан қыздары өз алаңында сенсация жасаған еді. Болгариядан келген қарсыластар қақпасына матчтың 9-минутында Жаңатаева алғашқы доп соқты. Мадинадан соң, Бегайым Қырғызбаева екі рет мергендігімен танылды. Ойын соңына қарай, Кированың дәл соққысынан кейін, Ялова ойын нүктесін қойды.

Фото: жасыл алаңдағы тартыс

2 маусым, 2016 жыл
Қазақстан – Израиль 1:0
Гол салған: Мария Ялова

Бұл ойында (ЕЧ-2017 іріктеу кезеңі) Қазақстан құрамасының шабуылшысы Мария Ялова бар шеберлігін ортаға салды. Ол қарсыластардан ала допты ала қашып, қорғаушыларды қапы қалдырып, қақпаның алыс бұрышын дәл көздеген болатын.

6 сәуір, 2017 жыл
Грузия – Қазақстан 0:1
Гол салған: Юлия Николаенко

Әлем біріншілігі-2019 іріктеу кезеңінің аясында аяқдопшы қыздарымыз Тбилисиде Грузия құрамасынан басым түсті. Жалғыз голды 34-минутта Юлия Николаенко соққан еді.

11 сәуір, 2017 жыл
Эстония – Қазақстан 0:1
 Гол салған: Юлия Николаенко

ӘЧ-2019 іріктеу ойындары қарсаңында «А» тобына түскен Эстония мен Қазақстан құрамасы бақ сынасқан болатын. Бұл матчта да Юлия Николаенконың соққан жалғыз голы ел қоржынына үш ұпай салып берді.

12 маусым, 2018 жыл
Босния және Герцеговина – Қазақстан 0:2
Голдарды салған: Амина Спахич (автогол), Екатерина Бабшук

Осы жыл өткен әлем чемпионаты қарсаңындағы іріктеу кезеңінде Қазақстан құрамасы Босния және Герцеговина ойыншыларын өз алаңында ұтып кетті. Алғашқы таймда Спахич өз қақпасына гол соғып, қателессе, келесі ойын бөлігінде Бабшук  алыстан әдемі соққы жасап, ойын нүктесін қойды.

Қазақстандық қыздар өзге чемпионатта доп тебеді

Құрама жейдесін Өзбекстан біріншілігінде доп тебетін Карина Жұмабайқызымен қатар, қақпашы Ирина Сандалова («Восход», Украина), қорғаушы Юлия Мясникова (ЦСКА, Ресей), жартылай қорғаушы Аида Гайстенова («Звезда-2005», Ресей) киеді. Өзбек лигасындағы «Согдиана» клубында ойнайтын Карина Жұмабайқызының айтуынша:

Фотода: Карина Жұмабайқызы

– Еуропа чемпионатының іріктеу кезеңінде Сербияға ірі есеппен жеңіліп қалдық (кездесу 1-қыркүйек күні Шымкент қаласында өткен еді-авт). Алғашқы тайм жоғары қарқынмен өткен еді. Ал кездесудің екінші бөлігінде біздің қыздардың күш-қуаты сарқылды ма, белгісіз, тартынып ойнай бастады. Бірінші голды жіберіп алған соң, алға ұмтылудың орнына шегініп, қорғанысқа көп көңіл бөліп, таразы басын теңестіруге ұмтылмағандықтан, тағы да голдар жіберіп алдық. Алғашқы ойындағы қателіктермен жұмыс жасап, келесі матчтарға тыңғылықты дайындалатын боламыз.

– Біздің топтың фовариті – Франция. Сөзсіз француз қыздары бұл топтағы барлық құрамалардан мықты. Ал басқа елдің аяқдопшыларымен иық теңестіре ойнауға әбден болады. Тіпті, кеше жеңілген Сербиядан да ұпай алуымыз керек еді. Оларға қарсы өтетін қарымта ойында кеткен есені қайтарамыз деп ойлаймын. Ал Македония құрамасын жеңуге мүмкіндік бар. Тек білгенімізден жаңылмасақ болғаны.

– Еліміздегі қыздар футболының жағдайын жақсы не жаман деп айтуға келмейді. Елімізде жалпы спорт саласына ерекше көңіл бөлініп жатқаны қуантады. Тек командалардың аздығы, ішкі біріншіліктің әлсіздігі қыздар футболының дамуына тежегі болып жатқандай. 

– Қазір Өзбекстан чемпионатында өнер көрсетіп жүрмін. Басты себеп – тәжірибе жинау. Жасыл алаңға көбірек шығып, мүмкіндігінше ойын тонусын жоғалтпау керек болды. «Согдианадан» жақсы ұсыныс болған соң, неге өз күшімді шет ел біріншілігінде сынап көрмеске деп шештім. Оның үстіне, Өзбекстан оңтүстіктегі жақын көршіміз.  Онда техникадан гөрі, физикаға көп мән береді. Күштік теке-тірестер көп болатын сияқты.

– Футболға келуіме нақты бірнәрсе түрткі болды деп айта алмаймын. Себебі, мен қыздар секілді қуыршақпен емес, ала доппен көбірек ойнағам. Бала кезімде үй алдындағы алаңқайларда ұл балалармен қосылып футбол ойнайтынмын. Бірақ, анам көрсе, допты тыға сала, жасырынып қалам. Барлық аналар қызының ала допты қуып жүргенін ұнатпайтын болар. Алайда, араға ағам түсіп, мені Қарағанды қаласындағы қыздар футбол үйрімесіне апарды. «Ұнаса, осында қатыс» - деді. Доп десе «ішкен асын жерге қоятын» мен үшін бұл тамаша мүмкіндік болғандай. Жаттықтырушылар да бірден ұнатты. Содан бері, теңбіл допты серік етіп келемін.

– Отбасымда менен басқа кәсіби спортшы жоқ.

– Негізі, қақпашы болғым келген. Бірақ, оған бойымның аласалығым кедергі келтірді. Футбол секциясына барғанымда бапкерім орта алаңнан орын тауып берді. Ол жерде ойнау аса үлкен жауапкершілікті талап етеді. Командаңның шабуылын өрбітіп, қарсыластың алға ұмтылысына алғашқы соққы беру керексің. Әрине, жаттықтырушы мені сол позициядан көрсе, оған қарсы келе алмайсың ғой...

– Бала кезімде менің ойынымды жөндеу үшін айтылған сындарды қабылдау қиынға соққанын жасырмаймын. Бірақ, өсе келе оларды дұрыс қабылдап, анализ жасауға тырысатын болдым. Соның арқасында шеберлігің артып, өзіңнің жаңа қырларыңды аша түсесің. Жалпы, кәсіби футболшы мен жай футболшының айырмашылығы сонда деп есептеймін.

– Қыздар футболында эмоция басым. Кейбір сәттерде ерлер секілді сабырлық таныта алмай жатамыз. Сол сияқты қыздар футболында жылдамдық бәсең.

«Барселонаны» жеңген қазақ футбол командасы

«Биік- Қазығұрт» - Қазақстанның 16 дүркін чемпионы, Қазақстан кубогын 10 рет ұтқан команда.

Фото: Биік-Қазығұрт командасы

Бұл клуб  Еуропа рейтингісінде 14-орында тұр. Ол жыл сайынғы чемпиондар лигасындағы сәтті ойындардың арқасы деуге негіз бар. Бұл Қазақстан чемпонатын 16 рет (2000, 2001, 2002, 2003, 2004, 2005, 2006, 2007, 2009, 2011, 2013, 2014, 2016, 2017, 2018) жеңсе, 2009 жылы қола жүлдегер болған. Қазақстан кубогын 10 мәрте (2007, 2008, 2010, 2011, 2012, 2013, 2014, 2015, 2016, 2017) төбелеріне көтерген.

Колеян Петков жаттықтыратын шымкенттік клуб кәрі құрлықтағы ең беделді турнирлердің бірі – Чемпиондар лигасына 1/8 финалына екі рет жеткен. 2018 жылдың қыркүйек айында «Биік-Қазығұрт» осы турнирдің 1/16 финалында испандық «Барселонаны» 3:1 есебімен тізе бүктірген еді. Өкінішке қарай, қарымта кездесуде Петков шәкірттері өз қақпаларына жауапсыз үш гол жіберіп алып, жарыстан шығып қалған. Ал осы жылы 1/16 финал бельгиялық «Андерлехтке» қарсы болмақ.

(Суреттер ашық ғаламтор көзінен алынды)

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға