Жаңалықтар

Иранның сұлу жанкүйерлері

Есеп маңызды емес. Иран әйелдері жеңеді.
Иранның сұлу жанкүйерлері
22.06.2018 17:34 3984

2018 жылғы Әлем чемпионатының топтық кезеңіндегі Иран мен Испания кездесуі екінші команданың жеңісімен аяқталды. Ал испан құрамасының капитаны Серхио Рамос болса, твиттер парақшасында бұл ойынның нағыз жеңімпаздарын атады. Олар - иран әйелдері. Бұл ойын олардың 39 жылдан соң ер адамдармен бір стадионда жанкүйерлік танытқан алғашқы матчы болып есте қалмақ.

(Иран командасының жанкүйері, Қазан, 2018 ж. PA)

1979 жылғы ислам революциясынан кейін иран әйелдеріне стадионда футбол тамашалауға тиым салынған болатын. Діни сенім әйел затының еркектермен бір жерде жиналуын дұрыс көрмеді.

Бірақ бұдан футболға қызығатын нәзік жандар саны артпаса кемімеген сияқты. Оған дәлел биылғы чемпионат. Санкт-Петербургте өткен Иран мен Марокко құрамаларының ойынында өздерін еркін ұстаған иран аруларының  фотолары біраз желіде қызу талқыға түсіп те үлгерді. Солардың бірнешеуіне назар салып көріңіз.

(Әлем Чемпонаты - 2018. REUTERS)

Бұл жастар шет елде тұратын ирандықтар болса керек. Ал Иранда ескертуді елемеген әйелдерге заң қатал. Рұқсатсыз стадионда жүрген әйелдер айыппұл төлеп, тіпті қамауға алынуы мүмкін. Бірақ бұл футбол десе ішер асын жерге қояр иран сұлуларын тоқтата алмаса керек. Олар өздерінің сүйікті командалары үшін ер адам образына енуден де бас тартпайды.

("Персеполиске" адал жанкүйер "жігіттер", Тегеран, 2018 ж.)

(Ирандық қоғам белсендісі Дария Сафай "Иран әйелдерін өз стадиондарына кіргізіңдер" плакатын ұстап тұр. Рио Олимпиадасы. 2016 ж. REUTERS)  

(Иран әйелдері Абади стадионында Әлем Чемпионатын тікелей эфирден тамашалауда. Тегеран, 2018 ж. AFP)

Осылайша, гендерлік теңдікті аңсаған иран әйелдері өздерінің құқықтары үшін күресті түрлі жолмен жалғастырып келеді. Ал кешегі ойын Иран билігі мен әйелдер арасындағы текетірестің тек басы болса керек. Әзірге есеп 0:1.  

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға